«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ҚАЗАҚ-ЖОҢҒАР ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ АБЫЛАЙДЫҢ ТҰТҚЫННАН БОСАУЫ

Қазақ-жоңғар қарым-қатынастары

Біз қазақ-жоңғар қарым-қатынастырының жалпы барысына тоқталмақшы емеспіз. Тарихтың көп айтыла бермейтін кейбір тұстарына өз пікір-көзқарастарымызды білдіруді жөн санаймыз.

Қазақ-жоңғар-қазақ мәселесіндегі кейінгі зерттеушілер жағынан тікелей ауызға алынбайтын бір жағдай – қытай, орыс, қазақ ортасында өмір сүрген жоңғар атты хандықтың (мемлекеттің) ресми түрде өмір сүргендігі. Әдебиеттер оны жоңғар ханының (мемлекетінің) өкілі ретінде қарап, «Жоңғар мемлекетінің ірге кеңейту саясаты (шапқыншылығы») ретінде қарастырудың орнына «жоңғар шапқыншылығы» деген жалпылама атауды қолданады. Осы арада, қытай мен орыс қазақ арқылы жоңғарларға тұс-тұстан қысым жасап, шабуылдар ұйымдастырып, оны құртудың әр түрлі амалдары арқылы Жоңғар мемлекетінің байтақ териториясын бөлісіп алған жоқ па? – деген де сауал туындайды. Әрине, оның ұлтанды бөлегін қытай басып қалса да, орыстық отарлық олардың шегінген жолындағы түркі жұрттарын жаулау әрекетін жедел түрде жүргізгені белгілі.

Орыс мұрағаттарындағы құжаттардың барлығында сол кездегі атау бойынша «жоңғар хандығы», «жоңғар ханы» деген атаумен қағазға түскен. Олай болса, «жоңғар» атты хандықтың болғанын орыстар сол кезде толығынан мойындай білген, жеке мемлекет ретінде таныған. Бұл тақырыпты жаңаша бағытпен тереңдету үшін моңғолияда, қытайда сақталған жоңғарлар заманының төл жазбаларын, тарихын зеттеруге тура келеді. Ол өз алдына бөлек тақырып, біздің айтпағымыз ол емес.

Орынбор комиссиясының бастығы И.Неплюевтің Әбілқайыр ханмен және басқа қазақ ел ағаларымен, сондай-ақ, жоңғар және қарақалпақ елшілерімен Ор қаласында өткен келіс сөзінің хаттамаларынан бір үзінді оқып көрейік. Онда И.Неплюевтің жоңғар елшілерімен оңаша сөйлескені былай баяндалады: «Жоңғар елшісі Қашқа сөз бастады: Ғалдан Церен бастаған жоңғарлардың қытайлармен қанды қырғын соғысы кезінде, қазақтар жоңғар жерлеріне басып кіріп, көп шапқыншылық жасады. Қалмақ билеушісі қытайлармен татауласқаннан кейін, қазақтардан кек алу үшін 30 мың әскерді үш бөліп, қазақ даласына аттандырды.

Әскердің он мың адамдық бір бөлігі Ташкент жағынан кіріп, қазақтарды Орға дейін қуды. Сол кезде қазақтар; «сүйегіміз ағарғанша соғыстық, енді шашымыз ағарғанша тату көрші болайық», деп тілек айтқан, аманат беруге уағда болған.

Қазақтың үш жүзінің Ұлы Жүзі қалмаққа аманат беріп отыр, Ғалдан Церен бізге қалған екі Жүзден аманат алып келуге жарлық еті. Сөйтіп, қазақтармен тату көрші болып тұрмақ, басқа тапсырмасы жоқ» деді … Ресейге қарайтын қазақтар, бұрынғы бассыздығын былай қойғанда, Барақ сұлтан, тағы бір Шона деген беймәлім адам, үш жүздей қолды бастап келіп, жоңғар жерін шауып кетті»[1].

Аталған хаттамадан байқалатыны – біз (қазақтар) жоңғарларды «шапқыншы, барымташы» десек, олар (жоңғарлар) бізді шапқыншы, бұлаңшы ретінде көрсетіп, ресей өкілдерінен ара ағайын болуды сұрайды. Сөйткен орыстар «ара ағайындықты» былай қойып тек қана араға от тастаумен болды.

