«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ӘДЕБИЕТІМІЗДІҢ АТАСЫ ДА, БОТАСЫ ДА – ҚАЗАҚ!

Авторы tugurul
797 қаралым

ӘДЕБИЕТІМІЗДІҢ АТАСЫ ДА,

БОТАСЫ ДА – ҚАЗАҚ

­

немесе орыссыз қазақ әдебиеті жасалмас па еді

Қазақтың күллі әдебиет тарихына зер салсақ, әсіресе Кеңестер Одағындағы әдебиет орыссыз сөз сөйлемейді. Әдебиеттің де, мәдениеттің де көкесі – бір ғана «ұлы халық» сияқты. Мүбәда, қазақтар орыстан басқа – ағылшын, неміс, жапон, француз, т.б. ұлттардың бірімен қоныстас, көршілес отырса әдебиеті болмас па еді?!

Кеңестер одағы тұсындағы әдебиет сыны осыны айғақтайды. Жеріміз түгіл ойымызды отарлаудың салдарынан бодандық әдебиет өз ұпайын түгендеп, дегеніне жетіп отырған.

Үлкен ғалым, сыншы Мұхаметжан Қаратаевқа сөз берсек, былай дейді: «Қазақстанның әдебиеті мен мәдениеті орыстың прогрессшіл әдебиетінің игілікті ықпалымен дамып, өркендеді…

Белинский Абайдың дүние тануының қалыптасуына орасан зор, шешуші ықпал жасады, Пушкиннің, Лермонтовтың, Гоголь­дың және орыстың басқа да озық жазушыларының терең ойлылығы мен ұлылығын Абайдың танып, түсінуіне, сезінуіне көмектесті. Абай Құнанбаевты «қазақтың Пушкині» деп атауымыз да жайдан жай емес. Абай ғана емес, Абайдан кейінгі қазақтың бұқарашыл әдебиетінің өкілдерінің қай-қайсысы болғанмен орыс әдебиетінен үлгі алып үйренгенде, Белинскийге не Белинскийдың эстетикасына соқпай кете алған жоқ. Сыншылдық реализм бағытын ұстаған орыс классиктерінің дәстүрлерін қабылдаған қазақ әдебиетшілері бұл бағыттың теориялық негіздерін әрдайым Белинскийден тауып отырды. Тікелей Белинскийдің өзін оқымаған­ның өзінде оның идеясын эстетикалық қағидаларын қазақ әдебиет қайраткерлері орыс әдебиетінде өріс алған реализм үлгілері арқылы бойға сіңіріп келді. Әсіресе, әдебиеттің қоғам өмірінде атқаратын белсенді роль тәрбиелік қызметі туралы, әлеуметтік міндерді батыл әшкерелейтін сыншылдық әдісі туралы Белинский уағыздаған принциптер Абай мен Ыбырайдан бастап қазақ прогрессшіл әдебиет қауымының қай кезде де қастерлеп ұстаған принциптері болды. Белинский болмаса, оның ісін алға апарушы Чернышевский мен Добролюбов болмаса, қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың материалистік көзқарастарының қалыптасуы екі талай болар ма еді, қайтер еді. Қазақ ағартушысы Алтынсаринның рухани дамуына да Белинский игілікті ықпал етті» – дейді «Сын атасы – Виссарион» мақала­сында.

М.Қаратаев орыс әдебиетінің қазақ әдебиетіне болған ықпалына тоқталғанда Виссарион Григорьевич Белинскийді көкке көтергені сияқты М.Горькийді де аспанға ұшырады. «Мысалы, Қазақ Совет әдебиетінің очергінде тек С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов творчествосы сөз болғанда, бұл жазушылардың М.Горькийден үйренгенін» айтады. Сонымен қатар, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Ғабиден Мұстафин­дердің барлығын да орыстың «шекпенінен» шыққан етіп көрсетеді. Сол тұстағы қайбір зерттеу еңбегінің бетін ашсаңыз осы ойлар қайталанып, әдебиет тек қана Гоголь, Толстой, Чехов, Горький есімдерімен аталады. Одан қалса, Ф.Гладков, Всеволод Иванов, О.Фурманов, Н.Островский, А.Фадеев, М.Шагинян есімдері ауызға алынады.

