«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Семейде «Абай әлемі» кітаптар топтамасының тұсаукесері өтті

Авторы tugurulhan.kz
225 қаралым

20 желтоқсан. Нұр-Сұлтан. Tugurulhan.kz – Семейде «Абай әлемі» кітаптар топтамасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасаған tugurulhan.kz тілшісі.

Биыл жоба аясында 12 кітап жарыққа шықты. Тың кітаптардың тұсауы Абай атындағы драма театрда кесілді. Қонақтар кітаптың авторларымен танысып, әңгіме өрбітті. Салтанатты жиынға Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қатысты.

«Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен «Абай әлемі» кітаптар топтамасы жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ол еліміздің мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылатын дарынды жерлестеріміздің әдеби мұрасын сақтауға және насихаттауға бағытталған. Кітап топтамасының келесі нөмірінде кейінгі 100 жылда алғаш рет орыс географиялық қоғамы мүшелерінің жариялаған жұмыстарының жеке жинақтары жарық көреді. Жаңа басылымның әдеби мұраларының қатарына Қазақстан Республикасының 2016 жылғы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жерлесіміз Тыныштықбек Әбдікәкімовтің философиялық туындылары енді. Бұл топтама сондай-ақ жас талантты авторлардың өлеңдер жинағын қамтиды», – деді Ермак Сәлімов тұсаукесер барысында.

«Абай әлемі» жобасы талантты жастарды Қазақстанның «әдеби кодын» дамытуға ерекше үлес қосатын авторлардың шығармаларын көпшілікке кеңінен таратуды көздейді.

Жобаның редакциялық кеңесін белгілі жазушы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Медеу Сәрсеке басқарады.

«Кітап топтамасының екінші нөміріне 12 кітап енген. Оның ішінде 9 кітап – жеке авторлардың басылымдары. Олардың қатарында Нұрлыбек Баймұратовтың шығармалары, Тыныштықбек Әбдікәкімнің «Жұмақ түн» кітабы, Қалихан Алтынбаевтың «Қайран өмір» кітабы, Көпен Ерқасовтың «Елім менің» кітабы, Айтмұхамбет Қасымовтың «Туған жер әуендері» кітабы, Бақытжан Раисованың «Желдің күн беті» кітабы, Станислав Черныхтың «Неутомимый краевед Рудного края» кітабы, Мерей Қарттың «Қарашықтағы құбылыстар» кітабы, Александр Мещеряковтың «Мегафонда» кітабы, Қызырбек Дүргінбай мен Бауыржан Игіліктің шығармалары бар», – деді Абай атындағы кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Нұғыманова.

Кітап топтамасы 6 500 данамен жарыққа шықты.

Ұқсас жазбалар