Қазақтардың жоңғарға тәуелді, бағынды болған тұсында бейбіт отырған қазақ ауылдары жау ретінде емес, жергілікті, тұрғылықты халық ретінде саналып, тек қана жоңғарларға алым-салық төлеп отырды. Араларында достық, туысқандық, құдандалық та аз болған жоқ. Оның мысалдары ұлы жүз, кіші жүз руларының сол кездегі жағдайынан анық көрінеді. Жоғарыдағы Ғалдан Цереннің сәлемін жеткізуші елшінің  «қазақтармен тату көрші болып тұрмақ, басқа тапсырмасы жоқ» деуі де соны ұқтырады.

«Цевен-Равданның кезінде жоңғар мемлекетінің халқының саны 600 мыңға жуық, тұрақты әскерінің саны 60 мың, ал соғыс кезінде оны 100-120 мыңға дейін жеткізетін мүмкіндігі болды»[2] дейтін бір дерек бар. Бұл мәлімет бойынша қарағанда, жоңғар жасағының барлығы да, өздерінің моңғол текті тайпаларынан емес, уысына алған жерлердегі барлық ұлт, ұлыстарды да жорық тобына қосып алды дегенді білдіреді. Цевен-Равданның заманында ғана емес, «жоңғар шапқыншылығы» аталған кезеңдердің барлығында да көшпендінің қай тобы мықты болса, басқасы соған ерікті-еріксіз түрде қосылып, қарсы жағына қырғидай тиісетін болған. Бүгін де қазақ ұғымымен отырған рулар ішінде сол заманда жоңғар қолына қосылып, қандастарына шапқан талай ру-тайпалар болды.

Жоңғар оқымысты, діндары Зая Бандида (1599-1662) хақында мынадай бір баян бар: «Ол өзінің негізгі ауылын Аякөз өзені бойындағы Шаған Тоқай (Ақтоғай) деген жерде қыстатып, өзі Іле өзені бойындағы Цэцэн ханға келді. Сол кезде Цэцэн ханның ордасы Іленің бойындағы Талғарда қыстайтын. Ал Абалайдың қыстауы Шара Тоқай (Сарытоғай) еді. Жазда (1647) Зая Бандида Жоңғарияның Батыр қонтайжы ордасында болды. Абалай тайжымен Шу бойында қыстады»[3].

Қожаберген жырау Толыбайұлының әйгілі «Елім-ай» дастанында жоңғарлардың ұлы жүз жерін жаулауы хақында төмендегідей баяндалады:

Сұм қалмақ Үш жүз қанын судай шашты,

Мылтығы көп болған соң күші асты.

Жау шауып, есі шыққан момын Дулат,

Арғын мен Қыпшақ жаққа көше қашты.

Ұзамай Іле бойын Жоңғар алды,

Қаша алмай Албан, Суан жауда қалды.

Аймағын Жетісудың түгел жаулап,

Дұшпандар зор жылатты Қаңлыларды.

Амалсыз Шуға ауып Төле кетті,

Соңынан азғана ауыл ере кетті.

Жау қалмақ бүгін бізді жеңседағы

Түбінде оны қазақ жеңер депті…

Хангелді өз тобынан бөлек кетті,

Бұл соғыс бізге келген пәле депті.

Қоршаудан шыға алмаған Сіргелілер,

Шанышқы, Ошақтылар зар еңірепті.

Бір елі Ұлы жүздің Шапырашты,

Жау қоршап, олардың да құты қашты.

Соғысқа қамданбаған көшпеліге,

Тұс-тұстан Хорос, Шорос майдан ашты.

Сары Үйсін, Ысты, Қаңлы жауда қалды,

Қоршаудан Үйсін жұрты шыға алмады.

Табиғы қалмақтарға болғаннан соң,

Бек, биі Ұлы жүздің корғалады[4].

Демек, жоңғарлар ұлы жүз жеріндегі қазақтарды өз басқаруына алып, олармен ұзақ уақыт (кемінде жарты ғасыр) бойы бірге қоныстанып отырған.

