«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Мұрат Шаймаран шығармашылығы туралы қаламгерлер не айтты?

Авторы tugurulhan.kz
947 қаралым

Алматыда «Талпынған шалғайға шайырдың жаны – құс» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Алматыда ақын, Ж. Нәжімеденов атындағы сыйлықтың иегері Мұрат Шаймаранның 50 жасқа толуына орай «Талпынған шалғайға шайырдың жаны – құс» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Қазақ өлеңінде өзіндік өрнегін қалыптастырып, қалың оқырман ерткен М. Шаймаранұлының бұл кеште «Жасыл түн» атты жыр жинағының тұсауы кесіледі. Шығармашылық кешке алыс-жақын шет елден және Қазақстанның түкпір-түкпірінен қазаққа танымал Халық жазушылары, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысты. Атап айтар болсақ елімізге белгілі ақындар – Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Светқали Нұржанов, Сұраған Рахметұлы сияқты қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері алыстан ат арытып келіп, қатысып, қолдау білдірді. Ақжарма тілектерін арнады.

Қонақтар ақынның шығармашылығы, азаматтық болмысы туралы арнайы сөз сөйлеп, риясыз пікірлерін жеткізді.

Алдымен сөз алған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Есенғали Раушанов кешке қатысып отырған құрметті қонақтармен таныстырып, ақынға Қазақстан Жазушылар одағының атынан шапан жауып, құрмет көрсетті.

Есенғали Раушанов, Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

Жыр кешіне осыншама адамның жиналуы деген біраздан бері болмаған оқиға. Елге ел қосылса құт деген бар. Кезінде Қабдеш Жұмаділов «Соңғы көш» деген роман жазып, оны бүкіл қазақ сүйсініп оқып еді. Ол романда шіркін-ай атажұртқа келсек деген шеттегі қазақтың арманы мен мұң-зары жатқан еді. Қазір сол ағамыздың арманы белгілі бір дәрежеде орындалды. Мұрат та арғы бетте жатқан Алтайдың тумасы. Соңғы бірер жылда бір миллионға жуық қандасымыз елге оралды. Бәлкім, одан көп те болуы мүмкін. Мұратжанның есебі бойынша ертең екі ел арасындағы қақпа ашыла қалса қаншама қазақ лап еткелі отыр. Соның арқасында ел мен ел табысады, оның ішінде қаншама әдебиет майталмандары бар.

Өмірхан Әбдиманұлы, ҚазҰУ филология факультетінің деканы:

Бүгін қазақ ақындық өнерінің, қазақ әдебиетінің үлкен бір мерекесі. Мұрат – есейген ақын, мойындалатын ақын. Ол көкірегіне тығылып жатқан өнердің бар қасиеті мен қадірін жастарға үйретіп, баулып жүреді. Қашан көрсең Мұраттың ізінен жас таланттар қоршап, еріп жүреді. Бағашар деген шәкіртіміздің «Мұрат ағамның өзі бір университет қой» деп айтып қалған сөзі бар. Мұрат сияқты бір өзі бір университет болатын адамның біздің университетте істеп жүргенінің өзі үлкен қуаныш.

Сағатбек Медеубекұлы, ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы:

Мұратты көпшілік ақын ғана емес, азамат ретінде таниды. Мұратты ақын қылған қазақ елі Мұраттай ұлдарымен бақытты деп ойлаймын. Айналасынан шүпірлеп студенттері кетпейді. Қазіргісі бар, бітіріп кеткені бар, бәрі алтын қазығын тапқандай әркез қасынан табылады.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

Некрасов айтты деген бір сөз бар: «Ақын болу міндет емес, азамат болу парызың» деген. Біздің өзге жұрттың сөзін қадірлеп кететініміз бар ғой. Менің ойымша, ақын болу – парыз. Ақын ақын бола алмайды, егер азаматтығы болмаса. Мұрат бауырымның да азаматтығы жоғары, сондықтан оның ақындығы да жоғары деп ойлаймын. Қайран қалатыным – қарапайымдылығы, кімге болса да қамқор көңілмен аңқылдап тұратыны. Мұраттың жырлары – иісі жұпар аңқып тұрған нағыз қара өлең. Классика.

Светқали Нұржанов, ақын:

Мұратты мен осымен екінші рет көріп тұрмын. Былтыр елордада бір форумда кездесіп қалып едік. Бірақ мен оны бұрыннан білетін сияқтымын. Мұрат атақонысқа алыстағы қазақ деген ұлы халықтың жүрегінің нұрын, ішіндегі сырын, діліндегі жырын алып келді. Кешегі Қытай империясында қазақтың қаншама қаймағы сыпырылып алынды. Кейбіреулер айтып жатады, «қытай қазақтарында екінің бір ақын» деп. Ол – заңдылық. Қазақтың таза рухы сақталған жерде солай болады. Абайдың айналасын қараңыз, бәрі де ақын ғой. Бірақ Абай мен Шәкәрім шыңға шығып кеткен соң, қалғандары көрінбей қалды. Біздің бүкіл құнарымызды алып келген қасиетті халықтың поэзия өкілдерінің маңдай алдында айқасқасы болып Мұрат бауырым тұр деп есептеймін.

Жиын соңында «Жасыл түн» кітабының ресми тұсаукесер рәсімі жасалды. Бұл үшін сахнаға 9 адам шақырылды. Аға буын өкілдері ретінде Қабдеш Жұмаділов, Жәркен Бөдешұлы және Тыныштықбек Әбдікәкімұлын; орта буын – Есенғали Раушанұлы, Светқали Нұржан және Сұраған Рахметұлы; ал кіші буын атынан – Ақберен Елгезек, Қалқаман Сарин және Қуаныш Дәлей сияқты қаламгерлер кітаптың тұсауын кесіп, авторға табыс тіледі.

Шығармашылық кеш әрі қарай театрландырылған қойылыммен жалғасты. Ол жерде жастар ақын өлеңдерін оқып, әсем ән мен әуезді музыка кеш ажарын аша түсті. Шығармашылық кештің бастан-аяқ сәтті өтуіне белгілі актер, талантты режиссер Жұлдызбек Жұманбай жетекшілік жасады.

aikyn.kz

Ұқсас жазбалар