«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

АБЫЛАЙ ТУРАЛЫ АЙТАР ЕКІ ДӘТ

Авторы tugurul
1091 қаралым

«Көшпенділер» фильміндегі Абылай тұлғасы

Қазақ сынды ірі ұлт өзінің ұлт болып кемеліне келген шағын­да «Көшпенділер» сынды фильмімен дүниені дүр сілкіндіруі керек еді, олай болмады.

Барға қанағат ететін баяғы қазақилығымызға бассақ: «Бұған да тәуба» деп шүкіршілікпен қарауымыз әбден орынды сияқты. Оның да жөні бар шығар. Жалпы ұлттық рухты тұлғалауда көтерген тақырыбы жағынан қарағанда, жаман да емес – өзегі жақсы. Бірақ біздің айтпағымыз екінің бірі лепірте жөнелетіндей бос мадақтау емес, кемістігімізге кері бұрылып көптің көмейіндегі ақиқатты айту.

Фильмде бір ғана арқау бар делінсе, ол – ұлттық рух, ол – отаншылдық. Сол өзекті ойдың туын көтерушісі – Абылай. Ендеше, жұрт бірден Абылайға қарайды. Аңызы мен ақиқатын алтын бәйтеректей бағалайтын алты алаш Абылай тұлғасына ізетпен бас иеді, оны ешқашан төмендеткісі келмейді. Сондықтанда Абылай жыры екі ғасыр жырланса да көнерген жоқ. Халық  екі жүз елу жылдың алдында өмір сүрген Абылай бейнесін көкіректерінде қалай сомдаса көркем шығармалардан да соны іздейді. Олай болса бұған жауап бере алды ма?

Шығарма шындығына қарағанда Абылай жасаған дәуір Ислам дінінің қазақтарға барынша кең тараған кезі. Ал Исламнан ілгері ІХ-Х ғасырлардан бұрын шамандық үлгінің қазақтарға әсері аз болмады. Күні бүгінге дейін сарқыншағы жойылған жоқ. Алайда Абылай туралы аңыздар мен хисса-дастандарға үңілсек, Исламды одағай қарамайды – Аллаға мінәжат етіп отыруды ұмытпайды. Абылай заманында Ислам ықпалы жоғары болды. Абылайдың алды-артындағы хандардың (Абылай да ішінде) сүйегінің рухани орталығымыз, дін діңгегіміз – Түркістан түбінде жатуы соның мыса­лы.

Фильмде Абылай дүниеге келуден ілгері сәуегей бейнесі көрінеді. Бір қызығы қазақтан бір сәуегей шыққаны сияқты жоңғарларда да сондай сәуегей – бақсы бар. Екеуінің жоруы да ұқсас. Бұл Шыңғыс хан дәуірінде болса шындыққа жақындар еді. Ал Абылай заманында Буддизм мен Исламның ұқсастығы шығарма шырайын ашып тұрған жоқ.

Қазақ сәуегейінің: «досы сүйінетін, дұшпаны күйінетін ұл болсын» деп тілек тілеуін де түсіне алмайсыз. Досы сүйінсін, ал дұшпаны күйінгені қалай? Мұны «жауың жанашырлық істесін» деген мүсіркеу дегеніміз жөн бе?

Жоңғар бақсысы хан ордасына «масқара, масқара!» деп баса көктеп кіреді. Қазақ тіліндегі «масқара» сөзі – ұятқа қалды, күлкілі болды дегенді білдіреді. Ендеше, Галдан Цэрэннің қызы үйінде отырып екіқабат болып қалғандай «масқара, масқара» деуі күлкіңізді келтіреді. Алматылықтардың ауыз екі сөзінде айтатын диалектіндегі «масқара» сөзін фильмге келсе-келмес қолдануымыз нағыз масқараның өзі болған.

Фильмде мейлі қазақ ханының болсын, мейлі жоңғар ханының болсын хан ордасының айбаты жоқ. Кәдімгі қара билердің үйі сияқты, біреу кіріп біреу шығып жатады. Ханмен қатарласып жүру, орданың алдында ойнақ салу оларға түк емес.

Ел жадындағы ескі әңгімелерде далалық сахара заңы бойынша хан ордасының маңынан мал жүргізбейді.  Орданың төбесі көрінген жерден қонақтың алдынан шығатын ат ұстаушылары болады. Бірі ханға құрмет, екіншіден тазалық жағы да бар. Арғысын айтпағанның өзінде сол Абылайдың шөбере, шөпшектерінің ауылына атпен тіке келгендерді «үйді бастырдың» деп айыпқа жығатын әдет Өр Алтай жерінде бертінге дейін жалғасқан. Бұдан біз қазақ хандарының ордасы мен Галдан Цэрэн ордасының ұсқынсыздығын байқаймыз. Тіпті жоңғарлардың хан ордасының кішкентай жыра ішінде болғаны  «масқара»-ның үлкені!.  Хан ордасы беті ашық белесте, қорғанысқа қолайлы тау қойнауында болса бір сәрі. Ағашы жоқ жерде желден ықтап жаман жыраны паналаған қараша лашықтай қуысқа тығылуы «масқара» емей, немене?!

