«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

 

МҰҚАЙ БИ ЖӘНЕ АБАҚИЯ МЕКТЕБІНІҢ БӨЛІМШЕСІ – «НАМУНАҺИ АҚТАРИЯ» МЕКТЕБІ

Әке өнегесі 

Мұқай Баршабайұлы (1859-1943жж) халықты оқу-ағарту, мәдениетке жетектеген әділ би, халықтық тұлға болған адам.

Мұқайдың әкесі Баршабай Намазұлы (1830-1893жж) ШҚО Зайсан ауданында өткен өз дәуірінің оқымыстысы болыпты. Әкесі Намаз зерек те алғыр өскен Баршабайды сегіз жасынан бастап арнайы ауыл молласынан оқытыпты.13-14 жасқа шыққанда оқу қаражатын толықтап Қазан қаласындағы мектеп-медреседен 4 жыл оқытыпты. Үлкендерден қалған сөз бойынша баласы оқуда жұргенде Намаз атамыз: «балам жақсы оқып, аман-есен оралса айтұяқ айттым» деп тілеуін тілеп отыратын деседі. Баласы оқуын нәтижелі бітіріп, еліне оралғанда көк қасқа тай, ақсарбас қой айтып сойып, той жасапты.

Қазан қаласынан жоғары біліммен оралған Баршабай өз ауылына ғана емес, көршілес отырған Елшібай, Түкібай ауылдарына да имамдық істеп, сол өңірдегі бүкіл халықты Алланың ақ жолымен жүруге үндеп, ізгілік рухын таратыпты.

Кейін келе Есіркеп елінің биі болыпты. Имамдық пен билікті қатар қолына алған Баршабайдың жұмысы ауырлағандықтан Қазан қаласында өзімен бірге оқыған Мұхаметжан деген татарды арнайы әкеліп, осы өңірге имамдыққа тағайындайды.

Өзі ел басқару ісін біріңғай қолға алып, халыққа әділ би болады. «Есімханның ескі жолы», «Қасымханның қасқа жолы», «Әз Тәукенің жеті жарғысы» секілді ел басқарудың ежелгі дәстүрі мен шариғат үкімдерін бірлестіріп ел ішінің талай дауын шешеді. Ел-жұртының тыныш, бейбіт өмір сүруі үшін қолынан келгенін аянып қалмайды.

Баршабай аталары сияқты мал жимапты. Өзіне ғана тән орта ауқаты болған деседі. Оның есесіне ол кісі кітап жинапты. Қазан, Уфа қалаларынан шыққан кітаптар дейсіз бе, Мекке-Мәдине, Стамбулдан әкелінген ескі кітаптар дейсіз бе – араб, парсы, шағатай, татар тілдеріндегі әр түрлі көптеген кітаптары  болыпты. Көне көздердің айтуынша оның ішінде «Тауарих Хамса», «Дарұлғайып», «Қазақ шежіресі», әр түрлі Құран, хадис, сақабалар тарихы сияқты көптеген дүниелер болған көрінеді. Сондықтан болса керек, ауыл арасында: «Баршаңның жиған кітабының өзі бір түйелік» деген сөз қалыпты.

Бабамыздың оқымыстылығы сөз болғанда Баршабайдың немересі, әкемнің ағасы, ағартушы, тарихшы Бидахымет Мұқайұлы:

– Біздің үй Зайсаннан үрке көшкенде Сайқан тауының күнгейіндегі қыстаулыққа қойған қоймада атамыздың бірнеше тең кітаптары қалған екен.

Мен ес білгенде әкем Мұқай: «әкеміздің (Баршабайдың) өлеңі еді» деп:

Кендірліктей жер қайда,

Момын шаруа ел қайда?

Оқу, білім, өнер жоқ,

Көшіп жүрміз әр сайда!» – деп басталатын бірнеше өлеңін айтып отырушы еді. Ал, атамыздан қалған жез елеген, дәрет алатын жез құман, «қашқарша» аталатын ұзыншақ шәугім және ол кісі ұстаған «Құран Кәрім» секілді біраз нәрсені көзім көрді, – дейді.

Демек, «Баршабай шығарған өлең» дегенге қарағанда ол кісі аса жоғары дінни сауатты ғана емес белгілі ақында болған. Сол кездің билерінің тақпақтап, мақал-мәтелмен сөйлейтінін еске алсақ, ақындығына қоса шешен, тапқыр сөзді болғанына да күмән жоқ.

