«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Халық қамын ойлаған – Мәми Жұртбайұлы

Авторы tugurul
1053 қаралым

Мәми Жұртбайұлы (1856-1920 ж.ж.) – Алтайдың күнгей бетіндегі төрт бидің бірі болған Көкеннің немересі. Көкен Мамытұлы 1836 жылы Өр Алтай жерінде төрт би сайланғанда соның бірі ретінде тағайындалған. Кейін Жұртбай Көкенұлы (1826-1890 ж.ж.) әкесінің мұрагері болып билікті жалғастырған. Жұртбай 1870 жылы іргетасы қаланған Сарсүмбе қаласын салуға айрықша еңбек сіңірген. 1867-жылы «Қызыл аяқ шапқыншылығы» тұсында бағынышты болған 40 қытай отбасын егіншілікке орналастырған (кейін олар «қырық үй қоржа» атанған). Алтай өңірінде егіншілік кәсібінің дамуына көп еңбек сіңіріп, халықтың құрметіне бөленген адам.

Мәми болса 1890 жылы әкесі Жұртбай бидің мұрагері ретінде сол кездегі «төрт би төре түзіміндегі» ата билігін жалғаған. Чиң патшалығы (Еженхан) оған тәйжі мәнсабын берген. Доңыз жылғы төңкеріс Чиң патшалығын құлатқаннан кейін, минго орталық үкіметі 1913 жылы Мәмиге «фугұң» атағын берген. 1915 жылы қарашада қытайдың сол тұстағы орталық минго үкіметі Мәмиге «бейсі» атағын бекітіп, 1917 жылы тамызда бейсілік мансапқа отырған.

Ел басқару ісі жағында Мәмидің сөз тапқыштығы, шешендігі, әділ билігі өз заманында-ақ аңызға айналған. «Керейден Мәми кетсе  ақыл кетеді, Қара Оспан кетсе айбар кетеді» деген сөз текке айтылмаған. Мәми айтыпты делінетін: «керей мен найманның арасында дау болса найманға бұрамын, ағайын ара дау болмасын дегенім, қазақ пен моңғолдың арасында дау болса моңғолға бұрамын, жау болмасын дегенім» деуінің өзі әділдік пен ел басқару жағындағы аса көрегендігі болса керек. Мәми қара қылды қақ жарған әділ би болып қалмастан, өз заманының озық ойлы данышпаны болған. Ол қазіргі Ресей, Қазақстан, Өзбекстан жерінен Алтайға қашып өткен зиялы қауым өкілдерін қол астына жиып, «Абақия» секілді мектептер ашып, қазақ балаларын білімге баулыған. 1911 жылы Томск баспасынан шыққан Сапожинковтың «Қара Ертіс» романында Мәми бейсі ауылы және онда мұғалім болып жүрген Стамбулда оқыған, тегі түрік Шакир деген азамат жайында жазады.

Мәми Шәкәрім Құдайбердіұлымен хат алысқан деген аңыз бар (кейбіреулер олар кездескен деп те айтады). Сонда Шәкәрім Мәмиден: «Нағашыңыз кім?» деп сұрапты делінеді. Мұнысы үшінші әкесі Мамыттың шешесінің моңғол қызы екенін қазбалағаны болса керек. Сонда Мәми:»Мұхаммед пайғамбармен қарын бөлемін» деген көрінеді. Мұнысы «Мұхаммедтің шешелері де кәпір қызы еді ғой, оны несін қазбалайсыз» дегені болса керек. Сөйтіп Шәкәрім қажы сөзден тосылыпты деседі.

Мәми қайтыс болғанда Ақыт, Әсет ақындар оған күңірене жоқтау айтқан екен. Мәмидің ұлдары – Қанапия (1876-1934), Зия, Мәңкей (1899-1940), Шәмер, Шамси (1903-1950) барлығы да оқыған, тоқығаны бар көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар болған. Олар да ел басқару ісіне араласып, елі мен жері үшін ерекше еңбек сіңірген тарихи тұлғалар есептеледі(1).

Мәмидің халықшылдығы, көзі-ашық көкірегі ояулығы, сөзге тапқып, билікке әділдігі Алтай, Тарбағатай       бетінде әлі күнге дейін аңыз болып айтылады.

Тарбағатайда өткен Дүйсенбі шешен Алтай-Тарбағатайдағы ел басыларына баға бере келе Мәмиге:

Мәми, Алланың

Рахметлік жаңбырының тамшысы ғой.

