«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ӨЗ ӘДЕБИЕТІМІЗДІ ӨЗГЕДЕН ЕМЕС, ӨЗГЕНІҢ ӘДЕБИЕТІН ӨЗІМІЗДЕН ІЗДЕСЕК…

Авторы tugurul
812 қаралым

Қазақ әдебиетінің төркіні туралы айтқанда, ХХ ғасыр өзімізді өзімізден іздеуді немесе өзгені өзімізден іздеуді ұмыттырған сияқты. Сол себепті де өзімізді өзгеден іздеу барынша белең алып, орыс жазушыларын өнер мектебінің ұстазы ету, оларға өлі түрде табыну барынша етек алды.

Осындай індеттің алғашқы белгілерін байқаған Мұхтар Әуезов 1922-1923 жылдары жазған «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты мақаласында былай деген еді: «Ескі әдебиеттің түрлерін білу, бетін ұғу, ағымына түсу – біздің өзіміз үшін керек… Сондықтан мен бұл мақаланы «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деп атасам да, бүгінгі сынға салу үшін ескілікті айтпау, әдебиеттің басын айтпау, бізге атадан қалған дәулетті айтпау лайықсыз болғандықтан туып отыр… Қазақта жазба әдебиет Абайдан көп бұрын басталған». Мұхаң аталған мақаласында жазба әдебиетіміздің алғашқы үлгілері ауыз әдебиетінде екенін айтады.

Демек, бүгінгі күннің зерттеуіне зер салсақ, әдебиетімізді арыдан дәуірлегенде VІІ ғасырлардан аса алмаймыз. Мықтағанда қазақ әдебиетінің түп-төркінін Орхон ескерткіштері мен Күлтегін, Тоныкөк жазуларынан іздейміз.

Кеңестік идея қанатын кең жайып тұрған кезеңде басқа ұлт ғалымдары, әсіресе орыс зерттеушілері бізді өзімізден іздеуге мұрса бермеді. Тіпті кейбірі нақтылы тарихты білсе де білмеске салды. Әдебиетті айтпаған күннің өзінде аспан астында бүркеулі жатқан тірі музейлеріміз – ғұндар мен сақтар дәуіріндегі ескі молаларды қазақты құраған тайпалардыкі деуге ешқайсысының аузы бармаған (Есік пен Зайсанның Шілікті жазығынан табылған алтын адамдар тарихы соған куә). Енді-енді бетперделер жыртылып, тарихқа жалғыз орыстың көзімен ғана емес, барлық жазба және тарихи жәдігерлер арқылы зерттеу жүргізгенде тарихымыздың тамыры одан да тереңде жатқанын көре аламыз.

Әсіресе, соңғы жылдардан бері қарай Қытайда ауыз әдебиеті үлгілері барынша жиналумен бірге қазақ тарихына қатысты қытай тілінде жазылған жазба деректердің зерттеліп, зерделенуі, том-том кітап болып жарық көруі көп тарихтың көзін ашты. Мұнда қазақ әдебиеті ғылымына әлі кіріп үлгермеген мол дүниелердің барлығы шүбәсіз. Ауыз әдебиетінің қорларының өзінде Қазақстан топырағында мүлде кездеспеген соншалық бай мұралардың бар екендігі дәлелденіп отыр. Оны зерттеп ғылым жұмыстарының кәдесіне жарату талай зерттерменге өмірлік азық болары да шын. Бұл мақала оның бәрін ақтарып жатпайды.

Біздің айтпағымыз сол мол қазыналарды ақтарған біраз қаламгерлердің жазғанынан дәлел келтіре отырып, әдебиет тарихымызды арыдан іздеу ойлары ғана.

Қазақ тарихының, қазақ әдебиеті тарихының сондай ескі соқпақтарына жол тартқан қытайлық ғалым Ясын Құмарұлы «Алыстағы атамұра» (Ұлттар баспасы, Бейжің, 2003 ж) кітабында Қытай елінің (ханзу) ежелгі күндерде түркі тектес ру-тайпалармен аралас отырғанын былай баяндайды: «Ханзудың да, түркі тілдес ұлттардың қалыптасуы да кейінгі замандарда біздің заманымыздан бұрынғы ХVІІІ ғасырдан арғы кезеңдерде орта жазық пен оның оңтүстігіндегі өңірлерде ауылы аралас, қойы қоралас, ұқсамаған таңбалары бар көптеген ру-тайпалар жасаған. Кейінгі ханзулардың, сондай-ақ түркі тілдес ұлттардың және ханзу тілі мен түркі тілдерінің қалыптасуында осы ру-тайпалардың күшті ықпалы болған. Олардың тілі араласқан, мәдениеті араласқан».

