«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Баян-Өлгийдің іргетасын қалаған қазақ

Авторы tugurul
626 қаралым

Біз Жеңісхан Дүзелбайұлы туралы айтып отырмыз. Ол – 1906 жылы қазіргі Баян-Өлгий аймағының Ұланқұс (Улаанхус) сұмынының Дайын өлкесінде Дүзелбай шаңырағында туған тұңғыш ұл. Әкесі ерте қайтыс болып, жастайынан жетім қалған. Шешесі Әніштің қолында бауырлары Әзімхан, Жүнісхан, Мінісхан, Рысхандармен бірге өседі. Олар жастайынан байлардың малын бағып, өмір сүрген. Жеңісхан өз бетінше арабша хат танып, Ақбалшықта малдың шикізатын алатын Иван деген орысқа жұмысқа тұрған.

Моңғолияда халық революциясы жеңгеннен кейін, Байөлке аймағында (қазақтар арасында ауызекі осылай аталады) Кеңес одағынан келген Абай Қасымов, Шәріп Өтеповтармен бірге жұмыс істейді. 1930 жылы Мәскеудегі Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетіне (КУТВ) оқуға түсіп, 1932 жылы бітіреді.

1932-1936 жылдары Шеруші хошууның (әкімшілік бірлік) сауда бөлімшесінің бастығы әрі үгіт-насихатшы жұмыстарын қатар атқарған.

1937-1938 жылдары Ховда (қазақтар арасында Қобда деп аталады) аймағы сауда ұйымының қызметкері болған. Содан бастап ел ісіне етене араласқан. 1938-1940 жылдары Қобда аймағы сауда ұйымының бөлім бастығы қызметін атқарды. 1940 жылы Ұлы Хуралдың (Парламент) 8-құрылтайына өкіл болып қатысады. 1941 жылдары Ұланбатырды Орталық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінде нұсқаушы болған. Әрі партия орталық комитетінің қарамағындағы партия кадрлерін дайындау жоғарғы мектебін бітірген. Сөйтіп 1942-1943 жылдары Баян-Өлгий аймақтық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1943-1951 жылдары Баян-Өлгий аймағының бастығы болған. 1951-1964 жылдары монголбанктің аймақтық бөлімшесі бастығы қызметтерін атқарып, зейнетке шығады. Бұл Жеңісхан Дүзелбайұлының өмір жолындағы басып өткен бір тарау белестері ғана.

«Еңбек Қызыл Ту», «Алтын жұлдыз» орденімен 2 мәрте марапаттаған. Жеңісханның сол жақтағы қазақтар үшін еткен еңбегі ұшан-теңіз. Қайсыбірін жазуға болады? Мысалы, ол Байөлкеде жаңадан құрылған ауыл шаруашылығы өндірісі, құрылыс, оқу-ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет және өнер ұйымдарын жаңа белеске көтеру үшін қыруар еңбек етті. Қазақ балаларының сауатын ашу үшін қазақша білім беретін мектеп, балабақша, Жазушылар одағының бөлімшесін, құрылыс бөлімін құруға атсалысып, Ресейдің Таулы Алтай өлкесімен байланыс жасау арқылы малдың шикізатын өткізіп, орнына ұн-шай, шам-сіреңке әкелетін 60 түйелі артель орнатып, халықтың мұқтажын өтеуге үлес қосқан. Қазақстаннан алғаш рет молда алдырып, мешіт салдырған.

Зейнетке шыққаннан кейін өзінің туған жері Ұланқұс сұмынына мектеп ғимаратын, Қобда өзеніне ағаш көпір және машина-трактор паркін салу үшін жоғары жаққа хат жазып, қыруар шаруаға мұрындық болыпты. Оның өміріне шежіре, ұрпақтарына өнеге болғаны – Баян-Өлгийді құруы…

