«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ӨТЕЛМЕГЕН ҚАРЫЗЫ НЕМЕСЕ ТАЙБҰҒА БИЛІГІНІҢ ТАМЫРЫ – 1

Шыңғыс ханның қарызы

Шыңғыс хан   дәурендеген кезеңде – әлемдік биліктің тізігіні бір ғана – Шыңғыс әулетіне тән болды. Солай бола тұрса да, көп тарихта «тұқымын тұздай құртып, тоздырып жіберді» деп санайтын керей әулетінің бүтіндей жойылып кетпеуі мен Тұғырыл әулеті Тайбұғаның хандық билік басына келуі де талай тарихи әңгімеге мұрындық болады. Тайбұғаның билікке келу себебін тарихшылар оның бірнеше ұрыста ерен ерлік көрсетіп, еңбек сіңіріп, жеңістік алып бергендігінің нәтижесі ретінде көрсетеді. Деседе, сол дәуірдегі қатал әскери заң баптарымен қарағанда, ерекше ерлік көрсеткен батырларға жасалатын сый-сияпаттың да әр түрлі заңдық жолы қарастырылған. Алайда «жеңімпазға хандықты сыйлау керек» деген бап тіпті де жоқ.

Қазірге дейін тарихшылар бас қатырғысы келмеген немесе мән бермегенсіп айналып өтіп кете беретін керейлердің Тайбұға билігі (Түмен хандығы) көп ойларға жетелейді. Ендеше, мұның себебін әр түрлі жағдайлардан қарастырған жөн.

Бұл сұрақтарға жауап іздеу үшін біз аттың басын Шыңғыс, Тұғырыл заманына қайта бұрамыз.

Осы кітаптағы «Тұғырыл хан өмірінің соңғы кезеңі» аталған бөлімдегі оқиғаларды еске алғанда, қытай деректері бойынша «Цзинь патшалығының көмегін алған Темүжін осы жылдың күзінде ішкі-сыртқы себептерден әбден әлсіреп қалған Керей хандығына күтпеген жерде шабуыл жасап, Оң ханды тағынан тайдырған. Оң ханның хандығы жойылып, шекараға төнген қауіп сейілгеннен кейін Цзинь патшалығы Темүжінмен қандай бір мәмілеге келе отырып, өз қолбасшыларын кері шақыртып алған»[1] деген жолдар бар.

Біздің қанша ғасырлар бойы: «Шыңғыс хан мен соғысқан керей ханы Тұғырыл жеңіліске ұшырады» дейтін бұрмаланған тарихтың бір бұтағы осы жолдардан аңғарылады. Атап айтқанда, Шыңғыс хан өзінің анда әкесімен соңғы соғыстың бірінде (1203 жылы) күйрей жеңіледі.

«Шайқас кезінде керейлер Темүжін қосындарын айқын басымдықпен күйретіп тастаған еді. Шайқас аяқтаған кезде Темүжіннің қол астында бар болғаны 2600 әскер-шерігі ғана қалған, ол  Моңғолияның қиыр шығыс жақ аймағына барып бой тасалап, ол жақта аң атып, Керлен өзенінің төменгі бойындағы Балжұнақ көлінің шалшық суын ішіп әрең жан сақтаған. Керісінше,  керейлердің соғыстан кейінгі жағдайы  мүлде басқаша сипатталған. Керей ханзадасының бетіне оқ тигені болмаса, олардың соғыстан кейінгі мерейі үстем, көңілдері көтеріңкі, рухы биік болған. Темүжінді мүлде құртып жіберу мүмкіндігі бола тұра, алдағы уақытта оның қайта бас көтеруіне күмәнмен қарап, өзі келіп бағынады, келмесе ат үстінде, ағаш астында сай-сайды сағалап тозып жоғалады деп сенген[2].