Баршабай ашқан жаңа медреседен Мұхаметжанның ұстаздығымен кейін келе елі үшін еңбек еткен белгілі адамдар – Омар, Ахмәди, Қамажан, Құшабай, Жүмәділ, Мәшкей, Мұстафа, Сапарғали, Мұқай, т.б.лар оқыған болатын. Осылардың ішінен Қамажан Тыныкеұлы, Жүмәділ Баршабайұлы және Мұстафа, Сапарғали Мұхаметжанұлдары қара үзіп шығып, Алтайдың Шірікши, Қызылтас ауылдарында имам және мұғалімдік қызметтер атқарған.

Киікбай батырдың төртінші ұрпағы Жапар Көшімұлы кезінде Баршабай бидің көмекшісі болып, екеуін жұрт «қос қара күпілі би» атайды. Баршабай би жөнінде самыраттан шыққан ақын Көтбай Көшкіншіұлы айтыпты дейтін өлеңнен ел ішінде:

 

Баршаң би қартайды ғой шара бар ма,

Рамазан қой шетінде қара қарға.

Қазаннан іздеп барып молла әкеліп,

Оқытты медресе ашып балаларға.

 

Баршаңнан бар есіркеп артылмайды,

Жанбосын мыс балғаша тақылдайды… – деген бірнеше шумақ қалған екен.

Баршабай пайдаланған «Құран Кәрім»-ді қытайда жүрілген «Мәдениет төңкерісі» кезінде қызыл жең белсенділер өртемекші болып тартып әкеткен екен. Хадихуа деген дүңген азамат өртегелі қойған жерінен ұрлап алып, кейін ел тынышталған соң қайтарып беріпті. Қазан қаласынан басылып шыққан сол «Құран Кәрім» қазір Алматы обылысының Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылындағы Қызыр Мұқайұлының шаңырағында – Мұратбек Қызырұлының қолында сақтаулы.

Баршабайдың сүйегі Зайсанның Қараталының «Қалмақбай керіші» аталатын жеріндегі көне зираттықтың батыс жағындағы бөлек қорымда жатыр.

Баршабайдан – Мұқай, Ақым, Жақыпбек, Сәбит, Құшабай, Манжу, Мешел (шын аты Мұқыш), Жүмәділ, – жиыны сегіз ұл болған. Баршабай осы балаларының бәріне де дінни оқуды терең меңгертіп, ел кәдесіне жарайтын ізетті ұрпақтардан етіп тәрбиелеген екен. Әке өнегесін көріп өскен Мұқай да жасынан көзі ашық, көкірегі ояу болған.

 

 

Мұқайдың билікке араласуы

 

Мұқай (шын аты Мұхаметжан) көнеше де, жаңаша да толық сауатты болса да әкесі Баршабайға ұқсап ілімнің жолын тереңдеп қумай, жеке шаруашылғына пысық, еті тірі, қарулы азамат болып есейіпті. Әрі есесін ешкімге жібермейтін намысқой, қарулы болған екен. Астына таңдаулы ат мініп ас-тойларда өзі балуан, аты жүйрік болып елдің көзіне түсіп жүріпті. Көкпарда да ешкімге дес бермепті.

Мұқайдың бір жақсы атына ителі Естеместің (болыстығынан біраз бұрын) көзі түсіп, бірнеше рет адам жіберіп сұратса да Мұқай бермейді. Ақыры Естемес өзінің Мұса (кей әңгімеде Мұсаның орнында Ысқақ деген аталады), Әлжан дейтін екі мықты шабарманын жіберіп «берсе қолынан, бермесе жолынан тартып әкеліңдер!» дейді.

Олар мал көздеп жүрген Мұқайға кезігіп, оңашада тізгінінен ала түсіп, атын аударып алмақшы болады. Олармен алыса кеткен Мұқай екеуін де алып соғып, шылбырымен қол аяқтарын мықтап байлап тастайды да, болған жайды түкібай Тергембай болысқа мәлімдейді.

