«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

БАРАҚ БАТЫР ЖӘНЕ ОНЫҢ НЕМЕРЕСІ БАРЛЫБАЙ БАТЫР

Авторы tugurul
3715 қаралым

 Тарихта Барақ есімді батырлар мен би-сұлтандар көп болған. Қайым Мұхаметхановтың пайымдауынша, қазақ тарыихында он екі Барақ болыпты.

Олар:

  1. Әз Барақ – Ақ Орданың ханы Барақтың ең үлкені, әйгілі Жиренше шешеннің бабасы.
  2. Самарқан ханы Наурыз Ахмет Барақ – Шайбани тұқымы.
  3. ХV ғасырда өткен Шыңғыс хан шөбересі – Барақ.
  4. Әбілқайырды өлтірген (Тұрсын, Тоғым – Шығай тұқымы) – Барақ.
  5. Абылайдың Тоқтаханым тоқалынан туған Сұйық сұлтанның ұлы – Барақ.
  6. Солтыбайұлы Барақ.
  7. Найманның көкжарлы руынан шыққан Шүрекұлы, Көкжарлы Көкжал Барақ.
  8. Жәнібектің әкесі, Моғолстанның сұлтаны болған (1428 жылы) Махмұт – Барақ, т.б.

Ер Жәнібек Бердәулетұлына қатысты аңыздар мен жырларда көптеген қазақ батырларының аты аталады: Қаракерей Қабанбай батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр,  Наурызбай батыр, Ер Қосай, Бағаналы Барлыбай, қызай руының батыры Есенгелді батыр, уақ Өтеген, бәсентиін Малайсары батыр,  сүйіндік Олжабай батыр, Шақшақ Жәнібек (Жәнібек Тархан, Қошқарұлы Жәнібек), шанышқылы Бердіқожа батыр, уақ Бармақ батыр,  шекті Шыңғыр батыр, бағаналы Жаулыбай батыр, қыпшақ Бәйгелді Бостан, найман Көкжарлы Барақ, керей Жобалай батыр, найман Шыңқожа батыр.

Мұндағы Көкжарлы Барақ – жоғарыда аты аталған Барақ Шүркеұлы. Ер Жәнібек батырға қатысты жырлар мен аңыздарда «Көкжарлы Барақ» бірде «Найманнан батыр Барақ бар…» деп келеді. Қытай деректеріндегі Шұбарайғыр Қожаберген батыр мен Әмірсана оқиғаларында Көкжарлы Барақ есімі де көп жерде кездеседі.

Енді бірі Барақ – керейдің Жәнтекей руының Сүйіншәлі табынан шыққан Барақ батыр. Үш Жәнтекей атанған – Сүйінбай, Сүйіншәлі, Сүйіндік болса, Сүйіншәліден – Қожамжар, Секел, Көбек, Барақ туады. Сүйіншәліні көп деректерде «Шүйіншәлі» деп атап кеткен.

Барақ батыр (1650-1740) Сүйіншәлінің кенжесі, Керей елінің Жәнібек Бердәулетұлынан бұрынғы әйгілі абыз-ақсақал, дана билерінің бірі болған. Жәнтекейдің ұраны болған Сәменбет батырмен тетелес іні ретінде бірге өмір сүріп, Абақ-Керей елінің келелі істерін басқарып әділдігімен аты шыққан адам.

Ер Жәнібеккке қатысты аңыз әңгімелер мен жыр-дастнадарда Ер Жәнібекпен бір дәуірде жасаған Абақ керейден шыққан басқа да батырлардың есімі аталады. Олардың біразы қазіргі кезде он екі абақ керейдің ұраны ретінде әйгілі. Бұл қатарда төмендегі батырлардың аты аталады: жәнтекей Сәменбет батыр (әйгілі Шақабай батырдың әкесі), шеруші Байтайлақ батыр (Шеруші руының ұраны Байтайлақ); көнсадақ Ер Жабай (абақ керейдің бір тармағы болған көнсадақ руының ұраны Жабай); жәдік Жантай батыр (жәдік руының ұраны Жантай); жәдік Қуандық батыр. Және біз сөз етіп отырған жәнтекей Барақ батыр,  «Барақ би», «Барақ батыр» деген атпен де аталады.

Жәнібектің жас батыр атана бастаған кезінде де оны уақ пен керейдің әйгілі батырларының тәрбиесіне алғаны жайында әр түрлі аңыз бар. Арғы жағы Ер Көкше, Ер Қосай, Сартоқай, Жанат, Сәменбеттерден басталған сол ерлік өнегесінің жалғаушылары – уақ Бармақ батыр, керей Шақабай, Барақ, Жабай, Ботағара батырлар Жәнібекке әрі ұстаз, әрі аға болған деседі.