Үрей мен ақиқат

ХХ ғасырдың бастапқы ширегінде Алтайдың Қобда бетін мекендеп жатқан қазақтар ежелден бері қалыптасқан дәстүрлі дала заңын басшылыққа алатын еді. Өз заңымен өмір сүріп, бір империяға бағынып, сол елдің лауазымдық шенімен ел басқаратын. 1912 жылы осы алып мемлекет Шың империясы құлап, орнында жаңадан шаңырақ көтерген Боғда хандық Моңғолия мемлекетімен Қытайдың қайсысына бағыну керек деген таңдау Қобда беттегі қазақтардың алдында тұрды. Осы тұста елдің бір тобы Боғда ханға бағынып, моңғолмен бірге боламыз деп, Да Хүрээге барып, ресми азамат атанды. Бұл сәтті қадам болғанымен, Боғданың сеніміне кірген жауыз Жалама қазақтарды арандатып, оларды Туваға қарай көшіруі – қасіретті жылдар ретінде ел есінде қалды. Бұдан кейінгі ақ пен қызылдың бірін-бірі қууы елге аз ауыртпалық әкелген жоқ. Ақтың қашқындарының «ат-көлік, азық-түлік әкеліңдер!» деп зорлық-зомбылық көрсетіп, біраз адамды атып тастаған үрейлі оқиғасы естен шыға қойған жоқ.
Баян-Өлгийдің орнауынан 2-3 жыл бұрын ғана, яғни 1937-38 жылдары елдің сорпа бетіне шығатын билер мен байларды, молдаларды жаппай қуғын-сүргінге ұшыратқан шерлі жылдардың зардабы басыла қоймаған кез. Ең қиын жері – аймақ орнауынан бір жыл бұрын, Екінші дүниежүзілік соғыс басталған еді. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, 1941 жылы Моңғолияның жалғыз одақтасы Кеңес еліне фашистік Германия шабуыл жасап, тарихта «Ұлы Отан соғысы» деп айтылатын қанды қасап 1418 күнге созылды. Бас қала Ұланбатырмен ұшқыр көлік арқылы жедел байланыс жоқ, жаңа орнаған аймаққа материалдық көмек көптен келуі де неғайбыл заман еді. Міне, рухани тұрғыда да, экономикалық жағынан да жан-жақты жағымсыз әсерлі, үрейлі заманда, сол тұстағы ат төбеліндей аз ұлттық кадрдың жеке басқару құрылымын, жаңа аймақты құрып шығуы – олардың қажымас жігерлі еңбегі, аянбай төккен тері, білімі мен парасатының арқасы емес пе? Ары-бері үркіншілік, зорлық-зомбылықтан әбден мезі болған елді болашаққа сеніммен қарауға үйретті. Жеңісхандай басшының болғанын Өлгийдің ақ шатырында Байөлке аймағын жаңадан бастап құрып шығу – бүгіндері айтуға оңай.

Жеңісханның жолы

Кезінде Жылыбайдың Мұқаны қазақ ішінен таңдап алып оқытқан бір топ баланың бірі – Жеңісхан қатарлы аймақ басшылары ежелгі көшпенді өмірін сол қалпы тірлік еткен қазақ ұлтын отырықшылыққа бейімдеп, қала салдырып мекендетті. «Үй салуға материал жоқ, оны тасымалдайтын көлік жоқ» дегізбей, қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, Сырғалы, Дайыннан қарағай қидырып, Қобда өзенінің ағысымен сал айдатып, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың ғимаратын тұрғызу мәселесін шешті. Аймақ халқы үшін өркениетті қоғамның айқын нышаны алғаш пайда болып, көркейе бастады. Әкімшілік басқару құрылымы, қаржы-қаражат мекемелері, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, байланыс, ат өртең, автокөлік тасымалы, ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы салаларының негізі қаланды. Алғашқы кадрлық құрам қалыптасты. Халықтың дәстүрлі ұсталық, үй ағашылық, аңшылық т.б. кәсіптері тиімді пайдаланылып, халықтың еңбекке деген құлшынысы артты.