Сәуегей енді бірде сәби Абылайды көтеріп оның әкесінің ордасына кіреді. Есіктен кіре бере «амансыз ба» деп амандасады. Қазақ қай кезде де есіктен кіре бере  «Ассалаумағалейкум» деген сәлеммен кіреді. Үйде кісі болса сәлемді алады. Кісі болмаса оны «Шаңыраққа сәлем» деп атайды.

Абылайдың балалық шағында бағанағы сәуегей енді тәрбиешіге өзгереді. Ол қалың баланы ағашқа тәу еткізеді. Осының бәрін көріп отырып тағы да мұсылмандығымыз есімізге түсіп, «мұнысы несі?» деп қынжыла күбірлейміз. Ағашқа, аруаққа тәу етсін-ақ, алдына Алла есімін қосуы керек еді ғой!

Абылай бейнесін жасаудағы ендігі бір сәтсіздік оның ғашықтық хикаясы. Бұл хикая көрерменді баурау үшін белгілі мәні бар шығар. Бірақ Абылай тұлғасын сомдауға айрықша көмек көрсете алмаған.

Бала Абылай кішкентай қызға тесіле қарайды. Қыз: «Маған неге қарайсың» деп махаббатқа тіленіп тұрғандай болады. Бұл қолдан жасалған, өмірге сәйкес келе бермейтін жасанды қиыстыру екені анық көрініп тұр.

Енді бірде есейген шағында: «Менің досым саған ғашық» дейді қызға. Қазақтың қыз-жігіттері ғашық болуды ешқашан ашық әңгімеге айналдырмаған, оны барынша бүркеп, ибалы сезімдермен жеткізе білген. Қазақ қыз-жігітіне тән бұл қасиет «Қыз-Жібек» фильмінде өте сәтті шыққан. Бұл, бұл ма, Абылай жоңғар қолына түсіп, одан қызбен бірге қашып келе жатқанда оған: «маған ұнайсың» дейді. Біз тағы да жергілікті диалектіге орын бердік. Екінің бірінде: «ол маған ұнайды» дейтін бүгінгінің сөз саптау тәсілін екі ғасыр ілгергі Абылайға айтқызуымыз тағы да «масқара»-ның көкесі болған жоқ па!? Бұл масқараның ар жағында жатқан тағы бір масқара Жоңғар батыры тоғыз қатынның үстіне тоқалдыққа алған қызды Абылайдың алып қашып биік төбеде сүйісуі болды!

Қазақ батырларының ерлігін дәріптемекші болған Абылай мен Ералының бетпердемен сайысқа түсіп, Ералының қапыда өлуі Абылайдың батырлығынан гөрі аңғалдығын ашқандай. Бұдан Жоңғардың жауыздығы емес қазақты қазақ өлтірген ақымақтық көрініп тұрған жоқ па?!

Жоғардағы кемістіктер бірде байқалса да бірде байқалмауы мүмкін. Ол көрермен көзіне байланысты нәрсе.

Ал жұрттың ортақ өкінішіне келер болсақ, ол сөзіміздің басында айтқан Абылай тұлғасынан аса батырлық пен көрегендік көргісі келген елдің ерекше талғамының сұранысы еді.

Біріншіден, актер Абылай  түгіл қазақ болмысын сомдай алмаған. Оның сөйлегені, күлгені, жүріс-тұрысы қазаққа ұқсамайды. Оған қарағанда сәуегей мен Ералы қазақ бейнесіне жақындау.

Екіншіден, актерде батырлыққа тән отты көз, ханға тән кең маңдай, мол күш-қайратқа біткен шымыр дене бітімі жоқ. Абылай бейнесі «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежанға да жетпей қалған. Бекежанның көзінде от, көкірегінде кек жатқаны көрінеді. Ал «Көшпенділер»-дегі Абылай өз міндетін ада қылу үшін ғана әрекет жасап жүрген актер бейнесінде қалған. Оның Шәріштің басын алуы да Абылай тұлғасын аша алмаған. Онда да бірде бір жан  «Иә, Алла, Алла жар бол» демейді, көпшілік  «Әруақ, әруақ» деп шуылдайды. Дін жағынан фильмнің сценариін жазушылар мен жасаушылары Алланы ауызға алғысы келмейтіндей көрінеді.

