«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ОРАЗАҚ СМАҒҰЛОВ – ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АНТРОПОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ

Авторы tugurul
899 қаралым

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2020 жылы 5-қарашада ғалым-антрополог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Болония ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Смағұлов Оразақ Смағұлұлының 90 жасқа толуына орай «Оразақ Смағұлов – Қазақстан антропология ғылымының негізін қалаушы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Конференция мақсаты – Қазақстан антропология ғылымы дамуының қазіргі жағдайы мен өзекті бағыттарын талқыға салу, О. Смағұловтың қазақ этносының шығу тегіне қатысты антропологиялық аспектілерді зерттеудегі үлесін атап көрсету.
Академик Оразақ Смағұлұлының көптеген еңбектерінде, монографиялар мен мақалаларында жинақталып берілген этникалық краниология, серология, палеоантропология, соматология, одонтология, дерматоглифика саласындағы зерттеулері ғылыми және мәдени қауымдастық арасында сұранысқа ие екені баршаға мәлім. Антропологиялық құрамда қола дәуірі тайпаларының физикалық деректерін морфологиялық мұра ретінде 30% сақтай отырып, осы аймақтың автохтоны болып табылатынын ол краниологиялық сериялар, генетикалық маркерлер, одонтологиялық нышандарды зерттеу нәтижесінде төрт мыңжыл бойындағы қазақ этногенезінің тарихи үдерісінің біртұтастығын дәлелдеп шықты.
О.С. Смағұлов ұзақ жылдар Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында жұмыс істеді және соның қабырғасында Қазақстандағы тұңғыш этникалық антропология зертханасын құрушы болды. Қазірде осыған ұқсас зертханалар Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі (Нұр-Сұлтан қ.) және М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (Шымкент қ.) жанында да жұмыс істеп отыр және О. Смағұлұлы сол зертханаларда өз ғылыми-зерттеу қызметін жалғастыруда.
Конференцияға Қазақстанның түрлі өңірлерінен 70-тен астам этнолог-ғалымдар, тарихшылар, археологтар және т.б., сондай-ақ Ресей Федерациясынан, Грузиядан, Моңғолиядан мамандар оф-лайн және он-лайн режимде қатысты. Конференция модераторы – институт директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының (бұдан әрі-ҰҒА) корреспондент-мүшесі Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов ҚР Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаевтың, ҚР Үкіметінің, ҚР ҰҒА Президиумының, Моңғолия Ғылым академиясының Баян-Өлгей бөлімшесінің және т. б. құрметті қонақтарының құттықтау хаттарын оқыды.
Іс-шарада 300-ден астам ғылыми жұмыстың авторы болып табылатын академик жеке кітапханадан кейбір кітаптарды институтқа сыйға тартты және қазақстандықтардың жас ұрпағын Қазақстанның тұрақты дамуына күш салуға, тәуелсіздікті қастерлеуге шақырды, оған қол жеткізу үшін ол өзінің ғылыми көзқарастарын қорғап, көп күш жұмсады.
Конференция жұмысының резолюциясына О.С. Смағұловқа “Қазақстанның Еңбек Ері” (“Герой Труда Казахстана”) атағын беру, еліміздің биологиялық факультеттері мен медициналық жоғары оқу орындарында “Антропология” мамандығын ашу және т.б. туралы қолдаухат беру туралы ұсыныстар енгізілді.

Ұқсас жазбалар