– Олай болса енді ешқайда бармай менің қасымда бол. Келетін пәлекетін де жақсылығын да бірге көрейік! – дейді Тергембай болыс. Мұқайды сырттай жақсы білетін Тергембай болыс онсызда оратын тауып, «осы азаматты оң қолыма ұстасам-ау» деп ойлап жүреді екен.

Содан бастап болыстың сеніміне кіріп, елдің көзіне түскен Мұқай Тергембай болыстың старшыны болады.

Кейіннен Естемес болыстыққа отырғаннан кейін арнайы адам жіберіп: «екі мықты шабарманымды байлап кеткен сол жігітті бір көрсем болды, өзіне тиіспеймін» деп Мұқайды алдына шақырып алып, өз айыбы үшін астына ат мінгізеді. Әрі өзіне шабарман болуға қолқалайды. Онсызда сол ауылдағы Естемес болыстың інісі Шоңайбайдың қызы Қадишаны сырттай ұнатып жүрген Мұқай мақұлдық білдіреді. Дәм-тұзы жарасып Қадиша анамызбен үйленеді. Кейіннен болыстық жастабан Ақбай қажының, одан түкібай Жұптыбай болыстың қолына өткенде де оларға да Мұқай ақылшы би болады.

Болыстарға көмекші және ақылшылық қызмет атқарып билікте де, біліктілікте де толыса бастаған адуын жас кемеліне келген жасында әкесі Баршабайдың билігін жалғап Кендірлік өңірінде Есіркеп және онымен қанаттас отырған жәнтекей ауылдарына «Сармойын би» болып сайланады. Бұл билік шамамен 1902 жылдан 1919 жылға дейін жалғасқан.

 

Мұқайдың арғы бетке аууы

 

1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін Кеңес одағының билігі орнады. 1918-1919 жылдары қызыл үкіметтің ресми өкілдері Зайсан ауданында да өз билігін жүргізе бастайды. Мұрағат құжаттары бойынша Зайсан қаласына тұңғыш рет Кеңес үкіметінің орнауы 1918 жылдың 22 ақпаны деп көрсетілген.

Осы күндердің бірінде Мұқай ауылына жанында бір қазағы бар үш орыс келіп түседі. Шай ішіліп, тамақ желінген әредіктерде Мұқай өзінің Сәдуақас, Дағыбай деген жалшыларын жұмсап отырады.

Сонда шала-шарпы қазақша білетін әлгі орыстың бірі:

– Сен өзің семіз бай, би болады. Жұмысты өзің неге істемейді. Ана кедейлерді албаты жұмсай беруге болмайды. Бұдан кейін олар төрге отырады, сен есікке отырады! – дейді көздері шегірейе қадалып.

Бұрын мұндайды естіп көрмеген Мұқайдың жүрегі зырқ ете түседі. «Е, е, бізге келе жатқан жаңа үкімет «біз кедейдің үкіметіміз» деп халық пен халықты қырқыстырғалы келе жатыр екен-ау. Тексіздерді тектілердің жағасынан алдырып, түбімізге жетпекші ғой. Өздері бізді құлдыққа үйретпек екен» деп іштей күбірлейді.

Ел ішіндегі дәл осындай аласапырандықтар тұсында Есіркеп елінен шыққан Егеубай батырды орыстар «мылтық көтеріп бізге қарсы күрес ұйымдастырғалы жүр» деген жаламен Сайқан тауының ішіндегі қарағайдың арасында жазықсыз атып өлтіреді (бұл туралы осы кітаптағы «Қанға боялған қара тас» хикаясын оқыңыз).

Енді қашып құтылмаса өздеріне бір тықырдың таяп келе жатқанын әбден сезінеді. Сөйтіп осыдан біраз бұрын жер шалып барып қайтқан Алтай өңіріне көшу байламына келеді. Ендігі жерде ауылдар шекара жаққа жақындай қонып, мал-мүлкін қиын жерлерге жасыра бастайды.

Осы жайлар сөз болғанда Қызыр Мұқайұлы әкелерінен естіген әңгімені былайша баяндап еді:

– Қызылдардың байлар мен би-болыстардың мал-мүлкін тонап алған суық хабары жетіп, ауылдарды үрей басыпты. Киіз үйлер, әйелдер, балалар қалың қарағай арасына жасырылады. Ел үрейленіп отырғанда ауылды 25 солдат келіп басады да, жанталаса тінту жүргізеді. Ауылдағылар алдын-ала сақтық істеп астығы мен бағалы дүниелерін жерге көміп тастаған еді.