Аталған еңбекте осы араластықтың дәлелдері тіл, ою-өрнек, діндік наным жақтарындағы ұқсастықтар арқылы айқын көрінеді. Мұнда жалаң түрде бір-біріне телу емес, жалпы ғылыми көзқарас ұстанған. Әуелі қытай тілі мен мәдениетіндегі көптеген үлгілердің түркі ұлттарын құраған көшпенді тайпалардан кіргендігін тілге тиек етеді.

Қытай тарихындағы біздің заманымыздан 3-5 мың жыл ілгерідегі бақсылар сарынына талдау жасаған мақала авторы: «Олардың аузынан шығатын сөз жайшылықтағы қарапайым сөздер емес, жанды да жалынды, ер кеуде, ершімді, өңменіңнен өтіп, өлгенге жететін, тілеуді қолдап, құдіретті қозғайтын, ұйқастап келіп, ойқастап кететін әдеби тіл» дей келіп, қазіргі өлең-жырлардың арғы төркінін сонан іздейді, оны шаманизмдік әдебиетке жатқызады. Мысал ретінде Манжу ертегілеріндегі бір қушнаштың* жын шақыруы мен таяу заманғы қазақ бақсыларының жын шақыруын салыстырады. Жер жағдайынан қарағанда аралығы неше мыңдаған шақырым келетін екі топырақта есейген халықтың жыр сөзіндегі ұқсастығы шынында кісіні қайран қалдырады. Өз ойларын егжей-тегжейлі түсіндірген Ясын сөзін былай жалғайды: «Жұңғо тарихындағы ең ертедегі әдеби туынды Кұңзы құрастырған «Жырнама». Ол халық арасынан жинастырылған өлеңдер жинағы. Ал, Чу еліндегі ақын Чуйиуанның өлеңдері, яғни «Чу өлеңдері» бірден-бір ең ертедегі авторлық әдеби туынды саналады… «Чу өлеңдерін» оқып шықсаңыз, оны қазіргі көзқараспен қарағанда Чаңжиаңның орта, төменгі ағарындағы отырықты егінші елдің ақсүйегі жазған өлеңдер емес, қайта Хуаңхы бойы немесе оның солтүстігіндегі дала мәдениетіндік шаман мүритінің бақсылық сарыны деп қаласыз… Чуйиуан өзінің шаманизмдік сарын аңқыған, Күнлүн тауынан екі елі айрылмайтын, оның үстіне аз да болса көне түркі сөздерін араластыра жазған өлеңі «Лисауында» өзін «байыр­ғы патша Гауяңның ұрпағымын» дейді. Гауяң – Жуан шүй, оның әкесі Жаңйы, Жаңйының әкесі Хуаңди. Хуаңди орта жазыққа батыс солтүстіктен келіп қоныстанған көшпенділердің ұрпағы».

Автор осыларды айту арқылы келтірілген дәйектемелерді біз­дің әдебиетіміздің ежелгі үлгілері санап, оның Қытай әдебиеті­нің қалыптасуына ықпал жасағандығын көрсетеді. Айтылған осы айғақтар бойынша тарихымызды ары қарай қудаласақ, әдебиет тарихымыздың өзі 3000-4000 жылға барары айдан анық.

Аузымызды бірден ары қарай ашпай-ақ одан бергі тарихымыз­дағы белгілі жазбаларға жүгінер болсақ, оның да айтары аз емес. Бес мың жылдық жазба тарихы бар Қытайдың қазаққа қатысты тарихының өзі бес том болса, оның ішінде мәдениет пен әдебиетке қатысты шертілетін шежірелердің де қатпары қалың.

