8 қаңтар. Нұр-Сұлтан. Tugurulhan.kz – Қазақстанда жалған шағым үшін жауапкершілік күшейтілді. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов айтып берді, деп хабарлайды inform.kz сайтына сілтеме жасаған tugurulhan.kz тілшісі.
Желтоқсан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнамаларды жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осы заң арқылы ҚР Қылмыстық кодексінің 10 тарауындағы 69 бапқа және Қылмыстық-процестік кодекстің 72 бабына түзетулер енгізіледі.
«Өз мақсаттарына қол жеткізу мақсатында кей адамдардың қатаң жазаларға негізделген амал-айлаларды жасамауы үшін Қылмыстық кодекстің 419-бабы – жалған шағым үшін жауапкершілік күшейтілді», – деді С. Әділов Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте.
Бұған дейін адамды ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп жалған айыптағаны үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылса, енді бұл жаза 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге ұзартылды.
«Қылмыстық топтың мүддесі үшін жасалған дәл осындай әрекеттер жаңа заңға сәйкес, 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді, бұрын 5-10 жылға дейін бас бостандығынан айыру болатын», – деді ол.
Айта кетейік, аталған заң 11 қаңтар күні күшіне енеді.