«Ер Жәнібек» жөніндегі Қисса-дастандардың Құмар Сіргебайұлы жырлаған нұсқасында, «Алтының ауылын жау шауып, Есназар жеті жасында олжаланып кетіп, сары бір жасында тірі қалады, араға жеті жыл салып, Барақ батыр мен Ер Сәменбет бұларды тауып әкелгені айтылады:

 

Алтыны қапылыста қалмақ шапты,

Ерді қырып, қалдырды әйел затты.

Есназар жеті жаста олжаланып,

Бір жаста Сары ғана аман қапты.

 

Керей ауып мекендеді талай жерді

Тірліктің рыздығын сонан терді.

Жеті жыл өткеннен соң Есназарды,

Барақ пен Ер Сәменбет тауып келді…

 

Шәміс Құмарұлы «Ер Жәнібек» романында:

«1722 жылдың күзі, Сыр бойы жылдағыдай емес, жаңбырлы болды. Абақ Керей ауылдарының бір бөлігі Аралға қарай құлдап қыстамаққа бет алған. Ал сүйіндік ауылдары бұрынғы жұрттарынан қозғалғысы келмеген…» деп баяндай келіп: … Елбасы ақсақалдар ауыр дағдарысқа түсті. Сол күндегі Сырдың шығысында қалған Керей, Барақ, Сәменбет, Қожаберген, Ботақара, Жайлау бастаған отызға тарта ақсақалы Жәнтекейдің қара шаңырағы  Барақтың үйіне жиналды» дейді. Одан ары оқиға төмендегідей өрбиді:

«Бұл күнде Сәменбет тоқсаннан асқандықтан, жиылысқа келгенімен көптің жұмысына билік айта бермейтін. Одан қалса осы отырғандардың ішіндегі ең жасы үлкені де, беделдісі де, тілді-ауызды іскері де Барақ батыр еді. Бәрі де осы қарияның ауызынан не шығады дегендей, көздерін көбінде солай тігіп отыр. Жетпістен асса да бұл қария осы елдің жол бастаған көсемі іспетті еді. Ұзақ заманнан бері елдің ең ауыр тығырққа тірелгені де осы болды. Бұл айтарға болмаса нелер білімді данышпандарды темірмен құрсаулағандай сілейтіп-ақ тастады.

– Ал жігіттер,– Барақ баяғы әдетінше орнынан көтеріліп сөйлей жөнелді,– батырлық деген не? Байлық деген не? Данышпандық деген не?– деді отырғандарға жағалай көз тастап. Үйді бір сәт үнсіздік басты. Әлден соң сөйлейтін ыңғыл байқатып Сәменбет орнынан қозғалды:

– Осы дүниедегі тірліктің ақыл иесі адам ғой. Адам бар жерде ақыл бар. Қартайып ауызымнан кетсем де ақылымнан әзірге кете қойғам жоқ. Барақ жақсы айтты. Шешімін мен айтайын. Бірінші, қайсарлық пен қажырлылық батырлық болар. Соғысатын жау емес, айтысатын дау емес, апат бізден соны тілейді. Екінші, байлық – елдің ырысы, ердің тынысы ғой. Елді аштықтан қорғай алсақ ырыс пен тыныс деген сол. Үшінші, елді басындағы ауыр күннен арылтудан артық данышпандық болмас,– Сәменбет кеудесін жапқан аппақ сақалын күректей жалпақ алақанымен сипап, оттағы маздай жанған сексеуілдің ке қызыл шоғынан көз айырмай сөйледі,– қармаулы азаматтардан анау Ұлытау мен Аралдың арасындағы ойға шалғыншы топ жіберіңдер. Мынау жоғары Қаратау ішіне де шалғыншы топ аттандырыңдар. Мал бағуға мүмкіндігі болатын болса елге шұғыл хабарласын. Мал жайылыс табатын жерлерге әр ауылдан іріктеп мал көшіргендерің жөн.

Сәменбет жауабы мен кеңесін отырған үлкен-кіші түгел қолдады.

– Ағамыз Сәменбеттің айтуы бойынша, он екі жігіт төрт қоспен Сырдың төменгі ағарын шалыңдар, – деді Барақ бұйрықты кескінмен,– төрт жігіт бір қоспен Қаратаудың күнгейіне барсын. Қалғанымыз солардың хабарын күтіп, малға басқа шара іздейік.

