Сұлу апайдың сыры
Шәкерімова Шарбану апайды біз білгелі тура қырық жыл екен. Апайда бүкіл халыққа танылу мүмкіндігі болғанына – елу жыл. Бұл жағдай жарты ғасырлығы аталып жатқан “Қыз Жібек” фильміне тікелей қатысты.
Киноны түсіруге дайындық басталған 1967 жылы Шарбану Шәкерімова Қазақ қыздар педагогика институтының бірінші курс студенті еді. Физика-математика факультетінде оқитын. Ауылдан шыққан студенттердің бәрі жатақханада тұратын. Бұл моншадан келіп кір үтіктеп жатқан. Тізеден асатын қолаң шашын әдеттегідей қос өрім етіп қойған.
Сол күні институт оқытушысына ілесіп бір әйел келсін. Бүкіл жатақхананы аралаған сияқты. Бөлмеге кіргенде әйел қалт тұрып қалды. Шарбанудың аты-жөнін сұрап, дереу қағазына жазады. Әрі қарай мән-жайды түсіндіреді. “Қыз Жібек” деген атпен кино түсірілмек. Соған көрікті қыздарды іздестіріп жүр екен. Мұның қолына қағаз береді. Онда қай күні қандай уақытта қай жерге кастингке келу көрсетіліпті.
Қазақ қыздар педагогикалық иниститутынан бірнеше студент таңдалыпты. Айтылған уақытында бұлар киностудияға барған. Ол кезде кино шеберлері сонау соғыс уақытынан бергі ескі қоныста. Қыздар трамвайға мініп, бірнеше көшеден өтіп, алдына топ етіп түсе қалған. Қазіргі әл-Фараби даңғылы, оның бойында талай мықты жеріне көз тігіп отырған “Қазақфильм” ғимараттары салынбаған.
– Әрбірімізге сол жерде нөмір берді, – деп еске алады Шарбану апай. Оны әлі ұмытпаған екен. – Менің нөмірім 184 болды.
Содан кастингке кіреді. Алдымен фотограф қайта-қайта суретке түсірген. Фотосессия біткенше комиссия мүшелері күтіп отырды. Содан кезек оларға келді.
– Онда ешқайсын танымаймын ғой, – дейді Шарбану естелікті жалғастырып. – Бірер ер адам мен бірнеше әйел отырды. Нөмірімді алды да, алғашқы тапсырманы берді. “Ал, күл” деді маған қарап.
Бұлар шамасы, көркемдік кеңес мүшелері немесе болашақ фильмнің режиссері мен оның көмекшілері шығар. Табан астында берілген тапсырма састырды ма, студент қыз еш күле алмаған. Жалпы, бет-албаты ыржыңдау ол жылдардағы қыздарға тән қылық емес қой. Енді мына ғажапты қараңыз.
– Тура маған тапсырма айтылған кезде есік ашылды. Ішке Серке Қожамқұлов кіріп келді, – деп еске алады Шарбану. – Ол әртісті жазбай таныдым. Өйткені, апта сайын театрға баратын едік. Мұрны сондай үлкен кісі. Соны сахнадан емес, жақын жерден көргенде еріксіз күліп жібердім.
Бұл күлкісі комиссияның көңілінен шықса керек. Апамыздың түрі елу жыл бұрын тұрмақ, қазір де сұлу ғой. Жігіттің серкесі деуге боларлық Секерхан ағамыздың таңдап алғанына қарағанда мүсіні мінсіз болған.
Кешікпей мұның атына киностудияның ресми бланкісіне басылған қағазды ұстап, әлгі әйел қайта келген. Онда Шарбану Шәкерімованың “Қыз Жібек” фильміне кастингтен өткені, сол жылғы 7 маусым күні Талдықорған облысы аумағында басталатын түсірілімге қатысу керектігі жазылыпты.
– Бірақ, ойнайтын рөлім көрсетілмепті. Қыз Жібектің құрбыларының бірі ме, ол жағы жұмбақ болып қалды, – дейді киноға шақырылған апамыз.
