«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

СЕРІК БАЛУАН

Авторы tugurul
1085 қаралым

Серік Қожабайұлы 1936 жылы қараша айында Қаба ауданының Алқабек өзені бойында дүниеге келген. Найманның Жарболды руынан.

Қариялардың айтуына қарағанда Серіктің ұлы әкесі Қайырбайда балуандық болған деседі, ал нағашыларыда өз тұсының мықтысы болыпты. Нағашы ағасы Аққыз Зайсан бойында  жүргенде қолға түсіп қамауға алынады. Күндіз еңбекке шығарылып, түнде қамауға алынып тұрады. Бір күні кешке жақын еңбектен жәй түседі де есіктен кіргізушінің абайсыздығын пайдаланып, есік сыртындағы қара көлеңкелі қалтарысқа жасырына қалады. Күзетшілір қамап тастадық деп жайына кеткенде сытыла шығып есігі құлыптаулы ашық ат қораға келіп түседі, бұл жерден жаяу қашу мүмкін еместігін еске алып атпен қашпақ болады. Бірақ есікті шаққанмен күзетші бар екені білініп қалады, амалсыз қалған Аққыз аттың алды–артын тұсап байлайды да, иығымен қораның артқы дауалынан асыра тастайды. Өзі де дауалдан секіре шығып атқа мінеді де, қашып отырып Қабаға ат басын бірақ тіреп аман құтылады.

Серіктің төбесінде айқын жік барлығын нысанаға жорыған Мұстапа балуан оған бата береді. Серік 7 жасқа шаққанда ауылындағы «таң» мектебінен жаңаша оқуға түседі. Абылхамит Оспанов деген мұғалімнен оқып, үш жылы бастауыштық мағлұмат алған ол сол кездің өзінде–ақ алысқан балаларды екі айналдырмай асықша атып жүреді. Өзінен үлкен балаларды да жыға бастады. Әрі қашқан бұзауларды құйрығынан ұстап тартқанда жыға салып, асау тайды жалынан ұстап басып тапжылтпай үлкен ағаштарды сүйреп әкеліп ауыл арасында күші көріліп тамсандыра бастады.

Серік 1952 жылы ауылдағы құрбыластары Мамырқан, Бошай сықылды еті тірі, еркін тіршілік іздеген азаматтармен бірге ауыл күйбеңіне айналмай Көктоғай кеніне барып жұмыс істейді.

Күздің ашық күндерінің бірі, бір шұңқырдағы атуалшык атып тастаған қорым тастарды аршып, берал қағыстырып тұрған жұмыскерлер, сұлап түскен сопақша жуан көк шыбар жаңқа тасқа кез болғанда көңілдері шайлығып тайсақтап шаға береді, ал инженер тексеріп көріп, осы тастың астында үзілген берал діңгегінің жатқанын айтады. Бұл бригада да алты жұмысшы істейтін, барлығы жабылсада шығара алмайтынын біліп дағдарыңқы күймен дығдырлары құрып шаршағанын білдіріп, бір сәт үнсіз қалады. Сонда Серік:

– Қане, былай тұрыңдар! Мен бір байқап көрейін оны, болса берал, болмаса тастың өзі шығар, ‒ деп күшін жинап тастың ауырлық басын бір тізесіне қондырып, екінші басын ортан белінен қапсыра құшақтап тігінен тұрғызады. Одан төс қарындап көтеріп апарып шұңқырдың ернеуінен төмен қарай домалатып жібереді. Ұялып қалған жігіттер тастың астындағы берал кесегіне тамсана қарап, Серіктің қарауына сүйене алқау білдіреді. Серік одан кейін инженер айтқан әлгі берал кесегін алып шығып, алтауының үлесіне жаздырып, басқарушыға тапсырып береді, бригада мол сыйлыққа ие болады.

