Сұлубай батыр және «Сұлубай шоқысы» мен «Сұлубайдың әні»
Сұлубай батыр кім?
Шоқан Уәлихановтың: «Абылай хан заманы – қазақ батырларының дәуірі болды» деп жазғаны бар еді. Сол секілді Өр Алтайды тітіретіп айдай әлемге аты шыққан Оспан заманы да сан батырды тудырды. Басқасын айтпаған күннің өзінде Түркиялық қазақ ғалымы Абдуақап Қара шығарған Нұрғожай батырдың «Азаттықтың өшпес рухы» кітабы, Бүркітбайдың әні «Ойғайша», Сұлубай батырдың «Сұлубайдың әні» сынды нақты деректер талай сырды айғақтайды.
Сұлубай Сапыұлы (1907-1944) керейдің Жәнтекей атасынан тарайтын Тасбике руынан.
Атымды Сұлбай деп әкем қойған,
Руым Жәнтекейден ортаны ойған, – дейтіні содан.
Сұлубай төрт ағайынды болып, Байбол деген ағасы, Көңбай, Дөтбәй деген інілері болған. Шешесінің аты Мәлимә. Сұлубайдың өз кіндігінен Мағила, Зағила деген екі қыз туған. Сұлубай шаһид болғаннан кеиін, әйелі Шолпанды Қуанышбай батырдың інісі Ахмет алған. Сұлубай батыр пайдаланған ертоқым таяу жылдарға дейін Шынжаңның Баркөл ауданында сақталған еді.
Әкеден жастай жетім қалған Сұлубай қаршадайынан өзгелердің малын бағып, не бір қиын күндерді бастан кешеді. 1929 жылы төменгі Алтайдан Өр Алтайға көшіп, Шіңгілге қоныстанады.
1937-1938 жылдарғы Сталиндік зұлматты Шынжаң жеріне көшіріп қолданған Шың Шысай жауыздығына қарсы Алтай елі алғаш көтерілгенде, оған басшылық еткен Ноғайбайұлы Ырысхан Сұлубайды бауырына тартып, інісі етіп алады. Сұлубай қарымды балуан, өлеңші, әнші, айбарлы азамат болып жетіледі.
1937 жылы үкімет Ырысхан ауылынан почташылыққа бір адам беруді талап еткенде, Ырысхан Сұлубайды көрсетеді. Почташылық қызметті Сұлубай 1940 жылғы ақпандағы көтеріліске деиін жалғастырады.
1940 жылы ақпанда Ақтеке, Есімхан, Ноғайбай, Ырысхан, Оспандар Шың Шысайдың зұлымдығына қарсы көтеріліс жасағанда, Сұлубай, Сайып, Сүлеимен, Зәтелбай, Мусалармен бірлікте атойлап алға шығып, ерен ерлігімен, шебер ұйымдастырушылығымен көзге түседі.
Осыдан кеиін оның аты тіпті де таныла түседі. Сол жылы ақпанның басынан қазанның соңына деиін тоғыз айдай ерлікпен шайқасқан көтерілісшілер арт-артынан жеңіске жетеді. Сарбаздар саны он неше адамнан екі мың адамға жетеді. Қазақ қолы соғысқан сайын жетіліп, жеңімпаз қосынға айналады. Жаудың талайының жетесін қиып, жеңіліске ұшыратады. Осының барлығында Сұлубай атойлап алда жүреді, ақылына қайраты сай болып, алмас қылыштай жарқылдайды.
Жеңілген жау жағы – үкімет армиясы амалсыз халықпен ымыраға келіп, келісім-шарт арқылы соғысты тоқтатуға мәжбүр болады. Ел иелері ақылдаса келіп, көтерілістің туылуына себепкер болған түрмеде жатқан елдің білікті азаматтары – Шәріпхан, Мәңкей, Халел, Бұқат, Ақыттарды босатып алу шартымен соғысты тоқтатады. Осындай келелі кеңестің бас қосуында және үкімет жағымен болған келісім-шартта Сұлубай негізгі тұлғаның бірі ретінде қатысады.
«Елді ұйымдастырып көтеріліс жасауға мұрындық болар» деп алаңдаған үкімет жағы 1941-1942 жылдары Сұлубайға аудандық сақшының малын басқартып, оны өздеріне тәуелді етпек болады. Бірақ Сұлубай бұл шырғаны баспай, 1944 жылы наурызда көтерілісшілерге қосылып бас сардарлыққа тағайындалады.
Батырдың қазасы және «Сұлубай шоқысы»
Сұлубай – Оспан батыр қолының бас әскери қолбасшысына тағайындалған соң, 1944 жылы сәуірдің басында оның басшылығында, Бұлғын өзені құйғанының аяқ жағындағы Алатөбеде сұрапыл соғыс болады. Соғысқа қатысқан қазақ сарбаздары 700 шамалы адам болса, жау әскері олардан үш есе көп еді. Соғыс төтенше қян-кескі жағдайда бір аптаға жалғасады. Сұлубайдың шебер жетекшілігінде, қазақ қолы жаудың тас-талқанын шығарады. Бекіністі тартып алып, жеңіске жетеді.
