«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Құрманғазы атындағы консерватория мерейтойын атап өтті

Авторы tugurulhan.kz
501 қаралым

30 қараша. Нұр-Сұлтан. Tugurulhan.kz – Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 75 жылдық мерейтойы құрметіне ұйымдастырылған мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды “Айқын” газетіне сілтеме жасаған tugurulhan.kz сайты.

Осынау мерейтойлық шараны ұйымдастыруға жан-жақты қолдау білдірген және арнайы құттықтауын арнаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұловаға, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевқа, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорына консерватория басшысы Арман Жүдебаев өз алғысын білдіретінін жеткізді.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы ҚР халық артистері Базарғали Жаманбаев, Ғафиз Есімов, Юрий Клушкин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Базархан Қосбасаров сынды консерваторияның ардагер ұстаздарына мемлекет басшысының Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен ұстаздар Гүлнар Әбдірахман, Светлана Мұхамеджанова, Айзада Нүсіпова, Торғын Смайылова, Тілеулес Құрманғалиев, Валерия Недлина марапатталды.

Ал Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов шаһар басшысының құттықтау хатын оқып, қазақ елінің өнері мен мәдениетін дамытуға мол үлес қосқан консерваторияның ректоры Жүдебаев Арман Әділханұлын қала әкімінің «Еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Сонымен қатар, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Домбыра» кафедрасының профессоры, ҚР еңбек сіңірген артисі Үлкенбаева Айгүл Нариманқызын, «Фортепиано» кафедрасының профессоры, ҚР халық артисі Қадырбекова Гүлжәмиля Ихсанқызын және «Ішекті аспаптар» кафедрасының профессоры, ҚР халық артисі Мырзабекова Гаухар Құрманбекқызы марапатталды.

Көрерменге лық толған Республика сарайында консерваторияның ең үздік орындаушы солистері, студенттік оркестр, ансамбль және хор ұжымдарының қатысуымен таңдаулы классикалық туындылар және дәстүрлі ән-күй маржандары орындалды. Арман Жүдебаевтың орындауындағы Н. Тілендиевтің «Әлқисса» күйін көрермендер ерекше ықыласпен қабылдады. Әлемдік сахналарда дәстүрлі өнерімізді биік деңгейде насихаттап жүрген, оқу орны түлектерінен құрылған «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Мерекелік кешті тамашалауға келген сыйлы қонақтар ішінде Халықаралық TURKSOY ұйымының Бас хатшысы, уақытында консерваторияны бірнеше жыл басқарған Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов те болды.

Ұқсас жазбалар