1956 жылы Алқабек бойы үлкен–кіші Қызылүйеңкі жерлерінде коорпорация құрыла бастайды. Группа бастығы Серік бір құстың маңдайға басқан жалғыз «жетінші сакісінің» үзіліп қалған қолқа шынжырын жалғаттырып  алмақ болып, Құдасбай ұстаның дүкеніне келеді. Кезінде алтын күміс ұстаған Шіліңгір ұста әкесі Мыртый марқұмның өнері мен зергерлігін мұра тұтқан Құдасбай ұста «Алға» ұжымының жар дегенде жалғыз ұстасы болғандықтан қолы көрік пен балғадан босамай орны мен беделі өсіп тұрған.

Серік келгенде ұста дүкенде бірнеше шаруа кезек күтіп тұрыпты.

‒ «Ойдей аға», – дейді Секең, алдынан кезек алғысы келіп, – «Көрігіңізді басып балғаңызды соғып берейін, бір қостың жұмысы бірақ тоқтап қалғаны, мынаны септеп жіберіңізші?!».

Құдасбай  ұстаны ауылдағы үлкен-кішінің бәрі құрметтеп «Дойдей» деп атайтын, ол қолындағы шынжырды ұстаға ұсына береді.

Гулеген тері көріктің қызуымен қызыл темірдің бет шарпыған жалынында күйіп пысып онан арман құрыстап отырған ұста, Серіктің қолынан шынжырды жұлып алып қатпарлы көріктің артына лақтырып жібереді де:

‒ Күшің бойыңа сыймай бара жатса, балға мен ұрып бермей-ақ қой маған, оған мынау қарап тұрғандарда жетеді. Орыстың ағаш кескіші дөңкиіп есігімді тоспай анау тасты шығарып бер. Ал оған шыдамасаң есіктен былайырақ тұр да кезегіңді күт, қолыңа қашан тисе сонда ал, – дейді ентіге түсіп.

Ұстаның аядай тар дүкеннің бір бұрышын алып бір домалақ сұр тас жататын. Сегіз шерік, қазандай пәлені домалатып та шығара алмаған. Жуықтан бері «Серік қарулы екен» деген лақаптан да жараланған. «Бір есептен, долайын қайырып тасымды шығартып алайыншы осыған», – деген ой да сап ете қалды ұстаға.

‒ Ой, Дойдей аға-ау, еруліге қарулы деген, маған салар салмағыңыз осы болса, мен дайын!

Серік «басы артық» іспен айналысуға оңтайланды, сабындай майда, малтадай жұмыр тасты қос шынжырмен белінен буды да, тік көтере жұлып алып, далаға апарып дүңк еткізеді. Күшіне қайран қалған жұрт оның Иысқан дейтін етікшіге тіктірген үлкен саптама етігінің шажамайдан опырылғанына іштей аяп қынжылысты. Таң-тамаша болып қуанған Құдасбай ұста да:

‒ Жарайсың інім, Серікжан, жарап-ақ кеттің, бері келші! ‒ деп орнынан тұрып, Серікті құшақтап бетінен сүйеді.  Жалма-жан бұлық шынжырын беріштеп беріп қайтарады.

Осы тұста Серіктің күші жайлы аңыз отыз тістен өтіп, отыз рулы елге тарап жатты. Бүгін біреу мына жақтан:

‒ Үй әлгі Қожабайдың талыс аяқ серігінің қол қаруы бөлек екен, жар өткелдегі орақ басында қолмен құмыраны қысып сындырғанын көрдім, –  десе, ертеңінде тағы біреу ана жақтан шығып:

‒ Әлгі Серіктің шекарадағы «теріс аққанда» көмей байлағанда, атақты Қаташ балуанды жыққан Докмейтті жығып, шұбар Мұқайды қоса соқты, ‒ деп гу-гу етісетін. Жұртты онан арман сүйіндірген әрі Серіктің алғашқы арысқа түсуі жайлы мынадай оқиға болды:

1957 жылы 2 сентябрь күні Білезік өзенінің бойында Салпаяқ (әсілгі аты Тілеуберді) байдың інісі Қамызаның асы болады. Аста бәйге шауып, балуан салынады.