Екі жақтың соғыстан есі шығып қалжыраған осы сәтін пайдаланған қытай жағы Шыңғысқа жасырын елші аттандырып, көмекке дайын екендіктерін, әрі соғысты (кек алу жорығын) созбай, мүлдем құпия түрде іске асыру қажеттілігін ұқтырады. Әрі оған көршілес өзге тайпаларды да көмекке шақыруға ықпал ететінін білдіреді. Онсызда бас көтере алмастай ойсырай жеңіліп, құруға бет алған Шыңғыс тобы арадағы аз үзілістен соң соғыстың ыстығы басылмай қайтадан атқа қонады. Сығайланған моңғол, қытай қосындарының түнделете жортқан қолы жасырын түрде Тұғырыл ордасына екі бүйірден жақындайды.

Осы оқиғаға қатысты «Моңғолдың құпия шежіресінің» 185-бөлімінде: «Қалуыдар, Шауырқан екеуі Шыңғыс қағанға : «Оң хан аяқ астынан алтын орда үйін тігіп той жасап жатыр екен. Тездетіп барып түнде жетіп тосыннан қоршайық» дейді» деген жолдар бар[3]. Соның өзінде түнгі қарауылдардан аман өту үшін алдын ала жіберілген шолғыншылар мүлдем жайбарақат, арнайы сәлеммен келе жатқан адамның бейғам кейпін танытса керек.

Бұл туралы тағы да қытай деректеріне жүгінсек, онда мынадай жолдар бар: «Қаған әскерін Вонан өзенінің жоғарғы жағына жинап, Ванханға шабуыл жасауға дайындала бастайды. Ол Ванханға тағы да екі елшісін жіберіп, оған жалғаннан-жалған мынау Хасаэрдың сізге айтқан сәлемі еді дегізіп былай дейді: «Мен қазір ағам Тайцзының (Темужіннің) қайда жүргенін білмеймін. Менің әйелім мен балаларым Ван (Тұғырыл хан) сіздің жақта жүр. Мен оны іздеп тапсам деймін. Бірақ, қайдан іздеп табамын? Ван, егер сіз біздің бұрынғы достығымызды ескеріп, өткізген қателіктерімді кешірер болсаңыз, сізге қол қусырып бағынуға дайын отырғанымды айтқым келеді». Ванхан бұл сөздерге сеніп, келген екі елшінің жанына өз адамдарын қосып беріп, уағданың нышаны ретінде торсыққа өз қанын құйып, беріп жібереді. Олар келгеннен кейін, екі елшіге жол бастатып, шеріктердің аузына ағаш тістетіп, Чжэчжэюньду тауына қарай түнделетіп жорыққа аттанады. Олар қамсыз жатқан Ванханға тұтқиыл шабуыл жасап, оны жеңеді. Кэле (керей) елінің барлық халқын түгелдей бағындырады. Ванхан мен Илахэ қан майданнан қашып құтылады. Ванхан қатты өкініп: «Менің ұлым мені қате түсінген екен. Мына қасіреттің орны енді қанша өкінгенмен де толмас!» – дейді[4]. Бір қызығы, моңғол деректемелерінің барлығында жоғарыдағы шындық мүлдемге бұрмаланып отырған. Ал Рашид ад-динмен Әбілғазы Баһадүр жазбалары да соларды қайталайды.

Қытайдан келетін қатерді естен шығарған керейлер жағы Шыңғыс ханнан мұндай қарсылық болады деп еш ойламаған еді. «Керейттер өз мүмкіндігін асыра бағалап, жайарақаттық танытты, оның соңы кейін өздеріне қан жұтқызды. Ақыры Шыңғыс ханның Ваңханға жұмсаған елшілері Қолудар, Шахурхандар арқылы керейттер қаннен-қаперсіз той жасап жатқаны туралы хабар алған Шыңғыс хан өз қолын жедел атқа қондырады. Сөйтіп, Шыңғыс хан қолы Жэжээр қыратындағы жер қыпшалдың кіре берісіндегі мекенінде той тойлап жатқан Ваңхан ордасын қоршауға алады. Тарихта «Жэжээр үстіртіндегі шайқас» аталатын ұлы қырғын осылай басталады»[5].

