«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ТҰҒЫРЫЛ ХАН ТҰЛҒАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДАҢҚТЫ ӘУЛЕТІ ХАҚЫНДА

Авторы tugurul
889 қаралым

Тұғырыл ханның заманы, қолбасшылық, қаһармандық, ұйымдастырушылық өнері мен өнегесі Шыңғыс ханмен байланысы, шешендік-тапқырлық қабілет-қарымы Оң хан билеген Керей хандығы жайындағы тарихи мәліметтер «Монғолдың құпия шежіресі», Лувсанданзанның «Алтын шежіре», Рашид-ад-диннің «Жамиғ-ат-Тауарих», Марко Полоның «Саяхатнамалары», Әбілғазы баһадүрдің «Түрік хандар шежіресі» дейтін шежірелік-деректемелік жазбаларда толық көрініс тапқан.

Негізінде, тариха әдебиеттерде Тұғырыл ханның «Оғыз хан», «Уаң хан», «Тоғырылхан» дейтін жанама есімдері болған. Тұғырылды хан тағына отырғызған – Есукей.

Тұғырыл ханның қаншалықты қадірлі және оның қара балтадай қайраулы, қайратты болмысы, құдыретті шешендігі Лувсанданзаның «Алтын шежіресінде» былайша көрсетілген:

«Бұл кез Темүжін ауылы Сеңкір өзенінің бойынан көшіп, Керулен өзенінің бойында жатқан Бүрге деген жерді мекен қылады. Жаңа қоныста Темүжін, Жотан шешейдің киітке әкелген қара бұлғын ішігін алып, екі інісін қасына ертіп, әкесінің ескі досы – Толы өзенінің бойындағы қара орманды мекен етіп отырған Керей тайпасының Уаң ханына барады. Әкесімен дос болғаны үшін өз әкесіндей көріп барғаны еді.

Хан ауылына келген ол:

Әкемнің ескі досы едіңіз. Сізді әкемдей көріп, келініңіздің жасауында келген қара бұлғын ішікті үстіңізге жапқалы әкелдім!-деп ұсынады.

Бұған қатты разы болған Уан хан:

«Қара бұлғын ішігіңнің қарымына,

Қырған еліңді –

Құрастырып берейін!

Бұлғын ішік бодауына,

Бытыраған еліңді –

Біріктіріп берейін!

Бүйірінен бүйрегін,

Кеудесінен қақырығын

Кетірейін!

Бүйректен сирақ шықпасын,

«Көкіректен сыз шықпасын» – дейді

Не деген сесті сегіз қырлы семсердей сөз десеңші!

 

Шыңғысхан барыс жылы, қырық бес жасында Ұлы Қағанат тағына жайғасып, тоғыз тұғырлы ақ туын қондырғанда Тұғырлы хан: «Ұлым Темүжінді хан сайлағандарың өте орынды болыпты. Моңғолдар басшы болар ханы жоқ, қалай күн көрмек!» деп ризашылығын білдіріп: «Бұл бірлікті бұзбаңдар,Берекені жазбаңдар, Біріңді-бірің сыйлаңдар!- деп сәлем айттырады» (1).

Жеті атасынан хандық дәстүр үзілмеген Тұғырыл ханның анасы да ержүрек батыр екен, қап-қара түн ішінде алпауыт бөрілер қорғайды екен деп жазады тарихшы, этнограф Зейнолла Сәнік «Тұғырыл хан» дейтін еңбегінде.

Тұғырыл хан дәуірінде ерекше қасиеттерге ие Керей Көкше әулие дейтін болған. Оны «Тәңіртау», «Боғда», «Төбе тәңірі», «Тәңір бұты» деп атаған-ды. Ол туралы Әбілғазы былайша жазады: «Қонқамар руынан Меңлік егекеңіз ұлы Көкше деген бар еді, халық оны «Тәңірінің беті» деп еді. Сол келіп, «Маған Тәңірден ишарат болды. Темучинге бар, елге, халыққа бұ күннен соң Темучин демесін, Шыңыз десін, жер жүзінің патшалығын Шыңызға, оның балалары мен тұқымына бердім» деп айтты деді. «Шыңның» мағынасы ұлық және қатты деген болар, ыз – оның көпшесі. Көкше Моңғолияның суық, қыс күндерінде жалаңаш және жалаң аяқ жүрер еді. Ол: «Бірнеше күнде ғайыптан бір ақ боз ат пайда болар, соған мініп, Тәңірімен сөйлесіп келетін» дейтін (2).

Тарихшы, зерттеуші, жазушы Зейнолла Сәніктің жазуынша, Көкше әулие Шыңғыс хан ордасында телегейдей толқып-тебіреніп:

Уа, алдияр ханым,

Тәңірден суат алдың,

Тұғырыл ханнан қуат алдың,

Найманнан хатшы алдың,

Қоңыраттан ақыл алдың,

Жалайырдан батыр алдың,

Меркіттен қатын алдың- деп шынайы тілегін жеткізеді (3).

Тұғырыл ханның көргенділік, кесектік, кемел тұлғасы ол туралы Құбатегін жыраудың жоқтауында толық сипатталған:

  • Уа, Тұғырым, Тұғырым,

Айбатты алып хан едің!

Даңқың кеткен әлемге,

Аңқылдаған жан едің!

Құтлық әже өсірген,

Бұйрықтан туған дана едің!

