«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Міржақыптың музыкалық мұрасы

Авторы tugurulhan.kz
685 қаралым

Елісхан бастаған көштің Үндістан мен Пәкістан топырағын көктей өтіп, соңғы табан тіктеген тұрағы Түркия мемлекеті екендігі баршамызға мәлім.

Сондағы ауған елдің  аңырап салған  әні мен күйіне  бек  ынтызар болған жанның бірі  Түркия елінің белгілі музыка маманы Мұзаффер Сарысөзен еді дейді жылнама. Елуінші жылдардың орта шенінде нотаға түсірген осы қайраткердің қолжазбасын  қайыра қарап, ғылыми айналымға түсірген маман оның рухани ізбасары  Сүлеймен Шенел болатұғын. Түркия қазақтарының музыкалық  мұрасы  іспетті  жеке бір  кітапқа жүк боларлық осы қазынаның дені  Сарымолла  мен оның  шәкірті Жармұхаммед күйшінің ауызынан жазылған екен. Осы  қос  қазақ  күйшісінің саусағынан  ғана  қырыққа жуық  күй  қағазға (нотаға) түсірілген  көрінеді.   Әрине, біз бұл деректерді  белгілі мұстафатанушы ғалым Әбдіуақап Қара мен  музыкатанушы  маман Нұрлан Бекеновтың бірлесіп жасаған  еңбектерінің  негізінен алып отырмыз.  Сол  қырық  күйдің  бірі  ретінде Міржақып Дулатовтың  «Әуез»  күйі  еді деген  тың туындының есімі  аталады.  Бұл күйді біздерге жеткізген  Жармолла  (Жармұхаммед)  күйші. Қысқа ғана  бір қайырмалы  күйден  «елп  етіп  соққан  ебі желдей»  арқаның  аңыраған   сарыны естіледі.

Жәмиғатқа жаңалық  ретінде қабылданған  бұл  деректерден  біз  Дулатов дүниесінің   тым тереңде  жатқандығын  аңғарамыз.  Құдайшылығын  айтайық,  «Әуездің»  табылуы  біздердің   әріден  ойлауымызға  кәдімгідей  кеңістік  ашып отыр. ОЛ – МІРЖАҚЫПТЫҢ  МУЗЫКАЛЫҚ МҰРАСЫ  деген жаңа әлемнің  ашылуы.

«Қанатталды» кімнің әні?

Асыра айтып  отырған  ештеңеміз  жоқ.  Қазақтың  ән  білемін деген «менмін» деген  әншісі «Қанатталды»  әнінің алдына  келгенде   ҚАҒБАҒА  тәу еткендей тағзым қылары анық. Өйткені «Қанатталды» – анау-мынау әншінің жалынан сипатпас күрделі шығарманың бірі.  Мұндай композициясы  бай  классикалық   ӘН,   керек  десеңіз,  ӘЛЕМ МУЗЫКАСЫНДА ДА  СИРЕК  ҰШЫРАСАДЫ.  Ал осындай  әнді  дүйім  алаштың,  оның ішінде  Дулат  баласы  Міржақыптың  шығарғаны рас па?!  Рас  болса  қолымыздағы  бар  деректермен  дәлелдей түсейік. Бұдан  бұрын,  артық айтсақ  аруағы кешсін,  Қаратай  Биғожин деген  ақсақалымыз  осы бір  әнді  өзі ойлап тапқан  көп «салдарының»  бірі   Сейітжан Көрпешұлы деген  адамға теліп  келген-тұғын.  Қаратай  Биғожиннен  өзге,  бірде-бір  жан баласына  беймәлім  бұл  неғылған бітпейтін   сал-серілер  еді-ау дедік те қойдық.  Содан  көрнекті жазушы Сапарғали Бегалин мен  академик Ахмет Жұбановтың: «Қанатталды»  арқаның   Сәтмағанбет  деген  серісінің  әні еді»  деген  пікіріне  бізде  тоқайласқандай   болып  жүріп  едік.   Бірақ  қолымызға түскен  «Политические репрессии  в Казахстане в 1937-1938 гг» деген құжаттар жинағынан   соң,   әнге қатысты көзқарасымыз  тағы  да  өзгеріп  сала берді.  1937  жылы  Орталық  Комитеттің  «Список  граммофонных  пластинок  с  записями песен на казахском языке,  подлежащих  немедленному  изъятию»  деген    № 28 хаттамасында  қарастырылған   тізімінің ұшар  басында   «Қанатталды»  әні  қасқайып  тұр екен.   Тізімнің  төбесіне  «әнді орындаған  артист  Жүсіпбек  Елебеков  десе,  мәтіні халық  жауы  Орынбек  Бековтікі»  деген  суық сілтеме көрсетілген.  Осы орайда оқырман көкірегінде  «Орынбек  Беков  дегеніміз  кім?»  деген заңды сұрақтың  туары  анық.   Аз ғана ақпар.  1898 жылы Қарағанды облысы,  Шет ауданында дүниеге келген  ол ақындығымен қатар, қазақтың алғашқы драматургтарының бірі болған. 1930-1934 жылдар аралығында  Қызылорда мен Семей шәрінде  алғашқы  қазақ драма театрын ұйымдастырушы  әрі  директоры  қызметін атқарған. «Что такое советизация аула?»,  «Капля корови для великого дела»,  «Почему мы победили в гражданской войне?»   іспетті атышулы  еңбектердің  авторы.   1938  жылы  наурыздың  он  үші  күні  есіл ердің  ақырғы жарығы  түгесіліп,  ату жазасына кесілген.  1958 жылдың наурызында толығымен ақталған.  Біздің  Беков жайлы  бар білетін  мәліметіміз  қысқаша осы ғана.  Орынбектей оғыланның қағаберісте қалған   мұраларын  жинастырып,  өз қалпына  келтірер  жанашыр  жан  табылып  жатса,  әрине,  нұр үстіне нұр болар  еді.

Ұқсас жазбалар