«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

СЕЙІТХАННЫҢ ҚИЛЫ ТАҒДЫРЫ

Авторы tugurul
1245 қаралым

Сейітхан Әбілқасымұлы (1926–1999), жазушы. 1926 жылы 18 қыркүйекте Қытай Халық Республикасының Алтай аймағы, Жеменей ауданы, Топтерек ауылында дүниеге келген.

1934 жылы мектеп табалдырығын аттаған талапты жас 1938 жылы, әкесі Үрімші түрмесіне қамалғаннан кейін, оқудан қол үзіп, еңбекке араласты.

1944-1945 жж. Ұлт азаттық көтеріліске қатысты.

1947 жылы Жеменей аудандық жастар ұйымының хатшысы.

1948-1954 жж. Шынжаң халық демократиялық одағының Қаба аудандық атқару комитетінің бастығы, Алтай атқару комитеті бастығының орынбасары болып істейді. 1954-1957 жж. Қытай коммунистік партиясы Алтай аймақтық комитетінің үгіт насихат бөлімінің меңгерушісі.

1958-1964 жж. «Алтай» газетінің бас редакторы болды. Мәдени төңкеріс кезінде қуғынға түседі. 1969 жылы абақтыдан қашып шығып, Моңғолияға өтеді. Қаламгердің үш роман, төрт повесть, екі өлеңдер жинағы моңғол, қазақ тілдерінде кітап болып басылып шығады.

1981 жылы «Жазушы» баспасынан «Қара боран» романы жарық көрді.

1993 жылы атамекеніне оралғаннан кейін жазушы қаламынан туған «Оспан батыр», «Ақ иықтың ақырғы балапаны», «Қуғын» атты кітаптары жарық көрген.

«Ақиықтың ақырғы балапаны»

Сейітхан Әбілқасымұлы 1925 қыркүйекте ҚХР ШҰАР Жеменей ауданында туған. 1944 жылдардан бастап ӨрАлтайдағы Оспан батыр сарбаздарының  төменгі Алтай бөлігінде әр түрлі жұмыстар атқарған. 1950 жылдардан кейін Алтай аймақтық органы және «Алтай газеті» секілді орындарда жұмыстар атқарған. Шығармалары газет-журналдарда жарияланып тұрған. 1969 жылы «үкіметке қарсы ұйым құрып, отанды аударуға ниеттенді» деген күмәнмен қолға алынады. Қызырбек Оралов екеуі түрмені бұзып қашады. Бақытқа қарсы Қызырбек қолға түсіп, ботасынан айрылған боз інгендей Сейітхан сол қашқаннан мол қашты. Моңғол жеріне өтеді. Онда 20 жылын өткізіп, тәуелсіздік тұсында атамекен құшағына оралып, 1999 жылы қаңтарда бұл дүниемен біржола қоштасты.

Сейітхан атаның Қытайда қалған ұлы Ержан екеуіміз құрдас едік. Онсызда аты аңызға айналған ағаны көру арман болып жүретін. 1997 жылдың 16 қаңтары Алматыға алғаш ат басын тіреп, Сейітхан атаға сәлем берудің орайы келді. Ол кісі болса бізді баласындай бауырына тартты. Жиі барып тұратын болдық.

1999 жыл 8 қаңтар. Монғолиядан келген Аятхан Тұрысбекұлы­на жолығып ем, ол кісі Секеңнің қатты ауырып жатқанын айтты. Мен 9 қаңтар таңертең Алматыдан автобусқа отырып Райымбек ауылына бет алдым. Көз алдыма Секеңнің қилы тағдыры елестеп, ойыма өлең шумақтары оралды. Оны автобус ырғағымен қағазға түсіріп алдым.

Мен сәлем бере кіргенде Секең серпіле қозғалып, қуанып қалды. Аз әңгімеден кейін өлеңді оқып бердім. Ол мынадай еді:

 

Тағдырдың талқысына байланбаған,

Ей, ата, сырқат дейді, қандай жаман.

