Тылахметова Анар Советхановна, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым
министрлігі, Ғылым комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих
және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері
ТҰҒЫРЫЛ ХАН – ТАРИХИ ТҰЛҒА
Аңдатпа:
Бұл мақалада ХII ғасырдың аяғы мен XIII ғасырдын басындағы Орта Азия аумағында орналасқан керейіттер мемлекетінің билеушісі Тұғырыл ханнын өмірі мен мемлекеттік қызметі зерделенеді. Дәлірек айтқанда, Тұғырыл хан мен Монғол империясынын негізін қалаушы Шыңғыс хан арасындағы қарым- қатынастарына нақты талдау жасалынады. Сонымен қатар, Тұғырыл ханның Шыңғыс ханмен әскери қақтығыстары да деректік тұрғыдан қарастырылады. Мақала тақырыбы тарихнамалық ғылыми енбектердегі әдебиеттер негізіне сүйене отырып, осы мәселеге қатысты негізгі дереккөздердін бірі болып табылатын «Монғол құпия шежіресін» жаңа көзқарастар аясында талдады.
Түйін сөздер: Тұғырыл хан, Шыңғыс хан, Керей хандығы, Монғолдың кұпия шежіресі, керейіттер, Есугей.
Кіріспе / Введение / introduction
Әрбір халықтың тарих тамырларының негізінде -тарих көшін бастайтын ұлы есімдердің орны бөлек. Себебі, тарихты ұлы тұлғалардың жасайтындығы анық. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» (2018 жылғы 21 қараша) атты мақаласында, тарихи сананы жаңғыртуда «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу қажеттігін айтқан еді. Аталған жобаның маңыздылығы – атақты тарихи тұлғаларымыздың ескерткіш-мүсіндері ашық аспан аясында жинақталып, олардың жарқын бейнелері мен жетістіктері айқындала түспек. Ұлы тұлғалар шоғырын жинақтайтын «Ұлы даланың ұлы есімдері» саябағының ғылыми тұрғыдан қалыптастырылған тізіміне – керейдің ханы Тұғырылдың да тұлғалық бейнесі ескеріліп, ұсынылған болатын. Міне, осындай жобалар барысында ұлт қаһармандарына айналар тарихи тұлғаларымызға үлгі тұту, олардың құнды еңбектерін бағалау, жаңа көзқараста жаңғырту бүгінгі біздің басты міндетімізге айналары анық. Сондықтан да, аса өзекті мәселе болып табылатын, XII ғасырдың аяғы мен XIII ғасырдың басындағы Орта Азия аумағында орналасқан керейіттер мемлекетінің билеушісі Тұғырыл ханның тарих сахнасындағы тұғырлы бейнесін ашуға тырыстық.
Зерттеудің маңыздылығын екі жақтан қарауға болады. Ғылыми тұрғыдан қарағанда, қазақ халқының этникалық тарихындағы кейбір даулы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Ал әлеуметтік жағынан
қарағанда, тарихи тұлғалардың ерлігіне еліктеуде өскелең ұрпақты отан сүю рухында тәрбиелеуге, қоғамдағы кейбір тарихи деректерге сәйкес келмейтін
кері пікірлерден арылуға септігін тигізеді.
Зерттеудің мақсаты – Тұғырыл ханның әскери- дипломатиялық қызметінің негізгі қырларын талдау болып табылады.
Тұғырылхан ірі қолбасшы ретінде Керей мемлектінің ұлы ханына айналған дара тұлға. Ол жастайынан жау қолына түссе де, қайтпас қайсар әрі алғыр ерлігімен ерекшеленетін Керейдің мықты билеушісі болған.
Тұғырыл керейіттің хандары – Марқұз-Бұйрықтың немересі, Құршақұз Бұйрықтың ұлы.
Зерттеудің басты жаңашылдығы: тарихи тамыры теренде жатқан, үлкен мемлекетті басқарған Тұғырыл ханның тарих төрінен алар орнының ерекшелігін деректер негізінде алғаш рет кешенді түрде
қарастырылуда.