Халқының қамын жеген жаршысы ғой,

Тілі балға, тісі төс, ерні қысқаш,

Тентектің мінін қиған қайшысы ғой, – деген екен(2).

Мәми хақындағы айтылатын әңгімелер таусылмайды.

Ертеректе Алтай күн бетінде өткен бір үлкен аста басқарушы болып жүрген Мәми көз көрім жерде келе жатқан атты топқа қарап тұрып: «Анау келе жатқандар Қабаның адамдары екен», – депті. Қонақтар келгеннен кейін Мәмидің айтқанының дәл шыққанына қайран қалған бір ақсақал мұның мәнісін сұрапты. Сонда Мәми: «Қабаның елі қыста атпен шана тартады. Шана тартып үйренген аттар шұбап жүруге дағдыланған. Ол аттар үзеңгілесіп жүруге әдеттенбеген. Содан межеледім», – деген екен.

Бір кезде Мәми бейсі үміт күткен ұлы Қанапияға:

– Балам, ержеттің, пәлен жердегі пәленшекеңнің бой жетіп қалған қызы бар. Барып көріп келіңдер, – деп қасына қартаң жолдас қосып жолға салыпты.

Олар барғанда қыздың үйінде әке-шешесі жоқ екен. Көргенді бойжеткен ақсақал мен Қанапия мырзаны ибалы күтіп, аттанарда:

– Әкем жер мен көктің дауына, шешем өлі мен тірінің ауылына кетіп еді. Аты-жөндеріңізді әке-шешем келген соң айтып қояйын, – депті. Қыздың жер мен көктің дауы, өлі мен тірінің ауылы дегенін ұға алмаған Қанапия мен оның жолдасы іштерінен сан қайталап жаттап, аман-есен бейсіге келіпті.

– Не көріп, не біліп қайттыңдар? – депті бейсі.

– Қыздың әке-шешесі үйінде жоқ екен. Жөн сұрған едік, әкем жер мен көктің дауына, шешем өлі мен тірінің ауылына кетті деді. Бірақ біз оның мәнісін ұға алмадық, – депті. Болашақ келін болар қыздың зерделігіне іштей сүйінген бейсі:

Әкесі бүркіт салып, шешесі бата ғып кеткен екен, – деп шешіпті.

Бip күндері Мәми Бейсінің үйіне бip топ зәңгі-залың түсе қалады. Олар Бeйciгe сәлем бергелі есіктен кipiп келгенде төр алдында үлкен астауда әбден жуылып-шайылған жылқының қу басы тұрады. (Бастың қасында бip шал, бip бала отырады. Аман-сәлемнен соң Мәми отырған ана екеуіне бұрылып: Қытай, Шыңжаң заң институтының доценті Б. Тоқтарұлының еңбектерінен бepiлin отыр).

– Ал, даугерлер, айтарларың қалды ма? – дейді. Олар жарыса сөйлеп:

– Айтарымыз жоқ, айналайын, – дейді ағынан ақтарылып.

Eкeyi шығып кеткен соң, Мәми келген кісілермен қайталай сәлемдеседі. Кенет келгендердің бipeyi:

– Бейсі мына әрекеттерің жұмбақ-ау, cipә, ол eкeyi не жайлы дауласып келіп еді? – деп сұрайды. Сонда Мәми:

Жаңағы Ақшолақ шалдың Көкшолақ байталы жоғалыпты. Ал, анау бip керейдің ұлы екен. Оның үйінен көк жылқының тepiciн көрген бipey шалға: «көк байталыңды осы жігіт сойып алды» – десе керек. Сонымен шал баланы қысымға алыпты. Ал, бала айтады: «жаздай мiнген көк құнаным бар еді басқадай соғымның қисыны болмай, сол құнанымды сойдым», – дейді. Сонымен eкeyi айтыса-айтыса зәңгі-залыңдар алдына барған көрінеді. Олар шешімін айта алмай маған жөнелтіпті. Сонан соң мұнда келгеннен кейін екеуін қатар отырғыздым да, баладан:

– Соғымның басы қайда? – деп сұрап ем, ол: «бас сүйегін қыстаудағы ағаш басына іліп кеткем», – деді. Сонан соң баланы сыртқа шығарып жіберіп, шалдан:

– «Ат пен биенің бас сүйегінде парық бола ма?» – деп едім, шал сәл ойланып алды да:

– «Парық болады, некен саяқ болмаса, көбінесе биеде азу тic болмайды, атта азу тic болады», – деді. Сосын баланы қыстауына жұмсап, мына басты алдырдым. Қарасам, мына бастың аузы жаңа-жаңа білініп келеді екен. Сонымен баланың cөзi рас болды да, шал кінәсін мойындады. Сонда екеуіне: «көрінеу тұрған ақты қара демеңдер, көмулі жатқан асылды таппағанды дана демеңдер, жамандасуға бармаңдар, рақайласып күн кешіңдер деп жолға салғаным ғой», – деп әңгімeciн тәмамдайды Мәми Бeйci.

