«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Кеңес өкіметінің қас жауы болған Мұқа болыс…

Авторы tugurul
537 қаралым

Құдалардың әңгімесі…  

Күз. Қараша айының алғашқы күндерінің бірі,  түс мезгілінде ұялы телефоным әндетіп қоя берді. Өзіміздің әріпетес тарихшы , ақын ағамыз Молот Мұсаұлы ашық жарқын дауысымен «…кешке Ынтымақ ауылына жетсең, Алматыдан бір ағамыз келіпті. Мұқа болыс туралы айтары бар көрінеді, сен мәліметтер іздеп жүр едің ғой» деп хабарласты. Айтқан уақтымызда екі көлікпен зуылаған күйде ауылдың шеткі көшесіндегі ашық қақпалы еңселі үйдің ауласына кіріп бірақ тоқтадық. Ішке ендік, үй иесі Марат құда амандық-саулықтан соң аласа бойлы, шашын артқа қайырған, жүзінде зиялылықтың табы бар егделеу кісімен таныстырды. Катеков Ермек, өзін Суан, оның ішінде Солтанғұлмын, деп таныстырды. Молот аға сөз бастап әңгімеміз өріліп жүре берді. Сұраса келе үлкен қызым Назеркенің атасы Сарыбелдегі Тоқтасын құданың, екі көзінің бірі, аталас жақын туысы болып шықты. Аяқ астынан Молот аға жұмысы шығып, асығыс қайтып кетті. Үш құда әрі қарай әңгімеміз жарасып, сөз алған Ермек аға жайлы қоңыр дауысымен өткен шежіреден сыр тартты:

 

…Мұқа болыстың інісі Мұстафа, оның Анар деген қызы менің туған анам. Бірақ, мен нағашы атамды көрмедім, сонда да үлкендердің әңгімесінен ол кісі туралы көп естідім. Соның бірі менің әкем Абдолданың інісі Тоқмолданың көзін көріп өз аузынан естігенім, мынау еді. Бұл сол 1946-1947 жылдары болған оқиға.

Онда  менің бала күнім кіші әкемнің үйінде көп жүретінмін. Ол кісі құйрығын кескен бесті жылқыны басқа малдарға қарағанда  ерекше ықласпен күніге көз айырмай жақсылап күтіп-баптап жүретін. Күндердің күнінде әлгі бесті аяқ астынан жоқ болды. Кіші әкемді сырттай бақылып  қоямын, күндегі қалпы. Жоғалған жылқы туралы сұрау да салмайды, іздейін деген ниетте білдірмейді. Содан біраз уақыт өткен соң шыдамым таусылып, Тоқмолда әкемнен бір күні әлгі жоғалған жылқы туралы сұрадым. Сондағы ол кісінің жауабы былай болды: «…бұл малды маған Мұқа болыс берген, уақытша қарап бер деп» -деді де, қысқа қайырды. Кейін білгенім, сол бір алмағайып заманда дұшпанға деген намыс буған болыс атамыз үнемі қазақтың мықты сайыпқыран жігітерінен қол ұстаған екен. Және  ол жаңағы жасағының бір бөлігіндегі барымташы жігіттерін Советке, Қытайдың ішкері жағына,  қалмақтар отырған жаққа жіберіп  үйір-үйір  жылқыларды айдатып алдырады. Бұл жерде ол кісіні ұры деп түсінбеу керек, себебі: Мұқаның әкесі Әжібек қажылыққа барған, інісі Тұрысбек екеуі де Жаркент өңірінің атақты бай-қуатты адамдары болған. Ағайынды екеуі Патшалық Ресей тұсындағы генерал Колпаковскийдің кезінде бүкіл Іле өңірі қазақтарына билік жүргізген. Меккеден қажылықтан келген соң «Қажы болдым, мұсылманның бір парызы ретінде мешіт салдыру ләзім» – деп,  Жаркент қаласында мешіт, медресе салу бастамасын алғаш көтерген адам-деген мәліметтер бар. Әжібектен тараған балалар – Мұқа, Мұстафа, Хамит, Мәжит, Уәли, Абдрахым төре.