Осы кезеңде орын алған оқиғаларға қарасақ, «сол жылы қыста (1652) Шешен хан бұрұттарды (қырғыздарды) бағындырды. Осы жорықта Галдамба он жеті жас (кіші) еді. Жәңгір (Йаңгір) ханды қылыштап өлтірді. … Ит жылы (1658) шаған айында (жаңа жыл басында) Бұхараның әскери қолбасшысы («нояны») Әбду Шүкір  үш түмен сегіз мың әскерімен Талас өзеніне келіпті. Галдамба шет аумақта жалғыз болғанымен үш мың адам жинап Құлан Жыланды деген жерде таң сәріде шабуылдап Қу өзеніне дейін қуалап Әбду Шүкірді өлтіреді…»[5]. Жоңғарларға бағынышты болып өрістес-қоныстас отырған қазақтардың аталған ұрыстарда оларға қосылмай, шет қалуы мүмкін емес.

Қазақ қана емес, жоңғарлар өздері жаулаған барлық аймақтарға әмірін жүргізе білді.

Қожаберген жырын да ол да айтылады:

Сібеге киім тіккізіп,

Дүнгенге егін еккізіп,

Дайындады жасағын,

Бұйрығын қалмақ өткізіп.

Қырғызға малын баққызып,

Солонға отын жаққызып.

Ойғырдан ғаскер жинады,

Көнбегенін шапқызып.

Сахаменен Хасқа да,

Айтқандарын еткізіп.

Әзірлеп қару-жарағын

Сөздерін елге өткізіп.

Шор, Тұба, Хас, Саханы,

Есіләм діннен айырған…

Өз дініне мойын ұсынтып,

Бақытын бастан тайдырған[6].

Ұзақ уақыт аралас-құралас отырған ауылдардың қыз алысып, қыз берісіп құдандалы болуы да табиғи құбылыс. Ол туралы Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанында:

Сақтауға өз бастарын кейбір төре,

Қалмақпен құда болып, амал қылған.

Жаудан аман қалуға тәсіл тауып,

Шабылмай ауылдары есен тұрған[7], – деген жолдар кездеседі.

Біздің би-сұлтандардың, батырлардың талайының қалмақ қыздарын жар еткенін еске алсақ, біздің де талай апа-әпкелеріміз өзгелерге жаттық болған. Мұның бәрі зорлықты, мәжбүри түрде іске асты деу қиын. Бейбіт, көршілес отырған киіз туырлықтылардың тұрмыс-тіршілігі мен жан жақындығынан бір-біріне бауырластық танытатындығын да жоққа шығаруға болмайды. Тіпті кейде «бай байға құяды, сай сайға құяды», «қарадан қатын алмаймыз» деп, жоңғар төресі мен қазақ төресінің құдандалы болуы да тарихи шындық.

«Жау жүрек мың бала» филімінде жоңғарлар мен қазақтардың аралас өмір сүргенінің қарапайым мысалдары біршама көрініс тапқан.

Демек, біздің әдебиеттерде «жер қайысқан жоңғар қолы» деп бейнелетін сансыз сарбаздың құрама қосын екенін анық аңғарамыз. Тіпті мұндайда: «түркіні түркі шапқан, қазақты қазақ шапқан» дегенге аузың да бармайды. Алайда шындық солай.

Жоғарыда айтылған Орынбор комиссиясының бастығы И.Неплюевтің Ор қаласында өткен келіссөзінде жоңғар елшісі Қашқаның көмейінде айтылмай қалған бір сөзді: «біздің мақсатымыз – Моңғол империясын қайта тірілту үшін сахарадағы көшпенділердің басын қосып, ортақ мұрат үшін күресу идеясын қалыптастыру» деп болжауға болар еді.

