Жақында ғана жазушы, тарихшы Жәди Шәкенұлының «Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» атты зерттеулер еңбегі жарық көрген еді.
Ж.Шәкенұлының бұл зерттеу еңбегі түркі тұтастығы, қазақ ұлтының қалыптасу кезеңдері және қазақ тарихын құраушы тайпалар тарихынан сыр шертеді. Соның ішінде Шыңғыс хан, Тұғырыл хан және Сібірдің алғашқы ханы Тайбұға өмірі төңірегіндегі оқиғаларға кеңінен орын беріп, қазақ тұрғақтары аталатын рудың тарихына тоқталады. Сібір хандығының соңғы ханы Сейд-Ахмет сұлтан және оның ұрпақтары хақында тың деректер ұсынады.
Еңбектегі жаңаша іздену бағыттары, автордың өзіне ғана тән ой тұжырым, пікір-көзқарасы түркілік тек төңірегінде көптеген мағлұмат береді. Тақырыптар әр қырынан баяндалса да, бір ғана желіге – түркі бірлігі ұғымына көгенделіп отырады.
Кітап тарихшыларға, студенттерге ғана емес қазақ тарихына қызығушы барлық оқырманға арналған.
Кіттаптың жалпы редакциясын қарап, пікір жазған, ғылыми бағыттағы жетекші: Тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик. ҚР Мемлекет тарихы инситуты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған.
Біз осы орайда Б.Аяғанның аталған кітапқа жазған алғы сөзін көпшілік назарына ұсынып отырмыз.
– ред
Т.ғ.д. профессор, академик.
ҚР Мемлекет тарихы инситуты директорының орынбасары
Бүркітбай Аяған.
ҚАЗАҚ ТАРИХЫН ТОЛЫҚТАУҒА ҚОСЫЛҒАН БАҒАЛЫ ЕҢБЕК
Қазақ халқының түгенделу үстіндегі тарихы әлі де болса түрлі деректермен толықтанып, елдігіміздің іргетасын бекемдеуге қызмет етуде. Жер бетіндегі халықтардың қалыптасу тарихы сияқты, қазақ ұлты да тайпалық, ұлыстық-рулық дәуірді басып өтіп, кейіннен өзінің дербес мемлекетін орнатты. XV ғасырдың орта кезінде болып өткен өзгерістер негізі бір дара халықты – қазақ ұлтын құрады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың еңбектерінде айтылып өткен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Мәңгілік ел», «Ұлы даланың жеті қыры» халықты біріктіру тарихы идеялары, Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың Ұлұқ Ұлыстың 750 жылдығын атау аясындағы ұлағатты сөздері біздің тарихи тамырымызды тереңдетуге, ұлтты тануға бағыт, баянды бағдар көрсетті. Елдің өткенін зерттеп-зерделеп, оны бүгінгі күнге қызмет еттіру идеясының маңыздылығын ұсынды. Осы орайда айтарымыз «Алтын Орда» атауы орыс жылнамаларынан кейін енген термин, зайыры біз ол елді «Ұлы Ұлыс» немесе «Ұлы Орда» деп атағанымыз жөн.
Біздің тарихи кешулерімізден қарағанда бірнеше күрделі кезеңді ерекше атауға болады. Ең әуелгі дәуір – ұлттың, мемлекеттің қалыптасу кезеңдері. Екінші – ел іргесін бекемдеу жолындағы әр түрлі күрестер, қозғалыстар және шапқыншы күштерге соққы беру дәуірі. Үшінші дәуір – осының бәрін бастан кешкен түркілік тайпалардың елдің ішкі-сыртқы саясатын орнықтырып, Қазақстан атты жаңа ел болып қалыптасу кезеңі.
Қолымыздағы «Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» кітабының тұтас жүлгесінен қарағанда, қазақ халқының бір ғана түркі жұртының мұрагері екенін тілге тиек ете отырып, оның қалыптасу кезеңіндегі ру-тайпалар мен олардан шыққан кейбір тұлғалардың қызметіне тоқталады. Әсіресе, Ұлы орда дәуірінің қалыптасу алғы шартын дайындаған – түркі халықтары, оның көш бастаушы көсем ұлдары – Шыңғыс хан, Тұғырыл хан сынды тарихи тұлғалар, олардың мұрагері Жошы, Тайбұға сынды хандар өміріне аялдайды. Соның ішінде автор, кең жұртқа беймәлім Тұғырыл хан арқылы жалғасқан Тайбұға әулеті және олардың ру-тайпалық топтары төңірегінде тоқтала келіп, «торғыт-тұрғақ» руы тарихын кеңінен баяндайды. Әрине, кеңестік кезеңде көп нәрсені айта алмадық, айтсақ та бұрмалауларға амалсыздан орын бердік. Тәуелсіз елдің тәуелсіз тарихы қалыптасуы жөніндегі әр бір зерттеуші ғалымдардың пайым, көзқарастары да назар аударуға тұрарлық.