Осылайша, Шыңғыс хан қолы Тұғырыл ордасына жақындау үшін айла-шарғы жасап, олардың белгі беруімен бір қырдың астына жасырынған қалың қытай қолы да керейт ордасына лап қояды.

«Шабуыл Жежекер жотасының Жер-Қапчағай деген жерінде отырған Тұғырыл ханның ордасына жасалды. Жорықтың аса құпия жасалғаны соншалық керейлер моңғол әскерлерімен Тұғырыл ханның хан ордасында соғысты. Бұл соғыстың барысы туралы қытай деректері мен мұсылман авторлары егжей-тегжейлі мәліметтер беруге құлық танытпаған. Моңғол қосындары түнде жортып, күндіз жасырынып,  ең соңында Тұғырыл ханды ордасында қоршауға алып,  тар қысаңға қамап алып соғысқан»[6].

Сөйтіп, орданы басып алмақшы болған қанды ұрыс үш күн, үш түнге жалғасады. Соның өзінде ханның қорғаушылары Тұғырыл ханды балаларымен бірге мүлдемге жасырын түрде құтылдырып жібереді. Дәм-тұзы таусылған қарт неше күн, неше түн жортып әбден қалжыраған сәтте, түн ішінде бөгде қарауылдар жағынан аңдаусызда мерт болады.

Керейт елінің тағдыры 1203 жылы күз айында болған «Жижгэр өндөр» шайқасына шешілді. Бұл шайқаста, шын мәнінде, керейттердің күші басым болған еді. Олай деуіміздің дәлелі – бірінші шайқастан кейінгі қорытынды сөзінде Ваңханға оның бас уәзірінің бірі Начин Ширунның айтқан сөзі. Жалғыз ұлы Санкумның осы шайқаста бет сүйегі жараланып, қансырап жатқанына қапаланған Тогорил: «Жеңілмейтін жерде жеңіліп, жау оғы дарымайтын тұста дарығаны-ай! Баламның жауда кеткен кегін /намысын/ қайтару үшін дереу шабуылға шығайық», – дейді. Бұған Начин Ширун: «Уа, құзыретті хан ием! Бір рет райыңыздан қайтыңыз. Барлығымызға да бұл оңай тиіп тұрған жоқ. Әуелі Санкумның жарасын жазып алайық. Жамуха, Алтын, Хучар бастаған моңғолдардың көпшілігі біздің қолымызда тұр. Тэмужин қайда барар дейсіз. Оларда енді барар жер, басар тау қалмады»,[7] – деп тоқтау айтады. Ел мен жеріне адалдықпен қарайтын аңғал хан «жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» деген мәтелдің мәнісіне жете алмай, жар астына тығылған жауларының қастандығына ұшырағанын аңдамады.

Оқиғаның шын сыры дәл осылай. Ал, «қытай жағының Тұғырылға мұншалық өшігуінің сыры неде?» деген тағы бір сұрақ қылаң береді.

Деректерде Тұғырыл  хан кезекті хан тағына  отырғаннан кейінгі ең елеулі оқиға ретінде оның Цзинь патшалығы тарапынан «ван» деп ұлықталу оқиғасына кезек берген. «Цзиньши» кітабы берген мәлімет бұл оқиғаның 1196  жылы болғанын хабарлайды. Аталмыш еңбек берген мәлімет бойынша татар билеушісі  Меучжэн Сяолиту 1195 жылы Цзинь патшалығының қатаған, салжиут тайпаларын жазалау жорығында жүрген қолбасшысына шабуыл жасап, олардың ат-көліктері мен азық-түлігін тонап алған көрінеді. Келесі жылы Цзинь мемлекеті татарларды жазалау үшін Ван яньсян есімді қолбасшының басқаруынна  арнаулы қосынын аттандырған. Бұл жолы татарлар Ван яньсян бастаған нюйчжэнь қолынан жеңіліп Олжа өзеніне қарай шегінген. Цзинь мемлекеті қолбасшылары Моңғолиядағы тайпаларға жаушы жіберіп татарлардың қылмысын жариялап, оларды Цзинь қосындарымен селбесіп татарларды жазалауға үндеу жолдаған. Деректердің хабарлауы бойынша,  мұндай үндеу  ең алдымен Темүжіннге жеткен, ол бұл хабарды татарларда ата-бабасының кегі бар Тұғырыл ханға хабарлаған. Олар аттанып барып Мегүжін Сегүлтінің жасаған қамалын талқандап, оны өлтіріп, дүние мүлкін олжалаған, онан соң ортақ дұшпанды өлтіргендерін айтып,  Оңғын Шынсианға барған, ол бұған қатты қуанған. Олардың еңбегін марапаттап, Шыңғыс қағанға «Чауыт құры», Тұғырыл ханға «Оң (Ван)» атағын берген[8].