Түсірілім институттағы сессияның уақытына тап келеді екен. Киностудияның өкіліне студент қыз жазғы сессия басталатынын, емтихандары бар екенін айтады. “Оны уайымдама, өзіміз институт басшыларына айтып, емтиханды ертерек тапсыртамыз” дейді “Қазақфильм” атынан хат әкелген әйел. Бұл “ендеше әке-шешемнен рұқсат алайын” дейді. “Жарайды, күтеміз” деп өкіл кетеді.
Міне, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында қазақ қыздары қандай болған десеңші! Күйеуге шығу тұрмақ, киноға түсуге ата-ананың рұқсатын сұраған. Қазір мұндай тәрбиенің ауылы алыс қалды.
Шарбану дереу ауылға хабарласады. Дереу болғанда қазіргі ұялы телефон жоқ заман. Сөйлескің келсе, қалааралық байланыс стансасына барып, ауылдағы мекен-жайға бірер күн бұрын тапсырыс беруің керек.
Мұны кезінде сықақшы Оспанхан Әубәкіров әзіл әңгіме етіп жазған. Оның кейіпкері Алматыдан Талдықорғандағы туысымен сөйлесу үшін қалааралық байланыс стансасына тапсырыс беріп қояды да, өзі сол қалаға аттанады. Талдықорғандағы туысының үйіне барып “мен пәлен күні пәлен сағатта сендермен сөйлесуге тапсырыс беріп қойдым. Сол уақытта ешқайда кетпей үйде күтіңдер” деп ескертеді. Әзіл әңгіме болғанымен телефон байланысының қандай болғанын аңғартатын дерегі бар.
Жалпы, көркем әдебиетті оқып, фильмдерді көргенде оның жазылған, түсірілген заманы мен қазіргісін салыстырып отырған қызық. Айталық, Мұхтар Мағауиннің “Көк мұнар” романынан алпысыншы жылдар соңындағы Алматының көшесінің қандай болғанымен қатар дүкендегі азық-түлік түрлері мен оның бағасын білуге болады.
Сол алпысыншы жылдардың соңында Мағауиннің жерлес қарындасы Шарбану Шәкерімова экраннан жарқ ете қалуы мүмкін еді. Қыз Жібектің өзі болмаса да, құрбыларының бірі ретінде.
Мүмкіндік туған. Кастингтен өткен. Түсірілетін жерге арнайы шақырылған. Бірақ… қалааралық байланыс кезінде мән-жайды ұққан әке қызына киноға түсуге рұқсат бермеген.
– Негізі әкем өмірде қатал кісі емес еді. Бірақ, ел ішінде “әртістер – бұзылған халық” деген пайым қалыптасқан уақыт қой. Әкемнің ұстанымы сондай болды, – деп өкінеді Шарбану.
Осымен сөз біткен. Шарбану киноға түсуден бас тартады. Әке ақылымен алаңсыз сабағын жалғастыра береді.
Институтты бітірген соң Таскескен ауылында физикадан сабақ берді. Республика білім беру саласының үздігі атанды. 43 жыл ұстаз болып, зейнет демалысына шықты.
– “Қыз Жібек” фильмін алғаш көргенде әсеріңіз қандай болды? – деп сұрадық Шарбану апайдан.
– Қатты қызықтым және өкіндім, – деп ағынан жарылған апай. – Ана қыздардың бірі болып кинода жүретін едім ғой деп ойладым.
Титрдан тыс тұлға
“Қыз Жібек” фильміне келсек, осы кино туынды үшін маңдай терін төккен бір кісінің еңбегі көп айтыла бермейтінін байқадық. Көрермендер мен оқырмандар ол жәйттен хабарсыз сияқты. Өйткені, фильмге жарты ғасыр толғанда бірқатар ақпарат құралдары материалдар жариялады.