Бір ұраның бетіндегі шиі шала жабылып қалып, солдаттардың бірі көріп қалады. Киіз туырлықтарға оралған астықтарды солдаттар түгел алып шығып аттарына жемге береді.

– Би, болыс, байлар қайда кетті, айтыңдар!? – деп Қадиша анамызды сұраққа алады. Сандықтарды мылтықтың найзасымен қопарып ашып, 25 дана қара елтрі, екі тал оқ тауып алып «сендерде мылтық бар, оқ бар. Тауып беріңдер!» деп қыстайды. Қолдарына іліккен асыл бұйымдардың бәрін бұлап-талайды.

Екінші анамыз Жәмила Нәсіқызына келіп:

– Үлкен қатын айтып жатыр. Оқ пен мылтықты сен біледі дейді, айт! – деп қамшының астына алады. Анамыздың құшағындағы сәбиі Бидахымет шырылдап жылайды. Одан үлкен анамызға барып: «кіші қатын бәрін айтты, енді сен сөйле!» деп қамшы үйіреді. Аналарымыз «өлтірсеңдер өлтіріңдер!» деп жақ кірісін ашпайды.

Солдаттардың осындай қорлық-зорлығына шыдамаған біздің ауылдар ол жақта қалған түкібай Сақасын бидің ауылдарына түнделете қош айтып, Сайқанның бір биігінде мал айтып сойып, жыласып айрылысады. Түнімен көшіп шекараға жақын «Ақсиыр», «Сарыбұлақ» деген жерлерге келеді. Ауылдың қаша көшіп бара жатқанынан хабар тапқан солдаттар соңдарынан қуып жетеді. Қару кезеп «кейін көшіңдер!» деп әмір етеді.

Бәріне «мақұл» болып көрінген мықты азаматтар көшті доғарып, үй тігіп, солдаттарды күтіп алуға кіріседі. Алдарына ас келіп бәрі соған құныққанда оларды Сәбит бастаған Құшабай, Ақым, Жақыпбек, Мәшкей, Ахмәди бастаған жігіттер тарпа бас салады. Барлығын байлап тастап екеуін ғана өздерімен бірге алып жүреді де шекарадан өтіп, әбден ұзағанда: «жолдастарыңды шешіп алыңдар!» деп қоя береді.

Көш жайында Қызыр атамыз осындай әңгімелер айтушы еді.

Сөйтіп, Мұқай ауылы 1919 жылдың күз мезгілінде шекарадан аман-есен арғы бетке – Қытай аумағындағы Алтайға асады.

 

Сауырдағы күндер

 

Қытай жеріне өткен Мұқай ауылы қазіргі Жеменей ауданының Ласты, Тасты, Тосты өңірін басып Сауырға бет алады. Сауырдың Тосты жақ бетін мекендеп отырған Әлен уаңның ауылына келеді. Әбілпейіз ханның ұлы Көгедайдан Ажы туса, Ажыдан Жеңісхан туған. Жеңісхан өлген соң оның билік тізгіні Әленге жалғасады.

Мұқайдың ең алдымен осы ауылға ат басын тіреп сәлем беруі мен алдағы көші-қонына бағыт-бағдар сұрауының да өзіндік мәні бар. Бір жағынан күллі қазаққа тұтқа болған хан тұқымы, екінші жақтан керейдің төре ордасы болғандықтан қара шаңырақты аттап өтпейін дейтін ізеттілік пен құрметі де бар.

Осылайша Мұқай би төре ауылын сағалап бір қыс отырады. Іргеге келген дайын астан құр қаламыз ба дегендей жаңадан көшіп келген ауылдың малын бірлі-жарым шабармандар жырмыштап қуып ала бастаса керек. Төре ауылының атын жамылып бейбастақтыққа барған тентектерді тектеу үшін Мұқай Шәріпханның шешесі, қазыбек қызы Метіке ханымға келеді. Аман-сәлемнің соңында:

– Қазақта «тоғайға паналаған торғайдың да жаны қалады» деген сөз бар. Біз сіздерді асыл бегзада тұқымы – керейдің төресі деп паналап келіп едік. Қорадан шашау шыққан ешкі-лағымыздың таңынан тартатын жыртқыш пайда болды. Ізін індетсек, сіздің ауылға қарай беттепті. Айтудан да ұят, тексіздерді тектемесеңіздер тектіліктеріңізге сын болар. Төреліктен беттеріңізге басайын деп емес жәнтекей қызы болғандықтан өзіңізді туысым, қарындасым деп жақын тартып шағымданғаным ғой! – дейді.

