«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

БАБАДАН ҚАЛҒАН БАҒЗЫ, БІРТҰТАС ҚАЗАҚ ЖЕРІНІҢ БЕС МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Авторы tugurul
236 қаралым
Бүгін Халықаралық Түркі академиясының жаңа ғимаратында әйгілі академик, қазақ антропологиясының негізін қалаушы ғұлама ғалым, тоқсанның төріндегі абыз ақсақал Оразақ Смағұловтың «Қазақ халқы мен оның ата тегіне орай антропологиялық очерктер» атты жаңа еңбегінің таныстыру рәсімі өтті.
Алқалы жиынға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия елдерінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшілері, ҚР ҰҒА академигі Оразақ Смағұлов, мемлекет және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым басшылары, жоғарғы оқу орындары мен зерттеу орталықтарының басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысөзімен жарық көрген іргелі еңбек ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.
Ел Президенті алғысөзінде: “Бұл – қазақтың төл тарихын түгендеп, оның Ұлы дала төсінде тым көне заманнан тамыр жайған бағзы халық екенін дәлелдейтін еңбек. Мұнда арғы бабаларымыздың осы жерді бес мың жыл бұрын құтты қоныс еткені жөнінде алғаш рет ғылыми қорытынды жасалған. Шын мәнінде, бізге Алтайдан Атырауға дейінгі кең байтақ жерді сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Егемен еліміздің бүгінгі аумағы – батыр бабалардан ұрпаққа мирас болған ең қастерлі құндылық” деп жазылған.
Ғалымның 70 жыл бойы жүргізген кешенді антропологиялық зерттеу жұмыстарының қортындылары негізге алынған бірегей басылымның лентасын Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев кесті.
Мемлекеттік хатшы өз сөзінде бұл іргелі еңбекті “жеріміз туралы даурықпа пікірлер айтып жүргендерге нақты дәлел-дәйекпен берілген жауап” деп атап өтті.
Іргелі еңбекте ғұлама ғалым қазақ халқының Ұлы Даланы елу ғасырдан бері үздіксіз мекен еткен автохтонды жұрт екенін бұлтартпайтын ғылыми айғақтармен дәлелдеп берді. Қазірдің өзінде бірегей басылымға арқау болған антропологиялық зерттеулердің нәтижелері әлемге танымал ғалымдар тарапынан жоғары бағаланып отыр.
Автордың сөзімен айтсақ, әлемнің ешбір ұлтының тамырын 5000 жылдық тереңнен тартатын тұтас антропологиялық тарихы ғылыми негізде айқындалмаған екен. Сондықтан аталған туынды әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласындағы айтулы жаңалық болып саналады.
Кітап ғылыми зерттеулер барысынан сыр шертетін тарихи фотосуреттермен безендіріліп, арнайы әзірленген схемалар мен ғылыми сызбаларды қамтыған.
Түркі академиясы шығарған жаңалығы мол бұл ғылыми еңбек төрт – қазақ, түрік, ағылшын және орыс тілдерінде әрқайсысы жеке-жеке кітап ретінде басылып шықты.
Құтты болсын!

Darhan Qydyráli

Материал фейсбук әлеуметтік желісінен алынды

 

 

 

Ұқсас жазбалар