Бұл туралы В.А. Моисеев Жоңғарияны Орталық Азиядағы «ең соңғы көшпелі империя» дей отырып, оны билеген қонтайшылар Батурдан бастап Қалден Серенге дейінгі билеушілердің сыртқы саясаттағы басты мақсаттары Шыңғыс хан кезеңіндегідей моңғол әлемінің даңқын асырып жаңа қуатты көшпенділер мемлекетін құрмақшы болды десе, академик Н.И. Конрад «Ұлы империя көлеңкесі моңғол хандарының санасынан ұзақ уақыт бойы ешқашан кеткен емес»[8] – деп көрсетті.

Оның нақты мәнін Ғалдан Церен-Абылай оқиғаларынан жүз жыл бұрын өткен «моңғол құрылтайынан» анық көруге болады.

Жоңғар билеушілері 1640 жылы Тарбағатайда жалпы Моңғол әулетінің ұлы құрылтайын шақырды. Жиынға Халха, Ойрат, Хошууд, Хөхнуур моңғолдары және Еділ торгуудтарының ең жоғарғы лауазымды 28 ірі ноян дары қатысты[9].

Жиынға қатысушылар бұрынғы Шағатай ұлысы, Моғолстан территориясын күшпен біріктіру арқылы бұрынғы «Моңғол империясын қайта тірілту» туралы ойраттардың пікір талабын қолдап, моңғол тарихында №2 «Ұлы жарғы» атанған «Моңғол-Ойрат заңы» немесе «Дөчин, дөрвөн хоерын Их цааз» («Қырық және төрттіктің Ұлы жазасы») деп аталатын жаңа заң қабылдады.

Аталмыш заң: 1) Ойрат-моңғол феодалдарының ішкі алауыздығын жойып, елдің ішкі қатынастарын реттеуге арналса, 2) Бұрын Шағатай, Моғолстан билігінде болған жұрттарды күшпен біріктіру арқылы шығыстан келе жатқан Зөрчид (Шүршіт) шапқыншылығына тойтарыс беруді көздеген еді[10].

«Бұл заңның шығуының тарихи-саяси бірнеше себебі бар. Сол кездерде моңғол тектестердің ханы Лигдэн батыр басқаратын Цахар аймағы (бүгінгі Ішкі Моңғолиядағы) манжұрлардың қол астына өтіп, Лигдэн хан Көк көлге (моң: Хөх нуур) бас сауғалап барып, 1634 жылы қайтыс болған. Ал Халқа моңғолдың Цогт тайжы батыры да сонда елдің егемендігі үшін күреске барады. 1636 жылы Ішкі Моңғолия мен Халқа Моңғолия нояндары манжұрларға бағынуға мәжбүр болды. Ресей патшалығы болса отарлау саясатын қарқынды жүргізіп Байқалға дейінгі жерлерді иемденіп, буряттарды өздеріне қаратып алды. Манжұрлар Моңғолияны түгелдей бағындырды. Ойраттар ғана өз дербестігін сақтағанымен, аталмыш заңда көрсетілгендей, сыртқы жауларға қарсы «екі одақтас мемлекет» деген шартында тұра алмай, Халқа моңғолдарға қол ұшын бере алмады. 1688 жылы Халқа моңғол мен ойраттар арасында тіпті соғыс басталып кетті. Бұл манжұр-қытайлықтардың «көшпелі елді көшпелі елмен жою» деген астыртын саясатының бірден-бір көрінісі еді»[11].

Жоғарыдағы дерек көздерінен қарағанда, «жоңғар шапқыншылғы» атанған ұлы жорықтың мақсаты – ежелгі түркі даласындағы көшпенділердің басын қосып, «Моңғол империясын қайта тірілту» болғанын, әрі оның заңмен бекітілгенін көрсетеді. Әрі осы жолдағы олардың (біздің де) ата жауымыз орыс пен қытай екені айқын көрініс тауып тұр.

Манжұрлар 1732 жылы қазіргі Батыс Моңғолияда Улиастай (Жавхлант) деген қаласын салып, жоңғарларға үстемдік жасағанын ескерсек, шын мәнінде «жаулаушы», «шапқыншы» жоңғарлар емес, қытайлық Манжүрлар болған. Жоңғарлар бірлігі өздерін құтқару арқылы, елдігін сақтау идеясынан туындаған.

