«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Асылхан Игібаев: “Ұлтымыздың ұлы тұлғаларын таныту – басты міндет”

Авторы tugurul
1058 қаралым

                  Назарларыңызға “Tugurul han – On Han”  корпоротивтік-қоғамдық Қорының Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Асылхан Игібаевпен өткен сұхбатты ұсынамыз. 

  “Tugurul han – On Han”  корпоротивтік-қоғамдық Қоры құрылғаннан кейін көптеген кітаптардың жарық көргенін білеміз. Сол кітаптар турасында айта кетсеңіз.

 –  «Тұғырыл хан – он Хан» корпоротивтік-қоғамдық Қоры 2019 жылдың басында өз жұмысын ресми түрде бастаған еді. Қордың басты мақсаттарының бірі қазақ тарихын зерттеп, Тұғырыл хан сынды ұлы тұлғаларды  таныту болып табылады. Сол себепті, жарық көрген кітаптардың мазмұны қазақ тарихындағы ақтаңдақтарды айқындап, өзге мемлекеттер тарапынан көмескіленген кейбір тарихи шындықтардың бетін ашуға бағытталса, тек ұлттың өзіне ғана тән белгілері арқылы жаңалап оны бүгінгі ұрпаққа боямасыз жеткізу басты міндетімізге айналып отыр. Осы міндет төңірегінде 2019 жылы «Тұғырыл хан» атты тарихи деректер жинағын басып шығардық. Бұл жинақта «Моңғолдың құпия шежіресі», Рашид ад-Диннің «Жамиғ – ат Тауарих», Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік хандар шежіресі»,  қытай тарихи деректері, моңғол тарихи деректері, Қазақстанда жарық көрген тарихи жинақтардағы маңызды мағлұматтар қамтылған. 2019 жылдың желтоқсан айында Көкшетау қаласында өткен «Тұғырыл хан» конференциясында тұсауы кесіліп, оқырман қауымға жол тартқан болатын. ҚР мемлекет тарихы институты, Алматы қаласындағы Ш.Ш Уалиханов атындағы тарих және этнология институты сынды мекемелердің жетекшілігімен өткен конференция Тұғырыл хан жайындағы зерттеулерге мұрындық болып, кітаптардың таралауына да үлкен үлесін қосты. Біз аталмыш жинақтарды қазақ тарихына тарту еткен байғазы ретінде ұсындық.  Одан кейін, Қытайда Зейнолла Сәнікұлының «Әйгілі адамдар» сериясы бойынша төте жазумен жарық көрген «Тұғырыл хан» атты кітабын кирилицаға аударып көпшілік оқырманға тарту еттік. Сонымен қоса,  осы тақырыптар төңірегінде Алматы қаласындағы Ш.Уалиханов атындағы тарих және этнология институты тарапынан «Ұлы даланың ұлы есімдері» және «Жошы хан»  атты жинаққа Тұғырыл хан есімі ресми түрде енді. Тұғырыл хан және Сібір хандығының ханы Тайбұғаға байланысты тарихи мақаларға байқау жарияланған болатын. Жақын арада қорытындылатын болады. Ол да өз кезегінде жинақ болып жарық көрмек. Бір сөзбен айтқанда,  тарихи тұлғалар есімін ұлықтап, тарихты таныту мақсатында қызмет атқарып жатырмыз.

