«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ТҰҒЫРЫЛ ХАН (тарихи эссе)

Авторы tugurul
534 қаралым

(тарихи эссе, жалғасы)

Арпалыспен өткен андалық өмір

– Аса мәртебелі хан ием, – деді Көкше әулие шүңілектелген өткір көзідерімен қағанға тігіле қарап, – Көк тәңірінің әмірімен келіп отырмын, – деп бір кідірді, сосын қолындағы ақ меруерт тәсбиығын  бірден өткермелеп санап, аузын жыбырлатты да, көзін жұмып, шалқалап барп отырды. «Көк тәңірінің әмірі» деген сөзге қаған елең ете қалды. Оның көңілінде әулиенің алыстан әдейілеп іздеп келуі тегін емес. Өзіңе келетін жақсылық пен жамандықты ол күні бұрын болжап, жүрісінің жүлгесін ашып, болашағына жөн сілтеп отырған. Оның осындай биік мәртебе, асқақ абыройға ие болатындығын да ол дәп басып айтқан, дуалы ауызды киелі бақсының тәңірмен тілдесіп келіп, талай-талай иәлім айтқаны да есінде. Қағанның қасына елдің игі жақсылары  – тоғыз өрлік, бес тәйжі, торқауыл, кептеуіл, жасауыл, қарауыл, тосқауыл басшылары түгел жиналған. Айтқаны хақ, дегені нақ келіп отыратын ұлы бақсыға жұрттың бәрі айрандай ұйып, сілтідей тынып тұр. Бұл жұрттың ұғымында бақсы – тәңірдің елшісі, әрі ұстаз, әрі жырау, әрі күйші, әрі дәрігер. Тәңірдің нағыз сүйетін, жарылқайтын адамы, оның қолынан келмейтіні, білмейтіні жоқ. Ал мына Көкше әулие болса – даналардың данасы, бақсылардың атасы,қағанның қадір тұтып, сиынатын пірі. Сол себепті жұрт оны «Төбе тәңірі», «Боғда» деп атайды.

               Тәңір тауында тұрып, «Тәңір жаратқан жан» (Боғда) аталуының өзі де әулиенің мәртебесін аспандатып, асқар таудың алып шыңдарымен теңестіріп тұрғандай сезіледі елге. Қолына қобызын алып, неше түрлі құйқылжыған әсем әуенге басқанда оны қобызшы деп қалсаң, дуалы аузынан аталы сөзді ағытқанда айтулы жыраудың айтулы жыраудың өзі болып шыға келетін бір сырлы, сегіз қырлы пірім бүгін де төгілгелі отырған тәрізді, тәсбиығын тастап, енді қолына қобызын алды. Сақал-мұрты өскіндеп, бет-аузын жүн басқан сұсты бақсының киген киімдері мен тұтынған бұйымдары елден ерек. Бұрынғыға қарағанда жасамыс тартқан тәрізденгенімен қимыл-қарекеті ширақ, жұртқа отты көзімен қарағанда оның қарашығы назағайдың отындай жиылған жұрттың өңменінен өтіп кете жаздады.

– Иә, әулием, уағызыңды айт жамағатың сенен соны күтіп отыр, – деді Шыңғыс хан көтеріңкі дауыспен.

– Иә, тәңір, иә, әулием, – деп жұрт арт-артынан өздерінің тәңірге, әулиеге табынулы екендігін қайталап жатты. Әуен атаулының туған топырағы – анасы табиғат қой, сол табиғаттың шұрайлы ортасынан – сонау Боғдының биік-биік шыңдарының тұнық табиғатынан сусындап, әуеннің асыл нәрін бойына сіңіріп, көкірек домнасында қорытып, күй өресіне көтерген Көкше әулие небір керемет әуендерді тартып,  жұртты асыл әуен теңізіне бір тоғытып алғандай болған соң барып, өзінің уағыз айтатын сарынына түсіп, ұшатын қырандай әлпет білдіріп, екі иығын қомданып қойды.

– Уа, алдияр ханым, – деп бастады ол сөзін, –

Тәңірден суат алдың,

         Тұғырыл ханнан қуат алдың,

         Найманнан хатшы алдың,

         Керейден бақсы алдың,

         Қоңыраттан ақыл алдың,

         Жалайырдан батыр алдың,

         Меркіттен қатын алдың….

                Әулие ел аужайын түйгендей жан-жағын қыдырта бір шолып өтті. Хан тысырайып, ызбарланып отыр. Көп ішінен әлдекімдер бас шұлғып, «Иә, солай,солай» деген мақұлдаған рай байқатып жатыр. Ал «меркіт» дегенде төбе құйқасы шымыр етіп, ішкі дүниесі астаң-кестең болып кететін Ұлан ханым көзін жұмып алыпты, бет-әлпетінен ешнәрсе білінбейді. Осы соңғы сөздің Шыңғыс ханның өзіне, Бөрте ханымға және үлкен ұлы Жошыға оңай тимейтінін басқалардың іші де сезетін. Сондықтан жұрт бұларға да бір рет сынай қарап жатқанда әулие сөзін сабақтай жөнелді:

– Осы елдердің киесі басыңа бақ, астыңа тақ болып орнады, балық боп суға сүңгігенде басыңа пана болған да осылар… Бастаусыз су, тамырсыз ағаш болмайды ғой, су ішкен құдығымызды қадір тұтайық, басып келген жолыңды, өрмелеп келген өріңді ұмытпағайсыңдар… Тәңірдің бір тапсырғаны осы, – деп сөзін бір тоқтатты да, аяғын тақпақтай жөнелді:

–Зеңгір, зеңгір, зеңгір көк,

Зеңгір көкте тәңір көп,

Тәңір өзі тапсырды,

Сартауылға сапар шек,

Көкте жүрген әулие,

Шөлде жүрген әулие,

Тауда жүрген әулие,

Таста жүрген әулие,

Сапарыңды оңдайды,

Бәрі сені қолдайды….

