«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Мұхтар Мағауин жəне ұлттық əдебиеттану ғылымы

Авторы tugurul
2198 қаралым

Мұхтар Мағауиннің əдебиеттанудағы іргелі еңбектері ұлтымыздың елдік пен ерлік жолындағы мəңгілік мұраттары өзіндік өшпес ізін қалдырған жыраулар мұрасын зерттеу, жариялау сынды руханият əлеміндегі аса маңызды мəселелерімен сабақтас. Əлеуметті бастапқы отаршылдық, кейінгі тоталитарлық жүйе танған құлдық санадан арылтудағы əдебиетшінің ғылыми-шығармашылық тұлғасындағы отаншылдық қасиеттер қазақтың байырғы əдебиетін, онымен өзектес өнерін, тарихы мен мəдениетін ғылыми тұрғыда зерттеу, жариялау жəне насихаттау арнасындағы ізденістерін даралайды.

«Қазтуған жырау» («Лениншіл жас», 1965, 15 тамыз), «Асан Қайғы» («Білім жəне еңбек», 1966, № 2), «Доспамбет жырау» («Лениншіл жас», 1965, 4 қырк.), «Көне дəстүр куəсі» («Қ.Ə», 1966. 1шілде), «Шалкиіз жырау Тіленшіұлы» («Қ.Ə», 1966, 9 қырк.), «Ақтамберді жырау» («Қ.Ə», 1967, 15 желт.), «Шал ақын» («Жұлдыз», 1966, № 12), «Еленбей келген ақын» («Қ.Ə», 1966, 7 қаңт.), т.б. мақалалары жыраулар мұрасына сəуле түсіруімен қатар, хандық дəуір əдебиетін зерттеудің тың бағытын да айқындады.

Кеңес кезеңіндегі ұлттық əдебиеттанудың түйінді де ділгір мəселесі — қазақ əдебиеті тарихын дəуірлеу. Оның байырғы тарихи бастауларына тəн дəстүр ұласуын айқындау мен дəлелдеудегі Б.Кенжебаевтың ғылыми тұжырымдарын жетекші ұстанымға айналдыру болды десек, хандық дəуір əдебиетін кешенді зерттеу, қазақтың ұлттық əдебиетінің тарихын ХV ғасырдан бастауды ғылыми негізді жүйелі орнықтыру мəселесі М.Мағауиннің «Қобыз сарыны» (1968) зерттеуінің жарық көруімен ғылыми шешімін тапты. «Қазақ тіл өнерінің ескіде өткен өкілдерінің артында қалған асыл мұра күні бүгінге дейін арнайы зерттелген емес. Тіпті қазақ əдебиетінің тарихы ХVІІІ ғасырда жасаған Бұқар жыраудан басталады деген жаңсақ пікір орын алып келгені мəлім» деп білген М.Мағауиннің «Қобыз сарыны. ХV–ХVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары» (1968) еңбегі жыраулар мұрасын ғылыми айналымға енгізіп қана қоймай, қазақ хандығы дəуіріндегі сөз өнерінің қайталанбас табиғатын ұлт тарихының күретамырымен байланыстыруда отандық ғылымда мəн- мағынасы айрықша маңызға ие мəселеде шешуші қадам жасады. Дербес қазақ атымен аталатын төл тума əдебиеттің ХV ғасырдан басталатынын дəлелдеуді мақсат еткен ғалым сол кездегі ғылыми- зерттеушілік ой-пікірде аңыз кейіпкері деп күмəнмен біржақты қарастырылып, төл əдебиет бастауы тұрғысынан мойындала бермеген жыраулар тұлғасындағы қайталанбайтын өнерпаздық ілкі қасиеттерді толғау жанры негізінде талдап, осы дəуір сөз өнерін түбегейлі зерттеуге жол ашты.

