«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Министрлік жаңа заң туралы: Тыныштық сақтаудың уақыт аралығы өзгерген жоқ

Авторы tugurulhan.kz
860 қаралым

6 қаңтар. Нұр-Сұлтан. Tugurulhan.kz – Күшіне еніп жатқан жаңа заң ережелері бойынша тыныштық сақтаудың уақыт аралығы өзгерген жоқ. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігі Заңнама депуртаменті жобалау жұмысы басқармасының басшысы Азиз Иманғалиев мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz сайтына  сілтеме жасаған tugurulhan.kz тілшісі.

«Бүгінде тыныштықты бұзуға болмайтын уақыт аралығы өзгерген жоқ. Мұндай норма Парламент Мәжілісінің қарауындағы Халық денсаулығы туралы кодекске ілеспе заң жобасында қамтылған. Онда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабындағы диспозициясын толықтай қарап шығу ұсынылады. Ал жақында Президент қол қойған «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында тек аталған бап бойынша санкциялар қайта қаралған, яғни айыппұлдар сомасы артты», – деп түсіндірді А. Иманғалиев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.

Атап айтқанда, тыныштықты бұзу жағдайында жауапкершілікті күшейту қадамдары 437-бапта ескерілген. Яғни жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергi келтiретiн, түнгi уақытта (сағат 23-тен таңғы 6-ға дейiн) тыныштықты бұзу, оның iшiнде тұрғын үй-жайларда және олардың сыртында шұғыл қажеттiлiкпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргiзуге байланысты тиісті жазаны қарастырып отыр.

«…437-бапта: бірінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын: «жеке тұлғаларға – бес, шағын кəсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма, орта кəсіпкерлік субъектілеріне – отыз, ірі кəсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді», – делінген Мемлекет басшысы қол қойған Заңда.

Осылайша, тыныштық бұзғаны үшін, оның ішінде қайталанып жасалған әрекетке жеке тұлғаларға айыппұл сомасы өзгермеген, ал кәсіпкерлік субъектілеріне шамамен екі есеге артқан.

Айта кетейік, кейбір интернет БАҚ-тар тыныштықты сақтаудың уақыт аралығы өзгергендігі туралы ақпаратты таратқан болатын.

Ұқсас жазбалар