Жәди Шәкенұлының бұл монографиясы өзінің жаңалық ашуға ұмтылған тың идеяларымен қуантады. Зерттеу аясында көптеген мәселелер қамтылған. Сонымен қоса тың деректер, жаңаша ой-тұжырымдары баршылық.
Алайда, кітапты мінсіз деуден де аулақпыз. Кейде түркі тұтастығын басты назарға алып, «тұрғақтар тайпасы» өмірі төңірегіндегі тарихи зерттеулерден алыстап кеткен жоқ па деген күдікке де жетелейді. Сезімдік баянға бой алдырған тұстары да жоқ емес. Соған қарамастан бүкіл оқиға түркі халықтарының бірлігі идеясын ту ете отырып, қазақ халқының бірігу, қалыптасу кезеңінен ажырамайды. Тарихымыздың қалтарыс қалған беттеріне өзіндік ой-көзқарастарын қосады.
Автор кіріспе сөзінде өз еңбегі хақында: ««Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» кітабы – ежелгі түркілік дәуірінен тамыр тарта отырып, сол кезден бастап өзінің тайпалық негізін толық қалап үлгерген керейттердің торғут-тұрғақтар тарихынан сыр шертеді. Әрине, зерттеудің осы тақырыбы кезінде өзге ұлт, ұлыстар, мемлекеттер, ғалымдар жағынан аса тереңдей қарастырылмағаны себепті материалдар тапшылығы да білінеді. Тіпті керейттердің өзге ұлт құрамына сіңген аздаған бөліктері түпкілікті тегін білсе де, өзерін түркі-қазақ ұғымымен егіз санауға дәрменсіз» дейді. Шындығында да, Керейттер туралы зерттеулер күрделі тақырыпқа жатады. Мысалы, қазіргі ноғай, башқұрт құрамында да керейттер бар. Ноғайда белгілі Рамазан Керейітов деген тарихшы ғалым бар.
Автордың пайымдауынша, тек қана ғылыми әдебиеттерді пайдалану біздің тақырыбымызды ашуға жетерсіздік етер еді. Сол үшін де жиі-жиі тарихи көркем әдебиеттер мен шежірелік деректерге үңілуден де шаршамаған. Тарихшылармен бірге әдебиетшілердің де тарихи пікір-көзқарастарын да назардан тыс қалдырмаған. Тіпті өзі айтқандай баяндау үлгісінде «шеңберден шығуға» тура келген тұстарының бар екені де рас.
Қалай болғанда да, автордың бір ғана түркі ұғымын, бір ғана қазақ ұғымын қазық етіп, барлығын сол идеяларға қызмет етуге жинақтағаны көрініп тұр.
Осы жақтарынан қарағанда, автордың ой-тұжырымдары, біздің тарих ғылымының қалыптасқан дағдысын «бұзып», құлашын еркін жайғаны байқалады. Егер аталған туындыны докторлық, кандидаттық диссертацилық еңбек деңгейінде қарастыратын болсақ, оның бір бөлім беттерін қысқартуға, өзгертуге тура келер еді. Ал дайындалған еңбек жеке дара зерттеу болып табылады. Біз авторды тәуелсіз Қазақстанның еркін ойлы тұлғасы ретінде бағалап, жеке қолтаңбасына құрметпен қарадық.
Ең бастысы, Ж.Шәкенұлының бұл еңбегінің тарихшыларға ой салатын тұстары өте көп. Тарихи оқиғаларымызды қайта қарастыру идеялары да көптеп көрініс тапқан. Айталық, кітаптағы ауқымды тақырыптың бірі жоңғар кезеңіндегі кейбір оқиғалар, Абылайдың тұтқынға түсуі, Еділ қалмақтары төңірегінде баяндалады. Абылай хақында да, Еділ қалмақтары жөнінде де кейбір көмескі тарих беттеріне көз салу қажеттілігі туындайды. Аталған кітап Кеңес дәуірінен қалған жаттанды көзқарастарымыздан басқаша, жаңаша іздену бағыттарына жол нұсқайды. Төл тарихымыздың ұпайын түгендеуге бетбұрыс жасаудың негіздемелерін көрсетеді.