Бұл арада біз аты аталған орыс қаламгерлерін терістеу немесе жоққа шығару пиғылында емеспіз. Олардың алды дүниеге танымал болса, арты Кеңестер Одағының жұлдызды жүйріктері болғаны мәлім. Мәселе баланың әкесі кім? Гәп осында. «Балаң көршіге тартып кетіпті»-нің кебін кигенімізден гөрі перзентіңнен ата-бабаның өң-түс, шырайын, таза қасиетін іздеу барынша текке құрмет саналар еді.

Әлем әдебиетінде еліктеудің бар екені, оқып үйренудің, үлгі алудың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқаны шындық. Бірақ, қолдан жасалған құдайдай құрғақ табыну өзімізді өшірудей тексіздік екенін де ешқашан естен шығармағанымыз жөн.

Осылайша орыс шығармаларына аз бөгенайы ұқсаса болды, сонымен тамырлас, тағдырлас етіп ала қоятын «ауру» жабысқалы да аз болған жоқ. Егер орыс болмаса қазақ әдебиеті тумайтындай, дамымайтындай көрінеді. Сол тұстың саясатына көз жібергенде ақын-жазушылардың бұдан басқа амалы да жоқ еді. Бірақ, өкінерлігі – бұл үрдіс осы жылдарға дейін жалғасып, «орыс» десе қайын атасының аты аталғандай шошына, имене қарайтын қазақтар әлі де арамызда жүр.

Ендеше, олардың «орыссыз қалай күн көреміз» деп жетпіс жыл табақтас болған туысқандарын қия алмауы әбден мүмкін.

Мұның жауабын ұлы Мұхаң (Мұхтар Әуезов) сонау 1922-1923 жылдардың өзінде айтқан болатын. «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты мақаласында ол былай дейді: «Қазақ әдебиетінің осы күнгі қалпымен һәм жатқан бетімен таныстығы бар адамдардың біздің әдебиет туралы айтатын әртүрлі пікірі бар. Орыс жазушыларының қысқаша сындарына қарағанда біздің ескі, ауызша әдебиетіміз бай, өрнекті, түрі тарауы көп кестелі, қысқасынан айтқанда қазақтың даласы секілді кең, келешегі көрікті, үлкен, жалпы түрік әдебиетінің ішінде үлкен орын алатын әдебиет секілді көрінеді. Бірақ осы жазушылардың айтуына қарағанда жазба әдебиетіміздің әлі іргесі нығаймаған майысқақ, сынғақ әдебиет деп саналғандай.

Бұл мәселе туралы біздің өз жазушыларымыздың бір жерге құйылған пікірі, бір қалыпқа тоқтаған сыны әзірше жоқ. Бірақ өткен күннің әдебиетін еске түсіргенде, ескіліктен сол белгіні қалдырып кеткен адамды ойлағанда, айтылған өлең, жыр, тақпақ, мәтелдердің ауыздан шыққан кезін ойлағанда, бәріміз де өткен күннің өнеріне ішімізден бас игендей боламыз, сөзі қалған кісінің атын құрметпен атағандай боламыз.

Сөзінен туатын мағынасы, ішіндегі қайратты рухы, сыртын­дағы кестесі мен келісімі өзін еріксіз елеткендей болады. Біз ескі әдетімізді сүйеміз, сүюіміз дәлелсіз емес. Құрметтейміз… құрме­тіміз орынсыз емес. Себебі, әдебиетімізде, өзге көп жұрттың ауыз­ша әдебиетінде жоқ нәрселер табылып отыр. Ауызша әдебиет бір заманда тәртіпті жазба әдебиеттің қызметін атқарғандығы білініп отыр».

Ауыз әдебиеті үлгілерінен жазба әдебиеттің айшықтарын тауып, нақтылы мысалдармен түсіндірген Мұхаң: «Біздің әдебиет­тің бізге сүйкімді жерлері осындай ірі жерлерінде, ірі қалпымен, өзге жұрттыкіне ұқсамай, таза қазақтыкі болып шығатындығында» – дейді.

Ол, тағы да Абайдан бұрын туған жазба әдебиеттің «Қазақты патша саясаты билеп алған, қол-аяғын байлап бағындырып алған, жерін алып, өзінің төрелерін қазаққа ұлық қыла бастаған, отаршыл­дық әрекетін күшейте бастаған, діннен айыра бастаған уақытына келеді» дегенді айтады.

Демек, манағы біз айтқан әдебиеттегі орыстанудың, отарлану­дың басталған дәуірі, орысты жұлдызға шығарудың бастамасы, міне, осы еді.