Цзинь патшалығының бұл жолғы Темүжінге берген «шекарашы қосындар қолбасшысы» деген ұғымды білдіретін жағұтқұри («Ja`ut-quri») деген мансабы, Тұғырыл ханға берілген «ван» (хан) деген шенмен салыстырғанда,  түкке тұрмайтын бірдеңе болатын. Соған қарағанда бұл соғыста оның сахарадағы беделі соншалық төмен болумен бірге аталмыш соғыста татарларды жеңуде көзге түсерлік үлесі болмаған дерсің. Француз ғалымы Р.Груссе  өз еңбегінде осы жағдай туралы тоқталған: бұл туралы тарихи деректер, бізге Шыңғыс ханға аталған соғыста, оның өз сюзеренінің, атап айтқанда енді ғана ұлықталған «Оң ханның» өте жақсы қолқанаты ретінде ғана мәміле жасалғанын керемет дәлелдеп береді деген қорытынды шығарған болатын[9].

Өздерін аспан астының иесі санайтын Цзинь патшалығының «ван» деген атақпен ұлықталуы оның далалық аймақтағы билігін заңды тұрғыдан мойындағаны болды. Бұл жолғы ұлықтау Тұғырыл ханның өз ұлысына, тіпті өзге көшпенділерге өз билігін жүргізу үшін батыл қадамдарға баруына керемет мүмкіндіктер беріп, оның айбыны мен айбаты асқақтай түсті.

Дәл осы арада, жоғарыдағы Цзинь патшалығының Алтан ханы мен Тұғырыл арасында бір келеңсіз оқиға жүз берді. Бұл туралы Маркополо естелігінде мынадай баян бар: Алтан патшалығымен бірлесіп татарларды жойғаннан кейін Керей хандығы мен Алтан елі арасында байланыс жақсара түсіп, Алтан ханы оған бір уәлаят сыйлаған. «Ол жердегілердің айтуынша осы қамал өте берік. Бірақ ол Алтын патшасының Оң ханға берген иелігі. Өйткені ол онымен мақтанады, сондықтан ол дереу Оң ханға опасыздық жасады. Оң хан бұл хабарды естігенде өте қобалжыды, өйткені бұл өте берік қамал болатын, оны шабуыл жасап ала алмайтын. Сондықтан бұл жағдай бір мезетке созылды. Кейін оның бастауымен он жеті атты жасақ  оның алдына келіп, Алтын ханын тірідей ұстап әкелуге пейіл екендігін білдірді. Оң хан іс біткен соң оларды сыйлайтынын айтып оларды қуандырды. Сонымен жетпіс атты жасақ Оң ханнан кетіп Алтан ханына барып бағынды, олар өздерінің қиыр терістіктен келгенін, Алтан хан үшін қызмет көрсетіп, оған адал нөкер болатындықтарын білдірді. Олар іске жарамды болғандықтан жаңа қожаларының ықыласына ие болды. Бір күні Алтан патшасы саятқа шықты, бір өзенге келгенде ол өзеннен өтпей тұрып маңындағылар бытырады. Осы кезде атты жасақтар орайдың келгенін білді де тап беріп Алтан патшасын қоршап, оны зорлықпен Оң ханның жеріне алып келді, осылайша ол өз халқының көмегінен тыс қалды. Олар Оң ханның ордасына барған кезде Оң хан тұтқынға ең сорақы киімдер кигізуді бұйырды әрі әдейі масқаралап, оны арнайы үй хайуандарын бағуға бұйырды. Алтан патшасы осындай кіріптарлық халде екі жылды өткізді. Әрі бастан ақыр қатаң бақылауда болды да қашып кете алмады. Екі жылдан кейін Оң хан оны өзімен жолықтырды, Алтан ханы қатты қобалжып, өзін өлімге кесіледі деп қарады, бірақ іс оның керісінше болып, Оң хан оған бұдан былай тәкаппар болмауды ескертті де оны босатып, оның бұрынғы хандық киімдерін қайта кигізуге бұйрық етті де оны өз еліне қоя берді. Содан бастап Алтан ханы өз салауатын сақтап ұзақ уақыт бойы Оң ханмен тату достық орнатып келді»[10].

