«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ТҰҒЫРЫЛ ХАН ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ ЭТНОНИМДЕР

Авторы tugurul
798 қаралым

«Отан тарихындағы тұлғалардың рөлін» анықтау олардың халқына еткен қызметін зерделеумен ғана шектелмейді, өткен өмірімізбен сабақтастықты және алдағы болашағымызды айқындауға да мүмкіндік береді. Екіншіден, тақарабамызға сәйкес ең бірінші «этноним дегеніміз не?», – дейтін сұраққа жауап бере кетелік. Этноним – ру, тайпа, халық, жалпы алғанда ортақ мекен-тұрағы (территориясы) мен біркелкі әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамудың нәтижесінде жасақталған ұжымдық бірлестіктің атауы, яғни этностың атауы. Этнонимнің негізгі қызметі – адамдарды біріктіру, топтастыру. Тарихи мұралардан жеткен этнонимдердің қолданысы бірнеше түрлі қызмет атқарғанын көрсетеді: 1) туыстық, қандастық жақындықтары және мәжбүрлік немесе мүдделестік идеялары бойынша адамдардың бірлескен ұжымының атауы. 2) Қауымдасқан ұжым мүшелерін бір топқа жинақтаушы тетік. 3) Адамның шыққан тегін, өмір сүру ортасын айқындаушы адресаттық құрал.

Ерте кездерде ру немесе тайпа белгілі бір атаудың аясына топтасқан. Ондай ру, тайпалар Тұғырыл хан заманында да өмір кешкен. Ұлан-ғайыр аумақты қамтыған кең далада көшпелілік салтын ұстанған осы тайпалар өз ішінде тұйықталып қалмай, түрлі факторлардың нәтижесінде бір-бірімен мидай араласып жатты.

Ұлы далада болып жатқан жағдайларды саралағанда, белгілі бір этнонимдердің аясына жинақталған халықты көреміз, алайда екеуінің бірлігі тұрақты деп айту қиын Тұғырыл ханға қатысты тарихи деректер бойынша зерделер болсақ, ұлы далада дәстүрі мен тұрмыс-салты, экономикалық қатынастары ортақ халықтардың өзара тығыз байланыстағы өмірі суреттеледі. Сонымен қатар бірде қосылып, бірде айырылысқан тайпалардың өзара байланысы барысында қалыптасқан далалық өмір заңы дала халқының да ұқсас белгілерін айқындай түскен секілді. Түрлі жағдайларға байланысты адамдардың бір тайпадан екіншісіне ауысулар да жиі байқалады.

Енді осыған қатысты мына бір мәліметті ұсынып көрелік: «Ертеңінде таң атып, күн шыққан соң, Темүжін өзіне ерген елді бақылап еді, мұнда келгендер Жалайырлардан Қашығұн, Қарықай, Қарылтай деген ағайынды үшеу, Дарқыттан Қадаған, Далдүрхан бастаған ағайынды бес үй екен. Бұардың сыртында Меңкіт қияның баласы Үңгіртүн, Шөншіқұт, Байқұт дегендер де келіпті. Және де бауырластан Құбылай мен Құтық деген ағайынды екеуі; Маңғыттың Құйылдыр шешен (Маңғыттан Жады, Тұғылқы); Арұлаттан Боршы мен інісі Екүле шербі; Ұранқайдан Желменің інілері Сүркан, Сүбетей деген батырлар; Бесүттен Теке, Күшікір деген ағайындылар; сұлдыдан Шілгүтей, Тақай, Тайшытай деген батырлар; тағы да жалайырдан Шыра абыз, Арқа Қасыр, Бала дегендер – аз-аз әулетімен келген екен (65).

Темүжінге ерген ұлыс тайпалар көші толастар емес. Кеңгістен Құғыс бастаған бір алқа қотан; Дәрітай кенже бастаған бір алқа қотан; Зендірден Мұқылакүл; Үжін сауран(нан) бастаған бір алқа қотан ауылдарымен келіп қосылды. Бұлардың сыртында Жамұқадан бөлінген Шешен бекі мен Тайшы батыр екеуі бір-бір алқа қотан және де Тайшының баласы Алтын Құшыр бір алқа қотан; Қотала ханның ұлы Алтын кенже бір алқа қотан болып, Темүжіндер Кеміргі бұлағына қоныстанып жатқанда келіп қосылды». – дейді [1, 64-65 б.]. Тайпалар бөлініп, түрлі көшбасшылардың қарамағына өтеді. Олардың этнос ретінде қалыптасуының алдағы болашағы келіп қосылған тайпадағы тұрмыстық, мәдени, экономикалық принциптерге байланысты жүзеге асады. Осы үзіндіде Темүжіннің айналасына жинақталып жатқан тайпалар мен топтарды көреміз, сонымен қатар олардың көсемдері немесе топ басшыларының есімдері арнайы аталады.

