«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Әл-Фарабимен мақтанайық…

Авторы tugurul
230 қаралым

«Ұлт пен ұлтты, халық пен халықты теңестіретін – білім». Талдау мен күмәнға жатпайтын бұл айтылымның иесі – академик, жазушы Мұхтар Әуезов. Білім дегеннің өзі адамның ақыл-ойында жинақталған дерексіз зат есім, рухани құндылық емес пе? Білімнің өзі қашалықты сан алуан, оны қабылдаушылардың мүмкіндік, деңгейі де соншылықты әрқилы десек, солардың арасынан оза шапқан жүйрікті білімпаз, дана, ғұлама, хакім деп атамай ма? Ендеше, қазақтан шыққан немесе қазаққа тиесілі ғұлама, хакім дегенде алдымен кімдерді атаған болар едік?

Иә, хакім десек – Абай, ғұлама десек – Әбу Насыр әл-Фараби ең алдымен ойда сәулеленіп, тілімізге оралары анық. Білім-ғылымның тереңіне бойлаған екі ойшылдың биыл даталы жылдары. Яғни, 2020-жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175 жылдық мерекесі еліміз бойынша лайықты деңгейде аталып өтілмек. «Әдебиет порталы» интернет жобасы да осынау торқалы тойларға атсалысып, ақпараттық қолдау көрсету мақсатында Абай мен әл-Фарабиге арналған цикльді материалдар жарияланатын болады.

Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми, рухани бай мұрасы жайында шамамызша баяндап танытуды ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы кіріспеден бастайық. Жоғарыда «қазаққа тиесілі» деген сөз тіркесін қолдануымыз бекер емес. Себебі, Орта Азиядан туып шыққан әлемгі әйгілі тұлғаларды осы өңірде ХХ ғасырда қалыптасқан бауырлас мемлекеттер тек өз ұлтының өкілі ретінде меншіктеу үрдісі қалыптасты. Жүсіп Баласағұн, Әлішер Науаи, Әбу Насыр әл-Фараби тағы басқалар жөнінде осыны айтуға болады. Қазіргі күні «әлемнің екінші ұстазы», «Шығыстың Аристотелі» атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниежүзі қазақ халқының өкілі ретінде таниды. Бұл – әрине, халқымыз үшін үлкен мерей.

«Шығыстың Аристотелі» атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби мұсылманша жыл санаудың 247 жылы немесе христианша жыл санаудың 870 жылы қазіргі Қазақстан Республикасының Түркістан облысы, Отырар ауданы Маяқұм ауылдық округі аумағындағы орта ғасырлық Оқсыз қаласы маңында, әскербасы отбасында дүниеге келген. Арыс өзенінің Сырдарияға құятын сағасы маңындағы оқ-дәрі жасауға маманданған бұл қала Уәсіж немесе Васидж деген атпен тарихи деркектерде ұшырасады. Әбу Насыр әл-Фарабидің толық аты-жөні – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Мұхамед ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби.

Жақсы атаулыны қазаққа қимайтын кейбіреулер: «Мүмкін, бұл адам, сарт әлде өзбек болар?» – деп күмәнданып жататыны да бар. әл-Фарабидің ғылыми мұрасы хатталып жеткен араб пен парсы деректерінде жоғарыдағы ныспысының соңына «әл-түрки» деп қосатынын, бабасының тегі түркілерге тән Тархан, бабасы Ұзлағ екендігін ескерсек, ғалымның қазіргі қазақ даласында мекендеген көне тайпалардың бірінен шыққан деп толық сеніммен айтуға болады.

Қытай мен Еуропаның арасындағы Жібек жолы аталған ежелгі сауда жолының бойында жатқан Фараб қаласының гүлденіп тұрған кезінде осындағы медреседен білім алады. Әбу шәкірт бұдан соң Орта Азияның Ташкент, Самарқанд, Бұқара қалаларындағы көрнекті оқу ордаларында білімін жетілдіреді. Бұдан соң ол Иранның Исфахан, Хамадан, Тегеран қалаларында болып, одан әрі Араб халифатының мәдени астанасы Бағдат қаласына аттанады. 908-932 жылдары Бағдатта қызмет істеген ол көптеген ғылымдар мен тілдерді зерттеп, еңбектер жазады. Мұнда ол көне грек тілін толық меңгеріп, Аристотельдің еңбектерін зерттеуге кіріседі.