«Цзиньши» кітабында кездескен мәліметтер бойынша,  Оң хан жыл басында Темүжінге шабуыл жасап,  оны қуып жібергеннен кейін, Цзинь патшалығының шекаралық аймақтарына әлде қандай қатер төндірген.  Бұл Цзинь патшалығының Керей хандығы арасындағы қалыптасқан  қатынастарын өзгертуге түрткі болған. Нәтижеде олар шекаралық  аймақтарда жаңа қорғандар тұрғызумен қатар,  әскер аттандырып Цзинь елінің шекарасына басып кірген Оң ханға шабуыл жасап, оны ауыр шығынға ұшыратқан. Цзинь қолбасшылары Цзунхао мен Вусан Куэй қосындары Оң хан қосындарын шекара сыртына қуып тастағаннан кейін,  шекара аймақтарға жақын маңындағы қоңырат, салжиут сияқты тайпаларды бағындырып, оларды Оң ханнан соққы көрген Темүжіннің басқаруына беріп Оң ханды жазалау міндетін Цзинь патшалығының «жаотаохуы» болған Темүжінге тапсырған. Цзинь патшалығының қомақты көмегін алған Темүжін осы жылдың күзінде ішкі-сыртқы себептерден әбден әлсіреп қалған Керей хандығына күтпеген жерде тұтқиыл шабуыл жасайды. Соғыс жеңісі Шыңғыс ханға тән болғасын қытай жағы дереу өз қосыны мен қолбасшыларын кері шегіндіріп әкетеді[11].

Қытай деректеріндегі «Цзинь патшалығының шекаралық аймақтарына әлде қандай қатер төндірген» дегені, әрине, Алтан ханды масқаралаған Тұғырыл ханның «әлінен асқан оспадарлығы» болса керек.

Ал Шыңғыс ханның 1211 жылға дейін Алтан еліне бас иіп, салық беріп тұрғанын еске алсақ, ол манағы «Тұығырылды күйретіп бергендігінің қарымжысы» екендігінде еш күмән жоқ.

Жоғарыдағы деректердегі оқиғаларды сараптай келгенде, әлем тарихшылары таңданып келген: «көктемде керей шабуылынан күйрей жеңіліп, не бәрі 2600 сарбазы ғана қалған Темүжіннің араға аз ғана уақыт салып, сол жылдың күзінде қуатты Керей хандығының 30 мың қолдық армиясын қалайша оң-оңай күйрете салды?» дейтін жұмбағына жауап тапқандай боламыз.

«Сөйтіп, керейттердің ел болып, еңсе көтеріп, ата жұртын орнықтыру үшін көне моңғол жерінде үш ғасыр бойы жүргізілген жанталасы осылайша сәтсіз аяқталды. Бұл орта ғасырлардағы көшпенді тайпалар үшін аса бір қанкешті жанталас еді. Дегенмен, керейттер қазіргі Моңғолия аумағында тарихта өшпестей із қалдырды»[12].