Жеңісхан – қазақтың төл жоралғылары мен салт-дәстүрінің жаңа қоғамда ұмыт қалмай, өз орнын табуына барынша ықпал жасаған басшы. Қырқыншы жылдары аймақта мешіт салдырып, Қазақстаннан молда шақыруы, Байөлке орнауының 10 жылдық мерейтойында ұлттық ән-күйге толы мерекелік концерт қойдырып, қыз қуу, көкпар, айтыс ұйымдастырып, алтыбақан сияқты ұлттық ойынды халыққа тамашалатуы осының айғағы емес пе?! Сондай-ақ Жекең Баян-Өлгийдің малшы қауымын дәулетті болдыру мақсатында қаша салып, қой бағуды ерекше дәріптеді. Мал санын көбейткен озат шопандарды Ұланбатырдағы 1943, 1948, 1954 жылдардағы жақсы малшылар жиынына жіберу арқылы көптің ынта-жігерін арттыру сол кезде аймақтағы мал санының артуына үлкен септігі тиді. Осы еңбегі ел аузында әлі күнге дейін айтылады. Бұл да Жеңісхан Дүзелбайұлының ұтымды істерінің бірі еді. Баян-Өлгийде алғашқы көлік жолдарын сенбілік жасау арқылы салуды бастама етіп көтеріп, барлық сұмынды (ауыл) аймақпен жалғайтын жолдың алғашқы негізі қаланған екен.

Ресейдің тілін тапқан

Баян-Өлгий аймағы алғаш орнаған жылдары халық арасында ішпек-жемек, киім-кешекке қажеттілік көп болды. 1940 жылы Байөлкенің орнауының алдында сауда саласында 10 жылдай істеген тәжірибесін пайдалана отырып, Жеңісхан Ресейге, Хатгалға түйе керуенін жасақтап жүргізуді жолға қойды. Майын келісе отырып, елден түйе мен кіреші жалдады. Сөйтіп мал өнімдерін кеңес әскеріне жиған көмек қорын тасып, керуеннің қайтар жолында аймақ халқының азық-түлік пен әртүрлі тауарға қажетін өтеп, бұл қиындықты да шеше білген.

Қиын-қыстау күндері көмек қолын созған Баян-Өлгийдің бұл көмегін Кеңес одағы зор бағалап, соғыстан соңғы кезеңде қарымта көмекті де көп жасаған. Бұл Жеңісхандай азаматтың басшылығының арқасы емес пе?

Увсыдан шыққан үкімет басшысы Ю.Цэдэнбал 1940 жылдың басында Батыс өлкеге келіп, кеңес билігімен келісім жасаған кезде, Ақкөл жалғастыру базасын Увсының Хандгайтысына көшірмек болған. Осы кезде Жеңісхан қатты табандылық танытып, кеңес өкілдерінің көзін жеткізу арқылы Ақкөл жалғастыру базасын орнында қалдыруға үкімет басшысын көндірген екен. Ақкөл жалғастыру базасы мен Қызылүй шекаралық, кедендік өткелегінің Баян-Өлгий халқына қызмет етіп, аймақ бюджетіне қомақты қаржы құйып, жүздеген отбасы осы салада нәпақасын тауып жеп жүрген болса, осы игілікті істе Жеңісхан Дүзелбайұлының өлшеусіз үлесі бар екенін біле жүргеніміз артық болмас.

Қазақстаннан мұғалім шақырған

Баян-Өлгий халқын аз уақытта сауаттандырып, жаңаша хат таныту мақсатында Қазақстаннан мұғалім шақыру туралы талап-тілекті жоғары билік орындарына дер уақытында дұрыс жеткізудің арқасында, 1940 жылдан бастап Баян-Өлгийдің барлық өлкесіне Қазақстаннан түрлі пәндер бойынша ұстаздар келіп, сауат ашып, білім беруге мықтап атсалысты.

Аз ұлттар кеңесінің орынбасары Ж.Мұқаның ұйымдастыруымен Жекеңнің өзі де алғаш 1930 жылы Ұланбатырда оқып жүргенде, бір топ жолдастарымен бірге «Біз Қазақстаннан қазақша оқимыз, сонда жіберулеріңізді сұраймыз!» деп сонау 1930 жылдың өзінде МХР басшылығына талап-арыз айта білгендігінің арқасында үкімет ойлана келе Мәскеуге аттандырып, сонда қазақша, орысша білім алғандығын атап өткен жөн. Сондықтан да Жеңісхан қазақша білім алудың мәнісі мен пайдасын жақсы білетін еді.

