«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Ұлт үшін туған тұлға

Авторы tugurul
1026 қаралым

Ұлыларды уақыттың өзі туғызады. Заманның өрті мен дерті, дауылы мен жа­уыны, сеңі мен селі шыңдап шынықтырады. Тарих ұзақ толғатып, сирек туатын ұлылар алдына ұлы мақсат қояды. Соның бір мықты мысалы – ұлт үшін туған ұлы тұлға Әлихан Бөкейханның өмірі, оның халық үшін басын бәйгеге тіккен тарихи қызметі. Қазақтың бағына біткен осы баға жетпес бағылан ұлт үшін қандай ұлы істер істегенін, бұл жолда қаншама тар жол, тайғақ кешкенін, елім деп еміренген жүрегінің жалынын түрме де, темір тордың іші-сыртындағы қинау да сөндіре алмағанын, қаһарман азаматтың қайсар рухы мұқалмай, қиындық көрген сайын тас қайраққа қайралған болаттай өткірлене түскенін көзіқарақты халықтың өзі де біледі. Оны тізбелеп жатпай, сөзі мен ісінің арасында айырма болмаған кемел ойлы кемеңгердің данышпанға тән даналық ой-толғамдарын сөз етпекпіз.

Әлихан Бөкейхан: «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сертке соққан семсердей сөзін өзінің бүкіл саналы өмірімен ақтап шықты.

«Бостандыққа қуаныңдар, мені басшымыз деп айтқандарың шын болса, міне, мен өле-өлгенше сендерге қызмет қылуға уәде беремін, сендер уәде бересіңдер ме бос­тандықтың жолымен болуға? Бостан­дық­тың жолымен болсаңдар: бишараны жемеу­ге, партияны қойып, бірігуге, бас пайдасы мен жұрт пайдасын бірдей көруге, барлық күштеріңді ғылым жолына, бостандық арқасымен көгеру жолына жұмсауға керек» деген сөздерінің астарын зерделесек, ұлылықтың тағы бір ұлағатын ұға түсеміз.

Бұл сәулелі сөздер Жүсіпбек Аймауы­товтың: «Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қыз­мет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт, ойла­ныңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халық­тың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» деген сөзімен рухтас. Ел қамын жеп еңіреген екі ер – Әлихан мен Жүсіпбектің ойларының егіздей ұқсастығы тегін емес, оның терең сыры – ұлт бақыты жолында басты бәйгеге тіккен тілек пен жүректің, іс-әрекеттің бірлігінде. Ұлт үшін жасаған еңбектері де ұлы!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садақа ететін осындай текті ха­лыққа, мені ұлым, перзентім деп төбе­сіне көтерген халыққа, арғы-бергі қазақ бала­сының бірде-бірі­нің пешенесіне бұйыр­маған бақыт – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құру­дың қасында болу бақытын бұ­йырт­қан халыққа қызмет етуден артық еш­теңенің керегі жоқ. Осы жолда мен бойым­дағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қан­дай да тәуекелге барамын», деген сөзі­нен ұлт көшбасшыларының мақсат-мұрат­тарының сабақтастығы айқын танылып тұр.

Халықтың көсегесі қайтсе көгеретінін Әлихан: «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құр­дастық саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады», деген сөзде­рімен тайға басқан таңбадай айқын айтып бер­ді. Ұлт бағына туған тұлғаның арманы да ұлы.

Әлиханнан сөз қалған ба?! Тағы бір мысал: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді. Тірі болсақ – алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деп те жазды ол. Тереңірек зерделесек, бұл сөздерде асыл арман ғана емес, керемет көркем, кермиық көрегендік те бар. Соның көркем көрінісі – өз тізгіні өзінде болған тәуелсіз Қазақстан! «Алаштың ортасы – Қараөткел, сонда салынған университет, сонда оқып жатқан қазақтың ұл-қызы, Еуропа ғана емес, әлем білген» қазақ.

Әлихан Бөкейхан айтқан ұлағатты ұлы сөздер өзінің маңызын күні бүгін де жоғалтқан жоқ. Оны айтасыз, өмірлік мән-мағынасы ескірмейтін бұл аса асыл, есті сөздер – тәуелсіз Қазақстанның әр азаматына жөн сілтеп тұрған бағдаршам, адас­тырмас ақ жұлдыз! Ахмет Байтұрсынұлы кезінде: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» деп жазды. Бұл сөздерде ұлылардың ұлағатты үндестігі бар.