Əдебиетші ХV–ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген жыраулар шығармашылығының арқауы ұлт өмірінің маңызды мəселелері екенін жыр-толғауларымен дəлелдеп, олардың өнерпаздық болмысының көркемдік арнасы өз бастауын көне дəуірдегі түркі əдебиетінен алатынын тарихи сабақтастық тұрғысынан айқындап: «Туған əдебиетіміздің түп негізі көне дəуірге — түркі тайпалары əлі жеке-жеке халық боп жіктелмеген, ортақ мəдениет, ортақ мұра жасап жүрген кезеңге барып тіреледі. Ал туыстас түрік руларының бір тобы қазақ деген атпен бөлініп, өз мемлекетін құруымен байланысты, ХV ғасырдың орта шенінен бастап дербес, қазақ атымен аталатын əдеби аренаға шығады. Қазақ əдебиетінің алғашқы өкілдері — Асан Қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіздер, Бұқар жырау жəне соңғы дəуірдегі қаламгерлер творчествосы осылардың ақындық өнерінің логикалық жалғасы болып есептеледі» [1] деген тұжырым жасады. Əсіресе жыраулар поэзиясындағы поэтикалық тəсілдің көне замандармен дəстүрлі байланысын зерделеудегі түйіндері де теориялық жағынан тың болып табылады. Мысалы, көне жыраулық поэзияның өзіндік ерекшеліктерінің бірі өлең жолдарында алғашқы сөздердің, кейде тіпті сол алғашқы сөздердің басқы буындарының қайталануы екенін, ол нақыш эпоста кеңінен қолданылатынын анықтайды. Сонымен бірге жыраулар поэзиясының өзіндік ерекшеліктерінің тағы бір қыры — жыр-толғаулардағы тармақтардың буын саны жағынан алғанда үнемі біркелкі болып отырмайтыны. Міне, осы көркемдік ерекшеліктегі дəстүр табиғатының тарихи жалғастық арнасын дəйектеген зерттеуші пікірінің ғылыми негіздерін «Қобыз сарынына» жазған рецензиялық мақаласында Ə.Марғұлан «Тегінде біздегі поэзияның туу баста шыққан заңдылығына үңіліп қарасақ, жол басындағы буындардың ұйқастары Орхон жазуларында не VІІІ-ХІІ ғасырларда кездесетін көне түркі тілдес поэзияға тəн қасиет екенін көреміз» [2] деп баса көрсеткен болатын. Осы ретпен келгенде ғалым зерттеуінде, біріншіден, жыраулар көне дəуірде жорық жыршысы болғандықтан, поэзиясы өр рух, романтикаға, жауынгерлік пафосқа құралатыны, ол қаһармандық эпосты жасау жəне таратуда елеулі маңызды болғаны түйінделсе, екіншіден, ақын жəне жырау тұлғаларының өнерпаздық болмыстарының ортақ сипаты мен ерекшеліктері, толғау жанрының поэтикалық қуаты, көркемдегіш құралдары теориялық тұрғыдан талданды. Ал əдебиеттегі көркемдік əдіс табиғатының түрленуі, яғни жыраулық поэзиядан реалистік əдебиетке өтуінің көріністері, Шал ақын шығармашылығы мысалында дəйектелді.

Жыраулар мұрасын нақты зерттеу нысанына алған ғалымның əдеби-тарихи талдауларының ерекшелігі — көшпенділер дүниетанымына тəн поэзиясының қайталанбас болмысын барынша терең ашуында. Бұған «Қазтуған поэзиясы — табиғат аясындағы көңілі таза сəби көшпендінің поэзиясы», «Асан мұңы — халық мұңы. Оның атына жалғанған Қайғы деген анықтама халық сүйіспеншілігінің белгісі іспеттес», «Шалкиіз новатор еді. Ол қазақ поэзиясындағы философиялық бағыттың негізін салды», «Ақтамберді жырлары көшпенді қазақтардың ой-арманынан, мақсат-мүддесінен елес береді, сахара тұрғындарының өмір, тұрмыс жайлы түсінігін бейнелейді. Жыраудың кейбір толғауларынан халқымыздың мінез-құлық ерекшеліктері, болмысқа өзіндік көзқарасы айқын аңғарылады» деген түйінді пікірлері нақты дəлел. «Жыраулар поэзиясы», «Қазақ хандығы дəуіріндегі əдебиет» деген ғылыми мəні, тарихи маңызы зор əдеби ұғымдарды əдебиеттануда орнықтыруға күш салған ғалым сол дəуірдегі қоғамдық өмірдің тұтас тарихи кескін-келбетін беруде құнды тарихи деректерді батылдықпен ұштастырды. Əсіресе қазақ халқының ХV ғасырдағы тарихын тануда маңызы айрықша Ш.Құдайбердіұлының «Қазақ-қырғыз Һəм ханлар шежіресіне» үңіліп, «…Қазақтың екінші бір тарихшысы Шəкəрім Құдайбердіұлы бұл деректерді толықтыра келіп, қазақтардың Əбілқайыр ұлысынан бөлінуіне сылтау болған жайды баяндайды…» деген принципті пікірімен сол кезеңнің өзінде бірден-бір құнды ғылыми дерек көзі ретінде ұсынуын ерекше атаған жөн. Ғалымның аталған зерттеуі қазақтың ұлттық əдебиетінің тарихын үш ғасырға тереңдеткен іргелі еңбек болуымен əдебиеттануға өз ғылыми жаңалығын ала келді. Ол ақын-жыраулар мұрасының біздің дəуірімізге ауызекі ғана емес, жазба түрінде де келіп жеткенін мұрағаттардағы нақты ғылыми айналымға ене қоймаған сирек қолжазбаларды пайдалану, табанды ізденіс барысында дəлелдеді. Жырауларға қатысты жаңадан табылған тың деректер ғылыми айналымға енгізіліп, бұл мəселеге қатысты біржақты нигилистік көзқарастағы пікірлерге тойтарыс берілді. Ол жолда тоталитарлық жүйе қысымының түрлі шырғалаңын басынан өткерген ғалым ұлттық мүдде адалдығында ғылыми қайсарлық, қажыр-қайрат танытты. Қазақтың көне поэзиясының антологиясын жарыққа шығара отырып нақты əдеби үлгілер мысалында ұлттық сөз өнерінің тарихын барынша тереңдету міндетінен туындайтын кемел жəне келелі істер де М.Мағауин тарапынан алғаш қолға алынды. Зерттеуші құрастыруымен жəне алғы сөзімен жарық көрген «Алдаспан» (1971) антологиясында ХV–ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген қазақ ақын, жыраулары шығармалары белгілі бір жүйеге келтіріліп, тұңғыш рет жарияланды.

