«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

«Орхон ескерткіштерінің толық атласы» үштомдығының таныстырылымы өтеді

Авторы tugurul
1492 қаралым

Елорда төріндегі Ұлттық академиялық кітапханада 21 ақпан күні “Орхон ескерткіштерінің толық Атласы” еңбегінің таныстырылымы өтеді. Үштомдықтың авторы белгілі түрколог-ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ “Алтайтану және Түркітану” институтының директоры Қаржаубай Сартқожаұлы.

Еңбекте Еуразия Ұлы Даласына үш ғасыр бойы билік жүргізген, Мәңгілік Ел орнатуды көксеген; өздерінің тарихын, дүниетанымын, даналығын, ой-санасын, болмысын, жазу өнерін, ел басқару жүйесін, ата дәстүрін өшпестей етіп тасқа қашап кеткен, сөйтіп, өркениетке, адамзат мәдениетіне асыл қазына қосқан байырғы түріктердің мұралары түгел қамтылған.

Алтай, Орхон, Сэленгі, Керулен бойынан табылған Көк түрік империясы дәуіріндегі (500-900 жж) тас ұстынған 2000 жыл бұрын қашап жазған түпнұсқа тарих, тіл әдебиет (сөз өнері), сөз аспабы, байырғы архитектура және философиясы мен салт-дәстүрлерінің мұралары қамтылған. Бүгінгі қазақтың салт-дәстүрлері сол дәуірден қалып- тасқанына көз жеткізеді.

Атласта Моңғолия-Чехия, Моңғолия-Түркия (ТИКА), Моңғолия-Кеңес Одағы біріккен экспедицияларының, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті экспедициясының материалдары, сондай-ақ әлем түріктанушыларының ғасырдан астам уақыт жүргізген зерттеулерінің қорытындысы пайдаланылған.

Атлас авторы байырғы түрік мәтіндерін қайта көшіріп, қайта оқыған, бұрынғы зерттеушілердің қателері түзетілген, түпнұсқа мәтінінің жаңа транскрипциясы, жаңа аудармасы жасалған, жаңа түсініктемесі берілген; жартылай көшпелі дәуірдің тарихи-мәдени мұралары Атласта тегіс қарастырылып, олардың археологиялық сипаттамасы, планы, фото, сызба суреттері тұңғыш рет толық берілген.

Атлас тілші, тарихшы, этнограф, археолог, философ, әдебиетшы және мәдениеттанушы мамандарға, сондай-ақ студенттерге, магистранттарға, аспиранттарға, ізденушілерге арналған.

3 томдық іргелі еңбек. Жалпы көлемі 120 баспа табақ. І том – 510 бет, ІІ том – 375 бет, ІІІ том – 364 бет.

Ұқсас жазбалар