Ерекше ауызға аларлық тағы бір жағдай – Қытай ұлты тарихшыларының қазақ тарихына қалам тартуы да қуанарлық іс. Қытайдағы қазақтанушы ғалым Субихайдың «Қазақтың мәдениет тарихы», «Шынжаң жартас жазбалары» атты ірі еңбектері соның дәлелі. Онда бүгінгі Қытай жерін негіз еткен аумақты өлкедегі ежел­гі тіршілікті байырғы сақ, үйсін елінің тірлігіне жатқызып, он­дағы дала мәдениетін қазаққа тәуелдеуі тарихқа шынайы құрмет саналады.

Қытайдағы қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ізін Қытай жазбаларынан тапқан жазушы, ғалым Зейнолла Сәнікұлы «Ежелгі Қытай жазбаларындағы түркі (қазақ) қаламгерлері» («Жалын» журналы, 2004 ж) атты мақаласында мынадай деректер айтады:

«Қытай тарихында қазіргі Шынжаң өңірі, Қазақстан мен Орта Азия алқабы «Батыс өңір» деп аталған. Осы «Батыс өңір» жайында хан елінде көптеген өлең-жырлар туған. Ежелгі сақтар, ғұндар, шәнбилер, қидандар, моңғолдар, шүршіттер т.б. тайпалардан шыққан бір бөлім ақын-жазушылардың шығармалары да қытай тілінде жазылып қалдырылған. Жаңа дәуірден бұрынғы ҮІІ ғасырдың ақыны Алхман грек қыздарын ибени (сақтардың бір бөлігі) жылқыларына салыстыра отырып жырласа, Қытайда сақтар туралы жыр жаңа дәуірден бұрынғы Х ғасырда қағаз бетіне түсірілген. Қытай жазуында батыс өңір патшаларының анасы немесе сақ патшаларының анасы деп атаған адам туралы мынадай аңыз бар: Анамыз қазіргі Боғда тауындағы (Үрімжі қаласының шығыс жақ төрінде) Боғда көлін мекендеген екен. Оған Мотиянзы деген қытай саяхатшысы ішкі өңірден сәлемдесе келеді. Бәлкім ол кез аналық дәуір болса керек, киелі анамыз алыстан келген қонақты қарсы алып, Боғда көлі бойында қонақасы беріп, сый-сияпат көрсетеді. Қытайдың жазба мұрасы «Мотиянзы өмірбаяны» деген осы кітапта сақ патшалары анасына арналған «Ақша бұлт» және «Сақ ананың үні» атты екі өлеңі бар.

Сақтар жөніндегі ең ежелгі дерек осы болар.

Қытай тарихында поэзияның ең гүлденген дәуірі – Таң хандығының тұсы. 300 жылға созылған бұл дәуірде 50 мың шумақ өлең жазылған. Бұлардың ішінде де батыс өңір (түркі халықтары) ақын-жазушыларын табуға болады. Ал, түркі халықтарынан ақын-жазушылардың ең көп шыққан дәуірі – Юань хандығы дәуірі. Жүз жыл дәурен сүрген бұл хандық тұста 30 мың шумақ өлең жазылып қалдырылған. Бұлардың ішіндегі түркі халқынан шыққан қалам­герлердің саны 200-ден асады. Олардың қағазға түскен өлеңдері төрт мыңнан артық».

Мақала авторы аталған еңбегінде біраз ақындардың өмірбаяны мен өлеңдеріне тоқталады. Бастыларынан қаңлы ақыны Потодың (232-348), Хату, қаңлы ақыны Бұқұм (1255-1300), қыпшақ ақыны Сағидолла (1272-?), дулат ақыны Хытиянтың (1247-1313), қаңлы ақыны Сәрсен (1295-1345), қыпшақ ақындары Сарын, Сабан қатарлыларды ауызға алады. 1988 жылы осылар тектес 70-тен артық ақынның өлеңдері «Батыс өңір аз ұлт ақын жырларынан таңдамалылар» деген атпен Шынжаң халық баспасынан қытай тілінде басылып шыққан.

З.Сәнікұлы өз ойларын былай деп тұжырымдайды: «Қытайлар батыс өңірде жасайтын сақ, үйсін, қыпшақ, ғұн сияқты түркі халықтарын сол кездің өзінде-ақ өрелі мәдениетті ел деп білді. Сол мәдениетті батыс пен шығысқа осы халықтардың таратқанын тарихи фактілер толық куәландырып отыр деп қарайды».