«Алдаспанның» «Қадым заман куəгері» атты алғы сөзінде М.Мағауин қазақ əдебиеттануының өзекті де ділгір мəселелеріне ғылыми-зерттеушілік назар аударады. Жыраулар поэзиясының елдік мəселелермен біте қайнасқан көркемдік əлемін «Қобыз сарыны» еңбегінде кешенді зерттеген ғалым Б.Кенжебаев тұжырымдамасын: «Қазақ əдебиетінің түпнегізі қадым ғасырлар түрік қағанаттары дəуіріне тіреледі. Заманына сай біршама дамыған мəдениеті болған, сөз өнерін ерекше қастерлеген, төл жазуы болған ата-бабаларымыз VІІ–VІІІ ғасырлардың өзінде-ақ мəңгі өлмес мұралар жасады. Ғылымда «орхон-енисей жазулары» деп аталатын, түрік тайпаларының байырғы қоныс, мекендерінен табылған бұл ескерткіштер қазір адамзат мəдениетінің даму тарихындағы ең елеулі жəдігерліктердің бірі деп саналып отыр. «Орхон-Енисей жазулары» əдебиетіміздің басы болса, одан соңғы дəуірлерде «Оғызнама» (ІХ ғ.), «Қиссас-үл-əнбия» (ХІ ғ.), «Мұхаббатнама» (ХІІІ ғ.), «Кодекс куманикс» (ХІІІ ғ.) тəрізді жазба əдеби мұралар жасалды. Қожа Ахмет Иасауи (ХІІ ғ.), Сүлеймен Бақырғани (ХІІ ғ.),«Сейф Сараи (ХІV ғ.) сияқты көрнекті қаламгерлер еңбек етті» [3; 5], — деген пікірімен нығырлап, ежелгі дəуір əдебиетінің түркі тектес халықтарға ортақ мұра болып табылатынын тұжырымдады. Əсіресе əдеби дамудағы тарихи сабақтастық мəселесін ұстанып, төл əдебиетіміздің бастауын, оның тууының тарихи-əлеуметтік алғы шарттарын сол кезеңдегі қазақ мемлекеттігінің түйінді арнасында қарастыруы əлеуметті ұлт тарихына ойлы көзбен əрі құрметпен қарауға деген парасат-пайымын барынша ұштады.

Жыраулар шығармашылығындағы көшпенділер дүниетанымы, сұлулық əлемі, өршіл де намысты жəне алдаспандай өткір қайсарлық болмысы толғау жанрының табиғатына, поэтикасына тəн лиризм мен психологизммен өрілген айшықтарды ашу əдеби-эстетикалық талдаулар арқылы тұжырымдалды. Ол елдік үшін ерлік деп білген жыраулар тұлғасын, ұлт мұратын ту еткен мұрасының поэтикалық қуатын тануға мүмкіндік берді. Ең бастысы, жыраулар мұрасындағы көркем шежіре халыққа Əз Жəнібек, Тəуекел, Абылай, Есімхан сынды хандардың, Бөгембай, Қабанбайдай батырларының ұлтқа ұйытқы, елге тұтқа болған тарихи тұлғаларын танытты. Əдебиеттанудағы осындай кемел зерттеу, іргелі жинақ барысында зерттеуші «жыраулар поэзиясы — біздің ұлтымыздың, мəдениетіміздің тарихындағы айрықша бір құбылыс. Жыраулар поэзиясы — ХV–ХVІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясы — əлемдік дəрежедегі құбылыс деп айтар едім. Өйткені мұндай биік өредігі көркемдік, мұндай ой жүйесі, мұндай ақындық шеберлік, ақындық рухтың шалқуы өте сирек кездесетін құбылыс» [4] болып табылатынын дəлелдей отырып, қазақ рухына дарытты.