Бас бауанға Шұбарайғыр руынан шыққан  Өнерқан Тайшыбайұлы деген балуан  ортаға шағады да, Жарболды Мейірбек тайжы мен Қалибек Үкірдай ауыл арасында аты шағып жүрген Серікті шығаруды ұйғарады. Жарболды Шарахмет балуан белбеуін шешіп Серікке байлап, майданға түсіреді. Талай жарысқа түсіп алымды да шалымды болып жүрген жол көрген Өнерқан бала жігітке сұқтана шабуылдайды.

‒ Үркінші! Үркінші! Қабанбай! Қабанбай!, ‒ деген Жарболды жағының ұраны мен Қожаберген! Қожаберген! ‒ деген Шұбарайғыр руының ұраны көтеріліп, аға балуан Өнерқан мен бала жігіт Серік алыса кетеді. Серік Өнерқанды тік көтеріп әкетеді де лақтыра тастайды. Қатты түскен Өнерқанның екі қабырғасы сынып кетеді.

Ал бәйге де Қабаның анау Алтайға әйгілі желтабан жүйрігі алкүрең шиқасқа ат бірінші болып келеді.

Коммоналасудың алғашқы жылдары Серік жылқы бағып жылқы отарлатады, сол тұстарда төрт-бес адамдық көтерімдерді құйрығынан көтеріп тұрғыза салумен бірге үсінген жылқыларды қосқа көтеріп әкеліп өз серіктерін таңғалдырып жүреді.

«Зор секіру»кезінде Қабада тың игеру науқаны өрістетіліп, бірнеше түйінді тоған қазылды. Осы тоғаншылардың біреуі Серік еді. Ол күніне отыз текше метр топырақ қазып шығарып жұрттың көзіне түсті.

Бір күні қазылып жатқан тоған ішінен ауырлығы мөлшермен екі жүз сексен килограмм келетін өзі ұстауғада, қапсыра құшақтауғада ебдейсіз бір үлкен тас шыққан. Тоғаншылар оны тоған ішінен шығарып тастауға қанша тырыссада нәтиже шығара алмай дағдарады. Сонда есепші: «Егер кім осы тасты көтеріп шығарса, елу юаньмен сыйлаймын» ‒ деп бәс жариялайды. Сыбанып шыққан талайлар арам тер болады. Серік батынып шықпайды да түнгі демелыста ешкімге көрінбей тас жатқан тоғанға келеді. Жеңін сыбанып, тасты қапсыра құшақтаған ол жерден көтеріп алып түйе тайлы жағадан ептеп басып сыртқа алып шығады да қосқа қайтады. Қайтып бара жатып ешкім көрмеген ерлігіне елдің сенбейтінін есіне алып: «жұрт алдында бірақ әйгілемейін бе?» деп ойлайды да тасты қайтадан өз орнына қояды. Ертесі жұрт жиналғанда тасты жағаға көтеріп шығарып баршаны таң қалдырады.

Серіктің ел ішіндегі атағы шығып, ауыл арасындағы талай күрестерде жығып жүрген күндерінің бірінде яғни 1958 жылы 12-ші ай кезі, мемелекеттік 1-ші кезекті дене тәрбие желісіне дайындық жасау үшін аз ұлттардан спортшы талдау қажет болып Айтыкен Шамсаұлы Алтай аймағындағы басқа аудандарды арылтып Қабаға келеді. Көз қарақты тәрбиешінің көзінен қағыс қалмаған Серік тұңғыш рет балуандыққа талданып, Үрімжіге апарылмақ болады. Алайда аудандық үкімет қосылмай, аз кедергіге ұшырап аймақтағы қатысты адамдардың ұйғаруымен аймаққа келеді. Онда да бір бөлім басшылар балуандыққа баруына қосылмай, қаражат босатпайды. Бұл істен  хабар тапқан сол тұстағы автономиялы райондық дене тәрбие  комитетінің орынбасар меңгерушісі Айтуған жолдастың қозғауымен Серік 1958 жылы 12-ші айда Шыңжаң балуандыр командасына ресми мүше болып қабылданады.

