Өткен жыл көңілге әр түрлі алаңдаушылық әкелсе де, әдеби, мәдени өміріміздегі жаңалықтар да жанымызды желпіндіріп, қуантып келеді.
Сондай қуаныштың бірі – Алматы қаласында тұратын жазушы, ақын, қоғам қайраткері Мақсұтхан Баркөл Дәлейұлының Нұр-Сұлтан қаласында өткен кітаптарының тұсаукесері болды.
19 қараша күні Ел Астанасында бақандай үш кітабының – «Жыр жаңбыр» (Өлеңдер жинағы, Алматы – «Мерей» баспасы), «Сайғақ ғұмыр» (Прозалық жинақ, Алматы – «Үш қиян» баспасы), және соңғы су жаңа кітабы «Дәурен жыры» (өлең-роман, Алматы «Үш қиян») тұсауы кесілген ақын ағамыз:
– Мен өте бақыттымын, Аллаға шүкір, туған жерім арғы бетте қалса да, атажұрттың алақанында аздаған еңбегімді көпшілікке ұсынып, көлдей лебіздер тыңдау бақыты маған бұйырып тұр…, – деп тебіренді.
Аталған шара Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі КММ мен «Тұғырыл хан – Оң хан» корпоративтік қорының бірлікте ұйымдастыруымен өтті . Салтты Қазақстан және Еуразия жазушылар одағының мүшесі, академик, шешен тілді сөз шебері, белгілі жазушы – Жәди Шәкенұлы жүргізді.
Үш Кітаптың тұсау кесер лентасын Кітапхананың жауапты бастығы Гүлбадан Сақтапқызы Мадибаева және «Тұғырыл хан – Оң хан» корпоративтік қорының басшысы Асылхан Игібаев сынды белгілі тұлғалар қиды. Автор осы орайда кітапхана ұжымына алғыс білдіріп, 50 дана кітабын кітапхана қорына сыйлады. Әрі бұрыннан келе жатқан үлгі бойынша кітапхана тақтасына қолтаңбасын қалтырды. Өз кезегінде «Тұғырыл хан – Оң хан» корпоративтік қорының басшысы А.Игібаев авторды қазақ руханиятына қосқан үлесі үшін арнайы медалмен марапаттады және тарихи тұлға – Тұғырыл ханды жыр-романның арқауы еткендігі үшін ерекше алғыс білдірді.
Автормен өмір бақи жүздеспеген, әлеуметтік желі арқылы Мақаң шығармаларын сүйіп оқитын, бір- бірінен алыста жүрсе де туыстай болып сырттай сыйласып жүрген Моңғолиядан келіп Шортанды ауылында тұратын қос қария – Сұлтан Бекдорж ағамыз, Әбди Күлтан тәтеміз өздерінің оқырмандық ойларын ортаға салып, ақ батасы мен алғыстарын жаудырды. Қарағанды өңіріндегі Ақыт қажы мешітінің имамы Жанарбек Мамбар қатарлы алыс-жақыннан келген қонақтар құттықтау хаттарын оқыды.
Іс-шара аясында Мақсұтхан Дәлейұлының сөзіне жазылған белгілі сазгер, әнші Халық Ризабектің «Құрбым-ай», «Студент сағынышы» әндерін Перизат Тұрарова мен Парасат Отан тамылжыта шырқап кездесудің мерейін асырды.
Кеш соңында М.Дәлейұлы келген қонақтарға, кітапхана ұжымына, кітаптың шығуына тікелей жетекшілік етіп және аталған іс-шараны ұйымдастыруда ерекше еңбек еткен Асылхан Игібаев сынды азаматтарға толғанысты, тебіреністі көңіл-күйін толқи отырып жеткізді, сонымен бірге өлеңдерін жатқа оқып, көремендерге кітаптар сыйлады.
Салтанатты өткен кешке арнайы қатысқан қазақ радиосының тілшілері нақ майдан хабарын радио толқындары арқылы жалпақ жұртқа жайды. «Рухани жаңғыру» толқынында, мәнді де сәнді өткен шағын кеш ақпарат құралдары мен қатысушы оқырмандар арқылы тарих бетіне таңбаланды.
Сөйтіп, М.Дәлейұлының үш бірдей кітабы көңілді кештің шуағымен оқырмандар жүрегіне жол тартты.
Әбдірахман Әріпұлы