Абдрахым төре – исі Суанға билік еткен төре болған ба? Мысалы, Ұлы Жүздің Албан ата ұрпақтарын Тезек төре басқарған. Оны тарихтан білеміз. Абдрахым Суанның Сатай атасының ұрпағы. Тарихта Суанға билік еткен Адамсат Ибақов – деген төренің болғаны рас. Бірақ, ол Суан емес Төре. Иә, біраз ізденіс жасап еңбектенуге тура келіп тұр… Сөйтіп, оның жауабы да табылды. Заманында Әжібек қажы генерал Колпаковскиймен өте жақын араласқанын жоғарыда айтып өттім. Содан, 1881 жылғы Петербург келісімінен кейін генерал Құлжа қаласын тастап шығады, сонда онымен бірге Қытай билігінен сескенген Әжібек те Қорғастан бері өтерде, Қызайға билік еткен Рабат төренің қарындасын алып қашып келеді. Міне, осы Рабат төренің қызынан туған Абдрахымды нағашысының құрметіне Төре еген есімді қосып беріп, бүкіл Суан солай атап кеткен. Абдрахым төренің үш әйелінен 9 ұл, 9 қыз тарайды. Дәл қазір біздердің басымызды қосып дастархан жайып отырған Марат құда сол Абдрахым төренің Дәулетхан деген баласының ұлы, яғни, немересі. Дәулетханның інісі Қызырхан аға менен кейінгі інім Қалибектің қайын атасы, яғни, Қызырхан аға да менің туған құдам. Міне, қазақтың туыстығы қалай жалғасады…

Сонымен, жоғарыдағы әңгімемізге қайта оралайық: большевиктік Кеңес үкіметі әкеден қалған соншама байлықтың бәрін күшпен тартып алды емес пе?!… Қарсыласқандарды «банды», «кулак» деп, атты, қалғанын жер аударды. Арада айбарынан дүйім ел қаймығатын Мұқаның өзі де түрмеге қамалып шыққан деген деректер бар. Іштегі ыза-кек жанға маза бермеген соң қазақтың жаужүрек жігіттерінен жасақ құрап, дүркін-дүркін шекара бұзып өз малдарын арғы бетке бұлар да күшпен тартып әкетіп отырған. Дегенмен, болыс бұл әрекеттің бәрін ел-жұртының игілігіне жұмсап азаматтық танытты. Және  оның барымталап мал алуы қажеттіліктен туындағын оңды әрекет еді.  Ал, қызылдардың комотрядының талай мәрте тартып алған малдан басқа, еңкейген шалмен, еңбектеген  бала-шағаға дейін пулеметпен қойша қырған озбырлығының қасында оның бұл ісі теңізге құйған тамшыдай десе де болар…

Содан, әкелінген малдардың ішіндегі бесті жылқыларды іріктеп алып құйрығын кестіріп, шекара асып келген қазақтарға бөліп-бөліп беріп қойып бақтырады. Жылқылардың саны 40-қа толғанда осы аймақтағы қытайдың билеушісі Чың Сайға апарып береді. Ол кезде Қытайдың шығысындағы Сандүн аралын ағылшындар, бір бөлігін жапондар, манчжурлар т.б. басып алып, тоз-тозы шығып жатқан болатын. Қытайдың өз билігі тек орталығында ғана болып, оның ішінде  солтүстігінде  Мао Цзе Дун бастаған коммунистік «күнсандаң», ал, оңтүстігінде Сун Ят Сен басшылық еткен  гоминдан – деп екі партияға бөлініп өзара қырқысып жатқан кезең еді. Демек, гоминдан партиясын жақтаушы, өңір билеушісі  Чың Саймен Мұқа болыс жақсы қарым-қатынаста болған. Менің әкем де сол жылдары  зәңгі сайланып ел ісіне араласа қызмет істегендіктен болыспен жақсы сыйласты, әрдайым бір-біріне қол ұшын беріп көмектесіп тұратын.

Мінекей, Мұқа болыстың ондағы негізгі мақсаты: Советтің қырғынынан жансауғалап шекара асып келген қазақ бауырларын Қорғастан бастап Сайрам көл, Нылқыға дейінгі және Жетісу Алатауының оңтүстігіндегі таулы аумаққа қоныстандыру болды. Нақтырақ айтсақ, сол маңайда отырған – маңғұл, сібе, солаң, қалмақтарды ығыстырып қазаққа жер алып беріп отырған.

Мысалы, Мұқа болыстың осындай қамқорлық  шарапатының арқасында біздің әулетке де сондай жердің бір пұшпағы тиді. Жазда жайлауға шығамыз, тау етегінде қыстауымыз болды. Емін-еркін өмір сүріп, тіршілігімізді жасадық. Біз тұрған Шетбұлақтан бір жота ассаңыз арғы жағында Қоралы Сай деген сай бар, оны Ортабұлақ деп атайды. Сол Ортабұлақтың кішкене сай бөлініп шығады соны бойлап жүре берсеңіз жоғары жағы тұйықталып Қора деп аталады. Сол Қоралы сайда Мұқа болыстың жылқылары толып тұрады деп еститінбіз. Әзір ойласам сол малдың бәрін болыс атамыз, қайғы мен қасірет шекен қазағының еңсесін көтеруге, елдің тыныш өмір сүруі үшін қажетті –  жайлау, қыстау, тұрақтайтын мекен алып беруге жұмсаған екен ғой.