Осы іс кейінде жалғасын тауып, Баян-Өлгий қазақтарының мәдени өмірінде бетбұрыс жасау үшін Қазақстаннан музыка, сахна мамандарын шақыртып, ел ішіндегі Б.Ақтан, Ж.Қибатдолда, Р.Байысхан, Ж.Ром, О.Қайжамал т.б. өнерлі жастарды заманауи өнерге тарту арқылы қазіргі қазақ драма театрының бастамасы – Қызыл бұрыштар құрылған еді. Қазақстандық кадрлардан үлгі алған сол алғашқы қарлығаштар біраз жыл өткенде әдебиет пен мәдениеттің майталмандарына айналып, мемлекеттік атақ пен сыйлықты иеленуіне Жеңісхандай өнерді сүйген өнерпаз әулеттен шыққан басшының қолдауы мен қамқорлығы тиген. Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов 1967 жылы Байөлкеге келген сапарын қорытындылай отырып: «Сіздерде сыбызғы мен құсбегілік бұрынғы бәз қалпында сақталыпты. Бізде бұл екі өнер де жоғалудың алдында», – деп күйініпті. Мұнысы Өлгейдегі рухани құндылықтың жоғары деңгейде сақталуына берген баға болса керек. Мұны да жұрт Жеңісханның игі ісінің бірі деп біледі.

Бүркітшілікті тұғырға қондырды

Баян-Өлгийде құсбегілік өнердің қазіргі заманға дейін лайықты жалғасын тауып, мықтап дамып, туризмнің көрігін қыздырып отырған салаға айналуына Жеңісханның қолтаңбасы бар. 1939 жылы маршал Чойбалсанның Батыс аймақтарға сапармен Қобдадан біздің өлкеге келгенде, Жеңісхан жол көрсетіп ере жүріп, ұзақ жасаған Зымыран апамен жүздестірумен бірге, қазақтың бүркітшілік өнерін көрсетіп, бүркіт жайлы қызықты әңгіме айтып берген екен. Сапары аяқталып, Қобдаға барған соң Чойбалсан жиналыста: «Қазақтың бүркітшілігі қандай керемет өнер! Бүркітпен-ақ көп пайда тауып отыр екен», – деп әсерін қорытындылапты. Мұны да жұрт Жеңісхан Дүзелбайұлымен байланыстырады.

1933 жылы сауда ұйымының бастығы болып тұрғанда, аң терісін жиюға осы бүркітшілерді ұтымды жұмылдырып отырыпты. Қолында бір жылы 30 бүркітке дейін ұстап баптайтын домбырашы Сағынған атасының өнерін жасынан көріп өскендігі осы ұлттық құндылыққа деген жанының жақындығы болар.

1960 жылы алғаш құрылған аңшы, бүркітшілер қоғамы жиналысына Жеңісханның қатысуы осы өнерге деген жанашырлығын айғақтайды. Баян-Өлгийдің алғашқы әкімі Жеңісхан Дүзелбайұлы қолдап, ел иесі, маршал Чойбалсан өзі мақтау айтып, оң жол сілтеген соң, сол 1940 жылдардан бері Өлгей өлкесінде бүркітшілікке билік тарапынан ешқашан шектеу қойылып, қысым жасалмай, атадан балаға мирас болып келеді. Тіпті бүгінгі күні саятшылық Моңғолияның туристік брендіне айналып отыр. Бүркітші Айшолпан қызды әлем таныды. Қазақтың бүркітшілік өнерінің бұлайша самғауы – сонау қиын замандардың өзінде Жеңісхан Дүзелбайұлының жоғары жақтағы басшылардың көңілін тауып, батасын алғандығынан…

Байөлкенің материалдық, рухани тұрғыда қазіргі кемеліне келген, кемеріне толған қалпы бір күнде бола салған жоқ. Оның басып өткен бұралаң жолын бүгінгі ұрпақ ұмытпаумыз керек. «Мен көргенде бұл Өлгей, сылдыраған тас қана» деп әлдебір ақын жазғандай, жоқтан бар жасап, қолда бар азды дұрыс ұқсатып жүріп, жұртты жиып ел қылған ерен тұлға Жеңісхан Дүзелбайұлының өмір жолы мен жасаған еңбегі ұрпаққа мәңгілік мақтаныш! Жеңісхан Дүзелбайұлы – Моңғолия қазақтары үшін елім деп туған ер. Ақсақал 1993 жылы 14 ақпанда 87 жасында дүние салды.

Жанарбек Ақби, журналист-альпинист

Баян-Өлгий аймағы, Моңғолия

https://jasqazaq.kz/2021/02/19/bayan-olgijdin-irgetasyn-khalagan-khazakh/

Ұқсас жазбалар