«Тұғырыл хан» тарихи деректер жинағында қамтылған материалдар бойынша бізге жеткен этнонимдердің кейбірі қазіргі қазақ халқын құраған тайпалардың ішінде кездеседі. Нақты тілдік зерттеулер жүргізілмегендіктен, көпшілігінің этимологиясы айқын емес, сондықтан бүгінгі күнмен байланысын анықтау мәселесінде алдымызда үлкен міндеттер тұр. Ол қандай міндеттер? Қазірге сырттай қарағанда көзге көрініп тұрғаны екеу:

Бірішісі – теориялық негіздері. Жазба мұралардағы этнонимдерді барынша толық жинақтай отырып, ішкі құрылымына талдаулар жасау және оның қазіргі ғылымдағы этнонимиялық кеңістікпен (еуропалық үлгідегі) қаншалықты сәйкестігін анықтау.

Екіншісі – этнос ұғымының ішкі мазмұнын анықтау, сол дәуірлердегі қоғам мүшесі үшін оның қаншалықты маңыздылығына зер салу.

Осы аталған екеуі ғылыми-зерттеудің теориялық негізі үшін ғана емес, қолданбалық тұрғыдан да бүгінгі күн үшін өзекті мәселе болып табылады.

Сонымен бірінші міндет бойынша: «Тұғырыл хан» кітабында кездесетін біршама этнонимдердің түрлері төмендегідей болып келеді:

 

Этнонимдер

 

АрұлатҚоры Шілемүн
БарынҚунұут
БесүтҚұрлас
ДарқытМаңғыт
ДұңқайытМеркіттің (Ұдұйыт Меркіт, Уас меркіт, Дой Меркіт, Құла меркіт, Хан меркіт).
ДүрбенМоңғол
ЖалайырНайман
ЖижиратНекүн
ЖүриятОйрат
ЖүркінСақайыт
Икирас (екерес, ікірес)Салжуыт
КерейТайшуыттың (Тайжуыт)
Килич (қылыш)Таңғыт
Кужин (құжын)Татардың (Ақ татар, Әлші (Алшы) татар, Тұтқы татар, Аруқай татар)
ДұңқайытТұрғақ
Қара қытайТүмен Түбеген
ҚатағанҰйғыр
ҚоңыратҰранқай
Қороластың (Қорылас, қоралас)Ұруыт

Бұл Тұғырыл хан өмір кешкен кезеңдегі ру-тайпа атаулары. Саяси, әлеуметтік жағдайларға байланысты бірде бірігіп, енді бірде бытыраңқылық жағдайда тұрмыс кешкен дала халқының құрылымдық бейнесі. Далалық билік жүйесіндегі орны бойынша барлығы бірдей, тең дәрежелі деуге келмейді. Кейбірі тайпа атаулары болса, енді біреулері соның ішіндегі ауқымы шағын топ – ру атаулары. Біразы тұтас ру-тайпаларға берілген атаулар болса, енді біразы этнонимдерге айналған жеке адамдардың есімдері, яғни антропоэтнонимдер. Екі түрлі жасалу жолын көріп отырмыз: бірі – әу бастан этноним; екіншісі – этноантропоним. Шежіре деректерінде этнонимнің шығуына қатасты мынандай мысалдар кездеседі: «Керейттің мағынасы – қара баран деген. Бір кісінің жеті баласы бар еді, барлығы да қара болды, сондықтан оларды керейттер деп атап кетті» [1, 175 б.]. Адамдар жиынына берілгендіктен бұл атау этноним терминіне сәйкес келеді. Ал антропоэтнонимнің жасалуында кісі есімі ру атына айналады: «Қиянның балаларын Қият (ру аты) деп атап кетті… Таудан аққан селді моғолдар «Қиян» дейді, Қият соның көпшесі» [1, 174 б.]. Келтірілген үзінділерден этнонимдердің шығу уәждері – жасалуының екі түрлі жолы көрінеді. Қазіргі қазақ халқындағы шежірелік баяндауларда да осы үлгінің белгілері басым – ру-тайпа атаулары мен кісі есімдерін бір-бірінен айырмайды, негізінен ата мен бала сабақтастығы бірінші орында тұрады. Сондықтан этнонимді лингвистикалық термин ретінде тануда еуропалық түсінік бойынша ел, халық, ұлт, тайпа атаулары ғана емес, қазақ ұғымындағы ру-тайпа мен адам аттарының арасындағы сабақтастық та назарға алынуы тиіс. Сонда қазақ тілтанымындағы осы терминнің ішкі мазмұнына өзгеріс еніп, мағынасы кеңейе түспек. Көнеден ауызша және жазба деректер арқылы жеткен осы ерекшелік тарихи сабақтастықтың бір тарамағы.