Сәменбет пен Барақтың сөзін не олай, не бұлай деген ешкім болмады. Кеңес толас тапқан кезде жылқының терісінен иленген былғары дастарқан жайлып, қонақтарға табақ тартылды. Жал-жая, жамбасымен, қазы-қартасымен жүлгелеп әкелінген шоқайма табақ қарттардың алдына тұра қалғанда, Барақ үлкен ұлы, бұл күнде жасы қырықтан асып қалған Қанкелді қол жая бата сұрады. Бұл Барақтың балаларының ішіндегі еті тірі, пысықырағы болатын. Оның үстіне қазақ ханы орта жүзде де Керей еліне келіп, үш күннен кейін туылғандықтан Барақ батыр баласының атын Қанкелді қойған. Төрде отырған ақсақалдар Сәменбетке қарады. Алып денелі, ақ сақалы көкірегін жапқан киелі қария күректей жалпақ алақанын жайып, апат қысқан қысылшаң күнге оңалыс тілеп бата берді».

Аталған оқиғалар тарихи деректі романның баяны болғандықтан аңыз бен ақиқат арасындағы Барақ батыр бейнесін анық көрсетіп береді.

Аталған кітапта  одан ары тағы да:

«Бұл күнде жасы сексенге таяп қалған Сүйіншәлі Барақ кеудесін жапқан аппақ сақалын салалы саусақтарымен тарап қойып, осында жиналған әр бір кіші рудың басшыларын көзбен бір-бір шолып өтті. Төрдің басындағы Барақ карияның оң жағына Уақтың әйгілі батыры Баян, онан кейін Консадақ Жабай батыр, онан төмен Жәдік Жантай батыр, жас батыр Қуандық, Жәнтекей Шақабай, Базарқұл, Ботақара батырлар, Ителі Бұқарбай батыр, Шеруші Байтайлақ батыр, Шыбарайғыр Қожаберген батыр, Молқы Машан батыр, қарт батыр Сартоқай, Уақ Өтеген батыр орын алыпты» деген жолдар бар. Осының бәрін де елін, жерін. Жаудан қорғаған баһадүрлер бейнесі менмұндалайды.

Ауылы аралас, қойы қоралас болған етене жақын бауырлардың қуанышты бірге бөлісіп, қайғыны бірге көтеретін бірлік рухы тұтас шығармадан көрініс табады.

Шығарма тағы да:

«Жәнібектің келген хабарын естіп, Қадишаның қуанышына ортақтасқалы төңірегіндегі Сүйіндік ауылдарының, Сүйінбай, сүйінші арт – артынан келді.

Бұқарбай мен Медеубай келгенде Кірдәулет ауылының белдеуі атқа толып кетіп еді. Кірдәулет екеуін ертіп Бердәулеттікіне қарай жүрді. Бұл шақта Қадиша мен Жәніш есік алдындағы өренің астында қонқтарға дастарқан дайындап жатқан.

– Қадиша, сағынып жүрген балаң келіп, көз айдын болып қалдың ба? – деді Медеубай саңғырлай сөйлеп. Қадиша орнынан күле түрегелді.

– Екеуіңнің бостықтан қолдарың тимей енді келдіңдер ғой, – деді замандастық базыналығын қоса ренішін де білдіре, – үлкендерге амандасқан соң бізге көмектесіңдер.

– Мақұл, мақұл, – деп Бұқарбай мен Медеубай екеуі де жағалай үлкендерге амандасты. Төрдің ең басында арысы Керейдің, берісі Жәнтекейдің ақсақалдарынан бірнешеуі отыр екен. Ең ортада Барақ, оның ар жағында Есентай, сол жағында Құлманбет отыр. Бұл күндегі керей ішіндегі Жәнтекейдің жасы да, абыройы да үлкендері осылар болатын. Дәл осы кезде Жәнібек есіктен үлкен ақ сарбас қойды жетелеп кірді:

– Аталар, бата баріңіздер, омин! – деп қол жайды. Есентай да, Құлманбет те орталарында отырған Барақ қарияға қарап қол жайды.

– “Алыстан алты жастағы бала жолаушы келсе, алпыстағы шал келіп амандасады” дейді үлкендер. Жәнібек балам нағашысынан есен – сау оралып, мына келін де, Кірдәулет те, басқс туыстар да тегіс көз айдын болып, қуанып жатыр екенсіңдер. Қуаныштарыңа ортақпыз, – деп Барақ қария сәл қырылдай шығатын жуан дауысымен сөйлеп келіп қолын жайды.

Көпшілік тегіс қол жайып төрге қаарады. Барақ ақсақалдың дауысы күрілдеп зор шықты:

– Арғы атаң Алтының айбатын берсін,

Ұлы әкең Сарының қайратын берсін.