Осы күні қашқан жауды өкшелеи қуып, соққы беріп жүргенде, Сұлубайға қапылыста оқ тиеді. Тайлақ түйедеи бурыл атының сауырын қан жуып, аттан құлайды. Сарбаздар оны дереу құтқаруға кірісіп, машинаға салып, кеңес одағының көмегімен келген арнайы дәрігерге жеткізеді. Шұғыл емдеуге кірісіп көмек көрсеткенмен өнімі болмайды. Оқ батырдың маңдайынан тиіп, оң жақ құлағының артынан шыққан екен. Қансырап екі дүние ортасында өліммен арпалысқан батыр үшінші күні шаһид болады. Бұл қазаға бүкіл қосын ғана емес, тұтас Алтай елі күңірненеді. Жер қайысқан қалың жұрт жаназасына қатынасып, көз жастарын көлдетіп, қара жердің қойнына қимастықпен аттандырады. Батырдың мүрдесі Бұлғын өзенінің құйғанының бас жағындағы Қомқарынға жерленеді.
Сұлубай батырдың шаһид болуы жайында Нұрғожай батыр өз естелігінде: «Ол «біз қазақ малды баққан момын едік, соғысты бұрын көріп жатылмаған» деп қарауылға шыққанда, маузерді қолына жұлып алушы еді. Аса мерген, аса жүректі, Оспанды оқ тигенде жауды қойша қырып, көтеріп алып шыққан ерекше күштің иесі болған ер Сұлубай Шыығс Түркістанның ең жоғарғы соғыс генаралы атағына ие болды. Ол «Қайқая шапқан қаракер, қайырылар ма екен қайран ел» деп, ұлты үшін шыбын жанын құрбан етті… Сұлубай өлді. Асқар таудан айрылдық. Бүкіл армия Сұлубайға аза білдірді. Сұлубайдың табыты алдында ант беріп, ұлт-азаттық қозғалысын мәңгі бақи жүргізуге серт бердік» деп жазады.
Батырға оқ тиген сол тауды халық аяулы батыр ұлының атымен «Сұлубай шоқысы » деп атайды. Өр Алтай төңкерісіндегі 10 адамға «батыр» атағын бергенде, соның бірі Сұлубай батыр болады.
«Сұлубайдың әні»
Сұлубайдың батырлығымен бірге оның ақын-әнші болғаны жайында ел ішінде аңыз-әңгіме көп. Тіпті тойларда қарсы жағына дес бермеген айтыскер ақын болғаны да айтылады. Сұлубай батыр көзі тірісінде де өзінің асқақ әндерімен жауынгерлерге рух сыйлап отырса, өлгеннен кейін де әні арқылы артында қалған сарбаздарын қанаттандырып отырған. Шынжаңда шырқалып жүрген «Сұлубай әнінің» сөзін толық келтіре кетсек, төмендегідей:
Атымды Сұлубай деп әкем қойған,
Руым Жәнтекейден ортаны ойған.
Жоқшылық қолды байлап бір қоймадың,
Бұл ісің әсте кетпес, сірә, ойдан.
Секпілтай Шаңқан, Тұрғын-ай,
Есен бол ел-жұрт, құрбым-ай.
Немесе соңғы қайырмада «Осымен өтті бір күн-ай» деп айтылады.
Астымда алқоңырым желмедің ғой,
Құдайым сұрағанды бермедің ғой.
Талпынып қанша қанат қақсам дағы,
Қысқа жіп күрмеуіме келмедің ғой.
Қайқая шапқан қаракер,
Қайрылар ма екен қайран ел?
Немесе:
Секпілтай Шаңқан көк жасаң,
Арман жоқ күліп ойнасаң.
Басында мәуесі жоқ қу қайыңның,
Жігітке пайдасы жоқ уайымның.
Сан жердің дәмін татып суын іштім,
Білмеймін қайда аларын құдайымның.
Былғары тоқым, бұрама зер,
Бұрылар ма екен біздің ел?
Сұлубай Өр Керейдің батырымын,
Сан жерде теңдік алған ақынымын.
Бағымды өзім өлсем әкетпей ме,
Шақабай осы жүрген жақынымын.
Шіңгілдің мөлдір суындай,
Деп салған әнім «Сұлубай»
Ән қайырмасы көбінесе әр екі жол сайын қайталанып отырады.
Сұлубай Сапыұлы өзі өлседе артына өшпес із қалдырған батыр. Өр Алтай даласында оның атындағы «Сұлубай шоқысы» кіндік өлкесін қорғау жолындағы мәңгілік ескеркішіндей зеңгір көкке бой созса, «Сұлубайдың әні» сол даланы қорғаған қызғыш құстай туған даласында қалықтай ұшады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Шәкенұлы Жәди. «Қытайдағы қазақтар». – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2007 жыл.
Ж.Шәкенұлы «Жалғыздың үні», сын-зерттеу мақалалары мен сыр-сұхбаттары. Алматы, «Ақотау» баспасы, 2010 жыл.
Науан Қызметов , Мақсай Белдеубаев «Өшпес мұра , өлмес азаматтар» «Мұра» журналы 1998 жылғы 3-сан.
«Азаттықтың өшпес рухы» (Нұрғожай батырдың естеліктері). – Алматы: Сардар, Құраст: Абдуақап Қара. 2008 жыл.
Жәди Шәкенұлы
Жазушы-академик