«Алдаспан» — əдеби-мəдени өмірдегі ерекше атап өтерлік құбылыс. Ол «Ертедегі əдебиет нұсқалары», «Ежелгі мəдениет куəлары», «Қобыз сарыны» сынды отандық ғылымдағы іргелі еңбектердің заңды жалғасы бола отырып, халық санасына ұлттық рухани құндылықтарды сіңіруімен, елдік ілкі қасиеттерін тарихи санада жаңғыртуымен көркемдік-эстетикалық танымға соны серпін берді. Сондықтан «Алдаспанға» жазылған Б.Кенжебаевтың «Асыл мұрамен табысу» («Қ.Ə», 1970, 4 желт.), Р.Берідібаевтың «Ғасырлар жыры», немесе «Алдаспанды» оқығанда» («Лениншіл жас», 1971, 26 тамыз), С.Лəмбековтің («Жұлдыз», 1972, № 6) рецензияларында антологияның ғылыми ғана емес, ең бастысы, отаншылдық аңсардағы танымдық-тəрбиелік маңызына тəн айрықша сипаты мен халықтың қасиеті басты орынға қойылды. Мəселен, Б.Кенжебаев «Асыл мұрамен табысу» мақаласында он екі ақын-жырау мұрасы қамтылған антологияның маңызын ХV-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген ақын, жыраулар шығармаларының белгілі бір жүйеге келтіріліп тұңғыш рет басылуы деп бағалап, Доспамбет, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді жырау мұраларының ғылымға қосылған зор үлес екенін айрықша атайды. Əсіресе «революциядан бұрын дүниеге келген шығармаларда өз уақытының таңбасы болуы заңды екенін біле тұрып, оны түгелдей жойып жіберу — ескі мұраға жасалған қиянат» екенін ескертіп, Шал ақынның дін, Бұқар жыраудың Абылай туралы кейбір жырларының антологияға енгізілуін де ғалым баса көрсетті. Ал С.Лəмбеков жинақты жарыққа шығарған ғалым еңбегін ұлт мұрасын ардақтаудан туған азаматтық іс екенін атап, кітап атауының терең мəн-мағынасы елдік пен ерлік ұғымдарымен сабақтасып жатқанын байыптап: «Бұл ат ескі ақын-жыраулар жинағына əлдеқалай қойыла салмаған. Алдаспан, семсер, наркескен, қылыш — бəрі де бір ұғым. Сөз өнерін жоғары бағалайтын, өлең-жырға құмар халқымыз «тіл қылыштан өткір» дейді. Ал арғы бабаларымыздың тарихына көз жіберсек, аталы сөзді алдаспанмен қатар қолданғанын көреміз. Расында антологияда қамтылған жыраулардың көбісі, Шалкиіз айтқандай, ата жауына қарсы «тепсініп келіп, тебінгінің астынан ала балта суарысқан» жүректі батыр, айбарлы жауынгер болған». Жəне де «енді «Алдаспанды» оқыған əрбір адам Майқы бидің алтыншы ұрпағы Саятшы Сəбиттің баласы Асан да, Қазтуған Сүйінішұлы тəрізді ХV ғасырда өмір сүрген, туған əдебиетіміздің төлбасы екенін білетін болады» деп қазақтың ұлттық əдебиетінің бастауын танудағы ғылыми жəне танымдық құндылығын халықтың қасиетті қазынасы тұрғысынан ерекше бағалады.

Антологияда жыраулар мұрасы бұрынғы басылымдармен салыстырғанда барынша толықтырылып, Ғылым академиясы мұрағатындағы түпнұсқалармен салыстырылып əрі бірқатар түзетулер жасалды. Мысалы, «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындары шығармалары» (1963) жинағында Бұқар жыраудың 18 жыр-толғауы берілген болса, антологияда барлығы 50 жыр-толғауы қамтылды. Атап айтқанда, «Ей, айтшы, алланы айт..» толғауына Мəшһүр Жүсіп қолжазбалары негізінде түзетулер жасалып, «Ақсаңнан биік тау болмас» толғауының Мəшһүр Жүсіп қолжазбалары бойынша толық нұсқасы берілді. Немесе бұрын «Ей, айтшы, алланы айтпен..» бірге беріліп жүрген «Ақтың үйі мешіт-ті…» жеке берілді. «Ей, Абылай, Абылай, Қатын алма қарадан..» деп басталатын толғауы толық қалпында алғаш қамтылды. Сонымен қатар Мəшһүр Жүсіп қолжазбалары негізінде «Арту, арту бел келсе…», «Шүршіт келем деген сөз бар-ды…», «Ежелгі дос жау болмас…», «Рулының оғы қалса табылар…» жыр-толғаулары алғаш жарияланды [3]. Кеңестік цензура қысымындағы қазақ поэзиясының ғасырлар бедеріндегі айтулы тұлғаларының таңдамалы өлеңдерін, ұлт мұрасын Одақ көлемінде насихаттау ісіне де М.Мағауин санаткерлік ұлтшылдығымен өлшеусіз үлес қосты. Ленинградта шығарған «Поэты Казахстана» (1978) атты құнды жинақтың «Поэзия казахских степей» кіріспе мақаласында ғалым бес ғасыр белесіндегі ақындар мұрасын тоталитарлық жүйенің қасаң қағидалы қисынына еш шырмалмай, принциптілікпен əділ бағалай білді. Қазақ халқының қоғамдық тарихындағы елдік, ерлік киесі болған поэзиясының ұлттық сипатынан туындайтын ерекшеліктерін жырау, ақын тұлғасына ғылыми түсіндірме беру барысында терең екшеді. ХV–ХVІІІ ғасырлардан Қазтуған, Асан Қайғы, Доспанбет, Шалкиіз, Жиенбет, Бұқар жырау, Шал ақын мұрасы қамтылса, ХІХ ғасыр əдебиетінен Дулат, Шортанбай, Мұрат, Сүйінбай, Махамбет, Шернияз, Біржан сал, Ыбырай, Базар, Ақан сері, Шəңгерей, ХХ ғасыр басындағы əдебиеттен Шəкəрім, Нарманбет, Ақмолла, Ғұмар, Мəшһүр-Жүсіп, Əсет, Сұлтанмахмұт, Бернияз, Сəбит сынды ұлт əдебиеті өкілдерінің таңдамалы өлеңдерінің орыс тілінде аударылып берілуі де отаншылдық аңсардан туған игі ізденіс болатын. Қ.Мұхаметхановтың осы кітапқа жазған рецензиясында жинақты айрықша бағалап, онда қамтылған Н.Орманбетұлының шығармашылығын «Абайды жақсы білген, ұлы ақыннан көп тағлым алып, оның үлгі-өнегесімен өлең жазған Нарманбет ақын» («Қазақстан ақындары», «Қ.Ə», 1979, 12 қаңт.) деп атап көрсетуі де ұлттық мүддені басты орынға қоя білген əдебиетші Мұхтар Мағауин тұлғасындағы отаншылдық қасиеттерді мұрат тұтқан ұстанымының асқақтығын жаңа бір қырынан танытады.

