«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Білге Тонықұқ жазба ескерткіші Анкарада орнатылды

Авторы tugurul
557 қаралым

Халықаралық Түркі академиясы Анкарада Білге Тонықұқ жазба ескерткішінің көшірмесін орнатты. Бұл туралы академия қызметкері Напил Базылхан Facebook желісіндегі ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Бұл маңызды хабарды бірі оқыса, бірі оқымаған болар. Біз де қайталап құлақдар еткіміз келеді. Олай дейтініміз, Тонықұқ бабамыздың мәңгілік тасының ғылыми көшірмесі Түркияның астанасы Анкара қаласында «Түрк әлемі Тонықұқ паркінде» орнатылды. Өз басым бұл үлкен тарихи оқиға, түркологтар үшін қуанышты игі іс деп білемін»,-деді ол.

Сондай-ақ ғалым Білге Тонықұқтың әлемде ерекше аталатын данышпан тұлға екенін атап өтті.

«Білге Тонықұқ» – дүниежүзі тарихында ат-атағы ерекше аталатын данышпан тұлғалардың бірі. «Күндей күшті күркіреген Ел» деп түрк әлемінің атақты ақыны Мағжан Жұмабаев жырлағандай, Еуразия кеңістігінде құдыретті мемлекеттің құлазыған тұсында ауыр жүгін арқалап, оның тұғырын бекем етіп, туын биік көтеріп, мемлекеттілік істерінде өлшеусіз үлес қосқан, ержүрек қолбасшы, баһадүр сұңғыла Тонықұқ бабамыз болатын.
« Türük Bilge qaγan eliŋe bititdim: ben Bilge Tuñuq-uq – Түрк Білге қаған елінде жаздым мен Білге Тонықұқ» дейді аталмыш есткерткіші жайында.
Тонықұқ – Түрк Елінің Елтерiс (Құтлық) қаған (650-691 жылдары билік құрған), Қапаған қаған (691-715 жылдары билік құрған), Бiлге қағанға (716-734 жылдары билік құрған) бiлiктi данышпан, сұңғыла қайталанбас ұлы тұлға.

Тонықұқ өзі , көне түрк төлтума жазуымен қашап мәңгілікке қалдырған бітіктас мәтінінде былай дейді: Түрк халқы үшін,

Tün:udusïqïm: kelmedi:

küntüz: olursïqïm kelmedi:
Түн ұйықтамадым
Күндіз отырмадым

qïzïl qanïmï: tökti:
qara terim: yügürtü:
Қызыл қанымды төктім.
Қара терімді ағыздым.

Teŋіri yarïlqadï: yaňïdamïz: Türük : budunïγ: Őtükün jerig:qonmus
Тәңірі жарылқады, жеңдік. Түрк халқы Өтүкен жеріне, қонды

Teŋri Umay: Ïduq jer sub: basa berti erinč: neke: tezerbiz:
Тәңірі, Ұмай, қасиетті жер-су Жеңіс берген екен,
Көп (екен) деп неге қашамыз,

üküs tejin: neke qorqurbïz: az tejin: ne basïn alïm:
Азбыз деп неге қорқамыз, Неге басындырамыз?
Шабайық дедiм Шабуылдадық, жойдық. Жеңдік .
Тәңірi жарылқай
Бұл Түрк халқына қару жарақты жауды желдiрмедiм (жолатпадым)
тулы (түгел) атты жүгiрттiрмедiм (жақындатпадым)…. дейді.

Тонықұқ 731-732 жылдары 85-86 жасында қайтыс болған екен. Сөйтіп, бабамыздың ұрпақтары бізге өсиет етіп қалдырған осы бір ескерткіштің ғылыми көшірмесі Анкара төрінде орнатылды.

Халықаралық Түркі академиясы мен Алтындағ ауданының мэриясы «Түрік тілі жылына» және ЮНЕСКО аясында атап өтілген Тонықұқ ескерткішінің 1300 жылдық мерейтойына арналған маңызды шараға айрықша ұйытқы болды.

Осы орайда аталмыш іс шараны жүзеге асыру ісінде Халықаралық Түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі мырзаға, Анкара қаласы Алтындағ ауданы мэрі Асым Балжы мырзаға түркологтар атынан Тәңір жарылқасын деп, Тонықұқ бабамыздың аруағы разы болсын деп айрықша рахметімді айтып жеткізгім келеді.

Сонымен қатар, Халықаралық Түркі академиясы тарапынан «Ұлы дала өркениеті: Тонықұқ мирасы және қазіргі Түркі әлемі» ЮНЕСКО аясында Тонықұқ ескерткішінің 1300 жылдығы – Тонықұқ жылының ресми ашылуына арналған халықаралық видео-конференцияны (24 сәуір 2020 ж.) ұйымдастырды, арнайы жинағын басып шығарды.

Тағы қоса айтарымыз, «Тонықұқ. Бітіктасы мәтіні аудармалары» әзербайжанша, қазақша, қырғызша, түрікше, тываша, моңғолша, мажарша, немісше, орысша, ағылшынша, французша, қытайша ғылыми және әдеби көркем аудармалары қамтылған жинақ-альбом да басылып шықты»,-деп жазды ол.

https://adyrna.kz/post/62066

Ұқсас жазбалар