Алтайдан Алатауға жортқан көкжал,

Ауырып қалды десе нанбайды адам.

 

Қалам болып қажырлы қолғанатың,

Кезіңде Толстойдай толғанатын.

Жай тұмауға жатқаның жарамас-ау,

Кісінейді далада арман атың.

 

Сені күтіп ақ шулан дала таңы,

«Мұңлы мүсін» өмірге сән атады.

«Қара боран» қанатын қайыра алмас

«Ақиықтың ақырғы балапаны».

 

Ей, ата, өр тұлғаңдай Алтай қайда,

Алтай десе көңілің марқаймай ма?

Жетпіске желкелетсең не тәйірі,

Жаман қой ісегінде қартаймай ма?

 

Демесін танымастар жасық мынау,

Бойыңда жігер-күшің тасып тұр-ау.

Ерлік емес жігіттің еңкейгені,

Тез арылсын жаныңнан сасық тұмау.

 

Сен Алтайдың ақ жайық даласысың,

Сен қазақтың қара нар баласысың.

Шал емессің, шал болып шалдықпайсың,

Әлі де жігіттердің ағасысың.

Өлеңді тыңдаған Секең орнынан қозғалақтап кетті. Көзі жайнап, рухы серпіліп, ұшатын қыранша қомданды. «Кемпір, кемпір, бері келші, тыңда мынаны» деп ас үйде жүрген Гауһар апамызды шақырды. Ол кісі келген соң қайта оқытты. «Жолда автобуста жазыпты, шынайы көңілдің толқуынан шыққан өлең ғой» деп көзіне жас алды. Маңдайымнан сүйіп: «Айналайын, қайда жүрсең маңдайың жарқырап жүрсін, жолың ашық болсын, Алла тек жақсылығын сыйласын!» деп ағынан ақтарылды. Әңгіме барысында «Ақиықтың ақырғы балапаны» кітабының еленбегені туралы да айтып өтті. Соңында «Кемпір, қалам әкелші, әлгі өлеңіңді көшіріп берші» – деді. Қолыма ілінген қалам қызыл сиялы болып шықты. Неге екенін білмеймін көңілім біртүрлі бола қалды. Іштей «әттеген-ай» дедім. Аттанарда ол кісіге «жазылып кетесіз» деп жұбату айттым.

Есіктен шығарда белгісіз бір себеппен артыма жалт қарадым. Секең ту сыртымнан жасаураған жанарымен телміре қарап отыр екен. Қоштасу сәтін сезінгендей жүрегім дір етті. Араға аз күн салып ол кісінің қайғылы хабары жетті. Қара жер қойнына тапсырып, артқы жұмыстарын өз қолымызбен атқардық.

Кейін «Ақиықтың ақырғы балапаны» мақалам «Әдебиет айдыны» газетінде, «Үн» журналында жарияланды. Аталған мақалада мынадай жолдар бар еді:

Қытайда туып, Моңғолда өмір сүрген, Қазақ жерінде қаза тапқан жазушының артында «Оспан батыр» (І том), «Қараборан», «Ақиықтың ақырғы балапаны» кітаптары мен әлі жарық көрмеген «Бір уыс қан», «Оспан батыр» (ІІ томы), «Қашып келем, қуып келед» («Қуғын») романдары қалды.  Өкініштісі, жазушының аталған еңбектерін басып таратуға немесе шығармалары туралы зерттеу-талдау жасауға нарықтық заман мұрша бермей келеді. Өзі жоқтың көзі жоқ дегенді қазақ осындайға қаратып айтса керек. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын беруге татитын «Оспан батыр», «Ақиықытың ақырғы балапаны» кітаптарының әдебиетімізге әкелген өзіндік үлесі де аз емес. Осы орайда жазушының «Ақиықтың ақырғы балапаны» (Алматы, «Білім» 1997 ж.)  кітабына тоқтала кетуді жөн көріп отырмын.

