«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Алаш арыстары ардақталмақ

Авторы tugurul
302 қаралым

Жақсыбай САМРАТ

Жуырда Солтүстік Қазақстан облыстық ономастикалық комиссиясының отырысы болып, онда ұлтын қолдап, қорғап, қара бастарына келген қауіп-қатерге қарамай күрескен Алаш ардақтыларының аты ұлықталды. Комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов елімізде санақ жүргізіліп, нысандарға ат беру немесе ауыстыру мәселелерінің кейінге қалдырылғаны туралы шешімнің тыйым салынбаған тұстары табылғанын айтты.

 

«Санақ жүруіне байланысты ат бе­руге тыйым салу көшелер мен елді ме­кен­дерге қатысты. Ал білім беру меке­мелері мен басқа орындарға оның қатысы жоқ. Сондықтан біз бастаған ісімізді одан әрі жалғастырып, облыс орталығында ешкімнің аты бе­рілмеген білім ордаларына Алаш қай­раткерлерінің есімін беру керек деп шештік. Барлық міндетті шаралар өткізілді. Мектеп ұжымдарымен кездесулер болып, олардың келісімдері алынды», деді ол өзінің сөзінде.

Сонымен қаланың бертін жаңғыр­тылған «Береке» шағын ауданындағы үш қабатты №25 мектепке Алаш кө­семі Әлихан Бөкейханның есімі бе­рілетін болды. Мұндағы мұғалімдер ұжымы да ұсынысты қуанышпен қабылдап, өз тараптарынан да үн қо­сып, қазір түрлі шаралар дайындап жат­қан көрінеді.

Ал қаладағы №9 байырғы мек­теп­тердің біріне ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлының аты берілетін бол­ды. Бұл мектеп те үш қабатты, оқу­шы­лар саны 1360, мұғалімдер ұжы­мы 95 адамнан тұрады. Орысша бі­лім беретіндіктен болса керек, мұн­да­ғы кейбір ұжым мүшелері Ахмет Бай­тұр­сыновты білмейміз деген сөз­дер айт­қан екен. Тиісті түсіндіру шаралары жүр­­гізіліп, Ахаңның еңбектері туралы айтылғаннан кейін «білмейміз» деген­де­рдің өзі қолдайтындықтарын айтқан.

Ал халқымыздың ғажап ұлдары­ның бірі, қазақ атын әлемге алғаш та­ны­тушы, классикалық күрестен дү­ние ­жүзінің чемпионы болған күш атасы Қажымұқанның есімі Ұлттық спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мек­тебіне берілетін болды. Қазір бұл мек­тепте спорттың 7 түрі бойынша 700 бала жаттығады. Енді бұл балалар өздерінің Қажымұқан атымен байланыстылығын мақтанышпен айтып жүретін болды. Қай жерде, әлем­нің қай түкпірінде табысқа жетсе де олардың «мен Қажымұқан мектебінің түлегімін» деп күш атасын алдымен ауызға алары сөзсіз.

Ал халқымыздың арда азамат­та­рының бірі, сталиндік Го­ло­­щекиннің өзіне қарсы тұрған жа­сын тұлға Смағұл Сәдуақасовтың есі­мі қаланың ең басты көшелерінің бірі – Интернационалдағы №2 мек­тепке берілетін болды. Оның ұжы­мы да Смағұлды танымаймыз деген екен, тиісті түсінік беру жұмыс­та­ры жүргізілгеннен кейін бәрі де риза­шылығын білдіріпті. Енді осы мек­тептің алдына Смағұлдың ескерткіші де орнатылмақ. Сонымен қатар осы көшенің өзін де С.Сәдуақасовтың аты­на беру туралы жоспар бар. Сонда, кезінде Сталин атын алған көше енді Смағұлдың атымен аталатын болады. Осының өзі халқымыздың рухын көтеріп, еңсемізді тіктей түсуімізге әсер етері сөзсіз.

Сонымен қатар Алаш қозғалысы белсенділерінің бірі, біз жуырда ғана «Егеменге» кітабы шыққаны туралы жазған алғашқы қазақ дәрігерлері­нің қатарында болған Жұмағали Тілеу­линнің есімін осындағы медициналық колледжге беру туралы ұсыныс та қара­латын болды. Ол үшін осы ұжым­ның мүшелерімен кездесіп, Жұма­ғалидың кім екенін таныстыратын топ құрылды.

Айтылған ұсыныстардың бәрін ономастикалық комиссия мүшелері бірауыздан қолдады. Енді бұл шешім Үкіметке жіберіледі. Ондағылар да қолдап, ұлттық қана емес, мемлекет­тік мүдде үшін жасалып жатқан ұла­ғатты істерге қолбайлау жасамаса бол­ды. Әйтпесе… жергілікті жерде бәрі қолдап, жоғарыға жіберілген Ти­ми­рязев ауданын заңғар жазушы Сәбит Мұқановтың атына беру туралы шешімді көлеңкесінен қорыққан қайсыбір шенеуніктер өткізбей тастады. «Қазақтың кең даласы атанған» Сәбит Мұқанов сияқты тұлғалар болмаса кеңестік шовинистік саясаттың кесірінен қазақ атының өзі жұтылып кете жаздағанын қазіргі батырсынып жүрген біреулер білмейді ғой. Сондайлардың сынынан қорыққан шенеуніктер қазақ­тың бірнеше ұр­пағына рухани нәр беріп келе жатқан жазушының есіміне аудан атын қимады. Оларға Сәбеңнен гөрі Тимирязев аты маңыздырақ болыпты…

Ал мына жаңа шешімдерді өткізуге ешкім қарсы болмас деген үміттеміз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы

Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.egemen.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на egemen.kz: https://egemen.kz/article/289806-alash-arystary-ardaqtalmaq
© egemen.kz

Ұқсас жазбалар