Мәми бейсінің тұсында аты Алтай алабына аян, ақкөңіл, тақпақшыл Аяңшал деген бір қарт өтіпті. Бір кезде Құсайын деген саятшы Аяңшалдың жалғыз арқалы атын саятқа сұрап мініпті де, «аяқ-ылау ете тұрыңыз» деп Аяғаңа биесін беріпті. Арада бірнеше айлар өтсе де, аңшы Аяғаңның атын берем деген уақытында бермепті. Аяңшал дәтімді бейсіге бір айтпы қояйын деген оймен Мәмиді іздеп жолға шықса, Мәми қасында қасқа мен жайсаңы бар бір бай ауылда түстеніп отырыпты.  Аяңшал даяшы жігітке:

– Менің байталымды бейсінің атының жанына байла, – деп тапсырыптыда, сегіз қанат ақ ордаға кіріп келіпті. Оны көп ешкім елемепті.

Әңгімеге ұйып отырған бейсі де сәп салмапты. Сонда Аяғаң:

Пұшпақ тымақ кигендер,

Ақ ордаға сыймайды.

Соңғы келген кісіге,

Босағаны қимайды.

Ұяттан озып туғандар,

Аяқтарын жимайды, – деп тақпақтай жөнеліпті. Ағат кеткенін аңғарған бейсі есік  жақтағыларды сөгіп, Аяңшалға өз қасынан орын беріпті. Аттанар кезінде өз атының жанына байланған биені көріп, Аяңшалға:

– Қайта беріңіз, атыңызды мен бергізіп қояйын,– деп жолға салыпты.

Қыс ортасы болып жұмысы аяқсыз қалып бара жатқан Аяғаң бейсінің ауылына тағы келіпті. Бие мінген жұпыныбейсінің даяшылары мұрт майлаған көк аттының біреуі болар деп назар салмапты да, биесін маяның сыртына қойып, өзіне бидай көже қонақасы беріпті.  Аяңшалдаяшы жігітке жатарда:

– Қарағым, бейсі үйінде болса, менің мына екі ауыз сөзімді жеткізіп келші:

Аяңшал жатар,

Жатар да қатар.

Аят деп сөзім тұр,

Айта алмай өзім тұр.

Көлеңкем түзу тұр, – деп үйретіп, жігітті қоя беріпті. Сәлемді естіген бейсі Аяғаңның атын шөпке қойғызып, өзіне қонақасы беріп, шабарманын жіберіп,  саятшыдан бір түлкі қостырып, атын алып  беріпті.

Қарақас Бітімші үкірдайдың тұсында соларға туыс ағайынды екі жігіт болыпты. Екеуі  де бай ауыл екен. Солай да бір-бірімен араласуы өте сирек болса керек. Бір күні жайлау үстінде інісі ағасының үйіне кіріп келсе, үйдің төрінің алдында жатқан ит келген адамға шапшып тұра ұмтылады.  Інісі итті қамшымен басқа ұрып жібергенде, қамшының ұшы дәл иттің тұмсығынан тиіп, ит сеспей қатады. Ағасы:

– Менің қасқыр алып, қорамды қорғап тұрған итімді әдейі ұрып өлтірдің, – деп інісіне шап береді. Ағайынды екеуі тұра төбелеседі. Бұл төбелес ұлғайып, екі ауылға көтеріліп, екеуін жақтаушылар барған сайын молайып, үлкен жанжалға айналады. Бітімші үкірдай келіп, ақыл айтса да көнбейді.

– Екеуің менің айқаныма көнбесеңдер, керейдің бейсісі Мәмиге барыңдар, – деп айдап жібереді. Сонан ағайынды екеуі әрқайсысы бірнеше жолдастарымен Мәмиге келеді. Мәми олардың дауларының жағдайын ұғысып:

Екеуің қонақ үйге асықпай жатыңдар, – деп жатқызып қояды.

Мал десе ішкен асын жерге қоятын малжанды бай адамдар «қайтсақ» деп екі-үш күнде бір рет барып, «біздің дауымызды бітіріп берсеңіз», – дейді.