Жазушы бұл кітабында табиғат пен адамдар арасындағы тылсым құбылыстарды өзара тілдестіріп, екеуара ымыраға келмес тайталастарға қалам тартады. Жазушының қашаннан аңсайтыны – әділдік, адалдық, еркіндік. Мейлі табиғат құбылыстары болсын, мейлі жан-жануарлар әлемі болсын, адам жүрегіндегі кіршіксіз арманды арқалап таза ғұмыр үшін күрес жасайды. Жазушы өзінің жаны сүйетін жаратылыс дүниесінен екі елі ажырамайды. Заман және тағдырдың адамдар жүрегіне салған жарасын емдеу немесе осы жайындағы ащы ақиқаттарға бару – оның өзіндік қырын аңғартады. Автордың «Шерменде» әңгімесін:

«Денеге түскен жара жазылады-ау, жан жарасын жазу оңай емес шығар. Шерменде жанның сергіп, серпілуі қиын, – деген Рахила, шарасы жаспен шелейген қара көзін менен тайдырып, киіз үйдің түрулі есігіне аударды. Кеудесін күйдірген зар қусаны ернін күйдіре бұрқ еткізді» (266 бет) – деп бастауы да жайдан-жай емес.

Кітап оқиға желісі жағынан ғана емес, өзінің көркемдік деңгейі жағынан да «ақиықтыққа тән» ен-таңбасымен ерекшеленеді. Жазушы өзінің талбесігі болған табиғат ананы жанындай сүйіп, оның мөп-мөлдір аспанына, жап-жасыл қойнауына сүңгіп, соның ырғағымен тіл қатады. «Ақиықтың ақырғы балапаны» повесіне үңілсек мынадай жолдар ұшырайды:

«Күн кірпігі от ұшқынын шашпаған, сол ұшқынның күміс буы ғана шарпыған арайлы таңнын ақсұлу аспаны…» (210 бет).

«Салбыр қарнын сай тағанына төсеген сұрғылт тұман, тамылжып атқан таңнын уыз нұрын жерге тамызбай, жанымен жалап жұтып, өн бойына сіңіріп жатыр…».

«Дірілдеген қос қолымен қыса ұстаған ырғай таяғының ұшын табақтай күрең күреңсенің кекілінің астына тіреп, имек басын маңдайына төсеп, салмақ сала еңкейді…» (231 бет).

Бұл табиғат және адам шежіресінің аралығындағы сурет қиындылары. Онда қаншама қазақ қаламгерлерінің жүрек қылын шерткен мөлдір сезім, шалқар шабытын тасытқан алтын Алтайдың әсем бейнесі бар. Сол айналайын ақ мекеннің бауырында туып, тұнығына қанып есейген қалам иесінің еш қайсысы бей-жай сөйлемейді. Онда ана жерге – баба тауларға деген тағзым жазушы жүрегінен сыр суыртпақтап, қағаз бетіне еркін, көсіле төгіліп отырады. Тағдырдың тепкісімен сол таудың бірде күнгейін, бірде теріскейін жайлаған Секең де әрқашан туған өлкесін еміреніп, ет бауыры езіліп тілге тиек етіп отырады. Мұндай суреттерге көз салып отырып, жазушы қаламының құдіреті оның суреткерлігінде екенін еріксіз мойындайсыз.

«Тұнық аспан сүртілген айнадай жарқырап тұр. Шыңылтыр аяз бетіңді арадай шағады» (281 бет).

«Қара бура бұлт дымқыл, ызғарлы суық шудасын жая салып, қара жерді бұқтырып, бауырына баса шөгіп алған. Бітеуленген күз аспаны сұсты, түнек, жер беті – жылан сусылды жел…» (285 бет).

Жазушы табиғат суретін ғана емес, кейіпкердің сыртқы келбеті мен жан дүниесін жасауда да шебер қолтаңбасынан жаңылмайды.