Осы жылы не бәрі 5 ай ғана балуандық машығын көрген Серік 1959 жылы 4-ші айда Шаңхай қаласында өткізілген мемелекет бойынша 22 өлкенің ауыр салмақты балуандарының халықаралық  балуандық жарысының еркін күресі түрінде сайысқа түсті. Алғашқы майданның өзінде-ақ 90 килограммдық Серік 98 килограммдық ішкі Моңғолдың атақты балуаны Сеңгіні алып ұрып маңдайы жарылып, бауы ашылған Серік іле шала Әдияны төңкеріп тастады. Шешуші жарыста 117 килограммдық Сандұңдық балуан Лайканы мүлде үстем ұпаймен жығып ауыр салмақтағылардың еркін күресінен ағалап алға шығып біріншілікті алды. Сонымен тұңғыш рет дене тәрбие саласын дүр сілкіндіріп Шыңжаң бойынша мемлекеттік балуан чемпионы жарыққа шықты. Бұл қуанышты хабар бүкіл елге таралып, сол күндерде Бейжиңде жарысқа қатынасып жатқан Қырғызстан волейбол, васкетбол командалары қуанышты бірге тойласты. Серіктің омырауына салтанатты түрде тұңғыш алтын орден тағылды. Көп өтпей, мемелекет бойынша 1-ші кезекті дене тәрбие жиналысы ішкі Моңғолдың Хокхот қаласында өткізілді.

Мемлекеттің жер-жерінен келген 100 килограммдық салмақтағы таңдаулы балуандырмен 10 күн үздік сайысқан Серік тағы да ағалап алға шығып алтын медалъға ие болып, мемелекет бойынша «үздік чемпион» атағын алды. Осыдан соң 1960 жылы 6-шы айда Уханда, 1961 жылы Шандүңда өткізілген жарыстарда бірінші болып, алтын ордендермен марапатталды. Осылайша  арт-артынан 4 рет чемпион болған Серік Қожабайұлы даңқпен «мемлекеттік балуан майор» атағына ие болды. Осы кезде Жунлай зұңли Серік қатарлы балуан майорларды арнаулы қабылдап, оларға өнерлерін өсіре түсу жөнінде дем беріп, Серікті «құрыш діңгек» деп мадақтады. Әрі өз қолымен «мерейің үстем болсын Серік балуан» деп арнау жазып береді. Хы Лұң маршал Шинжаң балуандар командасымен суретке түсіп естелік қалдырды.

Сөйтіп 1959–1962 жылдар аралығындағы мемелекеттік сайыстарда «араға ат салмай» үртіс төрт рет аға жүлдегер болған абыройлы балуанның атағы әлемге кетті. Ілгерінді-кейінді болып «спорт шебері», «дара аға жүлдегер», «1-ші дәрежелі спортшы», «Жұңхуа халық республикасының еркін күрес аға жүлдегері» қатарлы құрметті аттарға ие болып кеудесіне он алты орден тақты.

Серік халықаралық жарысқа арнаулы шықпағанымен, сәті түсіп, шетелден келген атақтылармен сынасып көрген жері де бар.

1959 жылы августте іздеп келіп күрескен Моңғолия балуанын баладай бұрай салды.

Ал 1959 жылы сентябрьде, мерекеге қатынасу орайымен Жұңгоға келген Кеңес одағының үш балуанының халықаралыққа танымал чемпионымен күресіп оны шеберлікпен өтіп, еліміздің мәртебесін бір көтеріп тастағаны бар. Орыстың 140 килограммдық алып балуаны әсерленгендіктен: «адамзаттан бірінші рет жығылуым» деп Серікті сүйсіне алқап, дәстүрлі салт бойынша, өз елі ішіндегі чемпиондық алтын орденін Серікке тарту етіп, сый ұсынған еді. Сонымен Серік шетелден де дүмпу қозғап «Қытай Қажымұханы» аталынды.

Серік өз басы айтулы балуан болуымен бірге Шыңжаң балуандар командасының құрылуы үшін аянбай еңбек сіңіріп елеулі үлес қосқан адам, бұған оның Шаңхайдағы күресте өзі басқарған команданың коллектив бірінші болып Шыңжаңға әкеліп тапсырған алтын құмырасы куә.

