«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

СҮБЕЛІ СЫЙЛЫҚҚА ТОЛЫ ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Авторы tugurul
798 қаралым

Жылдың соңына қарай өтіп жатқан мерекелік шаралар аясында, 2020 жылдың 28 желтоқсанында «Тұғырылхан-Оң хан» корпоративтік қорының жыл қорытындысы сүбелі сыйлықтарымен аталып өтілді.

Жиналысқа т,ғ,д, профессор Бүркітбай Аяған, Түрколог Қаржаубай Сартқожа, Дүниежүзі қазақтары қауымдатығы Төрағасының бірінші орынбасарларыынң кеңесшілері – Қарлығаш Бекпатшақызы, Дәурен Қалиханұлы жазушы Жәди Шәкенұлы, «Тұғырылхан-Оң хан» корпоративтік қорының Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Асылхан Игібаев, Тұғырылхан Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рахымбек Мамырбаев, тарихшылар Ғизат Табулдин, Жақсылық Сәбитов сынды азаматтар қатысты.

Жыл қорытындысы «Тұғырылхан-Оң хан» корпоративтік қорының бір жыл ішінде істеген жұмыстарын қорытындылаумен басталды.

Мұндағы басты жаңалық – жаңадан шыққан том-том кітаптардың тұсауы кесіліп, қазақ тарихына бағалы сыйлық ретінде ұсынылуы болды.

Атап айтқанда, Жәди Шәкенұлының авторлығындағы «Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» (зерттеулер), «Тұлпарлар дүбірі» (деректі мақалалар) атты екі томдық еңбегі мен «Тұғырыл хан» (зерттеулер), «Тұрғақ шежіресі» (шежіре) кітаптарының; сонымен бірге Қайрат Айдарханұлының «Қазақ емшілігі» аталатын екі томдық еңбегінің тұсауы кесілді.

Қазақ тарихының қалтарыста қалған беттеріне қалам тартқан Ж.Шәкенұлының «Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» атты ғылыми-зерттеу еңбегіне алғы сөз жазған Б.Аяған мырза өз кезегінде: «Қолымыздағы «Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» кітабының тұтас жүлгесінен қарағанда, қазақ халқының бір ғана түркі жұртының мұрагері екенін тілге тиек ете отырып, оның қалыптасу кезеңіндегі ру-тайпалар мен олардан шыққан кейбір тұлғалардың қызметіне тоқталады. Әсіресе, Ұлы орда дәуірінің қалыптасу алғы шартын дайындаған – түркі халықтары, оның көш бастаушы көсем ұлдары – Шыңғыс хан, Тұғырыл хан сынды тарихи тұлғалар, олардың мұрагері Жошы, Тайбұға сынды хандар өміріне аялдайды. Соның ішінде автор, кең жұртқа беймәлім Тұғырыл хан арқылы жалғасқан Тайбұға әулеті және олардың ру-тайпалық топтары төңірегінде тоқтала келіп, «торғыт-тұрғақ» руы тарихын кеңінен баяндайды. Әрине, кеңестік кезеңде көп нәрсені айта алмадық, айтсақ та бұрмалауларға амалсыздан орын бердік. Тәуелсіз елдің тәуелсіз тарихы қалыптасуы жөніндегі әр бір зерттеуші ғалымдардың пайым, көзқарастары да назар аударуға тұрарлық.

Жәди Шәкенұлының бұл монографиясы өзінің жаңалық ашуға ұмтылған тың идеяларымен қуантады. Зерттеу аясында көптеген мәселелер қамтылған. Сонымен қоса тың деректер, жаңаша ой-тұжырымдары баршылық» деді.

Түрколог ғалым қаржаубай Сартқожаұлы Тұрғақ руының байырғы түркілерден қалған атау екенін еске салып, Шыңғыс хан, Тұғырыл хан кезеңіндегі әскери жасақтық құрылым атауынан, кейіннен тұрғақ руының этнонегізін қалыптастырғанын тілге тиек етті.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі Қарлығаш Бекпатшақызы қазақ руханиятына қосылған тарихи кітаптарды ерекше атай келіп, Асылхан Игібаев пен Жәди Шәкенұлына Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбектовтың арнайы алғыс хатын табыстады.

Аталған томдарда тұтас түркілік ұғым мен қазақ мемлекетін қалыптастырушы тайпалар, хандар тарихының бүгінгі ұрпаққа, елдігімізге керекті тұстарын көтеру көзделген. Соның ішіндегі ежелгі Сібір хандығының тұтастай қарағанда – қазақ хандықтарының бір бөлегі екенін, онда талай қазақтың басы жатқанын нақтылы дәлелдермен көрсетеді. Орыс ұлтшылдарының: «қазақтар дербес ұлт, хандық болмаған» деген сөзіне қарсы келтірілетін дәйекті-мәйекті материалдардың көптігі де қуантады. Бүгінгі біздің териториямыз түгілі орыс жерінде жатқан Түмен, Омбы өлкесінің қазақ жері екенін дәлелдейтін әдебиеттер де жетерлік.

Демек, жыл қорытындысында көпшілікке ұсынылған бұл кітаптар өзінің тарихи жаңашылдығымен ерекшеленетіндігі көрінді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жыл қорытындысының кезекті сценарийі бойынша «Тұғырылхан-Оң хан» корпоративтік қорының Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Асылхан Игібаев арнайы сөз алып, бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарда белсенділік танытқан, ерекше еңбек сіңірген бір топ азаматты марапаттады. «Тұғырылхан-Оң хан» корпоративтік қоры жағынан арнайы дайындалған «Нартұлға», «Тұғырыл хан» ордендері, «халық қалаулысы» медалы табысталды. Әсіресе,  Бүркітбай Аяған, Қаржаубай Сартқожа, Қайрат Айдарханұлы, Рахымбек Мамырбаев, Жәди Шәкенұлына ұсынылған сегіз бұрышты, жұлдызды «Нартұлға» алтын ордені марапатталушылардың төсінде айрықша айбынмен жарқырап, жұрт назарына ілікті.

Жиналысқа Алматы, Қарағанды қалаларының арнайы өкілдері де қатысты.

Жыл соңында өтіп жатқан көп жиналыстардың ішінде Қоғамдық ұйымдар деңгейінде, карантин талаптарын ескере отырып өткен бұл бас қосу қазақ руханиятында есте қаларлық еңбектерімен ерекшеленіп, қатысушылардың шынайы алғысына бөленді.

Шәкен Наралтай,

«Тұғырылхан-Оң хан» корпоративтік қорының

Баспа сөз хатшысы

 

Ұқсас жазбалар