Бабаң Жәнтекейдің ырсын берсін,

Ата мекенің Сырдың тынысын берсін.

Ақ бөкендей малыңа қасқыр шапса жетпесін!

Алты қабат көбеңнен* жаудың оғы өтпесін!

Қыдыр дарып қонған құт тепкілесе кетпесін!

Аллаһу Акбәр! – деп бетін сипады», – деп баяндайды.

Одан ары қарай: «Ғасырлар бойы қайда барса да қанды қырғыннан көз ашпаған, момын көшпенді ауылдың қариялары «бұл жерде түбінде бізге мекен болмайды екен» деп, өздерінің батыр қариясы Барақты жерлеген соң 1740 – жылы шығысқа ауып, Нұра, Есіл өзендерінің бойына келді» деген жолдар бар.

Демек, аңыз-әңгіме, халықтық жырлардың бәрінде де Абылай дәуірінің алдыңғы кезеңіндегі қазақ батырлары арасынан тұғырлы тұлға – Барақ батыр бейнесі қылаң беріп отырады.

Барақ батырдың сүйегінің қайда жатқаны хақында нақтылы дерек жоқ. Дегенменде, Қарағанды өңірінің тумасы Мұрат Нұрақышевтың «Оразалының елінде, тектілердің жерінде» атты кітабындағы мына деректер ерекше назар аудартады:

«Енді Қу өңірінде орналасқан Барақ бейітінің тарихына ауысайық» деп бастайды сөзін автор. Оның айтуынша Барақ батырдың ескі күмбезі атақты Қоянды жәрмеңкесі болған жерге жақын Қарасор көлінің шығысында екен.

«1970 жылдың басында Қоянды шаруашылығына Шығыс Қазақстан облысынан бірсыпыра қазақ отбасыларын көшіріп әкеліп, Шоқай бөлімшесіне малшы-шопан жұмысына орналастырған екен. Бұл адамдардың көбі қазақтың Абақ керей табынан шыққандар, баз-базда бірен-саран ересектерінің  аузынан «Бұл бейіт біздің атамыз, Керей – Барақ батырдың бейіті» деген сөз шғып қалатын». Әңгімесін осылай жалғаған М. Нұрақышев басында мән бермей жүре береді де, кейіннен аң қарап жүріп, оқиаттан бейіттің үстінен түседі. Сөйтіп, бұл бейттің кімдікі екенін анықтауға ұмтылады.

Оның баянынша ескі карталарда Қарасор көліне құятын шағын өзеншенің бірі «Барақ өзені» деп жазылыпты. Осылайша назараы әбден ауған автор бейітті суретке түсіріп, «өзінің алғашқы көргеннінен бері де қырық бес жылдай уақыт өте шыққанын» баяндайды. Сөйтіп, ол «бір жылдан аса іздендім, көп оқыдым, зерттедім, салыстырдым, қажет жерлерді барып аралап көзіммен көрдім, естіген көрген білгенімнің бәрін бір жүйеге келтіріп жинақтағанда, Абақ керейден шыққан батыр Бараққа келіп тірелдім» дейді.

Одан арғы баян былайша жалғасады: «Абақ керейлер, 1700 жылдың басына қарай Ордан (Орск) Есіл-Нұра бойына келіп, Теңіз-Қорғалжын өңірін, Ержәнібек бастап Алтай өткенге дейін мекендейді. Бұған тарихи дәлелдер, Қорғалжын даласында бастауын Желдіадыр тауынан алатын, ұзындығы жүз шақырымдай, керей көліне құятын керей өзені ағып жатыр…

Қыдыр ата келіп түнеген делінетін Ақ мешіт орнын, ертедегі Керей ауылының жұртын көріп, Жаманқұл қыстағымен айналып шықтық.

Өзен, қыстау аттары – бәрі картада көрсетілген. Жәнібек, Шалқар, Барақ атты көлдерді көрдім. Астана-Қорғалжын тас жолының бойында орналасқан Жәнтекей атты ауылда болдым.

Тарихшылар, ғалымдар осы атаулардың бәрін байырғы керейлер көшінен қалған топонимикалық деректер деп айтуға толық негіз бар дейді».