Ол ұлт намысы, мемлекеттің абыройы үшін соқырішек болып жатқан больница төсегінен тұрып жарыс майданына шығып абыройын бермеген еді. Алысқан балуанын алмай қоймайтын Серік дүниежүзілік балуан чемпионын алу қарсаңында «Серік, Мейірқан, Тұрсынғали, Отай, Көкенайлар, буржузияшылдар екен» делінген кертартпа саясаттың кесірінен балуандар командасынан еріксіз қол үзіп, 1962 жылдың басында туған жеріне  Алқабек өзені бойындағы Сарбұлақ ауылына оралады.

Серіктің   ілгерінді˗кейінді сахара құшағындағы алыптығы жөніндегі әңгімелері де ел аузында көп шертіледі.

Бір жылы Серік сауыр малын көшіру байланысымен Жеменейге барып бір орында түстеніп отырғанда сыртқы даңқын естіген бір топ адам оны көрмекке жиналып келеді. Олар Секеңе қол беріп аман сәлем жасасқаннан кейін: «күшіңізді бір көрсек», ‒ деп өтініш білдіреді. Сонда Секең:

‒ Күресіп көрсеткенмен күресе қоярлық адамның ыңғайы жоқ, айтқандарыңызды қалдырмай атымды көтеріп көрсетейін, ‒ дейді. Жиналған топ «ду» қол шапалақ ұрып қуаныса шулайды. Әрі таңғалып балуанның қимылын бағады. Балуан болса атының ер тоқымын бөктеріншегін алмаған күйінде омырауымен тілерсегінен арқанды айландыра байлап жіберіп бауырынан өткізе белдіктеп көтереді. Жұрт Серіктің балуандық алып күшіне сүйеніп, тағы да қол берісіп жабырлап құттықтасады.  Жүрген жерлерінде таңдай қаға аңыз етісетін болады.

1966, 1969, 1974-ші жылдары ауыр апат болып жылқы қатты қырылған кез екен, сол жылдардың қай–қайсысында болсын үсіген жылқыны сүйреу, көтеріп қораға я үйге әкелу, қар астында тоң болып жатқан жылқы, өгіздерді сүйреп шығару қатарлы еңбектері айтып тауысқысыз.

Айталық, 1966 жылдың  қысы қар қалың жауғанның үстіне, дала бораны азынай соғып температура ерекше төмен болады. Аңыздарда айтылатын ұшып бара жатқан сауысқан, жүріп бара жатқан ит домалап түсіп қатып қалатындай сол апат жылы мал көп шығындалады. Далада өрісте үсіп өліп жатқан мал «ақ сүйек» жұт еді. Сол күндердің бір түнінде соққан қатты боран ашық қорадағы 80 жылқы мен 20 атан өгізді қар үрдесінінің астына көміп тастайды.

Осы жайды естіп малшылармен бірге жеткен Серік көбі өліп қалсада қар астындағы  бір бөлім малдың тірі екенін байқайды. Қасат қарды сом алақанымен аршыған ол  қар астының жылуында аман қалған жылқыларды байқайды да, дереу іске кірісіп үрдесінің астынан 20 жылқыны суыра көтеріп алып, аман сақтап қалады. Ал қалған өліктерді де сүйреп шығарып қораны босатып береді. Тағы да осы жолы Түлкілі деген жерде бір жолғы қарлы боранда  бір қораға қамалған екі жүзден астам жылқы бірақ қырылып бір-біріне бастырылып тоң болып қалады. Серік ішінде жиырма шақты азамат барып елудей жылқыны далаға сүйреп шығарсада, титықтап шаршайды. Ендігі жерде демалуға мәжбүр болады, сонда Серік жалғыз өзі іске кірісіп екі жүзге тарта жылқыны жалғыз сүйреп шығарып тастайды.