Сөз төркінін тез түсінген Метіке ханым ызадан жарыларман болып:

– Шәріпхан қайда, Шәріпханды шақырыңдар! – деп, тентектерге тиым салуды қатаң тапсырырады да, Шәріпханға арнайы қағаз жаздырады. «Бұдан кейін кімде-кім Мұқай ауылының тышқақ лағына да тиіспейтін болсын!» деп төсегінің басынан алып шыққан темір қобиды ашып, «Жешің гүңнің мөрін басып бер!» деп әмір етеді. Шәріпхан қағаз жазып, оған Жеңісхан гүңнің мөрін басып береді. Содан бастап Мұқай ауылына ешкім тиіспейтін болады.

Шәріпхан ауылы мен Мұқай ауылының аралас-құраластығы жайындағы тағы бір хикаяда Хадуанның ұзату тойы сөз болады. Тойға төңіректің төрт бұрышынан ығай мен сығай, сері жігіт, сылқым қыз – бәрі жиналады. Бәйге, балуан, қызқуар – ойынның не бір түрі өтеді. Қызқуардың қызығында Төре баласы Шәріпхан жүйрігімен ойқастап алға шығады. Төренің қыз қуарға шыққанын көрген көп адам бірден батылы жетпей іркіліп қалады. Жұрт енді кім шығар екен деп жалтақтай бастағанда ақылына көркі сай, қайратты батыл Зейнеп Мұқайқызы қыз қуарға шығады. Дегенменде, шалымды жүйріктегі Зейнеп Шәріпханды қуып жетседе, төре баласының төбесіне қамшы үйіруді әбестік санап, Шәріпханның кең шапанының көлбіреген етегіне жабысып, бүктеген қамшысымен сартылдаған үн шығарады. Жұрт батыл қыздың көз ілеспес қимылы мен әдептілігін сүйсіне тамашалап, «бәрекелді» айтысады.

Мұқай ауылы Сауыр жерінде отырғанда ел ішінде тағы бір әңгіме гу-гу ете түседі. Әсіресе, арт жағын қимай отырған ауылдардан:

– Қызыл үкімет елге қырғидай тиіскен соң Зайсандағы Жұптыбай болыс үш ай атпен жүріп Мәскеудегі Ленинге барған екен. «Шекара өңірдегі адам ұстау, тәркілеу тоқтамаса қазақтың бәрі арғы бетке ауады, ел тыныштығы бұзылып жатыр. Жаңа үкіметке халық керек болса бассыздықты тоқтатсын!» деп арызданыпты. Ленин жарықтық ендігары қазақ ауылдарына қысым жасамау туралы шешім қағаз берген екен, – деген сөз тарайды.

Бір бөлім ауылдар алды-артына қарамай кері қарай көшіп те үлгереді.

Қыс айларында Мәми бейсі өзінің Сауырдағы «Ақтам» аталатын отарына біраз күн жатып қайтады екен. Мәмидің келгенін естіген Мұқай бір жағы сәлеммен, екіншіден қалай көшу жайында ақылдаспақ ниетпен барады.

Мәми болса Мұқайдың кім екенін ертеден-ақ жақсы білетін. Баяғыда жол түсіп Зайсан жеріне барып, түкібай Шылғаубай бидің ауылында болғаны бар. Шылғаубайдың ұлы Сақасын би мен Мұқай би тізе қоса қарсы алып, талай-талай кеңестер қозғап еді. Сол жолы Мұқайға көңілі толған Мәми ол сыртқа шығып кеткен бір орайда Сақасын биге: «Жолдасың айтамын дегенін айтады, істеймін дегенін істейді. Өзі де бір дөңгеленген келісті жігіт екен» дегені бар. Еруліге қарулы дегендей кейіннен Мұқай Алтай қойнауынан жер шалған бір сапарында өзінің төс соғыстырған досы әрі туысы Кіштайға сәлемдесе барып, Мәми ауылын соғып таныстықтың тамырын тереңдетіп кеткен еді. Мұқай ауылы көшіп келіпті дегенді естігенде Мәми бейсі «бір күндік жолдасқа мың күндік сәлем, сәлемдесіп қайтсам жөн еді-ау» деп ойлап еді. Оған көгеннің бұршағынан ағытылған қозыдай күнде жамырап жататын ел ішінің ұсақ дауынан ұзай алмаған.