Картинки по запросу "мұхтар мағауин"

«Үш ғасыр жырлайды» (1965 ж. құрастырып, алғы сөзін жазған Ы.Дүйсенбаев, жауапты шығарушы М.Байділдаев), «Алдаспан» (1971 ж. құрастырып, алғы сөзін жазған М.Мағауин), «Ақберен» (1972 ж құрастырып, алғы сөзін жазған Қ.Сыдиқов) жинақтары негізінде құрастырылып, төңкеріске дейінгі дəуірдегі қазақ поэзиясына қатысты жекелеген жинақ, басылымдар негізінде жаңа есімдермен, жаңа шығармалармен толықтырылып əрі іріктелініп алынған ХV ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ сөз зергерлерінің, яғни барлығы алпыс алты ақын-жырау, мұрасы қамтылған «Бес ғасыр жырлайды» (1984–1985) үш томдығын шығаруға да ғалым ерекше еңбек сіңірді. Бірінші томға жазушы жазған «Бес ғасыр белестері» атты алғы сөзінде қадым замандардан тарихи бастауын алатын қазақ сөз өнерінің түптамыры орхон-енисей жазбаларынан бастап таратылып, хандық дəуір əдебиетіне, ХІХ–ХХ ғасыр басындағы əдеби дамуға шолу жасалды. Ұлт рухына айбын, ұрпақ санасына айбар дарытып отырған қазақ халқының сан ғасырлық классикалық мұрасын жариялау тоталитарлық жүйе тарапынан үнемі қысымға алынып отырғанын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Мəселен, аталған үш томдық жинақтан он бір ақынның соның ішінде Дулат, Мұрат, Шортанбай, Кердері Əубəкір, Мəшһүр Жүсіп мұраларының алынып тасталуы идеологиялық қысымның отаршылдық жəне ояну дəуірлерінің тұтас көркемдік шындығын танытатын басты тұлғаларының мұрасын əдебиет тарихынан аластаудағы қитұрқы саясатын айқын танытады. Осы үш томдық талқыланған Қазақстан Жазушылар одағы фольклор кеңесі мен ағалар алқасының мəжілісінде сөз алған Р.Бердібаев, М.Мағауин, І.Жарылғапов, М.Базарбаев, Х.Сүйіншəлиев, Ə.Əбішев, Қ.Өмірəлиев, К.Сейдеханов, С.Иманасов, М.Байділдаев, М.Мырзахметовтер жинақтың рухани өмірдегі маңызын, академия қорында сақтаулы 50 мың қолжазбаны, 666 ақын мұрасын қамтитын шығармаларды болашақта жариялау мəселелерімен қатар үш томдықтан он бір ақынның алынып тасталуына сын көзімен қарады.