Шын мәнінде, Жоңғарлар соғысы кезеңінде олар орыс мемлекетін басты жау ретінде санамаған. Себебі орыстар жоңғар хандығын (мемлекетін) жеке ел ретінде қарап, олармен әр-түрлі дипломатиялық қарым-қатынастар жасап келген. Әр екі жағы да көмескіде жау санағанымен көрініс жүзінде бір-бірімен тең, қатар саясат жүргізетін тең құқықты ел ретінде көрінуге тырысып отырған.

«Ресейдің I Петр патшасы Қазақ даласын «келешекте Индия қақпасына шығатын есік» деп санады. Қазақ даласын бағындыруды жеделдету үшін Жоңғар хандығымен тіл табысуды көздеді. Зая Бандида жазбасындағы[12] кейбір деректер орыстың бұл саясатын растай түседі. Ойраттың алғашқы елшісі Томскіге 1607 жылы барады. Ойраттың Батыр қонтайжысы Харахул 1628 жылы өз тайжы, нояндарына «орыстармен ешбір қақтығысңа бармауын тапсырған». Батыр қонтайжы билікте болған бастапқы 15 жылда (1635-1650) Ресей мен Жоңғар хандығы арасында 17 мәрте елші алмасқаны жайлы моңғол тарихы хабарлайды. Бұл қарым-қатынастар жалғаса береді. 1722 жылы I Петрдің тапсырмасымен капитан И. Унковский жоңғар ханы Цэвэн Равданмен жолығады. Орыс патшасының сәлемін жеткізеді. Егер Ресей қазаққа шынымен жаны ашып, қазақ халқының мүддесін қорғайтынын жеткізген болса, бір жылдан кейін (1723 ж.) Цэвэн Равданның ұлы Чоно-Даваа қазақты шауып, қайғылы «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы басталмаған болар еді. Бірақ өйтпеді. Жоңғарлар қазақты шығысынан шауып жатқанда, орыстар «бізге өз еркіңмен қосылсаң ғана құтқарыласың» деп Әбілқайырды үгіттеумен, қыспақтаумен болды»[13].

Ресей мен Жоңғар арасында 1720-1755 жылдары 19 рет елші алмасқан екен[14]. Демек, олар тең құқықты елдер ретінде қарым-қатынас орнатып отырған.

Сол тұстағы жоңғарлардың басты жауы қытайлар болғаны сияқты, қытайдың Цин елі үшін жоңғарлар да аса қауіпті жау есептелді. Сондықтан олар жоңғарларды әлсірету үшін барлық айла-амалы мен саяси сұрқиялықтарын аямады.

Аталған деректеріміздегі «шығыстан келе жатқан Зөрчид (Шүршіт) шапқыншылығына тойтарыс беру» деген сөз бен орыс мұрағатындағы жоңғар елшісі Қашқаның: «Ғалдан Церен бастаған жоңғарлардың қытайлармен қанды қырғын соғысы кезінде» дегені сол сөзіміздің дәлелі. Ал Қашқаның осы сөзінің жалғасындағы біз қытаймен соғысып қан-жоса болып жатқанда: «қазақтар жоңғар жерлеріне басып кіріп, көп шапқыншылық жасады» деуі, жақынына балаған қазақтардың «жау жағадан алғанда, бөрі етектен алды» болып, өздеріне жауыққанын көрсетсе керек.

Осылайша, аталмыш құрылтайда қаралған «Бұрын Шағатай, Моғолстан билігінде болған жұрттарды күшпен біріктіру» ісі өте тез арада қолға алынып, қазақ даласына қаратқан шабуылдар басталады. Шыңғыс хан дәстүіріндегідей, шабуылға шығар алдында бірден өзгенің жеріне басып кірмей, алдын ала оларға бағыну хақында елшілер аттандырады. Қарсы жақ соғысуға дайын болса «тұрысатын жерін айтсын» дейді.

