«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Ұлытауда әлемдегі ең ірі Көкбөрі ескерткіші орнатылды

Авторы tugurul
1421 қаралым

Нұр-Сұлтан. Ұлт ұясы Ұлытауда демеушілердің қолдауымен бүкіл Түркі жұртының киесі саналатын Көкбөрі ескерткіші бой көтерді.

Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлытаудан 35 шақырым жерде – Жезқазғанға жеткізетін көлік жолы бойындағы жолаушылар тыныстайтын «Күмісбұлақ» демалыс орны аумағында орнатылды. Жаңа нысан – Ұлытауды халықаралық этнотуризм орталығына айналдыру бағытында қолға алынған жобалардың бірі.

Ерте дәуірлерден келе жатқан жалпы Түркі жұртында «Көкбөріден тарағанбыз» деген аңызды біреу білсе, біреу ұмытқан. Көкбөріні қасиет пен киенің, қайтпас қайсарлықтың тамыры, өмір сүру талаптарының өзегі ретінде қабылдаған. Көкбөріге тән жігер мен мінез-құлықты ұрпақ бойына сіңіруге мүдделі болған. Мұны бүгінгі күнге үзілмей жеткен аңыздар деректері айғақтайды.

Тұрқы аса тартымды нысанның идея авторы әрі мүсіншісі – Еуразия Дизайнерлер одағының мүшесі Амантай Меңдіғалиев. «Ұлытау Көкбөрісі» атауы телінген еңселі ескерткіштің биіктігі – 9,70 метр, оның ішінде мүсіннің биіктігі – 6 метр, ал тұғыры 3,70 метрді құрайды. Көкбөрі мүсінінің жеке салмағы 2 тонна болса, тұғырымен қоса есептегендегі салмағы – 5 тонна шамасында. Ішкі құрылымы темірден әзірленіп, жалпы бітімі 60 градус аяз бен ыстыққа дес бермейтін пластик материалдан құйылып жасалған. Іргетасы өте мығым – 3/3 метр аумақта 2 метр тереңдіктен бастап сапалы бетонмен құйылған.

Шығармашыл адамның үнемі ой үстінде жүретіні, ізденісте болатыны белгілі. «Ұлытау Көкбөрісі» идеясы мені студент кезімнен «мазалайтын». Осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын мүсіннің эскизін жасап, құзырлы мемлекеттік орган – Мәдениет және спорт министрлігінен авторлық құқық куәлігін де алып қойған болатынмын. Алайда, айтпаса да белгілі себептермен оны жалпақ жұртқа жарқыратып көрсетудің орайы келмей-ақ қойған. «Сабақты ине – сәтімен» демекші, бағалы идеяны Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиұлының қолдауы негізінде шынайы жүзеге асыру мүмкіндігі туды. Орайы келіп тұрған шаруаны тиянақтауға өзімнің ұлым, мүсінші Армат Меңдіғалиевтің көп көмегі тиді, – дейді мүсінші Амантай Қажимұлы.

Автордың айтуынша, бұл – әлемде осындай сипаттағы әрі осындай көлемдегі тұңғыш ескерткіш. Енді дүние жүзіндегі ең ірі Көкбөрі мүсіні халықтың рухын көтеріп, намысын жанып, елдік пен ерлік ұстанымына үндеп тұратын болады.

Ауданның атқарушы билігі оны Гиннестің рекордтар кітабына енгізуге қатысты шараларды қолға алуға кірісті.

Ұқсас жазбалар