Ұлттық мүддеге сай келетін тарихымызды жазар уақыт келді
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мүддемізге сай тарихтың жазылмағанын мойындады. Мойындай отырып, Қазақстанның ұлттық мүддеге сай жаңа тарихын жазуды тапсырды.
«…Қазақстанның жаңа тарихын да жүйелі зерттеген жөн.
Шынына келсек, Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет.
Сонымен қатар, шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынамын. Бұл – қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге танытудың бірден-бір жолы.
Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді», – деді Тоқаев.