Дегенменде, мәселе мұнымен тындым болмайды. Шыңғыс хан бас идірдім деген керей сарбаздары оның алдында арының ақтығымен қасқайып тұрып жауап беретін болды.

Темужін, қытай біріккен қолының Тұғырыл хан ордасына жасаған шабуылының ақыры былай болды. «Үш түн, үш күн шайқасып қарсыласса да үшінші күні де кіре алмады. Оң хан, Сеңгүм екеуі де қалайша шығып кеткенін де біле алмады. Осы шайқасқаны Жіркіннің Қадақ батыры екен. Қадақ батыр кіріп келіп: «Үш түн, үш күн соғысып қарсыласып билікті ханымды көре тұра қалайша өлімін көремін деп жанын сауғалап күнелтсін деп суырылтып жібердім. Енді өлсем өлермін. Шыңғыс қаған бұйырса күш берейін» депті. Шыңғыс қаған Қадақ батырдың сөзін мақұлдап жарлық етеді:

«Билікті қарасты ханын аяп жанын сауғалап күнелтуге жіберіп осылайша қарсыласқандар жоқ шығар. Нөкерлессе тұрарлықтай адам екен» деп тарту берді»[13].

Дәл осы оқиға көп түрлі әдебиеттерде ұзын ырғасы біреу болғанмен әр түрлі баяндалады.

Жіркін немесе Қаңлы руынан шыққан осы Қайранбай (Қадақ) туралы қытай деректерінде: «Юаньши Оң ханның қаңлы тайпасынан шыққан Хайланьбай (Қайранбай) есімді әмірі туралы ол «кезінде кэленің (керейдің) Ван кэханіне (Он қағанға) қызмет еткен екен. Ван кэхань жойылғаннан кейін, ол өз үйін тастап, неше мың қолын бастап солтүтсік-батыс тарапты бетке алып суыт сапарға аттанады. Осы кезде Тайцзу (Темужін) оның артынан елші жіберіп, оны кері қайтуға үгіттегенімен, бірақ ол елшілерге: «Мен бұрын қағанмен (Темужінді айтып отыр) бірге Ван кэханьге қызмет атқарған едім. Бүгін Ван кэхань жеңіліп қалды деп өз тірлігімді өзгерткім келмейді» дегенді айтып кете барған. Оның сол бойы қайда кеткені белгісіз» деген мәліметті тәптештеп тұрып жазған[14].

Қалай болған күнде де Қадақ батырдың Шыңғыс ханға тікпе-тік, нақты жауап бергені, бағынғысы келмегені де шын. Тіпті оның: «бұрын сізбен біз Тұғырыл ханға қызмет еткен қараша едік қой, енді ханымыз жеңіліп қалды екен деп басымды иер жайым жоқ!» дегені ащы да болса, ақиқат еді.

Бұл сөздер бейне Бұқар жыраудың Абылайға:

Сені мен көргенде,

Тұрымтайдай ұл едің,

Түркістанда жүр едің,

Әбілмәмбет патшаға,

Қызметші болып тұр едің,

Сен қай жерде жүріп жетіктің?

Үйсін Төле билердің,

Түйесін баққан құл едің!…»[15] – дегеніндей, Шыңғыстың жан жүрегіне жеткізіп айтқан сөзі еді. Өзі түгілі Шыңғыс ханға: «Тұғырыл ханға қарыз едің ғой, арамдықпен анда әкеңді орға жығып, енді маған қай бетіңмен тіл қатып тұрсың?!» дегені деп түсінуге болар еді.

Қай деректе болмасын, Шыңғыс ханның Қадақ батырға қарсы уәжі болмағаны байқалады. Демек, өзінің көшпендлердің дала заңын бұзып, қарсыласын алдап-арбап, көшпенділердің ежелгі жауымен ымыраға келіп, қапияда басып қалғаны санасына кірді. Мүмкін «әкесі Ясукей түсіне кіріп: өзіңді қаған еткен, әкеңнің андасын, сен қалай қан еттің?!» деп күңіренді. Мүмкін Қадақ сынды керейдің талай батыры басын өлімге байлап, оның опасыздығын бетке басты. Мүмкін, «хан әкейінің»: «Менің ұлым мені қате түсінген екен. Мына қасіреттің орны енді қанша өкінгенмен де толмас!» деген үні құлағында жағырығып, жүрегін тырмалады.