Шыңғыс хан мен Тұғырыл хан оқиғаларында да осындай тосын, жаңа, айтылмаған қырлар көрінеді. Айталық, Шыңғыс ханның Тұғырыл ханды соғыспен жеңіп емес, сол тұстағы қытай патшаларының көмегімен алғандығы туралы деректің өзі тереңдей зерттеуді қажет етеді. «Шыңғыс хан Отырарды ойрандаған жоқ» тақырыбы да Ұлы Орда мемлекетінің қалыптасу кезеңіндегі маңызды оқиғалардың бірі саналады. Тіпті Жошының әйелі Бектұмыштың Тұғырыл ханның інісі Жақақамбудың қызы екені мен оның сүйегінің Ұлы тауда Жошы мазарымен бірге жатқаны да жұрт назарына қайта ұсынылады.
«Қазақ тұрғақтарының ғана тарихын баяндаудан көрі, тақырыпты ашуға ықпал-байланысы бар тұлғалар мен ауқымды оқиғалар тізбегіне де орын берілді» деген автор сөзін еске алсақ, қорытынды бөлімде Жәди Шәкенұлының: «Біз бөліну үшін, бөлу үшін емес ру құрамындағы тайпалар тарихына бойлап, ақтаңдақ қалған беттерді ақтаруды негізгі бағыт санадық. Соның ішіндегі ең бастысы – Тұғырыл хан сынды хан тұқымының Тайбұға, Сейдақ хандар арқылы жалғанған бір ұрпағының қазақ жерінде тұрып жатқандығын айттық. Сөйтіп, тектіліктен бастау алған ортақ – қазақ- түркіліктің ту ұстаушыларын көрсетіп, ұрпақтарымызды ұлылыққа, өрлікке, бекзадалыққа шақырғымыз келді. Хан тұқымы десе «е-е, төрелер екен ғой» дейтін қалыптасқан ұғымға қазақ ұлтын құраған ру-тайпалардың ішінде де хан тұқымының өмір сүріп жатқандығын нақты дәлелдермен көрсетіп бердік…» деген ойымен де толығынан келісеміз.
«Қазақ тарихының тамырын тереңге тарта ақтарса, жалғыз Тұғырыл хан әулеті ғана емес, найман, үйсін, меркіт, қыпшақ, жалайыр, қоңырат, қаңлы, дулат, т.б. тайпа хандары мен ел билеушілерінің тікелей ұрпақтарының да арамызда өмір сүріп жатқандығында еш күмән жоқ. Мұның бәрін жинақтағанда қазақ тектілігі ұғымы қалыптасады» деп тұжырымдауы да орынды.
Автордың жаңашылдығын толықтыратын ең негізгі еңбегі – оның Қазақ тарихына, қазақ руларының шежіресіне «қазақ тұрғақтары» деген атауды батылдықпен алып келгендігі. Еңбекте бұл атау: «Қазақ хандықтарын, қазақ мемлекетін қалыптасытуршы рулар құрамындағы хан әулеті бұтағы» ретінде жеткізіледі. Әрине, әлі де болса тереңдетуді қажет ететін тұстары да бар. Өз шығу төркініміз бен хандарымыздың қалыптасу негізін өзге ұлттан емес, өз ұлтымызды құраушы тайпалардан қарастыруы қуанарлық, құптарлық бағыт. Пайдаланылған әдебиеттік сілтемелерінің көптігі де автордың көп ізденіс жасағанынан дерек береді.
Оқырмандарына жазушы ретінде танылған Жәди Шәкенұлының тарихшы ретіндегі қалам қарымының қуаты да ешкімнен кенде емес. Өзін бір ғана тақырыпқа бағындырмай, кеңінен толғауын тарихи тақырыпқа бойлаған әдебиетшілік қырынан да бағалаймыз. Еңбегін Ұлы Ұлыс (Алтын Орда) хандығының 750 жылдығы мен Сібір хандығының 800 жылдық мерейтойына ұсынуын да жылы қабылдаймыз.
Қазақ тарихының түгенделуі – шежірелерден бастау алып, ғылыми тарихи деректермен кемелденді деп есептесек, «Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» атты бұл монография Қазақ тарихын толықтауға қосылған бағалы еңбектің бірі саналады. Автордың ел тарихына деген шынайы ізденісі мен бағыт-бағдарына құрмет білдіре отырып, алдағы күнінен тарихымыздың ақтаңтаңдарын ақтаратын жаңа еңбектер күтеміз. Жемісті қадамына сәттіліктер тілейміз!