«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

«Тұғырылхан» кітапханасы сериясымен жарық көрген тарихи кітаптардың тұсаукесері өтті.

Авторы tugurul
1329 қаралым

Таяуда Ақмола облысы, Біржан сал ауданындағы «Орталықтандырған  кітапханалар жүйесі» мекемесінде «Tugurul han – on han» корпоративтік қорының «Тұғырылхан» кітапханасы сериясымен жарық көрген тарихи кітаптардың тұсаукесері өткізілді.

Тарихи кітаптардың тұсаукесер жиынына «Қазақстанның Ұлттық Агроөнеркәсіптік Палатасы» заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер Қауымдастығының төрағасы, «Tugurul han – on han» корпоративтік қорының басшысы, академик, меценат, кәсіпкер Асылхан Игібаев, Қазақстан және Еуразия  жазушылар одағының мүшесі, Тарих және Қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі, жазушы Жәди Шәкенұлы, Біржан сал ауданы әкімінің орынбасары Кәрібай Шаймерденов, аудандық маслихат хатшысы Серік Шауенов, Біржан сал аудандық «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мекемесінің қызметкерлері сондай-ақ жергілікті өлкетанушылар, тарихшылар қатысты.

Алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Кәрібай Дәулетханұлы тарихи кітаптардың тұсаукесерін Біржан сал ауданында өткізуге келісім берген «Tugurul han – on han» корпоративтік қорының басшылығына ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта да әріптестік байланыста бірлесе жұмыс атқаратындарын айтып өтті.

Өз кезегінде Асылхан Жұмабайұлы қазақ халқының ұлы тарихын түгендеуге айрықша үлес қосып келе жатқан «Tugurul han – on han» корпоративтік қорының атқарып отырған жұмыстары жайында баяндама жасады.

Алқалы жиында Жади Шәкенұлыұлы «Тұғырылхан» кітапханасы сериясымен жарыққа шыққан кітаптардың мазмұны мен маңызына тоқталып өтіп, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық жинағына енген қазақ тарихындағы ұлы хандардың бірі Тұғырылхан жайында баяндамасын айтып өтті.

Тұғырылхан есімі «Моңғолдың құпия шежіресі», «Алтын шежіре», Рашид ад-диннің «Жамих-ат тауарих» кітабында, Әбілғазы Әл-Хорезмидің «Түрік шежіресінде» және қазақ қаламгерлерінен – Ш.Құдайберді, М.Көпейұлы, Ә.Марғұлан, М.Тынышбаев, М.Мұқанов, М.Мағауин, Ш.Құмарұлы, З.Сәнікұлы, М.Қозыбаев, З.Қинаят, А.Күзембаев, Қ.Сартқожаұлы, Ж.Ошан, т.б. қаламгер еңбектерінде көптеген деректер қамтылған. «Tugurul Han On-Han» корпоративтік қоры жағынан (А.Ж. Игбаев және Жәди Шәкенұлының құрастыруы, ғылыми редакциялауы нәтижесінде) «Тұғырылхан» (1 том) атты тарихи деректер жинағы жарық көрді. Тұғырылхан-Оң хан корпоративтік қоры қазақ тарихы мен шежіресін жазу жұмысын да қолға алуда. Болашақта Тұғырылхан есімін елді мекендер мен көшелерге, қатысты нысандарға беру сынды игі істер де атқарылады деп жоспарлануда.

Сөз соңында «Тұғырылхан» кітапханасы сериясымен шыққан тарихи кітаптардың лентасы қиылып, аудандық ардагерлер ұйымына және «Орталықтандырған  кітапханалар жүйесі» мекемесіне кітаптар сыйға тартылды. Аудан мекемесіне қарасты ауылдық округтердегі барлық кітапханаларға тарихи кітаптар толық жеткізілетін болды.

Ұқсас жазбалар