«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Шыңғысханның өкіл әкесі ұлықталды

Авторы tugurulhan.kz
1764 қаралым

24 желтоқсан. Нұр-Сұлтан. Tugurulhan.kz – Көкшетау қаласында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру аясында «Отан тарихындағы тұлғалардың рөлі» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті,деп хабарлайды Қазақстан тарихы порталына сілтеме жасаған tugurulhan.kz тілшісі.

Шыңғысхан және одан кейінгі қазақ хандары дәуірінің қалыптасуына ықпал еткен тұғырлы тұлға Тұғырылханның өмір жолы мен ерлік іздері моңғол, парсы, түрік, қытай, орыс деректерінде кездеседі.

Алқалы жиын орта ғасырдағы түркі әлемінің аңызға айналған көсемі, Жошы ханның әкесі, әйгілі Шыңғысханның тарих сахнасына шығуына ықпал еткен, тарихта өзіндік орны бар тұлға – Тұғырыл ханға арналды.

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты ұйымдастырған бұл айтулы шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, әйгілі тарихшы ғалымдар қатысты. Олардың қатарында белгілі түрколог, бітік тастың білгірі Қаржаубай Сартқожаұлы, ҚР Мемлекеттік елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған, сөз өнерін зерттеуші ғалым Серік Негимов, Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ ректоры, тарихшы ғалым Еркін Аманжолұлы бар.

Зиябек Қабылдинов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры:

«Басты мақсаты –  тарихи тұлғаларымызды  кеңінен насихаттау. Өкінішке орай кейбір тұлғаларымыз тарихта орнын дұрыстап алмай отыр. Олар туралы Қытайдың, Ресейдің мұрағаттарында көп материал кездессе де, олар айтылмай жатыр, насихатталмай жатыр.  Монография болып шықпай жатыр. Сондықтан бүгінгі басты мақсат – ұлы тұлғаларымызды насихаттау, мұны Қазақстан азаматтарына кеңінен жеткізу. Сондай-ақ әлемге танымал тұлғалар тұғырын көтеру арқылы елдік мәртебемізді көтеріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында айтқан турзимді дамыту бағытына да жарқын жол сала алатын боламыз. Екіншіден бүгінгі конференциямызға арқау болып отырған – Шыңғыс ханға әке жолындағы ұстазы, Жошының атасы болған Тұғырыл хан есімін ұлықтау. Бір қызығы, Жошының сүйегі де, ұрпағы да бізде. Тұғырыл ханның ұрпақтары да бізде отыр. Демек, осындай ойлар түрткі болып, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын өзек еткен тарихи мәні бар ғылыми конференция өткізуді жөн санадық».
Тарихи тұлға – Тұғырыл хан есімін көтеру Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу» аясындағы үндеуіне сай қолға алынып отыр.

Еліміздің әр өңірінен жиналған  тарихшылар ұлт болып қалыптсауымызға ықпал еткен тау тұлғалар жайында ғылыми баяндамалар оқыды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Түркітану, Алтайтану ғылыми зерттеу институтының директоры, түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы «Тұғырылхан хандығы» жөнінде кең мағлұмат беріп, керей хандығының тарихта алар орнына тоқталды. Тұғырылханның ғылыми, әдеби еңбектердегі көркем бейнесі жайында да сөз қозғалды.

«Марко Поло, Рашид ад-Диннің «Жамиғат-ат тауарих» еңбектерінде, орыс тарихшысы Левшиннің, Әлкей Марғұланның зерттеулерінде Тұғырылхан есімі жиі айтылады. Тұғырылхан жөнінде Зейнолла Сәнік деген жазушының «Тұғырылхан» дейтін әдеби-танымдық шығармасы және Шәміс Құмарұлының «Көкжал» дейтін романы бар. Осы ғылыми, әдеби, көркем шығармалар мен көптеген зерттеу мақалаларда Тұғырылханның еңбегі, қайраткерлік істері ерекше баяндалады», – дейді сөз өнерін зерттеуші ғалым Серік Негимов.

Ұлы дала тұлғаларының есімін айшықтау үшін ҚР Білім және Ғылым минстрлігі Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, Мемлекет тарихы институты, т.б. ғылыми-зерттеу институттары зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Бұл бастамаларға «Тұғырылхан-Оң хан» корпоративтік қоры да өз үлесін қосып,  «Тұғырылхан» атты тарихи деректер жинағын шығарды. Конференция аясында тұсауы кесілген бұл жаңа кітап мемлекеттік мекемелер қорына, облыстық, аудандық, ауылдық кітапханаларға сыйға беріледі.

Шара барысында Ақмола облысындағы жоғары оқу орындарындағы тарих мамандығы бойынша үздік оқып жатқан екі студентке «Тұғырылхан-Оң хан» корпаративтік қор атынан арнайы стипендия тағайындалды. Конференция соңында қарар қабылданды.

Қысқаша айта кетер болсақ, Шыңғысхан және одан кейінгі қазақ хандары дәуірінің қалыптасуына ықпал еткен тұғырлы тұлға Тұғырыл ханның өмір жолы мен ерлік іздері моңғол, парсы, түрік, қытай, орыс, жапонның тарихи жазбаларында көптеп кездеседі. Бұған қоса, Тұғырыл хан есімі Марко Поло, А.Андреев, Н.А.Аристов, Г.Ф.Миллер, т.б. саяхатшы ғалымдардың еңбектері арқылы да әлемге әйгілі.

Фотосуреттер: Ануарбек Ералы

Автор: Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

 e-history.kz

Ұқсас жазбалар