Енді Тұғырыл ханның ұрпақтары хақында айтар болсақ, торғауыттар

дейтін әулеті моңғолдардың құрамында (Зейнолла Сәнік дерегі), Тайбұға бастаған Керейлер Есіл мен Тура өзендері бойын мекендеген. Нақты айтқанда, Қызылжар мен Көкшетау аймағында.

Академик Әлкей Марғұлан «Күміс сандық құпиясы» дейтін зерттеу мақаласында: «Бір күні Оразмәмбет ұшқан сұңқарының соңынан еріп, Тобыл қаласына таяу барып қалады. Осы арада олардың алдынан Тобылды басқаратын воевод Чулков Оразды, оның ақылшысы Қадырғалиды және Керейлердің атақты ханы Тұрғылдың ұрпағы Сейде үшеуін сол бетімен Москваға жібереді деп жазған еді (4).

Яғни Сейде (Сейдақ, Сейд-Ахмет, Сейтен,) 1583-1588 жылдарда Сібір ханы һәм әскери қолбасшысы болған.

Енді Оң ханың ұрпақтары Алтын Орда дәуірінің ұзына бойында байтақ Сібірде билік құрады. Екі ғасырдан астам ұзақ заман. Алтын Орданың ыдырау кезеңінде Жошы-Шибан нәсілімен тайталас басталады. Әуелде Шибан әулеті жеңіске жетеді, одан соң Тайбұға тұқымы қайтадан орнайды, одан соң тағы да аударыспақ; бұл қырқыстың ең соңғы өкілдері – Көшім хан мен Сейдақ хан болды. 1582 жылы ғана Сібір ханы Сейдак, Тайбұғы ұрпағы Тәуекел Қазақ ханымен Одақтық келісімге қол қойды. Қараушысы болып Қыдырали Жалаири тағайындалды.

Оның Қазақ хандығымен одақтық келісімге отыруы Сібірде Көшім ханды жеңіп, Іскер, Қышлық қалаларын Ермектан Тайбұғы жұртына қайтару үшін Сейдак шайқасқа аттанды. Сейдак хан Ермакты жеңіп Сібір хандығын қайтырып алды. 1588 жылға дейін хан болып отырды.

Сібір хандығының Орыс патшалығына айтарлықтай қарсылық көрсете алмай, тезінен құлауының бір себебі екі әулеттің елді тоздырған жүз жылдық күресі болатын. Көшімнің ғұмыр кешуі белгілі. 1598 жылы түнекке батты. Ал Оң ханның ұрпағы Сейдақ хан одан он жыл бұрын, Тобыл қамалында, аяр опасыздық нәтижесінде, қазақ сұлтаны Ораз-Мұхамедпен бірге тұтқынға түсіп, Мәскеуге жеткізілген(4).

Орыс отаршылдығының күшейе түсуімен Тобыл, Тұра, Об бойын жайлаған керейлер Солтүстік Қазақстан өңіріне қоныс аударған. М.Тынышбайұлы керейлердің Шыңғыс ханға мойынсұнбаған бір бөлігі меркіттермен бірге Торғай даласына дейін ығысқан еді, бүгіндері Кіші жүздің Жетіруы құрамында Керейт тайпасы сол босқындардың ұрпағы болуы мүмкін десе, Ақсақ Темір жорықтары туралы жазбалардан сол кезде Керейлердің Қара Ертістен Алакөлге дейін мекенденгенін айтады. Жоңғарлардың XV ғасырдың басынан қуатты күшке айналуымен олар Балқаш, Алакөл аймағындағы керейлерді тағы да босқындық күйге ұшыратқан.

Керейлердің бір тобы XV ғасырдың аяғы мен XVI ғасырдың басында Жошы тұқымы – Мауереннахр мен Хорасанда билік жүргізген Мұхаммед Шайбани ханның жорықтарына да қатысты.

Керейлердің мекендеген жерi жайлы Ашамайлы Керейдiң Көшебе руынан шыққан атақты қолбасшы батыр Қожаберген жырау Толыбайұлы(1663-1763) «Елiм-ай!» атты дастанында:

Мекендеп Тобыл, Ертiс екi арасын

Қазақтың күйге бөлеп ен даласын

Сауықшыл Орта жүздiң Керейi едiк

Үш жүздiң жат көрмеген еш баласын, – деген дерек келтіреді (6).

Тұғырыл хан жөнінде Шәміс Құмарұлының «Тұғырыл хан» романында қазақ мемлекеттігінің қалыптасу дәуіріндегі сайыпқыран тұлғаның және ат үстіндегі бабаларымыздың қаһармандық істері суреттеледі. Ал бақсылардың пірі Көкше әулиенің тұлғасы әнші-ақын, композитор Әсет Найманбайұлының «Салиха-Сәмен» дастанында сүйіспеншілікпен жырланған.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.5. «Тұғырыл хан». Алматы, Palitra Press», 2019 жыл.

  1. Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы, «Ана тілі», 1991, 57-58 беттер.
  2. З.Сәнікұлы, «Тұғырыл хан». Алматы, «Palitra Press», 2020 жыл.
  3. «Қазақ әдебиеті», 1981, 1 январь.
  4. Қожаберген жырау «Елiм-ай». Құраст: Б.Тұрғараев. Петропавл – 2009, Облыстық Баспа үй).

 

СЕРІК НЕГИМОВ,

   Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

   филология ғылымдарының докторы,

   профессор

Ұқсас жазбалар