Бастапқыда, яғни жинаққа енгізілген əдеби мұралардың қолжазба нұсқасын талқылауда, «толық жариялансын» деп қаулы алынғанымен «Жазушы» баспасының сол кездегі басшылары «саяси қырағылық» танытты. Р.Бердібаев атап көрсеткеніндей, «Жылдар бойында түрлі жинақтарда өлеңдері басылған, əдебиет программаларына еніп, оқытылып жүрген бір топ ақынның шығармалары «Жазушы» баспасының бұрынғы кейбір басшыларының əсіресе «сақтығынан» кітапқа енбеген» («Көне мұра көпке ортақ», «Қ.Ə», 1985, 3 мамыр) болатын. Осы сипаттағы олқылықтан арылту мақсатындағы М.Мағауин, М.Байділдаев құрастыруларындағы «Ай, заман-ай, заман-ай» «Бес ғасыр жырлайды» (1991) екі томдық антологиясы айрықша аталады. Антологияда «Бес ғасыр белестері» атты Мұхтар Мағауиннің жазған шолу іспеттес ғылыми алғы сөзінде Ш.Құдайбердіұлының əдеби мұрасы, шығармашылығы да қамтылды. Абайдың ақындық мектебінен тəлім-тəрбие алған Шəкəрімнің сан салалы шығармашылығының тұтас қазақ сөз өнеріндегі мəн-мағынасы жан-жақты сараланып: «Абай төңірегіне топталған, Абайдан дəріс алған талантты ақындар ұлы ұстаздың ұлағатты істерін насихаттады, алға дамытты, жаңамен жалғастырды. Əдебиетіміздің жаңа сапаға жетуіне, өзгеше тұрпат табуына ғана септескен жоқ, оның үрдіс дамуына, бар жағынан бірдей жаңғыруына жол ашты» деп бағаланды. Антолог Ш.Құдайбердіұлының «Жасымнан жетік білдім түрік тілін», «Достыңыз зор», «Ескі ақындық», «Ажалсыз əскер» өлеңдері жарияланды. «Бізде тарихи тағылым, азаматтық батылдық жағы жетпей жатқаны айқын нəрсе. Көбіміздің қайта құру мен жариялылық мəн-мағынасын əлі жете түсіне алмай, баяғыша көлеңкемізден қорқып жүргеніміз шындық» («Қ.Ə», 1988, 30 қырк.) деп барша зиялы қауымды рухани өмір арнасындағы азаматтық жауапкершілікке шақырған ғалым əдебиет тарихын тұтастықта тану мен зерттеуде қолға алынар келелі істерде қордаланған мəселелерді байыпты шешу сынды маңызды ғылыми мəселелерге де сергек қарады. Бастапқы отаршылдық пен кейінгі кеңестік саясат санаға күштеп танған құлдық санадан арылу, рухани азаттықты қысымға алып келген əміршіл-əкімшіл жүйенің əлеуметтік ой- пікірді тұмшалаған үрей иірімінен айығу қажеттігіне проблемалық тұрғыдан келген зерттеуші «зар заман» ақындары шығармашылығын дұрыс бағалау, Ғұмар Қараш, Нарманбет Орманбетұлы мұрасын жариялау мəселесіне орай «Революциядан бұрынғы кезеңде жасаған сөз шеберлерінің қай- қайсысының да творчествосы аса күрделі. Алайда құрғақ даурықпамен біреулерін біржолата жауып тастап, екіншілерін құбыжық етіп көрсеткенді қоятын уақыт жетті» деген байыпты көзқарасын білдірді. «Қазір қарасақалдар қатарына енген біздің буын Абаймен қатар Шəкəрім үлгісін де кəміл танып өсті десем, артық болмас. Өз басым Шəкəрім дастандарын Абай өлеңдерімен қатар жаттап тіл сындырғандықтан айтып отырмын бұл сөзімді» деп ұлттық əдебиет тұнығынан сусындап өскен ғалым Ш.Құдайбердіұлы əдеби мұрасы, шығармашылығын ақтау мəселесіне айрықша үлес қосты. М.Мағауиннің «Шəкəрім Құдайбердиев поэзиясының Семей облысында өтетін күніне орай» («Қ.Ə», 1988, 15 шілде), «Ғаділетті жүрегі бір қозғалған (Ш.Құдайбердиевтің туғанына 130 жыл)» («Білім жəне еңбек», 1988, № 7), «Шəкəрімнің ақындық əлемі» («Лениншіл жас», 1988, 15 маусым), «Абайдың ақын інісі» («Жұлдыз», 1988, № 8), «Шəкəрімнің шеберлігі» («Жұлдыз», 1988, № 10), «Сөз нарқы — өлең өрнегі» (Шəкəрім Құдайбердіұлы поэзиясының уəзіні) («Қ.Ə», 1990, 24 шілде) атты ғылыми мақалаларының шəкəрімтанудағы маңызы зор. Оларда ақынның рухани нəр алған асыл арналары, Абай тағылымы, сөз зергері шəкірттері шығармашылық ізденістерінің тұтас қазақ сөз өнерін жаңа көркемдік-эстетикалық биікке шығарудағы маңызы əдеби-тарихи тұрғыда жан-жақты талданады. Поэзиясының отаршылдық қысымдағы қазақ қоғамының сан қатпарлы саяси-əлеуметтік мəселелерін реалистікпен суреттеудегі маңызы «көзіңді аш, оян, есіңді жи деп бастап, ғылым-білімге, өнер жолына үндейтін өлең жолдары енді бақыт күресте, шын мақсат бас бостандығы, ел еркіндігінде жатыр дейтін, замана шындығынан, халық арманы, тарихи жағдай ауқымынан туындаған жаңаша ұранға айналғаны» тұрғысынан зерделенеді. Сондай-ақ Ш.Құдайбердіұлының ақындық мұратының қуатты өзегі ұлттық жəне адамзаттық гуманизм болып табылатыны сараланып, лирикасының көркемдік əлемін, философиялық, этикалық толғаныстарының күретамырын «мейір мен зорлық, əділет пен зұлымдық, ғылым мен мораль, адам мен заман туралы толғаныстары екі ғасыр шегіндегі қазақ қоғамдық ойының марқайған қалпын, бүкіл Түркістан өңіріндегі алдыңғы қатарлы, биік өресін» айғақтайтынын түйеді. Шəкəрімнің қазақ əдебиетінде Абай дəстүріндегі реализм əдісін шығармашылық үрдіске сіңірудегі суреткерлік қарымын эпикалық жанрлардағы поэмалары негізінде кеңінен талдау барысында дəлелдей көрсетеді. Ақын поэмаларының жанрын айқындау мəселесіне қатысты зерттеуші пікір білдіреді. Шəкəрім поэмалары ескі қазақ тұрмысынан алынғанын, бірақ та ешқайсысы тарихи шығарма емес екенін түйе келіп: «Поэмаларда тарихи фон ғана, автордың баса назар аударғаны — əлеуметтік мəселелер, мінез-құлық жайы. Жанрлық тұрғыдан алғанда, «Қалқаман— Мамыр» лироэпикалық жырға бейім, «Жолсыз жаза» — əлеуметтік дастан, ал «Нартайлақ — Айсұлу» махаббат драмасы дер едік» деген тұжырым жасайды. Поэмалардағы көркем шындық пен тарихи шындық арақатынасы байыпталып, кейіпкерлер əлемінің күрделі болмысы ұлттық ерекшеліктер тұрғысынан қарастырылады. Кеңгірбай («Ұнамды кейіпкер, бір өзінің емес, бүкіл тобықтының қамын жейді. Бірақ жағдай құрбаны, заманадан жапа шегуші»), Көкенай («қалыпты ұғымдағы «ұнамсыз кейіпкер» емес…ата салтының, патриархалдық ғұрыптың сақшысы, ол да заман мен жағдай құрбаны») сынды көшпелі дəуір рухын бойына сіңірген поэма кейіпкерлерін бағалауға ұлттық сипат дарытады. «Қандай сыпат, қандай тұрпатта көрінсе де, Шəкəрім бейнелеген кейіпкерлер толыққанды реализм жемісі болып табылады. Бұл реттегі атап айтарлық бір жетістік — Шəкəрімнің психологиялық талдау шеберлігі» деп бағалайды. Шəкəрім Құдайбердіұлы поэмалары Абайдың ақын шəкірттері көркемдік ізденістерінің тақырыптық-идеялық арнасы, əдеби үрдістегі маңызы тұрғысынан өзара тығыз сабақтастықта сараланады.