«Маған оқыс жалт қарағанда оның жаңағы жасты жанары кенет қызыл шоқтанып, алма реңді алаулы жүзі сұрланып, қасының ортасынан тік түскен жіңішке екі шолақ сызық қырыстана тереңдеп, әдемі қырлы мұрны қусырыла қалды. Сынық биязы мінезі өзгеріп, иығы дір етті. Мұңлы майда, назды дауысы қатқылданып шықты… Қара көзінен ытқып шыққан меруерттей екі тамшы жас саусағындағы жүзіктердің бірінің үстіне тырс етіп, жарқыраған жүзікті бұлыңғыр тарттырды да, шашырай жайылып қайта өңін ашты… Басы ауырды ма қайтті, таранған аққудай алма мойнын ие, ақ маңдайын майысқақ ұзын саусақтарымен жиыра қысып-қысып қойды» (266 бет).

Мұнда кейіпкердің жан дүниесі, оның әрекет қылығы бәр-бәрі аса шеберлікпен көрсетілген. Әсіресе, кейіпкер көзінен ытқып шыққан жас тамшысының жүзікке тамуы ғажап! Ол жай ғана тама салмайды. «Жарқыраған жүзікті бұлыңғыр тарттырады да, шашырай жайылып қайта өңін ашады» – бұл тек сыртқы сурет емес, «оның» жан дүниесі – жан әлемінің лездік өзгерісі.

Жазушылық дегеніміз оқиғаны іркес-тіркес баяндай беру емес, көркем суреттер арқылы оқушыға ой салу болса, Сейітхан Әбілқасымұлы өз шығармаларында осы талаптан шығуға барынша ұмтылып отырған қарымды қаламгер. Оның шығармасының астарынан ылғи да мұң көреміз. Ол мұң әрине, көркем бояулармен көмкерілген тәтті мұң.

«Ақиықтың ақырғы балапаны» жинағы – енді бір қырынан қарасаңыз қуғын-сүргінге ұшыраған халықтың жүрегіне байланған шер шемені сияқты. Әсіресе, «Шерменде», «Қара саптаяқ», «Қасқа арғымақ», «Кісінеп жылаған сәйгүлік», «Аманат», «Қасіретті қаза» әңгімелері көлемі жағынан шағын болғанымен, бір дәуірдің қап-қара суық жартасын арқалаған аза күйі іспетті. Аянышты тағдырлар арқылы шертілген бұл күй сол зұлмат заманға лағнет айттырып қана қоймай, оқырманның өзегіне от тастап отырады.

Бұл трагедияның кінәлісін іздеген жазушы кейде ойларын тікелей айтуға дейін барып, зұлымдықтың келте күнін келемеждеуге дайын тұрады. Әділдіктің жеңетініне, жауыздықтың құритындығына сенеді. Міне, осындай ойлар жазушының жан жарасын сыздатып былай шертіледі:

«…Аспанға қарап еді, бітеу бұлттарды жел ыдыратты ма, шоғыр-шоғыр болып, дөңбекшіп биіктеп барады екен. Соның бір бөлегіне қадала қараған ол «О, тоба» деді шошынып, әлгі үлкен қара бұлт жік-жіктеніп, биіктей бере айна қатесіз «Сталиннің» қырын отырған бейнесіне айналған.

Түтінін будақтатқан аузындағы найына дейін дәл соның өзінен аусашы. Әлгі «Сталин» кешікпей қара аюға, одан иіріле қалған жыланға, бірте-бірте пұшпақтары жидіп шіріген елтіріге ұқсас іріп бара жатты. Бұлты сөгілген батыс көкжиекте қалған тарғыл бұлт қызыл жалаудай желбіреді.

Жиекке құлдилата қызыл қан дариясын ағызған шой қара бұлттар әр қилы сурет салып, жылжып бара жатты» (288 бет).

Бұл жолдар әдебиет тұрғысынан алғанда шығарма шырайына аса көркемдік әкелмесе де, бүкіл қызыл империяның суретін қысқа да нұсқа көрсеткен, халықты қан жылатқан жылдардың жинақ картинасы секілді.