Сондай бір ел басына күн туған зар заманда қазақ арып-ашып, мал-жаннан айырылды. Міне, сондағы Мұқа болыстың қайраткерлігі, ұлтжандылығы –  «Елім-айлап!» шекара асып, жат жұртқа табан тіреген бауырларына арыстандай айбарымен қорған, пана болған екен-ау, есіл ер! Қазақтың дербестігін аңсаған, Алашордашы ұлт қайраткерлерін Алтынемелде ақ үй тігіп, дастархан жайып, құрметпен қарсы алған болыс, Кеңес өкіметінің бітіспес қас жауы еді.

Кейін, Советтің көмегімен жеңіске жеткен коммунистер гоминдандықтарды бұл өңірден қуып шығады. Коммунистердің қолдауымен аймақ билеушісі болған Чың Дуан Мұқа болысты советке ұстап бергендігін де аталарымыздан естіп едік. Мұқаның балалары – Қасенхан, Молдахан, Мұсахан атты үш ұл. Үлкен ұлы Қасенхан Үрімжіде оқыған қытай тілін білетін өте сауатты еді. Қытайдан бері өткенде, 1962 жылдары Молдахан осы Жаркент өңірінде қалып, Мұсахан және Мұқаның інісі Мұстафаның ұрпақтары Талдықорған жақтағы Қоңыр деген жерге барып орналасқан, қазіргі таңда өсіп-өніп бір қауым ел болып отырған болар…

1952 жылдың көктемінде Қорғастағы 7 жылдық мектепті үздік бітірген біздер – Майкөтов Нұрдәулет, Нақысбеков Болатқан Құлжа  қаласына бардық. Ол жерде Нарынқолдан, Кегеннің «Білім жұрты» аталатын 10 орта мектеп бітіргендері бар бас-аяғы 23 бала жиналдық. Бір айлық арнайы дайындықтан соң біздерді одан әрі Үрімжі қаласына аттандырды. Сөйтіп, қазақ, татар, ұйғыр, өзбек, қырғызымыз бар бәріміз осы Үрімжідегі «Дарын пунун» атты мұғалімдер дайындайтын институтта бір жыл оқыдық.

Оқу жылын аяқтағанымыз сол еді қытайдың Пекин қаласынан шұғыл хабар келді. Содан не керек, емтихан тапсырған шәкірттердің ішінен ең үздік деп танылған 11 оқушы жедел түрде Пекин қаласына оқуға жіберілдік. Біздерді бірден «Мұнай министрлігінің» қонақ үйіне орналастырып, бір манчжурды жолбасшы етіп тағайындады. Қорегіміз – жың мама, бір тілім нан, күріш тағы сондай қуаты аз тамақтар. Бұнда, әр жақтан әкелінген – тибет, ұйғыр т.б. аз ұлт өкілдерін коммунистік тәрбиеге үйретеді екен. Көп ұзамай Пекиндегі «Ұлттар институтына» қабылдандық, соның арқасында су жаңа екі жылға жететін – киім-кешекпен қамтып,  жатақхана алып, ас-су мәзіріміз де тәуір болып,  жағдайымыз әлдеқайда жақсарып қалды. Онда бізге «…мамыр айына дейін осында болып, ары қарай оқуларыңды Кеңес үкіметі аумағында  (СССР) жалғастырасыңдар» деді.  Көзді ашып-жұмғанша 1954 жылдың мамыры да келіп жетті. 1- ші мамыр мейрамында аз ұлттар өкілі болғандықтан, ұлттық қазақы киімімізбен Пекинде өткен үлкен шеруге қатысып, салтанатты түрде атақты Мао Цзе Дун мен Жу  Ын Лайдың алдынан  өттік.

Уақыт зымырап өтіп жатты, әне-міне СССР-ға  кетеміз деп жүрген кезімізде, «атаманымыз» Абдрахман (ұлты татар) «…Жігіттер! Менің әке-шешем совет гражданы, оқудан соң сол Қазақстанда қалып қалсақ бола ма?.. Қалай ойлайсыңдар..?» дегені. Бәріміз аңтарылып қалдық, содан мен айттым «Менің де ата-анам совет гражданы…»,  «Менің де!…» , жан-жақтан дауыстар қаптап кетті. Сөйтсек, келген 11 баланың  9-ның әке-шешелері «Совет граждандары» екен. Анығын білу үшін ақылдаса келе бәріміз Пекиндегі Кеңес үкіметінің (СССР-дің) елшілігіне бардық. Ол жерде біздің түпкі ойымызды білгені сол-ақ екен, елшілік қызметкерлері бәрімізді  ұрсып қуып шықты. Бұл жағдайды сыртымыздан бақылап жүрген тыңшы «әлгі жолбасшы манчжур» бірден жоғары жаққа хабарлайды. Қытай Үкіметінің Қауіпсіздік бөлімінің адамдары арнайы елшілікке барып мән-жайды ұққан соң, біздің Қорғас ауданына шұғыл хат жібереді. Содан, аты шулы «9-дың Совет гражданының» балалары екендігіміз анықталған соң институтта жедел түрде жиналыс ашты. Нәтижесінде, «Сендер, 9 бала СССР-ға оқуға бармайсыңдар!» деген шешім шығарды. Біздер «онда осында қалып жоғары оқу оқиық»-деп, «Пекин» және «Халық университетіне»  бардық. Ондағылар,  «Шетелдіктерді қабылдамаймыз!» деп, ат-тондарын ала қашып жуытпады, содан бәріміз кеңесе келе амалсыз қайтадан Үрімжі қаласына қайттық.

