«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Керей тайпасы! Тайбұға ұлысының сібірге келуі. Шолу

Авторы tugurul
974 қаралым

Керей тайпасының қазақ даласына келуі туралы қысқаша тарихи шолу. Қазіргі таңда Қазақстанда сан алуан ғылыми тәжірибелік конференциялар өткізіліп, ғылыми монографиялар, керей тарихына және батырларына арналған кітаптар шығып, керей тайпасының тарихы түгенделуде. Соларды нәтижелей отыра мынадай тұжырым жасауға болады. Керей ежелден Алтайды және Сібірді мекендеген. Шыңғысхан шапқыншылығы кезеңінде біраз бөлігі Шыңғысханның әскері қатарына өтсе де, бағынбаған қалың керей жаппай Батыс Сібірге, Оңтүстік Сібірге ығысты. Деректерге сүйенсек, керей ханы Тұғырыл (Оң хан) қайтыс болған тұста, оның Сангүн атты ұлы Тангут еліне кетті. Одан Тусах есімді ұлы қалды. Тұғырыл ханның Игі (Уйку, қытайша) есімді екінші ұлының тағдыры белгісіз. Игіден туған екі ұлы, Сарыша және Тайбұға Сібірге келіп екі өзен, Ішім және Ертіс, аңғарына орналасты. Белгілі Сібіртанушы ғалым Миллер ол туралы “Ішім өзені бойымен Сарғыштың халқы тұрады” дейді. Сарышаны Сарғыш деп халық аңыздары бойынша жеткізген Сібір жылнамаларына сүйене отырып тұжырымдама жасаған. Сарыша уақыт өте Тарышы атауына алмасты. Қазақстанда тұратын керейлердің басым көпшілігі осы Ашамайлы Тарышы керейлер болуы соған байланысты. Бірақ биліктің тізгіні Тайбұғаға тиесілі болды. Оның себебін Сібір жылнамаларында кездестіреміз. Шыңғысхан Дешті Қыпшақ даласына келген таңда, оған Оң ханның Тайбұға есімді ұрпағы осы далада деп жеткізген. Шыңғысхан нөкерлеріне Тайбұғаны тауып алып келіңдер деп бұйрық берген. Сөйтіп Тайбұға табылып, Шыңғысханның алдына келеді. Шыңғысхан Тайбұғаны, әскери қолбасшы қылып тағайындайды. Тайбұға естек (остяк) және вогул тайпаларын жаулап жеңіске жетеді. Шыңғысхан ризашылығын білдіріп, “кезінде Оң хан маған көмектесті. Енді міне сен қолқабыс болдың, қалағаныңды ал” – деп ізет көрсетеді. Тайбұға “осы далада билік құрсам” дейді. Осылайша, Тайбұға еншісін алып, Шыңғысхан оған өз қолынан Ұлыс беріп, Сібір Ұлысы Тайбұғаға өтеді. Ұрпақтан ұрпаққа өтіп Тайбұғалықтар тарихта Сібір Жұрты, бүркүттер деген атаумен белгілі болды.

(жалғасы бар…)

Нұржан Игібаев, тарихшы, зерттеуші-этнограф, сібіртанушы

Ұқсас жазбалар