«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Анна Франк күнделігі қазақ тілінде жарық көрді

Авторы tugurul
1036 қаралым

Елбасы кітапханасында  «Анна Франк. Пана: хат түріндегі күнделік» және «Анна Франк. Тарих сабағы» жылжымалы көрмесінің тұсауы кесілді, деп хабарлайды tugurulhan порталы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Холокост құрбандарын еске алудың халықаралық күніне орайластырылған іс-шаралар «Мәдениет арқылы үнқатысу» атты Елбасы кітапханасының халықаралық жобасы аясында өтті. Оны Қазақстандағы Израиль мемлекетінің және Қазақстандағы Нидерланды Корольдігінің елшіліктері, сондай-ақ «Steppe&World» баспасы бірлесіп ұйымдастырды.

Қайғылы оқиғаны айқын бейнелейтін күнделікті Нидерландтағы фашистік басқыншылық тұсында 13 жасар Анна Франк жүргізген. 1942 жылдың 12 маусымынан 1944 жылдың 1 тамызына дейін күнделік қамтитын уақыт аралығында «панада» фашистерден жасырынған сегіз адам 1944 жылғы 4 тамызда тұтқындалып, концлагерьлерге жіберілді. Сегіз адамның ішінен жалғыз аман қалған Аннаның әкесі Отто Франк қызының күнделігін  жарыққа шығарған (1947). Бүгінде әлемнің 70 тіліне аударылған кітапты «Steppe&World» баспасы қазақ тілінде алғаш аударып, оқырмандар назарына ұсынып отыр.

– Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 75 жыл. Қайғылы оқиғаның жан түршігерлік тұстары тарихтан белгілі. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен жерін жауыздықтан қорғаған әкелеріміз бен аталарымыздың күш-қайраты мен ерлігі, ақыл-парасатымен батылдығын танытқан әжелеріміз бен аналарымыздың сабырлығы бәрімізге үлгі. Жүрексінудің, жек көрудің не екенін білмеген бабаларымыздың болмысы бүгінгі ұрпақтың бойынан да байқалады. Дәстүрлерді сақтап қалған қазақ қоғамына ксенофобия, антисемитизм сияқты құбылыстар әлі де жат. Тату-тәтті өмір сүру қағидасы бүгінде ұлтаралық келісім мен толеранттылық ұстанымдарына ұласып, негізгі құндылықтардың, басты мақтанышымыздың нышанына айналды. Қазақ тіліне аударылған Анна Франктің күнделігі оқырмандар қауымының көңілінен шығатыны анық. «Әлем естелігі» атты ЮНЕСКО реестрінің нысаны саналатын күнделікті оқу барысында санаға елестеген бейнелерді «Анна Франк. Тарих сабағы» көрмесінің бекітетініне сенемін, – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов.

Кітап пен көрменің тұсаукесеріне шет мемлекеттердің елшілері мен дипломатия өкілдігі қызметкерлері, еліміздегі ғалымдар мен сарапшылар қауымы қатысты.

– Time журналы 1999 жылы Анна Франкті ХХ ғасырдың басты тұлғалары қатарына енгізді. Оның өмірін қиған оқиға ішінде жүрген жандарды уайымдап, тағдырына араласқан жанашырлардың қатарында қазақ халқы да болды. ХХ ғасырдың бірінші жартысында мыңдаған еврей Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне жер аударғаны белгілі. Израиль елі қиын-қыстау кезеңде нанын бөліскен қазақ халқының жомарттығы мен жақсылығын ешқашан ұмытпайды. Қонақжай қасиетін әлі де сақтап қалған бүгінгі қазақ жерінде еврей қауымы мен өзге ұлт өкілдерінің өмірі тату, ұйқысы тыныш. Қауіпсіздікке білдіретін олардың ризашылығы болмысы мен мәдениеті, діні мен ділі саналуан ұлттардың гүлденген Қазақстанның тұтастығын сақтауға, әлем алдындағы абыройын асқақтатуға ықпал етті. Осы тұста жер бетіндегі ұлттар мен мемлекеттердің өзара келісімі мен көпмәдениеттілікті қолдау ұстанымының Холокост сияқты қайғылы оқиғалардың пайда болуына жол бермей, кез келген шиеленісті басуға, бітімгерлікті жалғастыруға мұрындық болатынына сенім артатынымды айтқым келеді, – деді Қазақстандағы Израиль мемлекетінің төтенше және өкілетті елшісі Лиат Вексельман. Өз сөзінде ол серіктес Елбасы кітапханасы мен Нидерланд елшілігіне ризашылығы мен алғысын білдірді.

– Израильдік әріптесімнің сөзіне қосылып, Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында орын алған оқиғаларды естен шығармағанымызды жөн санаймын. Көрме келушілері жалғыз адамның өмірбаянына қарап-ақ ауыр кезеңнің бейнелерімен таныса алады. Қазіргі және кейінгі буын тарих беттеріне ойыла жазылған қайғылы оқиғалардың қайталанбауын қадағалауы шарт. Адамзат атаулы жандар өзіндік ерекшеліктері бар өзге ұлттың бәріне құрмет танытып, қоғам арасында демократия мен толерантты қарым-қатынастың, адами құқықтардың сақталуына жағдай жасауы тиіс, – деді Қазақстандағы Нидерланды корольдігінің төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенс.

«Steppe & World» баспасының басшысы Райса Қадыр әлем бойынша 30 миллионнан астам данасы таралған күнделіктің көптеген елдің оқу бағдарламасына кіретінін мәлімдеді.

– Анна Франктың күнделігі Холокостты айқын бейнелейтін құжаттардың бірі саналса, Аннаның өзі фашистердің қолынан мерт болған миллиондаған жазықсыз баланың символына айналды. Оның хаттарын қарапайым жазбаға жатқыза алмайтын  қалың оқырман күнделікті таптырмас терең шығармаға балайды. Бүгінде күнделік көп оқылатын үздік кітаптардың ондығына кіріп отыр, – деді ол.

«Анна Франк. Тарих сабағы» көрмесінің материалдары Холокост қырғынына душар болған еврей халқының қасіреті мен кішкентай қыздың тағдырынан сыр шертіп, түрлі ұлт өкілдерін тарих беттерінен орын алған қайғылы оқиғамен  таныстырады. Ол Анна Франк оқиғасын ашу арқылы қудау жүйесінің әділетсіздігін көрсетіп, татулықтың маңыздылығын түсіндіреді.

«Анна Франк. Тарих сабағы» көрмесін Солтүстік және Оңтүстік Америка, Оңтүстік Африка, Қытай сияқты 60-тан астам әлем елдерінің 12 миллион тұрғыны тамашалап үлгерді. Қазақстанға 3 жылдық уақытқа жол тартқан көрме Павлодар, Алматы, Шымкент, Ақтау, Ақтоөбе, Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Семей, Тараз, Орал, Өскемен қалаларын аралап үлгерді.

Ұқсас жазбалар