Мәселен, сайттар бірінен бірі көшіріп, “Қыз Жібек” фильмінің 20 елеулі дерегін тізбелепті. Екінші серияға қаржы бөлінбей, оны шешуге Қазақстанды басқарып тұрған Қонаевтың өзі араласқанын айтады. Аққуларды жағаға жақындатып түсірудің қандай қиын болғанын айтады. Оны Нұрғиса Тілендиев марқұмның бейнетаспадағы естелігінен білетінбіз.
Маңызды делінген 20 деректің ішінде бас кейіпкер үшін қанша киім тігілгені, қанша ат жиналғаны, тіпті түйелердің әкелінгені ұмыт қалмаған. Бірақ, сол ат пен түйенің орнына ат та, түйе де болған азамат туралы ләм-мим демепті. Ендігі әңгімеміз сол туралы болсын.
Сексенінші жылдардың басында жастар газетінің тілшісі едік. Редакцияның тапсырмасымен белгілі актер Кененбай Қожабековпен сөйлесуіміз керек. Үйі Алматының Октябрь аталатын көшесінің бойында екен. Бізге студент кезден таныс, апта сайын баратын үш қабатты монша болған. Соның арғы жағындағы биік үйдің бірінші қабатындағы пәтерге бардық. Бұл кісінің есігі көпшіліктен бөлек. Үкіметтің қамқорлығы. Өйткені, актердің белден төменгі жағы қарақшының пышағы тигендіктен сал болып қалған. Мүгедек арбасымен кіріп-шығуына ыңғайлы болуы үшін бірінші қабаттағы пәтерге осындай оңаша далаң жасалған.
Кененбай өте қайсар кісі екен. Соның алдында “Қасқырдың апаны” фильміне түсу үшін қырғыз еліне бірнеше рет барып келгенін айтты. Жекеменшік “Волга” машинасымен. Жалғыз өзі. Және ол заман тұрмақ, қазір де дұрыс тартылмаған тау арқылы өтетін төте жолмен! Мүгедек актердің бұл тәуекеліне таң қалдық.
Онда “Қасқырдың апаны” емес, “Қыз Жібектің” әсері басым еді. Сауалымыз “апандағы” Бабаханнан гөрі Жайықтағы Сырлыбай рөліне ойыса берді. Сонда актерді атқа көтеріп мінгізу мен түсіру, жалпы түсірілім алаңына апару міндетін өз еркімен Өмірзақ Айтбаев деген азаматтың атқарғанын білдік.
Бұл кейін филологиядан ғылым докторы атанған, “Қазақ тілі” қоғамы құрылған күннен бастап басы-қасында жүрген Өмірзақ Айтбай ағамыз екен. Және онысын ешқашан ешкімге бұлдамаған. Міне, “Қыз Жібек” фильміндегі ең елеулі дерек ретінде осыны айту керек еді. Ат пен түйені табудың қиындығы болмас. Ал актер ағасын күн сайын арқасына салып көтеріп жүретін жігітті таба қоярсыз ба!?
Өмірзақ сияқты кішілік пен кісіліктің үлгісін Кененбай ағаның өзі де көрсеткен. Жетпісінші жылдардың ортасында Абдолла Қарсақбаев “Алты жасар Алпамыс” фильмін түсіруге кіріскен. Сценарийді алып, Кененбайға келеді. “Мынау Мұнар қарттың рөліне сені таңдадым, оқып, дайындала бер” дейді. Абдолланың мұнысы адамгершілік үлгісі еді. Кемтар, бірақ өте талантты актер елеусіз-ескерусіз қалмасын деп ойлағаны.
Ары қарай адамгершілік көрсетуді актер жалғастырады. Сценарийді оқыған соң “бұл рөлге жасы менен үлкен Қанабек Байсейітов лайық қой” деп шешеді. Сөйтіп, өзін түсірілімге алып кеткелі тұрған режиссерге Қанабек ағасын ұсынып, жолын береді.
