19 қараша. Нұр-Сұлтан. Tugurulhan.kz – «Отандастар» қоры Ресей Федерациясы Астрахан облысының екі ауданында қазақ тілін оқытатын кабинеттер ашты, деп хабарлайды Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған tugurulhan.kz сайты.
«Никита Ысқақов атындағы Семибугорен орта мектебі» муниципалды қазыналық жалпы білім беру мекемесі қазақ тіліне арнап жеке кабинет бөлді. Ол кабинетте қазақтың ұлттық мәдениеті, өнері, әдебиеті, тұрмыстық бұйымдарымен танысуға болады. Қор өкілі Сәби Түйтебеков аталған кабинетке Қазақстаннан арнайы әкелінген сыйлық-«Қастерлі қалам» кітабын сыйлады. Кабинет Отандастар Қорынан теледидар, видеокамера, ноутбук тәрізді құнды сыйлықтар жеткізілгеннен соң ашылады. Мектеп директоры Римма Ибрагимова Қазақстаннан арнайы келген қонақты ыстық ықыласпен қарсы алып, қандастарға қамқорлығы үшін Қор мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына алғыс айтты», – делінген баспасөз баянында.
Осындай екінші кабинет Володар ауданы Калинин ауылында ашылады. Академик Ережеп Мәмбетқазиев атындағы Калинин орта мектебінің директоры Арман Нұрлиевтың айтуынша қазақ тілі кабинеті Қор сыйлаған ең заманауи жабдықтармен жабдықталады.
Айта кетейік, Астрахан облысында ресми дерек бойынша 160 мың этникалық қазақтың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Мәселен, Калинин ауылы тұрғындарының 99,9 пайызы қазақ. Олар ұлттық салт-дәстүрді сақтау үшін барлық мүмкіндікті пайдалануда. Қордың ауыл мектебінде қазақ тілі кабинетін ашуы шет елдегі қандастарымызды тарихи отанымен бұрынғыдан да жақындастыра түспек.