Сөйтіп, Жоңғарлардың Қазақстан мен Орта Азияға кең көлемде жүргізген ендігі жорықтарының басты мақсаты, ондағы халықтарды тонап, құлдыққа салып, материалдық жағынан пайдаға кенелу ғана емес, болашақта бір орталыққа бағынған моңғол-түрік мемлекеттілігін құру болып табылды. Бұл үрдіс әсіресе ХVІІІ ғасырдың 40 жылдарындағы Қалден Сереннің қазақтарға, Еділ қалмақтарына, Тибет, Таулы Алтай, Қарақалпақ, Орта Азияға үсті-үстіне жіберген елшіліктердің іс-әрекеттерінен байқалады. Осы елшіліктер бұрынғы жауластықты, қайшылықтарды жойып, бірігудің алғашқы жолдарын іздестірді. Мұндай жағдайды Қалден Серен мен оның балаларының қазақ хан-сұлтандары және тікелей Абылай ханмен болған келіссөздерден көреміз.

ХVІІІ ғасырдың 40-шы жылдарындағы үздіксіз қантөгіс, қарулы қақтығыстардан титықтаған қазақтар мен ойраттар өзара жақындасуға, қадам жасауға мәжбүр болды. Бірақ орыс үкіметі мен Орынбор әкімшілігі Орта жүз бен Кіші жүздің Жоңғариямен жақындасуына кедергі жасап, аса құйтұрқы әскери-дипломатиялық шараларды жүзеге асыруға кірісті. Қазақ хандарының Жоңғариямен одақтасуы, сөйтіп Ресей мен Сібірдің шекарасына тақау жерде мықты көшпенділер мемлекетінің пайда болу мүмкіндігі Ресей империясының басшылығы арасында үлкен қобалжу туғызды. Олар жоңғарлар мен қазақтардың жақындаспауы үшін қолдан келген айла-шарғылардың барлығын жасады[15].

1643-1644 жылғы қазақ-жоңғар соғысы туралы ең алғашқы хабарды Г.Ильин береді. Ол 1644 жылы ақпан айында Батыр хонтайшының ордасынан Тобольскіге қайтып оралып, воевода Куракинге осы соғыс туралы баяндайды. Дәл осы жылы және сол айда Тобольскіге келген ойрат көсемдерінің бірі Абылай-тайшының елшісі Бахтыйдың хабарламасында да 1643-44 жылғы қазақ-жоңғар соғысы туралы айтылып, ол да Г.Ильиннің мәліметін растайды және оны толықтыра түседі[16].

Дәл осы кезеңде Жоңғар қолына түскен Жәңгірхан да аман-есен босап шыққан еді. Қолға түскен адамды бірден өлтіре салу жоңғар заңнамаларында қарастырылмағаны анық. Бұған қатысты келесі шағын тақырыпшамызда арнайы тоқталатын боламыз.

«Отарлаудың көп қырлы тәсілдерінің бірі «жабайлыларды жабайылардың» қолымен қыру, бір-біріне айдап салу. Осы орайда, қос империя (Ресей мен Қытай) көшпенділердің ұрандап тізе қоса күшейіп кететін жауынгерлік рухынан қорқып, олардан құтылудың жолы олардың ішкі қайшылығын шебер пайдаланып, араларына от жағып, шағыстырып, өздері тасада тұрып, олардың қолымен от көсеу әдісін толық жүзеге асырды. Осы кезде іздегенге сұраған дегендей, қазақ пен қалмақ арасында мал жайылым, өріс-қонысқа талас өршіп кетті»[17].

Егер орыстар шынында да қазаққа бүйрек бұрып, жаны ашыса, жолғарыда келтірілген деректе көрсетілгеніндей, 1722 жылы I Петрдің тапсырмасымен капитан И. Унковский жоңғар ханы Цэвэн Равданмен жолыққанда, келесі жылында болған қазақты шауып, «ақ табан шұбырынды» еткен қанды оқиғаны тежеуге болар еді ғой. Іс жүзінде орын алған оқиғаға негізделгенде тежеу түгілі қасақана айтақтап, екі халықтың жаулығын өршіте түсті.