Сол себепті де Мұқайды ыстық ықыласпен қуана қарсы алған Мәми бейсі:

– Жуаным, аман-есен жеттің бе? – деп оған құшағын айқара ашты. Алғашқы таныстықтан соң-ақ оны өзімсініп осылай атап кеткен еді. Сөзінің соңын түйіндеген ол:

– Бір бұзылған нәрсенің оңала қоюы екі талай. Аталарымыз «орыстікі темір ноқта, қытайдыкі қайыс ноқта» дегенді тегін айтпаса керек. Орыстың сол темір ноқтасы қысқаны қысқан, айғырын пішіп, биесін құлын тастатпай тынбайды. Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман. Енді орыс жеріне қайта өтпей-ақ қойыңдар. Мен Алтайға барғаннан кейін арнаулы адам жіберіп, сендерді көшіріп алайын, – дегенді айтады.

Мұқай Мәмидің ақ пейіліне разы болып, жүргенде төбесінің ақ кекілі желкілдеп тұратын «шашты торы» деген атын сыйға ұсынады.

Мәми айтқанында тұрып көштің алдынан екі шабарманын жібереді. Екеуі Мұқыртай деген жерде көшке кезігіп, оларды Ертіс өзенінің жағасындағы Шірікши деген жердегі есіркеп ауылдарына қарай бастайды.

Дегенменде осы көштің алды-артында Мұқайдың мыңға тарта қойы бұл жақты жерсінбей жұтқа ұшырап, бір бөлімі қарлы боранда ығып Үліңгірдің көліне түсіп кетіп қырылып қалады да, не бары үш жүз шамалы ғана қойы қалады.

Мұқайдың Жүмәділ атты інісі Зайсан жерінде оқу оқып білім алып жатқандықтан ағасының  көшінен қалып қойған еді. Жаңа мекенге орныққан Мұқай енді бір інісі Құшабайды кейінгі елге арнайы аттандырып, оны да алдырып алады. Одан кейін де бөлініп қалған Қаракесек атаның Ақмәди бастаған балалары 1928 жылы жалғасты Алтайға көшіп келеді.

 

Мұқайдың Шірікшиді мекендеп билік қағаз алуы

 

Шірікшиге алғаш келген есіркеп ауылдары – Бозай бастаған Киікбай, Үмбет, Шүйінші ұрпақтары болып, Мәми бейсі алдыңғы келген осы ауылдарының үстіне Мұқай бастаған Мәмбет ұрпақтарын да көшіріп әкеледі. Әрі Мұқайға:

– Кіші үй сендердің бір үйлерің болсын. Жұмыстарың болса, келіп-кетіп Мәңкей арқылы бітіріп тұрыңдар. Қыстаулық, жайлаулық орын беремін, – дейді. «Кіші үй» деп ұлы Мәңкей отырған үйді айтады екен.

Алғашқы келген жылы Шүйінші атаның шөбересі Қанжарбайдың ұлы Шоратайдың ауылымен бірге Сатай аралында отырады. Келесі жылында базарқұл Әубәкір ауылдарымен бірге қыстайды. Ол жерлер кейін «Әубәкірдің түкпірі», «Әубәкірдің аралы» атанған.

Кейіннен «Сіргебайдың көктерегі» деген жердің ішкі жағындағы Ертістің бойындағы шағын қарасудың жағасынан дөңбек үйден қыстау салады. Жастабан, Базарқұл ауылдарымен көршілес отырады. Мәми ауылы оларға Ушілік жайлауына жақын Ужапырақ деген жерден жайлаулық береді. Бұл шамамен 1923-1924 жылдардағы оқиға еді.