Қысында қар қалың жауып жұт болған сол жылдың жазында яғни 1966 жылдың 5-ші айы шамасы, Сарбұлақ  ауылындағы Қанап, Бапыш деген кісілер ат арбамен астық тасып жатады. Қаба суы долдана жұлқынып жағаны сүзгілеп жатқынын көрген Қанай мен Бапыш әр жағы өз аттарын мықты санап алдымен «мен өтемін, мен өтемін» деп таласа келіп, төрт атын ат арбамен Бапыш суға түсіп кетеді. Ат арбаның үстінде бір тоннадай бидай басылған болатын. Судың ағыны қатты әрі терең болғандықтан өзен суы ат арбаны атымен қоса ағыза бастайды. Бұл тұста астық өткізісіп жүрген жағадағы халық «Бапыш суға кетті!» деп шуласады. Мұны көрген Секең ешқандай бөгелместен–ақ киімін шешініп тастап ызғары қайтпаған асау өзенге «көміп» береді де, ат арбаға жақындайды. Толқындармен жағаласа жүріп ат арбаның арқан, бау-жіптерін бәкісімен қиып-қиып төрт атын бірдей босатады. Төрт ат жағаға сытылып шаға береді. Секең болса ат арбаны жалғыз өзі сүйреп, ағынға құлдата қисайтып, жағаға жеткізеді. Ат арбаның жан ағашы жағаға ілінісімен басқаларда жәрдемдеседі, ат, астық, адам түгел аман-есен жағаға шығарылады.

Тағы бір жылы  Қаба ауданының Сарбұлақ ауылының Сан жайлауында тауды бұзып жол салынып жатады. Жолға көлденеңдей келген шөккен түйедей бір тасты он шақты атпал азамат жабыла келіп арпалыссада ауната алмай дығдыры құриды. Сонда Секең алдыға шығып: «Сендер ұран салып тұрыңдар, мен бір көрейін», ‒ дейді де, көтерілген шу ұранның ішінде тасты жалғыз өзі аунатып жол шетіне шығарады, бұл тас күні бүгінге дейін бар болып, оны жұрт: «Серік аунатқан балуан тас» деп атайды.

1968 жылы тамыз айы шамасы пішен мезгілі еді, Сарбұлақ ауылына қарасты Қосағаш деген жерде Секең балдыз болып келетін бір келіншек суға келсе, құдық ішінде қоңыр қасқа бұқа жатады. Су ішпек болып бір жарым метр шамалы құдыққа кептелген бұқаны көрген әлгі келіншек жан-жағына жалтақтай қарап анадай жерде көгала жорғамен жұмысқа кетіп бара жатқан Секеңді көріп, жездесініп ойнайтын әдетіне басып:

‒ Әй, Шоқшақай[1], күшіңді қашан көреміз, мықты болсаң мына құдықтағы бұқаны шығар, ‒ дейді. Сонда ат басын бұрып келіп бұқаны көрген Секең:

‒ Осыда сөзбе, ‒ деп атынан түседі, әрі қарай «арқан әкел» деп арқан алдырады. Еңкейе қолын созған ол бұқаның мүйізінен арқан байлап жатқандай болады да:

‒ Ары кет, бұқа басады, ‒ деп келіншекті жырақ қуады. Толқыта тұрып бір рет тартқанда бұқа құдықтың аузына келеді, екінші рет бар пәрменімен тартқанда бұқа құдықтың сыртына «былш» ете түседі.

Көз ілеспес жылдамдықпен суыра лақтырғанына таңғалып анадайда тұрған балдызына Секең:

‒ Ал ішетініңді енді іш!, ‒ дейді де атына мініп жүріп кетеді.