Кітаптан оқыған дерегін жер аттарымен үндестіре қарап, аталған жерлерді арнайы экспедиция ретінде жүріп өткен Мұрат Нұрақышев: Сонымен, аталған бейітте жай табушы қай Барақ деген сауалға қайта оралайық» дей келіп, әңгімесін былай жалғайды:

«1927 жылы орыс ғалымы, этнограф Ф.А.Фиельструп қазақ даласына шыққан экспедицияның этнографиялық бөлімін басқарып, Павлодардан Сергиополь, Талдықорған, Алматы бағытымен өткенде, Қоянды (жәрменке орны) арқылы жүріп, Қарасор көлінің маңында аялдайды. Осы сапарында Қу болысы, бірінші ауылының халық соты (би) Аманбайұлы Баймұхан қажымен кездесіп, елдің тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрі жайында сұрақтарына жауап алады.

Қарасор маңындағы Бестақыр (Тақыр Тастыбай) алқабының солтүстік шығысына қарай орналасқан Барақ бейітін суретке тсүіреді. Осы жайлы хабарлай отырып, Ю.Попов өзінің жазба деректерден Барақ бейіті туралы ешбір ақпар таба алмағанын, ал қарқаралық өлкетанушы Әбіл Ақыновтың бұл бейітте, кезінде найман ұлысының бір бөлегін билеген Солтыбайұлы Барақ төре жерленуі ықтимал деген пікірін келтіреді.

Жалпы Арқа өңірін алар болсақ, тарихта төрт Барақ болған.

Әбілқайыр ханды өлтірген (Тұрсын ұрпағы) Барақ, Түркістанда жерленген.

Абылайханның серігі Көкжарлы Барақ Шу бойында жерленген, орнын таптық деген ұрпақтарының хабарламасы 2016 жылы басылым бетінде шықты.

Адолов Янушкевич жазатын найман елінің сұлтаны Солтыбайұлы Барақ 1862 жылы дүниеден өтіп, Аякөз өңірінде, Ащысу алабында жерленген, мазары сол жерде тұр.

Жоғарыда жазылған жәйттерді зерделей келе,  Ағыс-Қу өңіріндегі, Барақ өлкесіндегі, Барақ бейітінде, Абақ Керейдің Жантекейінің немересі Барақ батыр жерленуі ықтимал деген жорамалдан басқа тұжырымға жол қалмады» (аталған еңбек 154-160 беттер) .

Сөйтіп, аталған деректерге қарай отырып, автор баяндаған аймақтың керейлер керуенінің ізі қалған өлке екенін ескерсек, Барақ батырдың сүйегінің сол жерде жатуы тарихи оқиғаларға сәйкес келеді.

А.Татанайұлы сынды тарихшылар дерегінде көп айтылатын, Арқалық, Едірей таулары Қоянды өлкесіне тіреліп жатқан Мыржық тауының шығыс сілемдерімен жалғасып, одан арғы көне жол сорабы Аякөз, Бақанас өлкесіне асады.

Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек» романының «Сөз соңында» деген бөлімінде: «Шығармада шамамның жеткенінше тарихи адамдардың және тарихи жерлердің атының дұрыс болуына күш салдым», – дей отырып, «ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы туылған Жидебай Бердәулеттің інісі Кірдәулеттің баласы өгіз балуан Жидебайдың атындағы жер болса, оның маңындағы Барлыбай Керейдің Жәнтекей руының әйгілі батыры – Барақтың немересі кейін Керейге би болған Барлыбайдың аты екенін, Архат тауы Бектасұлы Архат батырдың Қарауыл шоқысы екенін қариялар әлі күнге дейін аңыз етеді» деп жазады (Ш.Құмарұлы «Ер Жәнібек» романы. Шынжаң халық баспасы, Үрімжі 1998 жыл. 735 бет).

Барақтан Ханкелді, Тайлақ деген екі ұл туып, олардың ұрпақтары кейін Сүйіншалы ішіндегі екі табы болып өсіп-өнеді. Барлыбай болса Тайлақтың төртінші ұлы.

Өткен ғасырдың басқы кезінде өмір сүрген Еңсет ақынның ата-тек, жер-суды жырлаған толғауында:

Арғы атам Сүйіншалы батыр Барақ,

Келеді төрт Сүйіншалы содан тарап.

Барақ батыр баласы Ханкелді, Тайлақ,

Мекенді бұл Алтайдан алған таңдап…, – деген жолдар бар

«Абақ-Керей» атты кітапта: «18-ғасырдың соңы мен 19-ғасырдың 30-жылдарына дейін Абақ-Керейде Жәнтекей руынан Барлыбай, Молқы руынан Сәмек, Шерушіден Шұбаш, Қарақастан Байқан, Молқы Жанторы (Ештаған), Жәнтекей Тауасар, Жәдіктен Шегетай, Маман қатарлы билер ел ісіне араласқан» – деп көрсетіледі.