«Алтын бесік» журналында (№5, 2006 ж) жарияланған Сұлтан Жанболаттың «Арыда алысқа кеткен арыстарымыз» атты мақала­сында да қытай жылнамаларындағы ежелгі өнер адамдарымыздан жүйелі сөз қозғайды.

Ал, осы пікірлермен үндес айтылатын Әзімхан Тішанұлының «Қазақ поэзиясының қара шаңырағы» мақаласында («Әдебиет сыр шертеді», Шынжаң халық баспасы, 1994 ж. Үрімжі) қара өлеңнің тегі туралы сөз болады. Онда біздің қара өлеңнің сонау патшалықтар заманынан тартып Қытай әдебиетіне игі әсерін айғақтармен түсіндіріп: «Ән-күйлердің әсері хан дәуірі орда сауығы ән-күйлеріне көп жаңалық енгізген болса, оңтүстік-солтүстік патшалықтан кейінгі жалпы араластық поэзияға да келелі әсерін тигізген…» дей келіп, қытай әдебиетіндегі осы жанрдың «іргесін қалап, аяғынан қаз тұрғызып, ержеткізіп, есейткен» Либайды «өлеңнің әулиесі атандырып, Таң дәуірінің 300 жылын ағалатқанда өте-мөте осы дара шумақ», – дегенді айтады. Мұндағы дара шумақ – қара өлеңді көрсетеді.

Автор аталған еңбегінде қара өлең қасиетінің өз әдебиетіміз түгілі өзге ұлт әдебиетіне жасаған ықпалы туралы ойға қонымды пікірлер білдіреді. Бұған қоса «Ескіден қалған бір тұяқ» мақаласында «Моран» жыры туралы сыр шертеді әрі жырдың үлгісін келтіреді. Демек, бұл да біздің ежелгі батырлар жырымыз­дың бір бұтағындай көрінеді. Қытайда бірде «Мулан жыры», бірде «Моран жыры» болып аударылған бұл ескі жыр туралы талас-тартыс көп. Қытай тарихы мен әдебиетіне жетік ғалымдар мұның төркінін өзімізден (ежелгі қазақ тайпаларынан) іздейді.

Шыңғысхан тарихына қатысты жазбалар мен деректерде де қазақ қаламгерлері туралы жиі-жиі сөз болып отырады. Онда Шыңғысханның керей ұлысынан бақсы-балгерлер ұстауы мен қара үзіп шыққан қаламгерлері де сөз болады. Субихай жазған «Қазақ­тың мәдениет тарихы» кітабының «Моңғол иуан хандығы дәуірінде қазақтардың Ханзу мәдениетіне қосқан үлестері» атты тарауында Тоқтай Мазартайұлы (1314-1355) тектес біраз кісілерді ауызға алады.

«Қысқасы, ертедегі қазақ ру-тайпалары бұрынғы уақытта қазақ халқы, қазақ хандығы болып құрылғанға дейін Қытай, Рим аралығындағы аймақтар мен өлкелерді мекендеген түрік, моңғол руларымен бірге тірлік еткен. Сондықтан бәрінің тарихы, қоғамдық-мәдени өмірі ұқсас болған» (Бейсенбай Кенжебаев, Мырзатай Жолдасбеков «Асыл арналар» Жазушы, 1986 ж.)

Әдебиетімізге шаманизмнен кейінгі үлкен ықпал жасаған арабтардың дін таратуымен енген үлгілер болса, арабтарға да жергілікті тайпалардың өзіндік ықпалы болған. Араб әдебиеті мен ғылымның тарихында Сығанақ, Түркістан, Қыпшақ, Түрік атауларын есімдеріне тіркеген әдебиетшілер мен ғалымдар да кездеседі. Демек, олар қазақ жерінің төл тумалары немесе қазаққа қатысты туған қаламгерлер. Өзімізді өзгеге тәуелдеу идеясы мейлі қытай, мейлі араб немесе басқа да туысқан ұлттардың әдебиетімен тамырластығымыз сөз болғанда, бір бөлім зерттеушілеріміз «ерте­дегі әдеби, ғылыми шығармаларды, жазушылар мен ғалымдарды қазақтікі емес, қазаққа олардың тілдері түсініксіз, рухы жат дейді. Бұл дұрыс емес.