Мәми бейсі Мұқайға: «Сен енді есіркеп елінің биі боласың. Құрманхан Бозайұлы көмекшің болады» деп, Сарсүмбеге ертіп барып, Алтай аймағының уәлиі(губернаторы) Жудауиыңға таныстырады. Жудауиың қолына ел басқаратын көк тасты мөр және бір беті қазақша, бір беті қытайша жазылған куәлік қағаз береді. (Мұқай барғанда Есіркеп Аңсабай Аралбайұлы сол жерде үкіметтің хатшылық қызметінде жүр екен). Мұқай болса өзінің ұлғайып қалған жасын көлденең тартып, «мен би болмай-ақ қояйын, би түсетін үй болайын. Артып жатқан ақылым болса ел керегінен аянбаспын» дейді. Өз алдына келген дауға әділ шешім жасаса да, көбінде өзінен кейінгі жастарға жол беруді, оларды баулуды ойлайды. (Жоғарыдағы әңгімедегі Жудауиыңға ертіп барушыны Мәми емес, оның ұлы Мәңкей деушілер де бар)

Мұқайдың есіркеп елінен шығып әкім, билермен терезесі тең сөйлесіп жүргеніне талай адамның белі көтеріліп қалса керек. Есіркеп Бөшке деген шал Мәмидің төрінде отырған Мұқайды көргенде:

– Алтайдағы қасиетті төрт орынның бірі Мәмидің төріне отыратын есіркептен де бір адам шыққан екен ғой. Құрманхан Мәмидің атшысы елі, Қанжарбай шабарманы еді, Мұсахан қызыл өгізбен отын тасып жүруші еді. Енді есіркептен Мұқай төрге отырған екен. Біздің де басқалармен теңесетін күніміз туған екен-ау, – деп жылаған екен.

Мәми қайтыс болғаннан кейін Мұқай ауылы оның ұлдары Қанапия, Мәңкейлермен де сыйласымды жақын өтіпті. Мұқай осы ауылдардың біріне түсе қалса, келіндеріне дейін орындарынан ұшып тұрып, иіліп сәлем жасайтын болған. Мұқайдың ауылының тұсынан көштері өтіп бара жатса да әйелдері жаяулап өтеді екен.

Сөйтіп, Мұқай әкесі Баршабайдың билігін қайта жалғап, 1943 жылға дейін билік сырмағының бір шетінде болады. Еліне, жеріне қадірлі болып әділ билік жүргізеді.

 

Мұқайдың мектеп салып, мешіт салу ісін қолдауы

 

Мұқай өз тұсының әділ биі болып қалмастан мектеп ашып, мешіт салу жұмысына да ерекше көңіл бөлген адам.

1917 жылғы Қазан төңкерісінің алды-артында қытай жеріне Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан жерінен қашып өткен көптеген зиялылар Алтай, Тарбағатай секілді аймақтарға барып, жергілікті оқу-ағартудың дамуына айрықша ықпал етті.

Атап айтар болсақ, Орта Азиядан Шекер (түрік), Нұрғабдұлла (өзбек), Сейтқазы Нұртаев (қазақ) секілді зиялылар Алтай өңіріне Мәми бейсінің ауылына арт-артынан келе бастап еді.

1880 жылы күзде Жұртбай би Көкенұлы өзінің қыстаулығы – Қыран өзені бойындағы Бітеуіргеден мешіт салып, оның жанынан медресе ашып бала оқытқан болатын.

Аталған зиялылардың ықпал көрсетуімен әрі сол кезде Қазақстанның Зайсан қаласында ашылған «Тарақия» мектебінің ықпалымен Мәми бейсі Жұртбайұлы бітеуіргедегі осы «Ақ мешіттің» медресесін 1905 жылы «Абақия» мектебі деп өзгерткен. Бұл – Алтайда тұңғыш рет медреседен мектепке айналған жаңаша оқу орны еді. Мектепте діни сабақтарға қосып есеп, ана-тіл, тарих, география қатарлы сабақтар өтіледі. «Абақия» – Алтайдағы абақ керей елінің мектебі, абақтың білім ұясы, яғни «абақ ұя» деген мағына береді. Кейіннен «Тарақияға» еліктеп, «Абақия» атаған.

1907 жылы осы мектепте Қазақстанның Ақмола облысының Көкшетау уезінде туылып, Тройцкий «Расолпа» гиминазиясын бітірген Сейтқазы Нұртаев мұғалім болды әрі жаңаша оқыту әдісі бойынша сабақ өту үлгісін жасаған еді.