Аңыз деректерге негізделгенде, Барлыбай 1730 жылдар төңірегінде туған деп межелеуге болады. Ола болса Барлыбайдың ат мініп, атан қомдайтын азамттық шағының жоңғарға қарсы соғыс кезеңінен қағыс қалатын еш тарихи негізі жоқ.

Барлыбайдың Ер Жәнібекпен жорықтарда, соғыстарда тізе қосып шайқасқаны жөнінде Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек» романында тілге тиек етіледі. Кітаптың баянынша, күні бұрын дайындалған Барақ батырдың немересі, енді ғана 18 жасқа келген Барлыбай, Атантайдың немересі Қайдауыл, Сәменбеттің немересі Ақан, Машан батырдың немересі Жанторы Байтайлақ батырдың ұлы Шобаш, қарақас Байқан, … қатарлы қыршындар сақадай сайланып» жауға шауып, үш күн кескіліскен соғыс салып, Дабашының 30 мың қолын жеңіп шықты. Ізін суытпай қуа соққылап, бірнеше жыл тазалау жорығын жасап, 1757-жылы жоңғар шапқыншыларын бас көтере алмастай етіп түбегейлі жеңіп тынады. Барлыбай Жәнібек батырдаң ел тағдыры жөніндегі өрелі ойларын жүзеге асыруда өшпес еңбек сіңіреді.

Жауға келсе батыр, дауға келсе ақыл бола білген Барлыбай барлық әдебиеттерді Жәнібек батырдың оң қол, сенімді сардарларының бірі ретінде суреттеледі.

1783 жылы (қоян жылы) шілдеде Көкпектіде Барлыбай бидің ауылында Керей елінің бар игі жақсы ел ағаларын шақырып, хан тұқымынан төре әкелуді ақылдасып кеңес құрады. Осы кеңестің шешімі бойынша, бір жыл жол қамын жасап дайындалып, 1784-жылы (ұлу жылы) Жәнтекейден Тауасар Қазыбекұлы, алыс-жуыққа аты шыққан би әрі батыр Барлыбай, Жәдік руынан Қамысбай, Қияқбай шешендер бастаған әр рудың дегдарларынан және олардың атшы-қосшысы, қазаншысы болып, жалпы елуге тарта кісі Жәнібектен бата алып, мөрін басқан хат алып, мол тарту-таралғымен Көкпектіден Әбілмәнбет ханның баласы – Уақ, Керей төресі Әбілпейіз ордасына барып, елге ес, сыртқа сес көрсетіп, ұлық болатын бір ұрпағын қалап-сұрап келуге аттандырады.

Сөйтіп, Барлыбай қатарлылар Әбілпейіздің Тұмар ханымнан туатын үш ұлы – Көгедай, Сәмен, Жабағаны төре ретінде еліне алып оралады. Көгедайды хан тұқымы ретінде төбесіне көтеріп, төре сайлайды.

Жәнібек батыр: «Іргелі ел болсақ та, елге үлкен сүйеніш керек. Үлкен тау боранына, үлкен ұлық орамына кезіктіреді. Хан тұқымын көрші елдер патшасын мойындайтын төре етіп, төбемізге көтерсек, өзгелермен де тең сөйлесе аламыз» деп, Барлыбай, Байқан, Шұбаш, Шаған сықылды ел ағаларына ақыл салады.

Сөйтіп, Чянлұңның 55-жылы (қазіргі жыл санаудың 1790-жылы) ит жылы 18 жастағы Көгедай аталған жолдастарымен қазан айында жолға шығуға келісіп бір ай дайындалып, атшы, бақыршы, молдасы, малшысы болып, 17 адам қазан айының онында Көкпектіден Ежен ханға аттанды. Олар түйелі керуен мен тарту-таралғыларын артып, Қобда арқылы Пекинге бет алып, ұзақ сапар шегіп, Жылыөзен жағасында (Хыби өлкесінің Чиңды қаласы) демалып жатқан Чиң Гау Зуңға амандасып барып, сый құрметіне бөленіп, патшаның қабылдауында болады. Көгедайдың Алтайдың күн бетінен Зайсан (қазақша Жайсаң) көлінің жағасына дейінгі кең сахара жері бар, өрісі толы мыңғырған малы бар, толықсыған он екі ұтық елі бар, хан тұқымынан сайланған төре екенін мәлімдейді, Чиң Гау Зуң хан Көгедайға гауһардан кос көз орнатқан жылғалы, таңбалы «Гүң» деген шен беріп: «Тарбағатай мен Қобданың шекарасы, Ертіс өзені, Алтай тауының күнгейін, Сауыр тауының теріскейін мекендейтіндіктерің үшін әр жылы Тарбағатайға 40 ат, Қобдаға 41 ат «түтін алман» беріп тұрасыңдар», – деп, жарлық шығарыпты, Көгедайға ерген билер мен батырларға оқалы қамқа тон кигізіпті.
Көгедайдың Ежен ханға жолығып «Гүң» шенін алып келуі моңғол тайпаларының алдында Абақ-Керейдің терезесін теңестіріп қана қоймай, мәртебесін өсіріп, елдігін бекемдей түсті, бұл Абақ-Керей тарихында ел есінен кетпейтін дәуір бөлгіш уақиға болды.