Сөйтіп, Шыңғыс хан Тәңіріне тура қарай алмай, күрсінді, күңіренді, ашынды. Іштей мүжіліп, налыды. «Жеңдім» деп емес, «жеңілдім» деген ешкімге айта алмас жан наласымен тұншықты. Тұғырылдың алдында өтелмеген қарызы барын жан-тәнімен түсінді. Қарызды өтемесе, алдағы сапарларда жолы бола қояр ма?! Қарызды қалай өтемек?Жалғасы бар…

 

Пайдаланған әдебиеттер:

[1] Тото. Цзиньши (Цзинь патшалығының тарихы). – Пекин: ЧХШЦ,  1976. 9 ц., 11 ц.,

93 ц.  (Tuōtuō. Jīn shǐ, Běijīng: Zhōnghuá shūjú jiàokān běn, 1976 nián.

[2] «Моңғолдың құпия шежіресі» –  көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясы, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндермелерін, көрсеткіштерін жасаған Нәпіл Базылхан. Серия «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері». -I том.  -Алматы:Дайк-Пресс, 2006 жыл. 204 бет.

[3] Бұл да сонда.

[4] «Қазақстан тарихы туралы қытай деректері» V том. Алматы, «Дайк-Пресс» баспасы,  2005 жыл.

[5] «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» (ежелгі және ортағасырлық кезең). Монографиялық зерттеу. – Алматы: «Адамдар» ЖШС. 2007 жыл. 228-229 бет.

[6] Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 79 бет.

[7] Лубсан Данзан, Алтан товч. –УБ.,1990,73 бет.

[8] «Моңғолдың құпия шежіресі»  (көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясы, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндермелерін, көрсеткіштерін жасаған Нәпіл Базылхан). Серия «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері». I том.  Алматы: Дайк-Пресс, 2006.152 бет.

[9] René Grousset. L̉Empire mongol par// Вэнь Доуцзянь. – Пекин, 1989. 80 б. (Léinà. Gélǔsài. Gōng Yuè yì, Wēng Dújiàn xiào. Ménggǔ dìguó shǐ, Shāngwù yìn shūguǎn, 1989 nián.

[10] «Тұғырыл хан». Алматы, Palitra Press», 2019 жыл.

[11] Тото. Цзиньши «Цзинь патшалығының тарихы». – Пекин: ЧХШЦ,  1976. 9 ц., 11 ц., 93 ц.  Tuōtuō. Jīn shǐ, Běijīng: Zhōnghuá shūjú jiàokān běn, 1976 nián.

[12] Поздняков Н.Н. Монгольская империя в эпоху Чингисхана.-Л., 1941, е. 4; Л.РКызласов. Очерки по истории Сибири и Центральной Азия. –Кр., 1992; Кыргызы и их предки. /Под.общ.ред.Карилкулова А.-Бишкек. 1994.С.20.

[13] «Моңғолдың құпия шежіресі» – (көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясы, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндермелерін, көрсеткіштерін жасаған Нәпіл Базылхан). Серия «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері». I том.  Алматы:Дайк-Пресс, 2006 жыл. 204 бет.

[14] Сун Лянь. «Юаньши (Юань патшалығының тарихы)». Пекин: ЧХШЦ,  1976. 120-121 ц.(Sòng Lián. Yuánshǐ, Běijīng: Zhōnghuá shūjú jiàokān běn, 1976 nián.

[15] «Абылай хан», құраст:С.Дәуіт. Жазушы, Алматы, 1993 жыл. 37-38 беттер.

Жәди Шәкенұлы

«Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» кітабынан

Ұқсас жазбалар