Ғалым «Абайдың інісі» (алғы сөзі, құрастыруымен) Ш.Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза: Өлеңдер мен поэмалар» (1988) жинағы жарық көрді. Ғалымның «Ғасырлар бедері» əдеби зерттеулер кітабындағы (1991) «Ғұлама қаламгер», «Соны соқпақ — кең өріс», «Абайдың белгісіз əңгімесі», авторлар ұжымының «Бес арыс» естеліктер, эсселер жəне зерттеу мақалалар жинағына енген (1992) «Ақын, тарихшы, философ» мақалаларыныңда да ақын шығармашылығын танудағы ғылыми сипаты ерекше болып табылады. «Ғасырлар бедерінде» (1991) «Қобыз сарыны» (1968) араға ұзақ жылдар салып қайта жарияланса, 1960–1990 жылдар аралығында қазақ əдебиеті тарихына қатысты жазылған əдеби зерттеулерінің де əдебиеттанудағы маңызы зор. Мəселен, «Тозбас мұра («Ер Тарғын» жəне қазақ эпосын зерттеудің кейбір мəселелері)» (1960–1962) мақаласында «Ер Тарғын» жырын зерттеудегі, жариялаудағы (Мəскеу, 1923) Ə.Бөкейханов еңбегі сол кезеңнің өзінде-ақ əділ бағасын алса, «Көненің көзінде» ұлт əдебиеті мен мəдениетінің шынайы жанашыры Г.Н.Потанин жинағы жариялануы қарастырылған. «Нұрлы бастау» мақаласында ұлттық əдебиеттану ғылымында нақты- тарихи зерттеу мектебінің негізін қалаған Б.Кенжебаев қажыр-қайраты, ұлт əдебиетінің тарихын мың жылға дейін тереңдеткен М.Жолдасбеков, А.Қыраубаева сынды ғалым шəкірттерінің ғылыми зерттеулерінің маңызы талданады. «Бардың бағасы» полемикалық мақаласында «ХV–ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (1982) кітабында орын алған ғылыми дəйексіздіктер сын тезіне алынып, əдебиет мүддесіндегі объективтілік пен принциптілік парасат -пайымында екшелді. Ал «Күй бабасы Байжігіт» мақаласында даңқты күйшінің ұлттық өнер құдіретін еселеудегі асқақ тұғыры сомдалған.

Зерттеушінің Қазақ Ордасының тарихына арналған «Қазақ тарихының əліппесі» (1995), қоғамдық өмірдің саяси ағысындағы қазақ руханиятының, мемлекеттігінің аса өзекті мəселелерін ұлттық идея, идеология мəселелерімен сабақтастырған «Ұлтсыздану ұраны» («Жұлдыз», 2004, № 7) толғанысы отаншыл тұлғаның өз ұстанымына деген адалдығын танытады. «Ұлтсыздану ұраны» жазушының Абай, Шəкəрім дəстүрінде ұлттық мүддеге ар-ождан тазалығы, адами жəне имани қасиеттер биігінен келген өзекжарды толғанысының маңызын соны қырынан танытады.

