17 желтоқсан. Нұр-Сұлтан. Тugurulhan.kz – Түркия астанасы – Анкара қаласының символына айналған Атакүле ғимаратында Қазақстан Тәуелсіздігі күніне арналған құттықтау сөздер жазылды, деп хабарлайды tugurulhan.kz сайты.
«Ғимарат басшылығы Анкараның кез келген жерінен көрінетін, қырда орналасқан мұнара шыңында Қазақстан Республикасын Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Ғимарат басшылығына шын жүректен алғысымызды білдіреміз!», – деп жазды Facebook-тегі парақшасында Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы.
Парақшада орналастырылған видеода Атакүле нысаны еліміз Туының түсіне боялып, жоғарғы жағында түрік және ағылшын тілдерінде «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз!» сөздері жүгіртпе жолда жазылған.
Сондай-ақ жазулардың арасынан бірге орналастырылған Қазақстан мен Түркия Республикаларының Туларын көруге болады.
Атакүле мұнарасы Түркия астанасында орналасқан биіктігі 125 метрлік теле- және шолу ғимараты. Мұнара қаланың кез келген дерлік жерінен көрінеді және оның шолу алаңынан Анкараны алақандағыдай тамашалауға болады. Сондай-ақ нысанда айналмалы мейрамхана орналасқан. Ол 360 градустық бір айналымды 1,5 сағатта жасайды. Түркияның ең бірінші сауда үйлерінің бірі де мұнараның төменгі жағында орналасқан.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан Тәуелсіздігінің 28 жылдығы Түркияның бірнеше қаласында тойланды. Мерекелік шаралар 11 желтоқсанда Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ресми қабылдауымен басталды. Оған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі мен «Қорқыт ата» көне аспаптар саз тобы арнайы келді. 50-ден астам қазақстандық өнерпаз Анкара, Ниде, Бурса, Ниде, Сакария және Түркияның ең танымал туристік аймағы – Каппадокияда өнер көрсетті және соңғы концерт бүгін Ыстанбұл қаласында өтті. Концертте Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы Ыстанбұл мэріне қобыз бен қамшы сыйлады. Бүгін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концерт өтті.