Осы ірі оқиғаны Көнсадақ руынан шыққан Ахмет ақын:

Барлыбай, Шұбаш ерген Көгедайға,

Жанторы, Байқан да бар осы жайда.

Ежен хан үшеуіне мәнсәп беріп,

Ұқсады Керей елі туған айға, – деп жырлаған екен.

Деректерге қарағанда, Абақ-Керейдің Сүйіншалы әулеттерінің Алтайға көшіп келіп қоныстануы 1783 жылдан кейін болған көрінеді. Барлыбай өз билігіндегі Сүйіншалы елі қандай жерге мекен тебуі керек деген бір келелі түйінді көптен көңілінде сақтап жүрсе керек. Сөйтіп, жылқы өрісін сұрап Қобдадағы Кепе ханға барып, тарту-таралғы ұсынған сапарынан бастап, онымен қарым-қатынасын үзбей, тамыр болып жақсы өткен. Кепе хан деп отырғанымыз Ертістің солтүстік жағалауын шекара еткен Алтайдың күнгейі мен теріскей аймақтарын билейтін Чиң патшалығының өкілетті елшісі – Хебей амбы.

Барлыбай басқа ел ағаларымен бірге мал отарлау, елдің алдын Алтайға көшіру жұмыстарымен Қалбадан Алтайға, Буыршын, Қаба өзендерінің жағалауындағы кең алқап, шұрайлы далаға әлденеше рет келіп, жер көріп қоныс шалған. Көгедайды Пекинге апарып келгеннен кейінгі тұста би әрі батыр Барлыбай Сүйіншалы еліне жаз-жайлау, қыс-қыстау болатын тұрақты мекен қоныс алуға мықтап кіріседі. Бұл кезде оның аты әйгілі болып, Алтайдың күнгейі мен теріскейіндегі моңғол, қазақ халқы арасында абыройлы ел ағасы болған кезі еді.

Сөйтіп, ақыл мен әдіске қатар жүгінген Барлыбай ебін тауып, елін шұрайлы мекенге қоныстандырған екен. Жергілікті моңғол билеушілерінен Аюты мен Аралды жайлауына, үш Күнгейтіні – Қаракүнгейтіні, Ақкүнгейтіні, Қалукүнгейтіні (қазіргі Қалтон) бие бауына, Ши-Шұңқырдың екі жағын күзеуіне, Қызылтастан Сауырға дейін қыстауына алған деседі.

Содан былай, төрт Сүйіншалы ауылдарын ұтық-ұтығымен осы құтты мекенге қоныстандырып, ойында жүрген арманын орындап, халқын бейбіт тіршілікке кенелдіреді. Ботақара, Ханкелді ауылдары Аралды жайлап Торғайты, Жеті көл жайлауларын қоныс етеді. Буыршынның шығыс тауындағы Мүсіркен, Көшербай, Жұман тас қорасы, Бәке қорасы, Жәке қорасы қатарлы жерлер Ханкелді ұрпақтарының мекендеген адам аттарымен әлі күнге дейін аталып келеді. Ақкүнгейті мен Қаракүнгейтінің арасында Секел сазы, Тайлақ сазы деген қоныстар әлі бар. Қазіргі Қаба мен Буыршын шекарасындағы Бозтал, Киікбай деген жер – Тайлақтың бір баласы Киікбайдың мекен қылған жері, Киікбайдың зираты сонда. Бұл мекендерде Сүйіншалының ұрпақтары қазірге дейін өсіп өркендеуде.

Көрнекті ақын, жазушы, драматург Мағаз Разданұлы тарлан тартқан шағында жазған тарихи әңгімелерінің бірі «Арманшылдардың алақан табы»-нда Барлыбай өмірінің маңызды бір кезеңі – оның тоған тартып, елді егіншілікке баулығанын арқау еткен.