Сонымен, бір жыл бұрын өзіміз оқыған Үрімжідегі «Дарын пунун» мұғалімдер институтына қайта бас сұқтық. Бізді суық қарсы алған оқу ордасының бастығы Жан Пияң Жан қабылдамайтынын айтты. Біз  қайта-қайта сұранып мазасын алған соң, біраз жібіп «..қабылдаған күнде де, бір курс төмен бөлімге қабылдаймын» деп тұрып алды. Біздер оған келіспедік. Екіұдай болып әуре-сарсаңда жүргеніміз жайлы үйге хат жазып  Пекинде, Үрімжіде біздерді оқуға қабылдамай қойғанын хабардар етіп қойдық.

Көп ұзамай таныс ағайымыздың нұсқауымен сол Үрімжіде Совет – Қытай серіктестігіне қарайтын «Тау-кен техникумына» барып жолықтық. Ол жерде құрақ ұшып жылы жүзбен қабылдаған аяғын сылтып басатын орыс ұлтының өкіліне риза болдық. Өзі Кеңес Одағының батыры екен. Әп-сәтте  техникумның «Тау-кен инженері» мамандығының 2-ші курсына  құжаттарымызды қабылдап, ең жоғарғы шәкіртақы тағайындатып берді. Орналасқан жатақхана, киген киіміміз бен ішер тамағымыздың бәрі техникум есебінен болды.

Иә, біздердің Пекинде жүргенде Кеңес Одағы елшілігіне баруымыз жоғарғы билікке түрткі болып, дүрбелең туғызумен қатар, шекаралық аймақ тұрғындарына жаппай тексеріс жасаудың алғашқы бастамасы болды. Себебі, сол уақытқа дейін Қытай билігі аталмыш аймақта мыңдаған адамдардың совет паспортымен жүргенінен мүлдем бейхабар болған көрінеді. Нәтижесінде, «совет граждандары» шетелдік саналып оларға үкімет тарапынан көптеген шектеулердің қойылуына себепкер болдық. Мәселен, нақтылап айтар болсақ бізден бұрын Қытайдағы Қазақ автономиялы ауданының, үш: 1) Іле, 2) Тарбағатай, 3) Алтай аймағынан советке оқуға кеткен жастардың біразы, солардың ішіндегі «совет граждандығы» барлар шұғыл түрде кері қайтарылған екен. Одан әрі «совет гражданадары» шетелдіктер саналып, мыңдаған қазақ азаматарының өз еліне қайтуына үлкен септігін тигізіп, өкімет тарапынан визалар беріле бастады. Бізде осы лекке ілігіп оқу орнын аяқтамаған қалыпта 1955 жылы мамырда советке өтіп кеттік.

Сонау өткен ХХ ғасырдың екінші жартысында жат елде жүрсе де өздерінің зеректігімен, алғырлығымен аудан, одан Үрімжі қаласындағы білім сынақтарынан сүрінбей өткен қазақ жастары сол қалыптарынан танбай өз елі, өз жері Қазақстанда да жоғары білім алып халқына адал қызмет етті. Мәселен, Катеков Ермек, Нақысбеков Болатхан, Майкөтов Нұрдәулет үшеуі де, Алматыдағы Абай атындағы Педагогикалық институтта (ҚазПИ) үздік оқып, 1 курстан кейін Мемлекеттік Новосибсирск университетіне жолдамамен оқуға жіберіледі. Университетті жақсыға бітірген ағаларымыз қайтіп ҚазПИ-ге келіп «Есептеу математикасы» пәнінен (Б. Нақысбеков, Н.Майкөтов) көп жылдар ұстаздық  жасап (Б.Нақысбеков математика факультетін 20 жыл басқарды) зейнетке шыққан.

Ал, Е. Катеков ағамыз 43 жыл Әл Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің (ҚазГУ)  математика кафедрасында аға оқытушы болып қызмет жасады, қазіргі таңда зейнеттік демалыста.

Қали Ибрайымжанов,

Тарихшы,  Жаркент қаласы

https://abai.kz/post/124356

Ұқсас жазбалар