«Ресей патшалығы жоңғар-қазақ қатынасының шинелісуіне өте мүдделі болды. Өйткені, олар жоңғармен үздіксіз соғысып титықтаған қазақтар түбі Ресейге мойын бұрары сөзсіз деген ұстанымда еді. Осы пиғылын тереңдете түсу үшін «екі көшпелі елдің соғысынан сақтану» деген желеумен оңтүстіктегі шекара шебінің қауіпсіздігі үшін бекініс-қамалдар салуды жеделдетті. Алысты болжаған Ресейдің бұл әрекеті көп күттірмей нәтиже берді. Осылайша көшпелі екі мемлекет (Жоңғария  мен Қазақия) екі айдаһарға (Ресей мен Қытай) жем болуымен аяқталды»[18].

«Көшпелі халықтардың соғысы тек қана сол екі халықтың ғана саясатынан туындамаған-ды. Қос қапталдан алынып, қыспаққа түскен халықтардың өзара қақтығысы империялық саясаттың да нәтижесі болатын. Сол дәуірдегі Азия даласындағы екі жауынгер, екі ірі халықтардың соғысы бірін-бірі әлсіретті, қансыратты, тіпті қазақ халқын жоқ қылуға аз-ақ қалды. Ал құба қалмақтарын Цин империясы жұтып барып тояттанды. Ал қазақ елін Россия империясына тәуелді етуге душар етті»[19].

«Тауарих хамсада» жазылуынша, Чиң патшалығы үкіметі Дауачи мен Әмір-Сананың бүлігін тыныштандырғаннан кейін, қазақ, қалмақ арасындағы Аякөз өзеніне құйылатын Лайсу-Батпақсу деген жерде екі елдің басшылары келіссөз өткізіп, бітімге келеді. Бұған Чиң патшалығы үкіметі жіберген Қарадүрчүн деген мәнсапты Іледен келіп қатынасады. Олар көкқасқа айғыр, қарабас қошқар сойып, қолдарын қанға матырып: таланған мал, аққан қан салауат деседі.

Құрбанғали Халиди келтірген деректер бойынша бұл келіссөз 1757 жылы болғаны мәлім. «Екі жақ (қазақ-қалмақ) бітімге келгеннен кейін қазақтар ақырындап ілгерлей берді. Аякөз өзенінен өтіп Алакөлге, бер жағы Зайсан, Тарбағатай тауына шейін асты»[20].

Қазақ-Жоңғар қарым-қатынастарында біз жоғарыдағы баяндарымызда кейбір қазақ ауылдарының олармен аралас-құралас күй кешкенін айтқан едік. Осы орайда тағы бір айта кетерлік жағдай, бүгінгі Ақмола өңірінің кейбір өңірлері және солтүстіктегі кейбір аймақтардың жоңғарлар шапқыншылығынан мүлдем ада, бейтарап өмір сүргенін де айта кетуіміз керек.

Мұның мысалдарын да Қожаберген жырау жырынан іздесек, «Елім-ай»-да:

Бұл жақта Орта жүздер алыс көшпей,

Дұшпанның шабуылына көп кездеспей.

Қалған жұрт Қорғалжынға жиналыпты,

Табысып туысқанмен безінбестей.

Қорғалжын аймағына топталыпты,

Қалмақпен соғысуға оқталыпты.

Би мен бек, хан мен батыр кеңес құрып,

Сол жерде көптің мұңы жоқталыпты…

Мұндағы ел аштық көрген емес пенде,

Малдан да құр алақан емес кенде.

Бәрінің күнелтерлік азығы бар,

Қарасып жатыр аш пен ауру-кемге, – делінеді[21].

Жоңғар немесе қазақ-жоңғар қарым-қатынастары сөз болғанда, біз мектеп оқулықтары арқылы оқушыларға да дұрыс түсінік бере алмай келеміз. 8-сыныпқа арналған  Ж.Қасымбаев құрастырған «Қазақстан тарихы» оқулығын қарайық. Оқулықтың  7-бетінде «Жоңғарияның күшеюі…»[22] – деген тақырып берілген. Тақырып аясында жоңғар деген кім, қандай ел, қандай мемлекет? Оның шапқыншылық мақсаты не? деген сауалдар толық шешім таппаған.  Жоғарыдағы біз көрсеткен сараптамалық пікірдің бірі де жоқ; бар болғаны орыстар дайындаған оқулықтардың көшірмесі ғана.