1920 жылдардан кейін «Абақия» мектебінде А.Байтұрсынов емлесі бойынша жасалған әліппе қолданыла бастады. 1926 жылы Қанапия бейсі бұл мектепке Дихуадан (Үрімжіден) Нүриден Ғабдұлқаллақи (татар), Бадыридден(ұйғыр), Әдембек (қазақ) қатарлы бірнеше оқымысты адамдарды ұсыныс етіп, «Абақия» мектебінің тәлім-тәрбие, оқыту істеріне тың өзгерістер әкелді. Сейтқазы Нұртаев мектеп бастығы болды. Ол оқулықты Қазандағы «ағайынды Каримовтар баспасынан» алдырып жүйелі ғылыми оқытуды жолға қойды.

Абақияның оқу-оқыту ісіне барынша қолдау көрсеткен Мұқай Баршабайұлы әуелі өзінің кенже інісі Жүмәділді осы мектептен оқытады. Әрі өзінің де осындай бір мектеп ашу арманына жүзеге асыруға кіріседі. Сөйтіп 1928 жылы Шірікшидегі өз ауылының қасынан барлық қаражатын өзі шығарып, дөңбектен екі бөлмелі жаңа мектеп салады. Әрі мектепке Жүмәділді мұғалім етіп, 40-қа тарта бала оқытады. Бұл мектеп Абақия мектебінің бөлімшесі аталып, оқу түзімі жағынан Абақия үлгісінде ғылым мен дінді аралас оқытады.

Абақия мектебінің ұстаздары Сейітқазы Нұртаев пен Нүриден Ғабдұлқаллақи жаңа мектепке «Намунаһи ақтария» (арапша «Жарық жұлдыз» мағынасында) деген ат қойып береді.

Бұд мектеп Шірікши көлеміндегі әйгілі мектептің бірі болып, Алтай оқу-ағартуының дамуы мен халықтың ұл-қыздарының көзін ашуда өзіндік үлесін қосты. Көптеген шәкірттер тәрбиелеп, олар кейін келе Алтай өңіріне аты танымал ұстаздарға айналды.

«Намунаһи ақтария» мектебі 1933 жылға дейін жұмыс істеп, кейіннен Шәріпхан Көгедаевтың Алтай ағартуын өркендетуі кезеңінде бұл өңірден «Оян», «Жұлдыз» мектептері ашылады да, олар алдыңғы мектептің рухани жалғасы болып халыққа жалғасты қызмет етеді.

1928 жылдан бұрын Шірікшиде мешіт жоқ еді. Жаңа мектеп арқылы көптеген көзі ашық шәкірт тәрбиелеп шыққан Мұқай ендігі жерде халықты мешіт салуға үгіттейді. Нәтижесінде Есіркептен шыққан Бөкі байдың баласы Башақ пен Жарылқаптың байы Кіштай мешіт салу ісін қолға ала бастайды. Алдымен іске кіріскен Кіштай Қызылқайың өңірінен жаңа мешіт салып, ол «Кіштай мешіті» аталады.

Башақ қажыға бармақшы болып жатқанда қайтыс болады да, оның өлерінде айтқан «қажыға барам деп жиған алтын-күмісіме мешіт салыңдар» деген өсиеті бойынша туыс-туған, ел-жұрты мешіт тұрғызады. Бұл істің басы-қасында да Мұқай би болады. 1932 жылы бой көтерген бұл мешіт «Бөкі мешіті» аталады.

Демек, Мұқайдың билік құрған кезеңінде халықтың білім, ғылым, дінге деген санасы тіпті де оянып, ел-жұрты бір мезет бақытты ғұмыр кешкен екен.

Мұқай Баршабайұлы 1943 жылы 84 жасында қайтыс болды. Сүйегі өз өсиеті бойынша Алтайдың Шірікшиіндегі қыстаулығының жанындағы қара судың жағасындағы төбешікке қойылады. Бұрын ол жерде ешқандай зират болмаған екен. Кейіннен көп кісі жерленеді. Ол жерді жұрт қазірге дейін «Мұқай зираттығы» атайды.

Мұқай Баршабайұлының ҚХР Алтай Шірікши ауылындағы зираты:

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

Академик, жазушы

Ұқсас жазбалар