«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Д.Назарбаева: Сенаттың 2020 жылға арналған шаралар топтамасы өте ауқымды

Авторы tugurulhan.kz
649 қаралым

19 желтоқсан. Нұр-Сұлтан. Tugurulhan.kz – 2020 жылға Сенат жоспарлап отырған шаралар топтамасы өте ауқымды. Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz сайтына сілтеме жасаған tugurulhan.kz тілшісі.

«Санаулы күндерден кейін біз Тәуелсіздік жылнамасында ерекше із қалдырған маңызды оқиғаларға толы 2019 жылды тарих қойнауына шағарып саламыз. Жалпы, жыл ішінде еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірінің жаңа кезеңін заңнамалық қамтамасыз ету бойынша Сенатта тыңғылықты жұмыстар атқарылды. Осы кезеңде 83 заң жобасы жан-жақты пысықталып, маңызды заңдар қабылданды. Тұтастай алғанда, қабылданған заңдар Елбасы мен Президент алдымызға қойған міндеттерді жүзеге асыруға, халқымыздың өмір сүру сапасын одан әрі жақсартуға бағытталған», – деді Д. Назарбаева Сенаттың жалпы отырысында.

Сенат төрағасы келесі жылға Сенат жоспарлап отырған шаралар топтамасы да өте ауқымды екенін атап өтті. Жеті парламенттік тыңдау, 70-ке жуық маңызды мәселелерді талқылауға арналған үкімет сағаттары, конференциялар, дөңгелек үстел отырыстары мен кездесулер өткізілмек.

«2020 жылдың басында аймақтарға іс-сапарға шығасыздар. Сіздерге қазақстандықтармен кездесіп, олардың ұсыныстарын тыңдап, жағдайларын біліп, мүдделері мен үміттерін қолдау жүктелген. Бұл маңызды әрі жауапты миссия. Сіздердің міндеттеріңіз – халыққа Парламент қабылдаған соңғы заңдар күшіне енгенде 1 қаңтардан бастап қандай оң өзгерістер болатынын қарапайым тілде түсіндіру. Өздеріңіз білетіндей, бұл әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік арнайы жәрдемақылар, кепілді әлеуметтік пакеттер мен көмектерге қатысты. Жаңа механизм тәуелділікті тоқтатып, адамдарды жұмыс істеуге ынталандырады. Жаңа жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру іске қосылады», – деді Сенат спикері депутаттарға қарата айтқан сөзінде.

Осы орайда, Дариға Назарбаева іс-сапарлар кезінде бірнеше маңызды мәселеге аса назар аударуды сұрады. Біріншіден, тірек және спутниктік елді мекендер тізіміне кірмеген ауылдық елді мекендер жағдайы назарға алынады.

«Біз бұл мәселеде өте мұқият болуымыз керек, себебі бұл бірнеше мың елді мекендерде тұратын нақты адамдардың тағдыры», – деді ол.

Екіншіден, ақшалай жәрдемақыдан басқа, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына кепілді әлеуметтік пакетке сәйкес: азық-түлік, киім, оқу құралдарын беру қарастырылған. Жергілікті билік оны қамтамасыз етуге қаншалықты дайын, осыны білу керек.

Үшіншіден, ауылдағы медициналық қызметке қолжетімділік пен бұл қызметтердің сапасы зерделенеді. Төртіншіден, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметіне екпін қойылады. Олар іс жүзінде қалай жұмыс істейді, жеке бюджетті басқаруға қаншалықты дайындығы зерттеледі. Жергілікті басқару органдарында мүмкіндігінше әйелдер санын арттыру мәселесі де маңызды міндет.

Ұқсас жазбалар