Ілгерідегі этнонимдермен аталатын ру-тайпалардың кейбірі түркі халықтарының ішінде әлікүнге дейін өмір сүріп жатыр. Ал жалайыр, керей, қара қытай, қатаған, қоңырат, маңғыт, меркіт, найман, татар, тұрғақ т.б. үш жүзге біріккен қазақ тайпаларының құрамында сақталып келеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, тарихи жазба мұраларда сақталған ру-тайпа атауларына этимологиялық талдаулар жасай отырып, шежіре деректерімен салыстырсақ, бұдан басқа да көне этнонимдердің қазіргімен байланысы анықталуы мүмкін.

Келесі бір ескерілетін жайт, өткен тарихымызда өмір сүрген тайпалар мен рулардың барлығы бірдей бүгінгі заманға жеткен жоқ, алайда атаулары жазба мұралар тілінде сақталды. Біздің тілімізге қатысы жоқ деп оларды назардан тыс қалдыра алмаймыз – көне тілдің элементтері ретінде маңызды. Жазба мұралар арқылы жеткен этнонимдер өзінің бастапқы тұлғасын біршама сақтаған, ал ауызша жеткендері тілдің дамуы барысында немесе тайпааралық қатынастар кезінде түрлі өзгерістерді басынан кешірді, нәтижесінде түрлі дыбыстық нұсқалар қалыптасты. Сондықтан екеуінің арасындағы сабақтастықты арнайы зерттеу нысанына айналдыру да алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі.

Жинақтай айтқанда, этнонимдер мен оларға қатысты материалдардың неғұрлым толықтығы өткен тариыхымызбен арадағы байланысты қалпына келтіруге үлкен мүмкіндіктер береді. Алдағы ізденістерге дұрыс жол ашу үшін зерттеудің негізгі тетігі этнонимиканың терминологиялық жүйесін қалыптастырып, әдістемесі мен бағыттарын айқындауымыз керек.

Енді екінші міндет – этноним ұғымының ішкі мазмұны жөнінде. Қазір ұлт, халық, ру-тайпа атауы ретінде ғана танығанымызбен, қазақ халқының тарихи танымында ол кісі есімімен тікелей байланысты екенін ілгеріде айттық. Енді халықтың тарихи танымындағы этноним ұғымының ішкі мазмұнын ашатын кей мәселеге тоқтала кетелік. Елдің бірлігі мен тұтастығы қарапайым халық үшін де, билік иесі үшін де аса маңызды. Тайпа мүшелерінің бас амандығынан бастап, бақуатты тұрмысына дейінгі мүддесінің тұрақтылығы елінің қаншалықты қуаттылығымен және көсемінің беделімен байланысты болса, екінші жағынан көсемнің де бас амандығы мен ұлы дала төсіндегі билігінің баяндылығы, беделінің дәрежесі қол астындағы қарашасының бірлігі мен әлеуметтік жағдайына байланысты. Осы мүдделердің тоғысқан жерінен далалық демократияға негізделген түрлі саяси идялар дүниеге келді, саяси технологтар мен технологиялар қалыптасып жетілді. Мысалы, ұлы дала жұртының тізгінін ұстаған Тұғырыл ханның Темүжінге Есугей өлген соң тозып кеткен жұртын жинап беру себебі, жас талапкерге белгілі бір рудың билігін беру арқылы қол астында ұстап отыру болатын… Сол тұстағы этнос және этноним ұғымына қатысты тағы мынандай бір мәселе назар аударуды талап етеді. Әріректен бастасақ, «Түрік бүдүн үшін түн ұйықтамадым, Күн отырмадым. Қара терімді төктім, Қызыл қанымы ағыздым», – дейтін жолдар ойға оралады. Күлтегін ескерткішіндегі: …elsirӓmiš, qaγansïramïš bodunïγ (тайпасы жойылған, қағанынан айрылған халық) [2, 405 б.], – деген сөйлем де осы ойды бекіте түседі. Лингвистикалық түсінік бере кетсек, «Су-сыра-у, жалғыз-сыра-у» сөздерінің құрамында сақталған бұл жұрнақтың мағынасында тек айырылу ғана емес, соншалықты аңсау сезімі де жатыр. Үш сөзден тұратын жалғыз сөйлем бұл заманда қуатты тайпа мен беделді көшбасшының бір-бірі үшін қаншалықты қажет екенін және әр адамның ұжымдасып, ынтымақ-бірлікте өмір сүруге деген құлшынысын айғақтайды.