Әбу Насыр әл-Фараби 941 жылы қазіргі Сирияның астанасы Дамаск қаласына барып мекендейді. Мұнда ол «Қайырымды қала туралы трактат» еңбегін жазды. Ғалым 949-950 жылдары Мысыр елінде болады. 951 жылы 79 жасында Дамаск қаласында өмірден өтеді.

Аристотельдің «Метафизика», «Жан туралы», «Риторика», «Бірінші және екінші Аналитика» сияқты философиялық, логикалық шығармаларынна түсіндірме жазумен қатар, өзінің «Кемеңгерлік меруерті», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету» сияқты т.б. көптеген трактаттарын ұсынады. Қоғамдық-философиялық, жаратылыстану туралы ғылыми көзқарастары арқылы әл-Фараби Еруазия мен Африкадағы орта ғасырлық ең дамыған мәдениетке ие Араб халифатының ғылым-білімі дамуына аса зор үлес қосты.

Ғылыми ұстанымы қасаң догмалардан биік те дәйекті болғаны себепті, көзінің тірісінде кейбір дін басшылары мен оларды қолдаушы философтар әл-Фарабиді қудалаған жағдайлар да болады.

Әбу Насыр әл-Фараби Аристотель, Платон және басқа да грек ғалымдарының ғылыми еңбектерін зерттеп қайтадан ғылыми айналымға кіргізумен қатар, өзі де көптеген ғылымдар бойынша ізденіс жасап, тұжырымдар, қағидалардың негізін қалады. Ол философия, педагогика, музыка, логика, әдебиеттану, тіл білімі, астрономия, математика, геометрия, статистика, медицина, химия, минералогия, әлеуметтану, заң ғылымы, дін ғылымы т.б. ғылым салаларында өшпес із қалдырды.

Суретте: әл-Фарабиді қазаққа қайтарған ғұлама Ақжан Машани

Әл-Фараби еңбектері бүгінгі ғылым мен техниканың дамыған уақытында да өзінің маңызын жойған жоқ. Әсіресе, оның ізгі қоғам құру туралы ойлары әрқашан күн тәртібінен түскен жоқ. Әбу Насыр әл-Фараби қатарлы көптеген фарабтықтар мен қатар, Орта Азияның көптеген қалаларынан шыққан ғалымдардың өз елінде емес, Араб халифатында ғылыми шығармашылық ізденісін жүзеге асырып, тарихта қалуын біз дамушы елдердегі оқыған-тоқыған белсенді буын өкілдерінің АҚШ пен Батыс Еуропаға кетіп қызмет істеуін мысал ретінде ала отырып түсіндіре аламыз. Бойындағы таланты мен дарынын, қабілет-қарымын игілікті іске, адамзат өркениетінің дамуына жұмсауға қолайлы жағдай тудыра білген елге барып қызмет жасау – ежелден бері қалыптасқан үрдіс.

Адамзат қоғамының дамуына өлшеусіз үлес қосып, көптеген ғылымдардың іргетасын қалаған ғұлама Әбу-Насыр әл-Фарабидің өлмес рухын туған жеріндегі байырғы жұртпен қауыштырған – көрнекті ғалым Ақжан Машани екендігін біз ұмытпауға тиістіміз. Ақжан Машани Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектеріндегі философиялық ой-толғамдарды Абай шығармашылығымен үндестіре қарастырды.

Адамзат қоғамының ақпараттық-технологиялық ғаламат даму дәуірінің көшінен біздің қазақ халқы, Қазақстан мемлекеті де кейіндеп қалмауы тиіс. Өткен тарихымызды жас ұрпаққа мақтанышты үлгі етеміз, олардың жігерін жанып, рухын оятамыз десек, тарихтағы жаһандық тирандарды емес, ойшыл-ғұламаларымызды барынша насихаттауымыз керек. Сонда ғана ұпайымыз түгел, санамыз сау болмақ. «Біз Ғабитты мақтамайық, біз Ғабитпен мақтанайық» демекші, екі ғұламаның даталы жылында оларды босқа мақтағанша, еңбектерін қала берді халқымызға, асса әлемге шамамыздың келгенінше насихаттап, орнымен мақтанайық.

Асылбек Байтанұлы
adebiportal.kz

Ұқсас жазбалар