               Бағанадан бері ой омбысына түсіп, малтығып отырған Шыңғыс хан мына сөздер айтылғанда көзінің оттары жайнап, қуқыл тартқан өңіне қан жүгіріп шыға келді. Енді үстіндегі «меркіт» деген батпан жүкті серпіп тастап, орнынан бір қозғалып, жеңілденіп отырғандай болды. Тұс-тұстан көтерілген «О, Бәрекелді, айтқаныңыз келсін, аттанамыз жорыққа …» деген айбынды үндер де қағанды қолтығынан демеп, ауыр ойдан аршып әкеткендей сезілді.Алғашқы шығармақ сөздердңғ аяғы қағанның көңіл түкпірінен шыққандай болғанына желпініп, өңінен жылымық байқатқандай сөзге пейілдене ден қойды. Жақында осы бір сахарадағы биік хандықтың «Го уаңы» атағын алып, княздік дәрежеге көтерілген жалайыр Мұқалы уаң суырылып ортаға шығып, Шыңғыс хан атынан әулиеден тілек, бата сұрады:

– Қанеки, әулие, ондай болса сартауылға аттанарда жорық сапарымызға ықылас білдіріңіз, – деп қолын жайды.

Әулие алдымен бір сілкініп, жұртқа долданған айбын көрсеткендей, сүркейлі әрекет жасаса да, бақсылық сарынға көшіп, бұрқырап шыға келді:

– Желдеп кеткен жеті атан,

Желкілдетіп келсеңші!

Сылдыр моншақ сылқымын,

Сылдырлатып жетсеңші!

Бұқа жындар бұрқырап,

Құлын жындар шұрқырап,

Азулы жын сақылдап,

Теке жындар бақылдап,

Бура жындар зіркілдеп,

Айдаһар жын ақырып,

Арыстан жын шақырып,

Өгіз жындар өкіріп,

Ордалы жын сабалап,

Төбетжындар абалап,

Кел, келіңдер жорыққа,

Бұл сапардан торықпа,

Перілерім ұстасып,

Диюларым тістесіп,

Сая болсын жаныма,

Медет берсін ханыма…

                Киелі бақсы дүние жүзіндегі мақұлықтың азулы жыртқыштарын, алып қайраттыларын, дүлей күштің, ақсиғантістің атын атап, түсін түстеп шақырғанда отырған жұрт үрпиісіп, тұла бойын қорқыныш билегендей сезінді. Жұрт ішінен: «Иә, жасаған, иә, тәңір, жарылқай гөр өзің! Иә, әулием, ақ сөйле, сапарға сәт, жорыққа оң жол бере гөр!» деген үндер көтеріліп, бақсының сұрапыл қимылдарына таңырқай қарап, тұрып қалды. Сонан соң бақсының басынан мұнартан тұман көтеріліп, алты қанат ақ орда айқалғандай білінді, әлде қайдан әлгі мақұлықтардың шабынған айқайы, ашынған дауысы естілгендей, айналаны қым-қуыт, у-шу дүние торлап алғандай болды. Бақсының сан алуан жындары түгел жиылып, көріп келділер көп бұрыштан тұлымдарын көрсетіп, әлденені әулиенің құлағына сыбырлап жатқан тәрізді, ол іштегі қара қошқыл жалынын «үһ» деп сыртқа шығарған соң барып жаны терезе тапқандай болды. Қағанға күлімсірей қарап:

– Жолың болады, қадірлі қағаным! Барлық әулие алдында құрша жорғалап, қызметіңді тындыруға дайын, – деді.

– Иә, сәт, тәңір хақ! Ақ сөйле, әулием, ақ сөйле, – деген үндер жұрт арасынан тағы көтерілді.

Шыңғыс ханның жүзіне де болмашы күлкі үйіріліп, бақсыға ойлы көзбен қарап, басын изеп қойды.

 Хан иілсе иіліп, ызбарлы түс танытса, сіресе қалатын айналадағы біліктілер тобы әулиеге түгел құлай жаздап барып тоқтады. Әулие де өз сабасына түсіп, айтар сөзін қорытқан тәрізді, түк басқан жуан салалы саусақтарын жайып, күректей алақанын жоғары көотеріп тұрып:

Көктен түскен көк бөрі

Сарбазыңды бастасын.

Пәле-жала жоламай,

Айналаңды баспасын!

Мұң басыңа қонбасын,

Мұңлық ата қолдасын,

Алдыңдағы жауларың

Тең келері болмасын,

Бұл әлемнің билігі

Алақаныңа орнасын.., – деп Көкше әулие бетін сипады. Хан да, жұрт та әулиеге ризашылық білдіріп, жиын-топтан көңілді тарады.

Зейнолла Сәнікұлы

“Тұғырыл хан” тарихи эссесінен алынды

(жалғасы бар)

Ұқсас жазбалар