Осы көңіл-күй орта ғасырларда, яғни Тұғырыл хан (Темүжін, Жамұқа) тұсында да өзінің мәнін жойған жоқ. Халық санасындағы ел болуға ұмтылыс Тұғырыл ханның билігі қанат жайып, оның айналасына топтасу кезінде біршама кемелденді. Алайда қартайған шағында ел ішінен тыныштық кетеді. Шыңғыс ханның биліктегі беделі нығайған сайын, айналасындағы тайпалардың қаупі күшейе бастады. Ілгеріде аталған тайпалардың бірі Жамұқаның, бірі Тұғырыл ханның, енді бірі Шығыс ханның айналасынан табылды. Кейін Шыңғыс хан империясының құрамына кірді.

Этноним – белгілі бір себептермен біріккен адамдар тобын жинақтаушы атау, сондықтан кісі есімдерімен тікелей сабақтас. Осы орайда үшінші бір айтылуы тиіс мәселе – жер-су атаулары. Бір-бірімен тығыз байланысып жатады. Тайпа атауы, ондағы адамдар есімі және осы екеуінің мекен тұрағы немесе оқиғаның болған жері үнемі бірге аталады, екінші сөзбен айтқанда осы үшеуі үнемі бірге тіркеліп отырады. Тұғырыл хан заманынан жеткен жазба деректерде мынандай кісі есімдері кездеседі екен.

 

Кісі есімдері

Ажай ханҚадақ батыр
Алтун ашук (Алтын Асық)Қожын бегім
АлтынҚуба Қая (Құба қия)
Арын тайсыҚұдақұл
Аушы батырҚұлбары
БороқұлҚұршақұс
БоуыршыҚұшар
Бұйрық ханМеңлік
Бұқа ТемірМұқалы
БұқатайТай Темір
Білге бекТақай батыр
ДарытайТоқтоға бек
ЕлқұтұрҚұт
Ерке қараТұғырыл (Тоғұрыл)
Жалын БұқаШашабек
Йил Құңқур (Елқоңыр)Шылауын
КүшЫнанша хан [1].

 

Олардың саны біршама, бірақ солардың ішінде кейбіріне ғана тоқталып көрелік. Біраз баяндауларда адамның кім екені руы немесе әкесінің есімі арқылы анықталып отырады:

Ру, тайпа атаулары бойынша аталу (Айқындауыш құрал ретінде қолданылады)

Жүркінің Қадақ батыры

Икирас (Екерес), Ікірестің Түке Мақа

Керейдің Тоғырыл Оң ханы (Тұғырыл)

Қатағанның Бұқа (Бақұ)-Шороғы

Қоңыраттың Дегрек Емел Алқұй

Қороластың (Қорылас, қоралас, құрлас) Шойық Шаған

Меркіттің Тоқтоға бек

Моңғолдан Аушы батыр

Найманның Бұйрық-хан

Ойраттың Құдұқа бек

Салжуыттың Шырғытай батыры

Тайшуыттың (Тайжуыт) Тарқұтай Кірілтұғ [1].

Әкесінің атымен аталу

Тоқтоға бектің ұлы Құт

Оқта құлдың ұлы Сүбегей құл

Сүбегей құлдың ұлы Көкөшү Қырсан

Көкөшү Қырсанның ұлы Йегей Қоңқатар

Йегей Қоңқатардың ұлы Тұғырыл [1, 50-51 б.].

Осы үлгі қазақ хандығы тұсындағы батырлардың есімдерінен және ауыз әдебиетінде де көрініс берді. Аты-жөнімізді, тегімізді жазудың тарихын осы мысалдардан көруге болады. Бұл өз алдына зерттеуді талап ететін мәселе, ал бұл орайда Тұғырыл хан заманынан жеткен этнонимдердің адам өміріндегі орны тұрғысынан ғана сөз болып отыр.