Ғалымның сыншылдық-эстетикалық ой-пікірлері де ұлт əдебиетінің мүддесін басты орынға қоюымен ерекшеленеді. Мəселен, М.Қаратаевтың «Қазақ прозасындағы социалистік реализмнің қалыптасу жолдары» (1965) зерттеуінде М.Əуезовтің 1920-жылдардағы классикалық туындыларының мүлде ескерусіз, атаусыз қалуына қатысты «біздің ойымызша, М.Əуезовтің «Қараш- қараш оқиғасы», «Көксерек», «Қаралы сұлу» сияқты туындыларын қарау, релистік прозаның қалыптасу жолындағы маңызын атап көрсету қажет еді» («Қ.Ə», 1966, 14 қазан) деген сын ескертпесі немесе «Жүгі ауыр жүрдек керуен» («Жұлдыз», 1976, № 3) тақырыбындағы сыншы С.Əшімбаевтың жүргізген сұхбатындағы толғаныстары айқын дəлел. Тарихи тақырыптағы туындыларға тоқтаған жазушы «Қаһар» романын үстірт талдаудағы олқылықтарды: «Жұрт «Қаһарды» бірінен бірі ат- түйедей қалап алып оқыды. Баспасөз бетінде де жаман бағаланған жоқ. Ондаған мақала шықты, бірақ сол мақалаларды оқып көріңіз. Жалпы сарыны «Кенесарының екіжүзділігі, зұлымдығы…халықтың күші…» деген тəрізді жайдақ мазмұндаудан аспайды» деп тарихи тұлғаларды бағалаудағы идеологиялық қате таным салқынын ой безбеніне салды. «Қаһар» мен «Махамбеттің жебесіне» ортақ абзал қасиеттер — «халқымыздың өткен тарихына құрметпен қараған парасаттылық, оның жақсысына сүйсініп, жаманына күйіне білген азаматтық, өткен үшін де, келешек үшін де өмірлік мəні бар күрделі мəселелерді көтерген батылдық, суреттеп отырған кезеңнің тарихи шындығын ғана емес, дүние тірлігін, тынысын, рухын айқын таныған білгірлігі» деп бағалады. Қазақ əдебиетінің бүгінгі жəне ертеңгі дамуының көркемдік мəселелері ашық пікір алысу өзегі болған талқыда ғалым С.Əшімбаевтың орыс əдебиетіндегі Ю.Бондарев, В.Распутин, В.Шукшин сынды қаламгерлердің шығармаларындағы əдеби ағымдар тұрғысынан ізденулерінен шама шарқынша үйрену де қажет деген пікірімен келісе бермейді. Қаламгер «Қайталап айтайын, одақ əдебиетінің, оның ішінде орыс əдебиетінің даму аңғарын қадағалап отыру өте қажет. Бірақ сол бүкілодақтық қауымның алдына тартар, басқа республикалар əдебиеті үлгі тұтар озық шығармалар бізде де бар екенін ұмытпайық» деп білді. Сондықтан да суреткер «Көкейдегі кейбір ой немесе жас əдебиетшіге жауап хат» əдеби толғанысында «Көркемдік биік өреге ұмтылу — бірді-екілі адам емес, бүкіл қауым бетін айқындар белгіге айналған. Жауапкершілік артқан. Өзін іргелі елдің перзенті, кемелденуге бет алған əдебиет өкілі деп сезіну бар» (Кіт: Уақыт жəне қаламгер, Алматы, 1976) деп, кемел əдебиеті бар кемел ұлттың перзенті екенін мақтаныш сезіммен жеткізді.

М.Мағауин — қазақ əдебиетінің классигі. «Көкмұнар», «Аласапыран», «Шақан Шері»,«Тазының өлімі», «Көкбалақ», «Жүйріктің тағдыры», «Сарықазақ», «Құмырсқа қырғын», «Кесікбас— тірі тұлып» тағы басқа прозалық туындылары суреткердің Абай, Шəкəрім дəстүріндегі ұлттық сөз өнеріндегі эпикалық жанрды уақыт пен кеңістік, көркемдік жəне тарихи ойлау жүйесінде жаңа эстетикалық, поэтикалық биікке көтеруімен ұлт руханиятының асыл қазынасында бітімі бөлек, тұғыры асқақ туындылар арнасын құрайды.

Əдебиеттер тізімі

  1. Мағауин М. Қобыз сарыны. ХV–ХVІІІ ғасырларда жасаған ақын, жыраулар. — Алматы, 1968. — 11-б.
  2. Марғұлан Ə. Зерттеле берер тақырып // Қазақ əдебиеті.—1968.—8 маус.
  3. Алдаспан. ХV–ХVІІІ ғасырлардағы қазақ ақын, жырауларының шығармалар жинағы / Құраст, алғы сөзін, түсініктемелерін жазғ. М.Мағауин. — Алматы.: Жазушы,
  4. Мағауин М. Сұхбат // Жұлдыз.— 1997.— № 12. — 181–182-б.
Сағымбай Жұмағұлов
Динара Жолданова
ҚарМУ хабаршысы

Ұқсас жазбалар