Тұғырыл хан 1130 жылы туылған. Ол Шыңғыс ханнан 32 жас үлкен болған. Есукейдің аңда серт байласқан досы [1, 276-6.]. Аталған достық қарым-қатынас жайлы «Моңғолдың құпия шежіресінің» – 150-ші бабында: «Хэрэйдің Уаң ханы бұрын Есухей батырмен жақсы таныс, әрі дос болысқанды» – деген анық сипаттауларды көруге болады [2,72-6.]. Ортағасыр кезеңінде аң аулаудың ерекшелігі мен Тұғырылдың
аңға шығуы жайында қазақстан тарихының бес томдық жинағында мынадай деректер келтірген: «Тоғұрыл-хан (Ван-хан) Туланың Қара Тоғайына бет
алып,…жол-жөнекей аң аулады» [3, 409-6.]. Аталған деректерден Тұғырыл ханның тұсында моңғол елімен жақсы қарым-қатынастың болғандығын көрсетеді. Сонымен қатар, Керей хандығында аң аулау кәсібінің
жақсы қалыптасқандығын, мал шаруалығымен айналысса да, аңшылықты қосымша табыс көзі ретінде дамытқандығын аңғарамыз.
«Тұғырыл хан» атты тарихи деректер жинағындағы Жәди Шәкенұлының келтірген дерегі бойынша: «Темушіннің анда (өкіл) әкесі, әрі әскери өнерге баулыған алғашқы ұстазы, Шыңғысхан етіп алтын таққа
отырғызушы. Кейін Шыңғысхан керей елін шауып, аңда әкесі Тұғырыл қапыда мерт болған» – деген мәліметтерді келтірген [1, 520-6.]. Осындай негіздерге қарап отырып, Тұғырыл хан мен моңғол тайпасының
батыры Есугейдің арасындағы серттесуден хандар арасындағы өзара келісім шартқа келгендігін байқауға болады. Серттесу аманатын арқалаған Тұғырыл хан Шыңғыс ханның басына қиын сәттерде әрдайым қол
ұшын беруге дайын болған. Себебі, түркі әлемінде «айтылған сөзді атылған оқпен теңестірген», ал «серттесу» өзіңнің берген уәдеңе берік болып, үлкен
жауапкершілікпен мойныңа алу болып табылады. Есугей баһадүрдің аңда серт байласуда Тұғырыл ханды таңдауы да бекер емес. Оның Керей ханына құрметпен қарап, өзінің ұлы Шыңғыс ханды аманат етуінен
Тұғырылға деген сенім кепілінің көрінісін көрсетеді.
Негізгі Бөлім / Основная Часть / Маin Раrt
Өз ұлтының намысын қолдан бермейтін Тұғырыл ханды- «Оң хан», «Уаң хан», «Тоорил», «Тоғырылхан», «Тұғырылхан», «Ван», «Иоан», «Унекан», «поп Иван», «Пресвитор Иоан» және т.б. есімдермен аталуының өзі тұлғалық қасиетінің жоғары дәрежеде болғандығын көрсетеді. Керей ханының Цзин патшалығының «ван» деген атақпен ұлықталуының өзі оның хандық дәрежесін күшейте түскені анық. Тұғырылдың деректерде кезекті хан тағына отырғаннан кейінгі елелеулі оқиға ретінде оның Цзин патшалығы тарапынан «ван» деп ұлықталу
оқиғасына аса мән берілген. «Цинзши» кітабы берген мәлімет бұл оқиғаның 1196 жылы болғанын хабарлайды [1, 251-6.]. Ал «Моңғолдың құпия шежіресінің» 134-бабында: «Чингис хаган мен Тоорил хан, «Мэгүжин-
сүллтні өлтірдік» – деп хабарлағанда Вангин-чансан қуанып Чингисті чаутхури деген атақпен сыйлайды.
