«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Авторы tugurul
766 қаралым

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-сазгер, академик-дәрігер Толқын Ақанұлының жуырда ғана баспадан шыққан «Емші кәдесі» атты кітабының тұсаукесері болып өтті.

Қазақ емшілігі жайындағы еңбектің тұсаукесер жиының ЕҰУ-нің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы жүргізді.

Онлайн форматында өткен шараға «Қазақстанның Ұлттық Агроөнеркәсіптік Палатасы» заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер Қауымдастығының төрағасы, меценат, кәсіпкер Асылхан Игібаев, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры Бақытжан Оразалиев, Қазақстан Жазушылар Одағының және Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Жәди Шәкенұлы, сібіртанушы, экономика ғылымдарының кандидаты Нұржан Жұмабайұлы және ЕҰУ студенттері, кітапхана ұжымдары қатысты.

Академик-дәрігер Толқын Ақанұлының «Емші кәдесі» кітабында дәрігерлік іс-тәжірибесі мен халықтық емдер хақындағы мақалалары, сыр-сұқбат, ой-толғаулары топтастырылған. Сондай-ақ автор қазақ емшілігіндегі жиі қолданылатын емдік амалдарды көрсету арқылы халықтың табиғи тағамдардың емдік қасиеттерін түсінуіне, аурудың алдын алу және одан сақтануына көптеген мәліметтер ұсынады. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.

Кеш барысында Толқын Ақанұлының қайраткерлігі мен ақындығы, руханиятқа сіңірген еңбегі жайында әңгіме айтылып, кітаптың тұсауы кесілді. Әр қашан қоғамның әлеуметтік топтарына көмек қолын жиі созатын ағамыз бұл жолы да мәрттіктен қалыс қалмады. ЕҰУ-де шеттен келіп оқып жатқан студенттердің емделуіне жеңілдіктер жасау туралы ұсынысын айтып, оларға көмек қолын созуға дайын екенін білдірді.

Шара соңында автор ЕҰУ-дің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығына кітаптарын тарту етті.

Ұқсас жазбалар