–”Tugurul han – On Han” корпоротивтік-қоғамдық Қоры осы кітаптардан өзге қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– Бұдан бөлек тарихи деректері зерттеп, зерделеп, оны ұрпақ санасына сіңіру мақсатында да қызмет атқарудамыз. Тұғырыл хан ұрпақтарының өз еліне қосқан үлестері турасында, көптеген дәстүрлі, шежірелік, тарихи дүниелерді жаңғыртудамыз. Соның ішінде елді-мекендерге, көшелерге, мәдени ошақтармен спорт кешендеріне, оқу орындарына   баһадүр бабамыздың   есімін беру ойымызда бар. Одан бөлек, Тұғырыл хан атындағы сарай салып, ескерткіш орнатпақ ниеттеміз. 2019 жылы Ұлытауда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Моңғолиядағы аз қазақ Шыңғыс ханды туризмнің негізі ретінде  алып отыр, демек,  біз де Жошы ханды сол мақсатта дәріптеуіміз керек» деген сөзін басшылыққа ала отырып, Тұғырыл хан сынды тұлғаны көпшілікке таныту арқылы  еліміздегі туризмнің белгілі бір саласына қызмет атқаруды көздеп отырмыз. Нақтырақ айтсақ, Көкшетаудың биік шыңының бірінен орын сайлап, Тұғырыл хан ескерткішін салсақ  деген ойымыз бар. 1946 жылы Әлкей Марғұлан тұрақтандырған Ұлытаудағы Жошы Хан мазарының жанында Тұғырыл ханның қызы Бектұмыштың сүйегі жатқанын ескерсек, Тұғырыл хан ескертішінің орнауын міндетті деп білеміз. Осы секілді өзге де маңызды іс-шараларды өткізу, республикалық байқаулар жариялау, тарихи деректерге толы кітаптар жазу сынды істер атқарылуда. Мысал ретінде түркі әлеміне таныс керейттердің ішіндегі Тұрғақ руы жайында, керейттердің шежіресі жайында жазылып жатқан кітаптар бар екенін айтқым келеді.

 – “Tugurul han – On Han”  корпоротивтік-қоғамдық Қоры шығарған кітаптар оқырман ықыласына бөленіп жатқанын байқадық. Соның ішінде басылым беттеріне немесе, әлеуметтік желілерде ақпарат тарату жайында айта кетсеңіз.

– Қазақ Тұрғақтары тарихына байланысты Түркия елімен, Моңғолия, Ресей, Қытай, Қалмақия мемлекеттерімен және ноғайлар мен башқұрттармен көптеген халықаралық дәрежедегі тарихи негіздемедегі байланыс орнатып отырмыз. Бұл қазақ халқының тарихының тереңде екенін көрсетеді. 1220 жылы Сібір хандығында құрылған Тайбұға ұлысы туралы, Түмен хандығының тарихы мен мұрагерлері туралы, 1598 жылы Сібір қолбасшысы Чулковтың  опасыздығына алданған Тайбұғаның тұқымы Сейдақтың қолға түсуі сынды маңызды тарихи оқиғаларды түгендеу, соларды барынша зерттеп жазсақ деген ой бірінші кезекте тұр. Кітап шығарудан бөлек, “Tugurul han – On Han” корпоротивтік  Қорының жеке сайты жұмыс істеуде. Сонымен қатар, Республикалық «Тарих порталы», «Егемен Қазақстан», «Абай.кз», «Қамшы.кз», «Әдебиет порталы» сынды ақпарат құралдарын пайдалана отырып, жасаған жұмыстарымыз көпшілік қауымға жол тартуда.

 Дәл қазір қандай жаңалықтармен бөлісе аласыз?

– Елімізде енгізілген карантиндік режим көптеген мекемелердің жұмысына кедергісін тигізгені жасырын емес. Олардың қатарында, өкінішке орай, біз де бармыз. Биыл халықаралық дәрежеде ғылыми конференция өткізу, «Тұғырыл хан», Сейдақ хан» атындағы байқаулар жариялау сынды жоспарлар күнтәртібіміздее өзгеріске ұшырап отыр. Дегенмен, аты жаман індет аяқталғаннан соң қолға алатын істер көп. Біз өз мақсатымыздан таймай, тарихты бүкпесіз жазып, оны өскелең ұрпаққа жеткізуді басты міндетіміз ретінде алып отырғандықтан, алдағы жоспарларымызды жақын арада жүзеге асырамыз. Соның аясында кеше ғана «Қазақ шежіресі» және «Жошы хан» атты екі бірдей кітабымыздың тұсаукесерін өткіздік. “Tugurul han – On Han” корпоротивтік Қоры мен Нұр-Сұлтан қаласындағы Алматы аудандық «Нұр Отан» партиясының филиалының «Қазақ емханасы» бастауыш партия ұйымында керей шежіресінің альбомдық нұсқасының  тұсаукесері болып өтті. Осы сынды жұмыстарымыздың барлығы тек ел  тарихына үлес қосып, ұлтымыздың ұлы тұлғаларын дәріптеуге арналады.

Сұхбаттасқан: Айгөлек Өмірбек

“Tugurul han – On Han” корпоративтік қорының баспасөз хатшысы

 

 

 

 

Ұқсас жазбалар