Тұғырыл хан деген кім?
Монғол империясының тарихын зерттеушілер: Шыңғыс қағанның алғаш адам болып, ат жалын тартып мініп, күйзелген елін бүтіндеп, күйреген жұртын жинағанда дем беріп, демеу болған осы Тұғырыл хан дейді.
Атақты керей Көкеш бақсының хан Шыңғысқа қаратып айтатын:
Тәңірден суат алдың,
Тұғырылдан қуат алдың,
Найманнан хатшы алдың,
Керейден бақсы алдың,
Қоңыраттан ақыл алдың,
Жалайырдан батыр алдың,
Меркіттен қатын алдың, – дейтін толғауында дүйім тарихтың сыры жатыр.
Тұғырыл хан 1130 жылы туған. Шыңғыстан 32 жас үлкен. Есукейдің серт байласқан досы. Себебі, Есукейдің атасы Амбығайды, Тұғырылдың атасы Марғұзды татарлар мен жүржіндер ұстап алып, Алтын елінің патшасының қолына тапсырған. Алтын ханы оларды ағаш есекке шегелеп өлтірген. Оның сыртында Тұғырылдың әкесі Құршақұз Бұйрық пен Есукейдің әкесі Қабыл дос болған.
Тұғырылдың да көрмегені жоқ. Он үш жасында татардың Ажай ханы тұтқынға түсіреді. Одан қашып шығып еліне келіп, қайырымсыз аға-інілері Тайтемір мен Бұқатемірді ығыстырып хан тағына отырады. Осылай тозған елінің аузын аққа жеткізіп, алыс-жуыққа атағы шығып дүркіреп тұрған шағында, бір күні жылап-еңіреп алдына Есукей досының баласы Темужин келеді.
– Қарағым, саған не болды? – деп, сұрайды Тұғырыл хан.
– Хан әке, Қоңырат Дай шешеннің қызы Бөрте менің қалыңдығым еді. Соны әйелдікке әкеліп отау көтеріп едім. Тұқымы құрғыр меркіттер қатынымды тартып әкетті, – дейді, Темужин.
«Саспа, балам, – дейді, Тұғырыл хан: – Әкең жақсы адам еді, аруағы риза болсын, мына менің ұлым Сенгүн ішімнен шықса, сен сыртымнан шыққан ұлым емессің бе. Қайда ол қаңғыған меркіттер!. Сақалынан сүйреп сабасына түсірейін!» – деп атқа қонып, Темужиннің шайқалған шаңырағын тіктеп берген екен. Осы оқиға жайлы монғолдың «Құпия шежіресінде», «Алтын шежіресінде», Рашид-ад-диннің тарихи шығармаларында айтылады. Бұл оқиға 1180 жылы болған.
1190 жылы Тұғырыл хан, Темүжин, Жамуқа үштігі атқа қонып татар-меркітті тыныштандырады. Осы жорықта Жамуқа мен Темүжин барлық бұқарасын сарқып жүріп 20 мың әскер әрең шығарғанда, Тұғырыл хан қиналмай-ақ бір өзі 20 мың қолды бастап келген. Осы жолы Алтын елінің императоры Тұғырылға «Уаң хан» деген атақ береді. Бұл атақ артынан ханның есіміне айналып кеткен жайы бар. Тегі италян жиһангер Марко Поло: «Әлемге атты әйгілі, әсіресе еуропалықтар қатты әсерленетін шығыстағы «Иоан поп» дегеніміз осы «Уаң хан»» деп жазады. Орыс жылнамаларында «Ван хан» деген атпен белгілі.
Заман өте келе Тұғырыл ханда Шыңғыспен шайқасып жеңіледі. Жан сауғалап батыстағы Найман хандығына бара жатқанда шекара күзетінде тұрған қарауылдар қолынан қаза табады. Өлі бастың атақты керей Тұғырыл ханның мүрдесі екенін таныған найманның Дайын ханы оны күміспен күптетіп, өзінің алтын тағының үстіне қойып аза тұтады. Бұл 1204 жылы болған оқиға. Сол сәттен бүгінге жеткен жоқтау бар. Онда:
Уа, Тұғырыл, Тұғырыл,
Айбатты алып хан едің,
Даңқың кеткен әлемге,
Атағы зор жан едің,
Құтлық әже өсірген,
Бұйрықтан туған дана едің…, – деген жыр жолдары бар.
Құдайдың құдіреті-ай, күллі найман аза тұтып жатса әлгі өлген ханның басы ыржың-ыржың етіп күліпті. Бұны жаман ырымға жорыған екен. Ақыры ол да рас болды.
Тұғырылдың інісі Жақа батырдың асқан сұлу төрт қызы болған. Осының үшінші қызы Сұртоқтыға Шыңғыс кіші ұлы Төле үйленеді. Сұртоқтыдан атақты хандар Мөнке, Құбылай, Құлағу, Арық-бұқа төртеуі туған.
( Аманжол АЛТАЙ )
p.s.: Материал фейсбук әлеуметтік желісінен алынды.