Шекара аталатын қызыл сызықты бірде олай, бірде былай аттаған тағдырлардың «қайда барса да Қорқыттың көрі» болған аянышты халі жазушының өз басынан табылғаны сияқты шығармаларының да өзегі болған. Қанға құмар дүние ақырында қан жылаған зарлы ұлын қара жердің қойнына бөлеп тыныш болды

Отбасылық тағдыры ауыр Секеңнің Қытай жерінде Ержан атты ұлы қалды. Қазақ жеріне Гүлдан атты қызын жетелеп келді.

Секеңнің өмірі қазақтың қанды тарихының бір парағы сияқты. Ол шынында да «Ақиықтың ақырғы балапаны» еді.

 

Күнделік парақтарынан:

 

Адам өмірінің өкінішті сәттері көп, тағдыр тақымына қыл бұрау салған пендесі осыдан 30 жылдың алдында ажал қармағынан қашып құтылып еді. Өкшесіне түскен сұм ажал – ақыры бүгін құрығын салды. Өле-өлгенше тағдырға мойымап еді, қайсар еді; соңғы рет қоштасуда батасын беріп, қошын айтып, мен есіктен шығып кеткенше үзіле қарап қалып еді… Жарқын бейнесі әлі көз алдымда тұр, көзі күліп, ауруға есе бермейтіндей, денесін тік ұстап қалып еді… Қысқа жіпті күрмеуіне келтірмеген қу тағдырдың тұрмыстағы қыспағы да себепші болды ма екен, кім білсін?! Арманды өмірдің бәрі де арманды болатыны бар ғой, қайтейін…? (18. 01. 1999. Алматы)

Ол отыз жылдың алдындағы серігі Қызырбек Ораловтың қасына баратын болды. Олар ақыры бейіште кезігетін шығар (Қызырбек шаһит қой), олардың ең соңғы айырылысқанын айтып беріп еді… Бірі қыршын… бірі аңызы мен арманы қатарласқан қатігез ғұмыр… Түбінде барлығымыздың баратын жеріміз сол ғой…, еһ, жалған-ай! (19. 01. 1999)

 

Секең (Сейітхан Әбілқасымұлы) үшін бір бақыт бар десек – оның атамекен топырағында ұйқыға кеткені. Ал екінші бақыт – артына аз да болса мұра қалдырып кетті. Қызырбек секілді мырыштың жемі болып кетсе, ондай шығарма қайда?! Шіркін, артында қалған ұлы, елі Секең үшін қаншалық жұмыс істеп берер екен?! … Аты шулы «қашқындарының» өлгеніне қытай қалай қарайды екен?!..

Секеңнің соңғы аманаты – жазылған жазбалары жарық көрсе…

Сейітхан атаның ұлы Ержан менімен құрдас еді, оның да өзегі өкінішке толатын болды-ау, ей, шерлі өмір-ай, тағдырға не жаздыңдар екен?!

18 қаңтар кешкі сағат 5 шамасында сырттан жатаққа кірген Қанат: «Секең кетіп қалыпты!» деді, жүрегім зырқ етіп бетімді сипай бердім. Жанарымызға жас іркіліп, бір-бірімізге мелшие қарап отырып қалдық. Таңдай қақтым, «арманды ғұмыр, өтпейтін өмір болмайды-ау, шығармаларын аяқтата алды ма екен, жазушы үшін, өмірі – жасампаздық мұрасы ғой!» деп күрсіне бердім. Әттең-ай?!

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

С. Әбілқасымұлы «Қуғын» кітабы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы, Алматы, 2007 жыл.

«Әдебиет айдыны» газеті

«Үн» журналы

Ж.Шәкенұлы «Жалғыздың үні», сын-зерттеу мақалалары мен сыр-сұхбаттары. Алматы, «Ақотау» баспасы, 2010 жыл.

Ж.Шәкенұлы «Ақылнама» – әулеттік баян, «Өрнек» баспасы, Астана-2014ж.

 

 

Авторы: Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

Академик, жазушы

 

Ұқсас жазбалар