Әлихан Бөкейхан, Жүсіпбек Ай­мауытов, Смағұл Сәдуақасов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай сынды Алаш арыстары­ның­ ұлт үшін жасаған істері еске түскенде ойға сол ұлылардың мұрагері Олжас Сүлейменовтің:

Бұл адамдар мәңгі өшпейтін,

Жүрек пенен көңілден,

Тірі жүрсе жол сілтер ед,

Ай-жұлдыз боп көгіңнен,

– деген жыр жолдары ойға оралады. Ақын досым, жүрегіме жақын досым Олжастың оймақтай болса да қор­ғасын­дай салмақты ойын қостай отырып, ай­тар аз ғана қосымша: ғасыр басын­дағы Алаш арыстары тірісінде ғана емес, о дүниеге озғалы да өздерінің аса асыл ақылымен ұлтқа жол сілтеп тұр. Шә­кәрім Құдайбердіұлы айтқандай: «Ақыл деген – өлшеусіз бір жарық нұр». Әдетте, Шолпан планетасының бір беті ғана көрінеді, ал екінші беті жердегілерге құпия, ол жеті ғасырда бір-ақ рет жарқ етеді. Мұны Әлихан сынды Алаш арыстарының аталы, баталы сөздеріне бейімдей, орайластыра айтсақ, бүгінгі біз, әсіресе жастар «Ақыл деген өлшеусіз жарық нұр» өсиет, қасиет сөздердің қадіріне толық жетіп, түгел игерген жоқпыз. Алаш көсемдерінің келер ұрпақ, кемел тарихпен бірге жасай беретін мол мұрасымен қаншалықты мол сусындасақ – ұлтқа соншалықты жақын бола түсеміз.

Ұлт көсемінің «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деген сөзін бүгінгі күнге бейімдеп айтсақ, Елбасы нұсқаған «Мәңгілік елге» апаратын нұрлы жол – ұлттық ынтымақ.

Тарихтың дауылы мен жауынында тапқанынан жоғалтқаны көп қазаққа керекті түгендейтін кез келді. Сол көп керектің ең бастылары: ұлттық рухты асқақтату, мемлекетшіл, халықшыл, елшіл болу, жағымды мағынадағы ұлтшылдық. Елге, халыққа ауадай қажет осы хас қасиеттердің бәрі – Әлихан еңбектерінде. Соны қайталап, қадап айтып, жастың да, жасамыстың да санасына сіңіре берсек, Елбасы айтқан ұлттық идея – «Мәңгілік елдің» де жұлдызы жарық, мұраты халық болады. Түйіп айтсақ, біз – тәуелсіз Қа­зақстан азаматтары Әлихан аңсаған асыл арманға жеткен бақытты ұрпақпыз! Алла Алаштың маңдайынан сүйіп тұр. Ендігі меже әлемдегі ең дамыған 30 елдің қа­тарына қосылу.

Ұлттың ұлы көсемі Әлихан Бөкейхан­ның аманатына, өсиет сөздеріне адал болсақ, бұл асыл арманға да жетеміз, ай­ран­дай ұйыған бірлік, ұлттық ынтымақ болса, Құдай қаласа. Құдайсыз қурай да сын­байды. Алла тағаланың әмірінсіз еш­теңе болған емес, болмайды да.

Бір Аллаға сиынып,

Кел, балалар, оқылық!

– деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, «бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шы­ғарып», адал, табанды еңбек етейік, ағайын. Мұзағаңның – Мұзафар Әлім­баев­­тың сөзімен айтсам:

Мен білемін не табуды, не іздеп,

Еңбек қана елді ұлы дегізбек!

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев ұсынған бес институттық рефор­маның негізгі арманы, мұраты, болашағы – біртұтас ұлт құру. Бұл ұлы мақсат та Әлихан айтқан ұлттық ынтымақсыз, ерен еңбексіз орындалмасы зайыр. Әлемнің, әміршісі – еңбек! Сол ұлттың көсегесін көгертетін еңбектің қозғаушы күші де, мызғымас мықты тірегі де Әлихан айтып кеткен ұлттық ынтымақ.

Сәбит ДОСАНОВ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

Махмұд Қашқари атындағы Түркі әлеміне сіңірген зор еңбегі үшін халықаралық сыйлығының иегері

АЛМАТЫ

https://egemen.kz/article/267682-ult-ushin-tughan-tulgha

Ұқсас жазбалар