Көшпелілер ұлы даланы атаулар арқылы меңгерген және игерген. Жаз жайлауы мен қыс қыстауының арасындағы әрбір георгафиялық нысанға атау беріліп, жер бедерінің қыр-сыры мен орналасқан жері анықталды. Атаулар білдірумен қатар мағынасы арқылы түрлі ақпарат беру қызметін де атқарды. Тұғырыл хан тарихына қатысты деректерде де оқиғаның болған орны көбіне жер-су атауларымен бекітіліп отырады. Бұл дала қанша кең болғанмен, уақыт пен кеңістікті бағындыруда ұлы бабалар өзінің өнер тапқыштығымен тарихта өз ізін қалдырған. Міне мына атаулар қазіргі қазақ топонимиясының қорындағы атауларға жақын келетін лексикалық бірліктер.

Жер-су аттары

Алтай тауыҚыратай
Ашық шірүнНарын Кеген (Шереннің ұлы)
Байтарақ алқабыСақары даласы
Берке құмдарСартауыл (жер аты)
Күсей көліТолы өзені
КішілікТүңге бұлақ
Қалқаның Бұйыр көліУч (Үш) өзен
Қара құйрық (өзен аты)Ұғат (жер аты)
Қарғын тауыҰлайты жотасы
Қорқыты беліҰлытау
Құмшыңғырдың Ұрұңғы (жер аты)Шу өзені
Қызыл (Ұлан) ҚұтШіліңгір өзені
Қызыл бас (көл аты)[1]

Тұғырыл хан заманынан жеткен деректерден осы үш атау (ру-тайпа атауы, жер-су атауы, адам есімдері) бірлігінің сырларын тереңірек зерделеу керек секілді. Қоғамдағы адамның орны, көшбасшыға деген көзқарас, жер-судың қасиетін бағалаудың жазба мұралар тілінде көрініс беруі сол замандағы өркениет қол жеткізген тамаша бір құндылық болатын. Қоғамдық санадағы бұл үшеуінің бірлігі сол дәуір үшін де, бүгінгі күн үшін де аса маңызды. Табиғат гармониясы мен далалық демократияның негізінде қалыптасқан осы өркениеттің арқасында байырғы тайпалар өзінің аты мен өмірін сақтап қалды. Шыңғыс хан шыққан моғол тайпасы басқаны айтпағанда өзі жауласқан, ақыры басып алған керей мен найман тайпасының хандары мен өзіне қауіп төндіруі мүмкін оның жақындарына қысым көрсеткенмен, халқына, мәдениеті мен дәстүріне, наным-сеніміне қиянат жасаған жоқ.

Осы дәстүр мен мемлекет құру идеясы кейін қазақ хандығының тұсында өзінің жалғасын тапты. Мемлекеттік құрылым туыс-қандық жүйеге негізделген болатын. Шежіре – халықтың біртұтастығын қамтамасыз ететін, барша салты мен дәстүрін, билік құру ережелерін т.б. жалпы халық өмірінің негізгі тұғырларын қамтыған құжат; ол құрылымы арқылы «бір атаның балаларымыз» деген ауызша (ұлы) тарихты әр адамның ойына салып отыратын білім құралы қызметін де атқарды. «Өйткені, көшпелі ру-тайпалардың таным-түсінігіндегі ең киелі жаралым болып табылатын этнотекті негіз етпей тұрып жұртшылықты бір мүддеге жұмылдыру мүмкін емес еді. Түптеп келгенде, қазақ шежірелерінің басым көпшілігіндегі исі қазақтың «Алаш» немесе «Қазақ» деп аталатын бір кісіден таралуы да этнотұтастықты көксеуден туған ұлы шарттылық, дәлірек айтқанда, ұлы бірлік идеясы деуімізге болады», – деп жазды А.Сейдімбек өзінің «Қазақтың ауызша тарихы» еңбегінде [3, 62].

Қазақ тәуелсіздігінің тұғырын бекемдеуде этнос, этноним, шежіре тарихындағы принциптерді негізге алудың маңызды екені шындық. Бір басшыға бағыну, ел болу, туған жерді құрметтеу әлі күнге өзектілігін жоймаған құндылықтар.

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Тұғырыл хан. Тарихи деректер жинағы. – Алматы: «Palitra Press», 2019. – 544 бет.
  2. Древнетюркский словарь. – Ленинград: «Наука», 1969. – (XXXVIII) 676 с.
  3. Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы. – Астана: «Фолиант», 2010. – 756 бет.

Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы. Қазақстан Республикасы Астана қаласы.

Ұқсас жазбалар