Хэрэйдің Тоорилына Ван деген атақ береді. Ваган-чансан уаң атақ бергеннен кейін Торилды уаң деп атайтын болады» – деп Керей ұлысының ханының алғырлығы мен жауынгерлік қабілетіне тәнті бола отырып, үлкен
құрметті атақты ұсынуының өзі жай құбылыс емес. «Ван» деген атақ-даңқ маньжурияның ерекше төрт мансабының бірінші дәрежесін көрсететін ұлықтау болған. Басқару билігінің үстемдігінің артқандығы – Тұғырылға билік жолында батыл қадамдар мен нақты шешімдерге жол ашылған еді.
Тарихи деректер мен көптеген оқулықтарда, ғылыми еңбектерде Шыңғыс ханның аты аталғанда Тұғырыл ханның да есімі егіз қозыдай бірге аталуының өзіндік мәні бар. Себебі, Тұғырыл хан өз ұлысының ғана
танымал тұлғасы болған жоқ. Ол моңғолдың аса ірі мемлекет қайраткері Шыңғыс ханның билік құруында атсалысқан азамат болды. Тар жол тайғақ кешкен қиын уақыттарда бір-біріне «өкіл әке», «өкіл ұл» бола білді.
Шыңғыс хан мен Тұғырыл хан жайында көптеген ғалымдардың еңбектері бар. Әсіресе, Шыңғыс ханның тарихына қалам тартып, қызығушылық танытқан зерттеушілер мен саяхатшылар көп болған. Ал, ұлы
билеушіге айналған Шыңғыс ханның тарихы – ірі тұлға Тұғырыл ханменде ұштасып жатқанына тарихи оқиғалардың өздері куә болмақ. Солардың алдыңғы қатарында 282 баптан тұратын «Монғолдың құпия
тарихының» («Монголын нууц товчоо») тұрғанын атап өтуге болады. «Юань чао би-ши» және Лувсанданзанның «Алтан товч» 233 бапты шежіресі мен Рашид-ад-диннің «Жылнамалар жинағы» тұр. Аталған шежірелер мен
жинақтардың оқиғалар желісінен бір-біріне ұқсастық пен қайталауларды кездестіруге болады.
Сонымен қатар, Марко Полоның «Путешествия. Открытия. Приключения», П.Карпини мен Г.Рубруктың «Путешествия в восточные страны», К.д.Оссонның (От Чингисхана до Тамерлана (Перевод и предисловие проф. Н.Козьмина), Б.Я. Владимирцовтың (Общественный строй Монголов. (Монгольский кочевой феодализм), Э.Хара-Даванның (Чингиз-хан как полководец и его наследие), Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресі», Джек Уэзерфордтың «Чингисхан и рождение современного мира», Ш.Құдайбердіұлының (Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі), З.Қинаятұлының (Шыңғыс хан және қазақ мемлекеті. Екі томдық ғылыми зерттеу (Монография) т.б. зерттеу еңбектерді атауға болады.
Тарих сахнасындағы Керей мемлекетінің өзіндік орны бөлек. Шыңғыс ханның билігіне дейінгі Тұғырылдың өз заманының ұлы билеушісі болғандығы жайлы Марко Полоның «Путешествия. Открытия. Приключения» атты еңбегінде қызықты мәліметтер баяндалған.
Автордың суреттеуінше татарлар, яғни керейлер Карақорым деген қаланың алғашқы жаулаушысы болып, Чиорчие (XII ғ. солтүстік Қытайды мекендеген, маньчжурлардан шыққан халық) деген қаланың
солтүстігінде өмір сүрген. Сонымен қатар, сол кезеңде Шыңғыс ханның көтерілуіне дейінгі ұлы даланың ұлы ханы Унхан немесе Ван ханның, (французша атауы поп Иван) билік құрғандығы жайлы айтылады. Аталған
еңбекте М.Поло былай деп жазады: «…. Не было у них князей, платили они великому царю и звали его по-своему Унекан, а по французски это значит поп Иван; это тот самый поп Иван, о чьем великом могуществе
говорит весь свет…» [4, 77-6.].
(…Жалғасы бар)
Ескерту: Материал “Tugurul Han-On Han” корпоративтік қорының шығарған “Тұғырыл хан ” кітабының 5 -томынан алынды!