Мәми оларға:

– Бұл иттің дауы деген тың мәселе болып отыр. Көкен – Жұртпайлардан бергі даулардың қорытындысы және дау бітіру ереже-қағидаларын ақтарып көрсек те, мұндай ереже жол шықпай жатыр. Әлі де жата түсіңдер, – деп жалғасты жатқыза береді. Бұлар жиырма күн жатқаннан кейін:

– Біз иттің дауын қойдық. Күзем алатын, мал отарлататын уақытымыз болды. Қайтсақ, – дейді. Мәми:

– Менің алдыма келмесеңдер керек еді. Ал келгеннен кейін дауларың бір жайлы болмай қайтпайсыңдар, және бірнеше күн ақылдасып, кейінгі мұндай дауға жол болатын бір ереже шығарамыз, – депті.  Ақыры даугерлер бір ай жатып, «мұана кейін жақсы иттың құны бір құнан өгіз болсын» деген кесім алып қайтады.

Сол кезде Бітімші үкірдай Мәмидің екі-үш жылдан бергі қазан алманын бермей жүреді екен. Мәми Бітімші үкірдайға «сенің иттің дауына келген адамдарың күндіз бір мал, түнде бір мал, жиыны алпыс тұяқ мал жеп қайтты. Басқа мұнан үлкен дауға келген менің қонақтарым қанша бас мал жейді. Оны өзің есептеп көрерсің», – деп хат жазып жіберіпті. Бітімші үкірдай бұл сөзге жеңіліп, екі-үш жылғы берілмеген қазан алманы үшін Мәмиге қарақас руынан бес жүз қой айдатып жіберген екен.

Менің (осы жолдардың авторы – Ж.Шәкенұлы) әкемнің ағасы Бидахымет Мұқайұлы 1919 жылы ШҚО Зайсанда туған, 2017 жылы 98 жасында Айтайда қайтыс болды. Әкесі Мұқай Мәмимен үзеңгілес өткен адам. Сол Бидахымет атамыз Мәми туралы әңгімені жыр қылып айтушы еді. Ендеше, сондай әңгіменің біріне кезек берейік.

«Көкен бидің мұрагері Жұртбай мырза Алтай қазақтарының надандығын еске алып, надандықты үлкен мін деп біліп, елді оқу-білімге жетектеу үшін алыс-шеттен келген оқымыстылардан Ғайредин, Шәкей қатарлыларды ордасына алдырып, шағын көлемді медресе ашып, өз балалары Мәми, Нұртазаларға өзге ауылдың балаларын қосып, діни оқу оқытады. Жұртбай қайтыс болып, Мәми тұсына келгенде бұл медресе жалғасты ашылып, 1904 жылы «Абақия» деген атқа өзгертіледі де көлемі кеңейіп ден мен пән бірдей оқытылды. «Абақияға» тағы да Нұрқабдолла (ұлты татар), Сейітқазы (арғын) қатарлы оқымыстылар келді. Ендігі жерде «Абақия» мектебінен Мәмидің балалары: Қанапия, Мәнкей, Зия, Мұқат, Шәмер, Шәми жәнеде Ілияс Ешенқажыұлы, Бекбай Темірбайұлы қатарлылар да оқып, өліге құран оқыи алатын, тіріге хат жаза алатын дәрежеге жетті».

Бидахмет ақсақалдың әңгімесіне қарап отырып, Мәмидің жай ғана адам емес, оқу-білім, мәдениеттің ошағын түтеткен елдің ірі ұйтқысы болғаны бірден байқалады.

Мәми Жұртбайұлы хақында ҚХР Мемлкеттік сыйлығының иегері, көрнекті қазақ қаламгері Шәміс Құмарұлы «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар сериясымен» «Мәми би» аталатын кітап шығарды. Әрі Мәми өмірі хақында «Мұзбалақ» атты тарихи роман жазды.

Мәми Жұртбайұлының бейіті:

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

Шәкенұлы Жәди. Қытайдағы қазақтар. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2007 жыл.

Ж.Шәкенұлы құрастырған «Толғауы тоқсан қызыл тіл» – шешендік сөздер. Алматы:Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2008 жыл.

«Алтай қаласының ауыз әдебиеті топтамалары»

Бидахмет Мұқайұлы «Қарт ағартушының қалам іздері» Шынжаң халық баспасы, Үрімжі, 2008 жыл.

Шәміс Құмарұлы «Мәми би» Ұлттар баспасы, Бейжің, 2004 жыл.

Шыңжаң заң институтының доценті Б.Тоқтарұлының еңбектері

 

Жәди Шәкенұлы

Академик, жазушы

Ұқсас жазбалар