1972 жылы 5-ші айда Қаба өзенінің суы қатты тасып отряд мүшелері Сарбұлақ ауылындағы Жұмағұл деген жылқышының қосындағы жылқыларды судан өткізіп жатады. Осы кезде жылқы өткізісіп жүрген Мұқамет деген кісіні өзен суы атымен қоса ағыза жөнеледі. Жағадағы халық шуласқанмен батынып ешкім құтқара алмайдыда ажал қаупі төнеді. Мұны аяқ жағында тұрып көрген Секең өз басына төнер қатерді ойламастан атымен суға түсіп кетеді. Мұқаметке жанасалай жақындап атының басына құлын ұстап жүрген бұғалық құрығын салып, қиыстай ағыза сүйреп атымен жағаға алып шығады. Осы жолы Мәжит деген қайықшы абайсызда суға құлап кеткенде Секең тағыда атымен суға түсіп кетіп, оны ажалдан арашалап, дәу толқындардың арасынан көтере алып шығады. Және бұл жолы бір қоңыр өгіз жүгімен қоса ағып, ешкім шықпағанда Секең асау толқандарды жалдай барып оны да сүйретіп жағаға шығарады. Секеңнің осы жолғы жылқыны судан өткізудегі ерліктерін баяндаған қариялар оның бір қолына екі-үш қолының сирағын лақша ұстап отырғанда тамсана еске алады.

Бір жылы Сарбұлақ ауылының Ұрқайтерек деген жерінде пішен болып жатады. Жанында Қидолла, Болатқан, Окей қатарлы адамдар бар 4 адам бір күнде 75 су жердің шөбін тартпа мен түсіреді. Өз ішінен ұғысып шамалауынша мұның 25-ін Секең шапқан екен.

1970 жылдардың шамасы Жалғызқұдық деген жерде бір түйе құдыққа түсіп кетеді де, оншақты адам жабылсада шығара алмай қояды. Дәл осының үстіне келген Секең мән-жайды ұққаннан кейін, киімін шешіп жеңілденеді, етігінде шешіп бір метр тереңдіктегі Түйенің қос өркешінен қолын іліндіріп толқыта тартады. Осы кезде маңында тұрғандар айғай салып ұран көтереді. Ұранға қызынған Секең Түйені суырып алады.

Осы жылы пішен кезінде «Сағи мектебі» деген жерде Өміртай деген кісі ақ қабақ қоңыр тарғыл жуан Бұқаны шанаға салмақ болғанда, Бұқа сүзіп жаралап өмірлік кемтарға айналдырады. Бұған ызаланған пішеншілер Бұқаны сойысып тастамақ болып ұстайын десе маңына жолатпайды, маңына  жолатқанды қойып қуа келіп үйдің өзін іреп үрейлендіреді. Сонда бұған ызаланған Секең қолына келсап алады да Бұқаның қасына барады, өзін сүзбекке оқталып айбарлана басын бұра бергенде маңдайдан жалғыз-ақ ұрады, тау құлағандай құлаған Бұқа сеспей қатады, басқалар келіп бауыздап жатып қараса Бұқаның маңдай сүйегі ойылып сеспей қатқан екен.

1989 жылы Сарбұлақ ауылының Ұраңқартерек деген жерінің бас жағындағы Қаратал деген жерде Сүлеймен атты жылқышының түйедей қызылқасқа Өгізі құдыққа түсіп кетіп, бес адам өздері тартыпта өгізбен тартыпта шығара алмай амалсыздан Секеңді шақыртады. Мұндайға бұлданып көрмеген Секең дереу келеді де, Бұқаның екі мүйізінен ұстап сілке тартып суырып алады.

Бір жолы он шақты жігіт жабылып ұстай алмаған асау айғырды Серік жалғыз өзі ұстап алып, тырп еткізбей құлақтап тұрып ноқталап алған .

Бір өзінде он неше адамның қайраты бар Серік балуанның мұнан басқада талай балуандығы ел аузынан аңыз болып таралған.

Секеңнің балуандығын қоса шертілетін ерекшеліктерінің бірі ол кісінің қарапайымда халықшылдығы. Адасқан атты мүсәпір жалқы жігітті он жылға тарта үйіне жатқызып бағып, басына үй, қорасына қой салып бергені. Ілгіш атты жалғыз кемпір қайтыс болғанда өлім ісін өзі жөнелтеді. Қаби деген кісі дезентерия болып өлім халіне барғанда докторларға апарып ажалдан арашалағаны қатарлы Секеңнің алуан әңгімелері ауылдастары жағынан сағына еске алынады.