Себебі біріншіден, қай халықтың болсын ерте замандағы алғашқы әдебиеті, жазба әдебиет нұсқалары сол халықтың бүгінгі тілінде болуы шарт емес. Кейбір халықтардың ондай әдебиетінің басқа тілде, сол халыққа осы күнде түсініксіз тілде болуы, бірақ сол халық жерінде, сол халық өкілдері тарапынан жасалған, сол халықтың бір кездегі өмірін көрсететін әдебиет нұсқалары болуы ықтимал.

Бұған Француз, Орыс, Беларусь, Украин халықтары жазба әдебиеттерінің тарихы куә бола алады. Француздардың ерте орта ғасырдағы жазба әдебиетінің басым көпшілігі француз тілінде жасалмай латын тілінде, француз халқы үшін бөгде тілде жасалған. Орыс, Беларусь, Украин халықтары бұрынғы әдебиетінің көп нұсқалары ертедегі бұлғар тілінен өрбіген Церковно-словян тілін­де, қазіргі Орыс, Беларусь, Украин халқына түсініксіз тілде жасал­ған.

Екіншіден, көрсетілген әдеби, ғылыми шығармалардың бірқатары түрік, ұйғыр, шағатай тілдерінде, бірқатары бұрынғы түрік, шағатай, араб тілдерінде (көбінесе шағатай тілінде) жасалған. Ал, шағатай тілі араб, парсы сөздері араласқан, араб, парсы тілдеріндегі кітаптар стиліне түскен түрік тілі, түрік ру – тайпаларының кітаби тілі еді…

Шағатай тілі ертедегі өзбек тайпасының ғана тілі емес, Орта Азия мен Қазақстан жерлерін мекендеген көп тайпаның тілі, солардың ортақ тілі, Батыс Европа халықтарының бір кездегі әдеби тілі латын тілі болғаны сияқты, шағатай тілі Орта Азия, Қазақстан жерлерін мекендеген халықтардың бір кездегі әдеби тілі.

Бір қатар ғалымдар Қытай, Рим аралығында жасаған ру-тайпаларда сөз болып отырған замандарда шыққан жазушылар мен ғалымдарды анасы ана ру-тайпаның уәкілі, мынасы мына халықтың перзенті деп бөледі: пәлен өзбек, түген түркімен деп жіп тағады. Бәрін дерлік қазаққа қатысы жоқ етіп шығарады. Бұл мүлде бекер» (Б.Кенжебаев).

Ендеше, біздің әдебиет тарихымызды арыдан, басқа ұлттарға жасаған әсері мен ықпалынан іздеуіміздің еш әбестігі жоқ. Қайта «озған елдің баласы он бесінде баспын дер» дейтін текті тұқымнан екенімізді ескеріп, әдебиет тарихымыздың тамыры өте тереңде жатқанына мақтануымыз керек.

Жоғарыдағы көзқарастарға жүгіне отырып, өзімізді өзімізден немесе өзімізден өзгені іздейтін болсақ, әдебиет тарихымыз әлі де кемінде оншақты ғасыр ары қарай жылжыр ма еді, қайтер еді. Ол жағы зерттеуші ғалымдарымызға сын. Менің ойымша, бұған біздің өзге ұлттар жағынан немесе өзге ұлт ішіндегі өз қаламгерлеріміз жағынан жазылған тарихи жазбаларымыз толық куә бола алады. Әсіресе, жабулы қоймасының бетін енді-енді аша бастаған Қытай жазбалары соны ұқтырады. Қытайдың ескі тарихынан табылып отырған нақтылы деректерді түгелімен өз тілімізге қотарып, төл әдебиетіміздің қорына қосатын болсақ, әрине қазынамыздың қабырғасы кеңи түсер еді. Мәселе, бұған батыл жүрек пен қажырлы еңбек қажет. Елім деп еміренетін ұлтжандылық керек. Өз тарихын басқалардан іздеу немесе өзге ұлттың қоржынында жатқан өз асылдарын тауып кәдеге жарату дүние ұлттарының бәрінен кездесетіндігін де айтып өттік. Киелі қазақ әдебиеті де өзгеге жалтақтай бермей өз тарихының жоқшысы болғаны жөн. Мұның өзі елдігімізге саятын тарихи парызымыз!

  

 «Қазақ әдебиеті» газеті

2007 жыл 26 қаңтар

Авторы: Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

Академик, жазушы

Ұқсас жазбалар