Кешегі алып түркі империясының жұртындағы бағзы туысқан тайпалар ортадағы орыс пен қытайдың кесірінен құмырысқаның беліндей үзілермен күйге жетті. Шығыс бөлегі – «моңғол» аталған Моңғолия елінің құрамына кірсе, батыс бөлегіндегі түркілер – қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен сынды түркі елдеріне бөлінді. «Құмырысқаның белі» болған орта аймақтағы ұйғыр түркілері қытай боданында қалды. Ал бір бөлімі (Еділ қалмақтары) әлі де болса орыс боданы болып «Қалмақияны» қалыптасырып отыр.

Жалғасы бар….

Пайдаланған әдебиеттер:

[1] «Абылай хан», құраст: З.С.Тайшыбай. ЖШС «Астана» баспасы, Петропал. 2005 жыл. 116 бет.

[2] Аюудайн Очир. Монголын ойрдуудын түүхийн товч. Эрхэлсэн доктор Ч.Далай. УБ., 1993, 8-бет.

[3] «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» – III том, «Дайк-Пресс», Алматы, 2006 жыл. 42 бет.

[4] Қожаберген жырау «Елiм-ай». Құраст: Б.Тұрғараев. Петропавл – 2009, Облыстық Баспа үйi.

[5] «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» – III том, «Дайк-Пресс», Алматы, 2006 жыл. 42 бет.

[6] Қожаберген жырау «Елiм-ай». Құраст: Б.Тұрғараев. Петропавл, Облыстық Баспа үйi. 2009 жыл.

[7] Бұл да сонда.

[8] Конрад Н.И. Избранные труды. –М., 1974, -С. 182.

[9] Голстунский К. Монголо-Ойратские законы 1640 г. дополнительные указы Галдан Хунтайджи и законы, составленные для Волжских халмыков при Халмыцком хане Дондук-Даши. – СПб., 1880, С.1-2.

[10] З.Қинаятұлы. «Көшпенділер мемлекетінің мәдени дамуы» атты конференция үшін. Алматы,  2006 ж.  http://jebeu.kz/A_other/tariq/2018-01-24/673.html.

[11] «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» – III том, «Дайк-Пресс», Алматы, 2006 жыл. 28 бет.

[12] Рабжам Зая Бандиданың (1599-1662) өмірбаяндық тарихи шығармасы – «Рабжам Зая Бандиданың хикаясы айдың жарығы демек-дүр» меңзеледі.

[13] «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» – III том, «Дайк-Пресс», Алматы, 2006 жыл. 46 бет.

[14] БНМАУ-ын түүх. Дэд боть. 1604-1917. УБ., 1968, 73-бет.

[15] Өскембаев Қ.С «ХVII – ХVIII ғ.ғ Қазақ – жоңғар байланыстары» Абылай ханның 300 жылдығына арналған «Абылай хан және Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Кокшетау, 2013. – 521 б.

[16] Б.Б.Кәрібаев. «Жоңғарлар Жәңгірханды неге тұтқыннан оңай босатты?». https://alashainasy.kz/kazak_tarihy/jongarlar-jangrhandyi-nege-tutkyinnan-onay-bosattyi-67347

[17] Мекемтас Мырзахметұлы. «Қазақ қалай орыстандырылды». Алматы, 2011 жыл.

156-157 беттер.

[18] Мұхтар Құл-Мұхамед. «Орыс энциклопедиясындағы қазақ шежіресі». Атамұра, Алматы, 1994 жыл. 102 бет.

[19] Қозыбаев М.Қ. «Тарих зердесі». 2 том. 22 бет.

[20] Құрбанғали Қалиди. «Тауарих хамса» – Бес тарих. Алматы, 1992 жыл.

[21] Қожаберген жырау «Елiм-ай». Құраст: Б.Тұрғараев. Петропавл, Облыстық Баспа үйi. 2009 жыл.

[22] «Қазақстан тарихы». Құрастырған: Ж.Қасымбаев. Алматы, «Мектеп» -2012 жыл.

Жәди Шәкенұлы

«Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» кітабына

 

Ұқсас жазбалар