Қазіргімен салыстырсақ, ол дәуірдің өнер адамдары қандай таза болған дейсің. Бір-біріне жол бере білген. Бірін-бірі қолдап отырған. Қазіргідей бет тырнаспаған. Шарбанудың әкесі айтқан, жалпы ел ішін сол заманда кезіп жүрген “әртістер – бұзылған халық” деген пайымның негізі жоқтығын осы мысал аңғартар.
Енді фильмдегі Қыз Жібектің әкесі Сырлыбайдың аты да, түйесі де болған, бірақ бұл кинодан зор тұлғасы көрінбеген Өмірзақ Айтбай аға туралы былайғы жұрт біле қоймайтын бір жәйтті айта кетелік. 1992 жылы біз Қазақстан Республикасының Президентінің ресми сапарын тілші ретінде жазу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі Бас ассамблеясының ғимаратына бардық. Сол жерге Нұрсұлтан Назарбаевты көріп, амандасуға Күнтуған деген америкалық қазақ келді. Көнетоз сары плащ киген, өңі әрбір ауылдағы шалдан аумайды. Қазақ шіркін, қайда да қазақ қой!
Әрі ғажап қой. “Алты жасар бала алыстан келсе, алпыстағы қарт сәлем береді” деген нақылды ұстанған. “Елге қайтар” демеді, “жағдайым ауыр” демеді. Бар болғаны сәлем беріп, Қазақстанның тәуелсіз ел болғанын құттықтауды парыз санаған. Міне, нағыз қазақтың шалы.
Оның қасында… тағы бір өзіміз білетін мысалды салыстыра кетейік. ХХ ғасырдың соңы болуы керек, Москвада тұратын топты ардагер біздің мемлекеттің басшысына хат жолдаған. Олар – бұрын Қазақстанның бір-бір облысын басқарған мықтылар. Онда да Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай сияқты әлеуетті облыстарына бірінші хатшы болғандар. Мұндай облыстардың тізгінін сол кездегі Орталық негізінен славян тектестерге тапсыратын. Өздері қалай зейнетке шықты, солай жергілікті жерде қалмай, Москваға қоныс аударатын дағдылары болған. Сол ресейлік зейнеткерлер тобы біздің мемлекет басшысына айтқан сәлемінде “кезінде бір-бір облысын басқарып едік, енді Қазақстан бізді қаржылық, материалдық жағынан қолдап тұрсын” депті.
Салыстырып көріңіз. Елу жыл бұрын армияға алынып, елден жырақ кеткен, әрі соғыс тұтқыны болып қаншама зәбір көрген ұлты қазақ Күнтуған алақан жаймайды. Ал Қазақстанда “үріп ұрттап, шайқап ішіп кеткен” мыналар қызыл билік, жоспарлы экономика тұсында облыс басқарып, бергенін міндетсиді.
Бұл, әлбетте, басқа әңгіме еді, сөз жүйесіне қайта оралайық. Біз көрген, газетке “Кебенек киген Күнтуған” деп мақала жазғанымызда кейіпкер болған америкалық ақсақалымыз елдегі ғалым Өмірзақ ағаның жақын туысы болыпты. Бұл кісі Америкаға барғанда іздеп тауып, жолыққан. Күнтуған естелікке қолындағы алтын сағатын сыйлаған.
Болмысы қарапайым Өмекең актер Кененбайды арқалағанын да, соғыс тұтқыны Күнтуғанды көргенін де көп насихаттай бермеді. Өмірін қазақ тілі үшін күреске арнады. Өйткені, “Қыз Жібек” сияқты классикалық туындылар жырда болсын, кинода болсын тіл арқылы туады. Тіл арқылы даңқын асырады.
Келер буынның киногерлері Күнтуған туралы фильм түсірсе, “Қыз Жібек” сияқты даңқы жайылар ма еді?! Оның кастингінен өтіп, бірақ, әлдебір себеппен киноға түспей қалғандар табылар ма?! Өмір ғой, бәрі мүмкін.
https://informburo.kz/qzr0pjdsatvgaxec580356hvacre8t7pc5538pauvm