Онда мынадай жолдар бар: «Жас кезі ғой, Әз Тәукенің нәсілі Әбілпейіз уаңнан төре сұрай барған Керей билерінің біреуі осы Барлыбай болатын»… «сол жолы ғой Түркістан уалаятының көп жерлерін аралап, талай миуалы бақша, көк майсалы дақылдар атызына көзі түскені; Сол жолы ғой «қара жердің қаны су екен ғой», – деп танығаны; сол жолы ғой үлкен бір арманның ішіне кіріп, орын теуіп жатып алғаны»… «Барлыбайдың көз алдынан енді шығысқа шеккен сапары өтті… Ханзада Көгедайды Чянлұңға апарып, мемлекеттің ел басқару жүйесіне енгізіп, хан қасынан қара көк тас қадату үшін… ұлы моңғол үстіртін басып өтіп, ұлы қорғанның ішіне кіргені… сол жолы ғой, Сарыөзен бойының құп-құла топырағы көмей алуға келмейтін шығырмен болса да су ішіп, жасыл манатқа оранып алғанын көргені; сол жасыл масатының тұп-тура Пекинге барып тіреліп, одан да ары теңізге қарай тартып жатқанын көргені; сол жолы ғой, тіршіліктің қолқа тамыры топырақ пен су екен деп екінші рет танығаны. Барлыбайдың батысқа барғандағы арманы бұл жолы өз ішінде бұрынғысынан бетер балалап қайтты»… «содан бері «әттең, өз жерімде бір бидай болса да жамбасы топырақ искейтін заман болса» деген қиял оның ойынан екі елі ажырамай қойды»…

Сөйтіп, Барлыбай қартайған шағына қарамастан
Шұңқырдың батысындағы Қалтон суының алқымынан қос көмей алып, екі тоған қаздырып, халқына жер емшегін емуді үйреткен екен. Бұл туралы Алтай аймағының «ірі оқиғалар естелігінде» «18-ғасырдың 80-жылдарының алды-артында Тайлақ руының басшысы Барлыбай батыр Кеншенің жобалауымен Шұңқырдың қарабұлақ жерінен бірінші рет тоған қаздырып, су бастап, жер суарған» деп жазылған.

Барлыбай батыр 1828 жылдар шамасы, тоқсанның екісінен асып қайтыс болған деседі. Қаза болар алдында еліне өсиет айтып: «Ата-бабамыздың байырғы мекені Алтайға елімді бастап әкелдім, арманым жоқ. Менің сүйегімді Қалтонның батысындағы Қабаға өтетін Құжыртының кезеңіне жерлеңдер, мол тас жиып төбесіне үлкен ақ тас қойыңдар, менің ұрпаққа алып берген жерімнің шекарасы ғой, мен сонда белгі болып жатайын», – депті делінеді. Солайша өсиеті бойынша ана Алтайдың төскейінде мәңгілік ұйқыға батады.

Тарпаң тарих қойнауында Барақ батыр Сүйіншәліұлының әулеті Қазақстан, Қытай, Моңғолия, Түркия сынды елдерге тарыдай шашылды. Тәуелсіздік құшағында атажұртына оралған батыр ұрпақтарының бабасының басына құран оқып, хатым бағыштайтын күндері де алыс емес деп ойлаймыз.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

Жәди Шәкенұлы, «Жәнібек батыр» деректі зерттеулер. Алматы 2014 жыл.

Беженхан Қыдырбайұлы «Барлыбай батыр», http://izgilik.blogspot.com.

«Ел ұраны – Ер Жәнібек» – зерттеу мақалалары (құраст: Ж.Шәкенұлы, Н.Түсіпханұлы) «Рalitra Press» Алматы, 2014 жыл.

«Ер Жәнібек Бердәулетұлы» (құраст: Ж.Ошан, Н.Набиолла), тарихи жырлар мен аңыздар. «Рalitra Press» Алматы, 2014 жыл. 23 бет.

Ш.Құмарұлы «Ер Жәнібек» романы Шынжаң халық баспасы, Үрімжі 1998 жыл.

Мұрат Нұрақышев «Оразалының елінде, тектілердің жерінде», Астана, 2008 жыл. 154-160 беттер.

Мағаз Разданұлы «Ата заман сөйлейді» «Елорда» баспасы, Астана қаласы. 2005 жыл.

Ш.Құмарұлы «Ер Жәнібек» романы. Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қоры, Алматы, 2009 жыл.

Ш.Құмарұлы «Ер Жәнібек» романы. Шынжаң халық баспасы, Үрімжі 1998 жыл.

Жәди Шәкенұлы

Жазушы-академик

 

Ұқсас жазбалар