Ал, «Орыс қаламгерлерін аудару Абайдан басталып, осы жылдарға дейін жалғасын тапқан жоқ па?» деген сұрақ тууы да әбден мүмкін. Бұған да Мұхаң өзі жауап береді: «Қазақ әдебиетіне Абай кіргізген жаңалық көп. Абай – қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы, терең сырлы, кең мағыналы кестелі өлеңнің атасы. Қазақ өлеңіне үлгі, өрнек берген, түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан Абай. Ол қазақтың ішінен оқушы тапқан. Әдебиетке, өлең-жырға бұрыннан орнаған теріс пікір, теріс ұғымның бәрін жоғалтып, жұрттың ойын тәрбиелеген.

Бұдан соңғы бір үлкен қызметі – қырдағы қалың қазаққа Европа мәдениетінің есігін ашқан. Орыстың Пушкин, Лермонтов, Крыловтарын қазаққа танытушы – Абай.

Мәдениетті жұрттың ысылған тілімен айтқан тәтті күй, нәзік сезімдерін Абай қазақтың дүкен көрмеген жалпақ тілімен өзіндей тәтті қылып, сезімді қылып айтып берген. Сондықтан Абай қазақ оқушысының ойымен қатар сезімін де тәрбиелеген. Қазақтың тіліне Абайдың сіңірген еңбегінің арқасында бұл тілдің барлық байлығы, орамдылығы, өрнектілігі табылған.

Абайдың барлық өлеңі қазақтың сол күшті тілінің ішінен туған асыл құрыш: қырдағы қалың қазақтың осы күнге шейін сөйлеп жүрген жалпақ тілінің жемісі, соның сыры мен сымбатын көрсететін айнасы. Бұл – Абайдың қазақ тіліне істеген қызметі».

Міне, мұнда Абай орыстан үйренуші ретінде емес, орысты қазақша сөйлетуші ретінде Европа мәдениетін қазаққа жалғаушы ретінде ауызға алынады. Бұл дәстүр – әлемдегі озық ұлттар әдебиетін аудару және оны өз ұлтының әдебиетінің қажетіне қарай пайдалану ежелден бар дәстүр. Осы орайда біз орыс қаламгерлерінің қазақты орыстарға жеткізіп, таныстырғанын да ескере кеткеніміз жөн. Атап айтқанда, В.Дальдің, В.Ушаковтың, В.Г.Белинскийдің әдеби туындылары мен сын-зерттеулері қазақтар жайынан, қазақтардың әдебиеті жайынан сөз қозғап отырған. Мұнда да біздің пікіріміздегідей олар қазақ әдебиетінің қасиетін орыстан емес, өзімізден – даланың тәкаппар ұл-қыздарынан табады. Қазақ халық әндері жер төсінен шымырлап шыққан бұлақтай, өркеш-өркеш таулардай қаздардың қанатына мінгесіп, жел­мен жарысып жердің бетін кезетінін баяндаған олар әдебиеті­мізді де өз болмысымыздан іздейді.

Ұлылардың ойынан ортақтық табар болсақ, қара сөздің қайығы болған өз алыптарымыздың да пікірі бөтен емес.

«…Ел ішіндегі бозбала Біржанның ақындығы мен салдығына, Ақанның серілігіне еліктесе, батагөй қария Асанқайғының қайғы­сына еліктесе, далада еркін өскен ерке қыз Сараның салдығымен айтыс құмарлығына еліктесе, бұл еліктеудің Чайьд-Гарольдке, Печоринге еліктеген орыс жастарының мінезінен қай жері кем? Әдебиет­тің қазақ мінезін түзеп басшы болуына мүмкін екендігі белгілерден білінбей ме? … Қазақ әдебиетінің ішіне қазақ өмірін түгел суретімен алып кіру – әдебиеттің ендігі міндеті» – дейді Мұхтар Әуезов.