Секеңнің дене тұлғасындағы өзгешеліктер сөз болғанда қасында көп бірге жүрген адамдар: «басында екі жерде айқын жігі бар, денесін түгел түк басқан, арқасында болмашы жолақ жалы бар, құлағының жүнінің өзі бір елідей болып үрпие көрінеді, бөлек-бөлек бұлшық еттері нығыз ойнап тұрады, қолының сіңірлері белбеуіне білінеді. Ыра болғанда қайратты шашы тікірейіп түрі сұстанып кетеді, шашына ұстара әзер батады», – деседі.

1966 жылдан 1977 жылға дейін Сарбұлақ ауылдығының 4-ші малшылық  отрядында партия ұйымының басшысы, 1977 жылдан 1993 жылға дейін Сарбұлақ ауылдығының малшылық кеңсесінде кадр болып істеген алып балуан, халықшыл коммунист Секең 93 жылы 10-ші айда демалысқа шыққан еді.

Алыпты жер бетінен қызғанған опасыз тағдыр алқымына ауыру болып жабысып 1994 жылы екінші сентябрь күні арамыздан мәңгілікке кетті. Сүйегі туған жерінің Алқабек пен Білезік өзенінің аралығындағы жол бойына жерленді. Серік балуан 58 жас қана жасап бақиға аттанса да артында алыптық ізі қалды. Оның қазасына қайғырған халық қан жұтқан қаралы шағында немерелес інісі халық ақыны Құмарбек Шопатұлы оны жоқтап былай деп күңіренеді:

 

Аспандағы ақ сұңқар,

Қанаты сынып қайрылды.

Тасты шапқан ақ семсер,

Мұқалып дүзі майрылды.

Чемпионнан Жұңгоның

Алтай елі айрылды.

Опасыз дүние жалған-ай,

Айрылмас қайғы салған-ай.

Қаба аспанын бұлыт басып,

Жер бетін мұнар шалғаны-ай.

Басын иіп мүлгіді,

Қабаның қалың орманы-ай.

Жарымдады аспанда,

Нұрланып толған айдағы.

Қызарып батты мұңменен,

Жарқырап тұрған күндері.

 

Күні кеше ғана басынан сипап алғаш үкісін қадап ұядан ұшарына демеу болған арыс ағасы есіне түскенде өзін шәкірт санайтын Солтікен Көкішұлы да жыр моншағын көз жасымен төгіп көкірегін қарыс айырды:

 

Қайғырды халық бүгін арысына,

Жүйріктің мақтанушы дер шабысына.

Сайыста талай дәуді шөгеріп-еді,

Елінің кір келтірмей намысына.

 

Арыстың естігенде құлағанын,

Қайғымен қазасына жылағаным.

Кетпейді жүрегімнен сыншыл көзің,

Жүйрік деп құнанымнан сынағаның

 

Киелі пері қаққан жауырынан,

Жүлдемен оралушы-еді ауылына.

Алпыстың асуына асар кезде,

Қара жер тартты-ау сені бауырына.

 

Жүруші-ең қарапайым салтыңменен,

Қоштасудың мәңгілікке халқыменен.

Өлген соң асыл дене мыстан бекер,

Не керек аптасаңда алтынменен.

 

Асылдың алтын шығар білме теңі,

Мыс педі қолама еді таққан шені.

Білместің ісін аға армандама,

Көтерген төбесіне халқың сені.

 

Ежелден емес едің сөзге жұқаң,

Көрінбес жүрген жерің көзге жұтаң.

Келіпті Серік күшіп дегенді естіп,

Жіберер ерулігін қажымұқан.

 

Осындай балуан шәкірт, балуан ұрпағы, елі тұрғанда аруақты атаның аты өшпейді.

Иманың жолдас болсын Серік балуан!

(Аталған деректер 1994 жылы қыркүйекте Құмарбек Шопатұлының бастауымен Серік балуанның шаңырағына құран оқи барғанда жазып алынды, Солтікен Көкішұлының әңгімелерімен толықтанды).

Жәди Шәкенұлы

«Тұлпарлар дүбірі» кітабынан

Ұқсас жазбалар