Ол сол тұстағы қазақ әдебиетінің балауса, балаң күйін мойын­дай білсе де, оны орысқа бағындырғысы келмейді. Ұлттық үлгідегі әдебиеттің ежелгі түбірін сақтай отырып оны биікке көтеруді армандады. Әрі арманына өз шығармалары арқылы жетті. Бірақ, арадағы 1937 жылғы қырғын елдің үрейін алып, әдебиеттің есін шығарғандықтан ол тұста орысқа ешкімнің тісі батпады. Аузы күйген үрлеп ұрттайды болып, талайымыздың аузымыз жабылды. Текені ата, ешкіні апа дейтін күн кештік. Қазақ әдебиетін хан көтерген, орысқа бағынышты болғысы келмеген Мұхтар Әуезовты: «М.Әуезов 1921 жылы жазған «Қорғансыздың күні» мен 1928 жылы жазған «Қилы заман» повесінің арасындағы бір топ прозалық шығармаларының қай-қайсысында да Толстой мен Тургеновтың, Чехов пен Горькийдің дәстүрінде адам әрекеттерінің психология­лық дәлелдемелерін бейнелеуге бейімділігін көреміз» деп жазды Мұхаметжан Қаратаев «Кінәмшіл бойжеткен» кітабының алғы сөзінде (Алматы, «Жалын» 1994 ж.).

Әдебиетіміздің түп тамырын өз өркенімізден іздеу мәселелері­не ойысқанда Қытайда өткен белгілі әдебиеттанушы ғалым, аудармашы, марқұм Әзімхан Тішанұлы «Қазақ поэзиясының қара шаңырағы» мақаласында («Әдебиет сыр шертеді» Шынжаң халық баспасы, 1994 жыл) былай деп толғайды: «…үстіміздегі ғасыры­мыз­дың өн бойында өрлі-қырлы басқа елге шапқылап, әдебиеті­міздің кез-келген құбылыстарын басқа елдің әдеби құбылыс­тарымен дәлелдеп, егер басқа елдің әдеби құбылысынан дәлелдейтін пәтуа табылмағанда оның өзі заңды нәрсе еместей дүркіреп келдік. Әрине, теорияның өзінің обьектісінен көш кейін жүретіні, кейбір жұрттың теорияға ертерек қол созғаны рас. Оны деп қолда барымызға қоңылтақси қарап, қит етсе басқаға қарай шапқылағанымыз жөн бола бере ме екен…

Халықтық әдебиеттің қазіргі деңгейін, поэзияның, прозаның біткен жетістіктерін алпыс, жетпіс жылдардың аралығында ғана басқа жерден қорамызға салып алдық десек, үлкен ұятқа жолдас боламыз» .

Бұл арада біз орыстың әдебиетін толық зерттеген Мұхаң мен Қытай жазбаларын ақтарған Әзімханның ойынан ортақтық таба­мыз.

Ал, бұл екі кісінің айтқандарын есептемеген күннің өзінде, мысалды өзгеден іздейтін ескі әдетімізге басып көрейік. Қазақы қара өлеңнің табиғатына тоқталғанда, қазақтың өлең өнеріне, ақындығына тамсана таңдай қаққан зерттеушілер аз емес.

Қазақ өнері мен ауыз әдебиетіне бір кісідей таныс болған В.В. Радлов: «Қазақ халық поэзиясының дамуы жоғары сатыға жеткен» деп жоғары баға берсе, А. И. Левшин: «Қазақ халқының бойынан біз поэзия мен музыкасының бұлағын көреміз… Қазақ қауымы адамның ақын және музыкант боп туатындығының жаңа бір дәлелі болып отыр» – дейді. Бұдан қалса С.Г.Рыбаков: «Қазақ поэзиясы жалпы сапасы тұрғысынан, тілінің анықтығы, ойларының бейне­лілігі, лирикалық қасиеті жағынан айрықша даралана түседі», – деп баға береді. Ойын да, бойын да орыспен өлшейтіндерге осыдан артық анықтаманың керегі болмаса керек.

Сөзімізге орай Герольд Бельгердің: «Қазақтар өзін-өзі әлі тани алмай жүрген сияқты» деген сөзі еске түседі. Бұл – шындық!

Біздің төл әдебиетімізді өзімізге қайтарып алатын кезіміз жетті, оның атасы да, ботасы да – қазақ! Қазақ әдебиеті қашан да тек қазақ ұлтының әдебиеті болып қала береді. Оған орыстың шапанын жапқанмен қап-қара мойылдай көзін ешқашан көкшіл түске өзгерте алмаймыз. Қазақ тек өз үнімен ғана қазақ!

 

 «Қазақ әдебиеті» газеті

2007 жыл, 9 ақпан (№6)

Авторы: Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

Академик, жазушы

 

Ұқсас жазбалар