Қазақ тарихы мен болмысын білмейтін шетелдік көрермендер бір есептен фильмді жылы қабылдауы да мүмкін. Бірақ, біз оларға өз ұлтымыздың өр тұлғасы мен елі жері үшін басын құрбандыққа шалу рухын жоғарғы деңгейде көрсете алдық па десек бірдеме деу қиын. Қытай ұлтының бір ерекшелігі өзінің тарихи фильмінің қай-қайсысында да ұлттық рухын биікке көтеруі жағынан әрқашан құмалағын төрттен қоюдан жаңылған емес. Олардың жай батырларының өзі нағыз жауынгердің бейнесінде сомдалып ерекше көзге түседі. Қытайды білмейтіндер сол батыр бейнесіне қарап-ақ оларды жоғары бағалауға мәжбүр болады.

Жоғарыдағы пікірлеріміз «Көшпенділерді» ілікке алғысыз дегенді білдірмейді. Фильмнің сәтті тұстары да көп. Әсіресе, қазақ қолының жеңістік алып, жоңғар қолының ойсырай жеңілуі, Түркістан түбіндегі жеңіс дабылы қазақ қаныңызды қоздырып жүрегіңізді мақтаныш сезіміне бөлейді.

Абылай қазақ тарихындағы аса ірі тұлға. Оны екінің бірінің қол жаулық еткендей келсе-келмес кейіпкер етіп алуы ұлтқа ұлағаттылық әкелмейді. Кешегі ел іргесінің бекемделуі мен бүгінгі егемендігіміздің тамыры бір. Өткен Абылай тұлғасынан бүгінгі қазақ бейнесін көрсету парызы әрқашан жадымызда болғаны жөн.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

Ж.Шәкенұлы «Жалғыздың үні», сын-зерттеу мақалалары мен сыр-сұхбаттары. Алматы, «Ақотау» баспасы, 2010 жыл.

«Түркістан» газеті.

«Өнер әлемі». 2007 жыл, №1-2.

Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» кітабы және «Көшпенділер» фильмі.

 

Абылай тұтқыннан қалай босады?

1729 жы­лы жоңғар­лармен болған Аңырақай шайқасын­да алғаш рет көзге түскен Әбілмансұр атты жігіт ор­таға «Абы­лай» деп ұран­да­тып шығып, қал­мақтың ба­тыры Ша­рыш­ты жек­пе-жек­те өлтіреді. Қал­мақтың қас ба­тырын жеңген Са­балақ атанған Әбілмансұрдың аты қазақ да­ласы­на осылай та­рап, жұрт оны содан бастап «Абы­лай» деп атап ке­теді. Осы шайқас­тан кейін Абы­лай­дың шыққан тегі мәлім бо­лып, қазақтың ха­ны Әбілмәмбет «тақ сенікі» деп тағын ұсынған екен. Абы­лай өз за­маны­ның көре­ген де ақыл­ды са­ясат­кері, жа­ужүрек ба­тыры, өткір ой­лы, да­рын­ды дип­ло­маты болған. Ол со­нымен қатар мұсыл­мандық білім алған, са­уат­ты да ай­бын­ды би­ле­уші болған. 1730 жы­лы Абы­лай хан көрші ел­дермен келісімдер­ге қаты­сып, қазақтар­дың бар­лық әске­ри жо­рықта­рын басқара­ды.

Тарихи шешімі толық шықпаған оқиғаның бірі Абылайдың жоңғарларға тұтқынға түсуі мен босатылуы хақында.

Бірінші сұрақ – жоңғарлар Абылайды не үшін тұтқынға алды?

Екінші сұрақ – жауы ретінде тұтқынға алса не үшін босата салады? Жай ғана босатпай олжамен аттандыруының сыры неде?

Осы бір сұрақтарға әркім әлінше жауап беріп келді.

17381741 жылы Абылай бастаған қазақ қолы жоңғар басқыншылырына бірнеше мәрте соққы берді. 1742 жылы Абылай тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына тұтқынға түседі. Шын мәнінде Абылайдың жау қолына түсуі қазақ қоғамында аса үлкен алаңдаушылық туғызып, оны босатып алу мәселесі үлкен саяси оқиғаға айналған еді. Тарихи жырларда қазақ билеушілерінің атынан Төле би мен Әбілқайыр хан Орынбор әкімшілігінен Абылайды тұтқыннан босатып алуда ара түсуге өтініш жасайды. Осы кезеңдегі Орынбор губернаторы И.Ш.Неплюев пен Әбілқайырдың өзара жазысқан хаттарына қарағанда бұл деректің де шындықтан аса аусай еместігі байқалады.

Алайда Неплюевтің сыртқы істер коллегиясына жазған хатында қазақтар мен қалмақтар бітімге келіп, бірігіп кете ме деген қауіп те білдіргенін еске алсақ, екі жақты өткен келісімдердің аса жаулық деңгейінде емес, ымыраластықпен бейбіт түрде жүрілгені байқалады. Соның бір мысалы ретінде   қазақтың үш жүзінен Төле би бастап 90 адам елші барып, келіссөз жүргізіп, 1743 жылы 5 қыркүйекте Абылайды тұтқыннан шығарып алғанын атауға болады. Дәл осы кезеңдегі Төлеби ауылдарының жоңғарлармен өріс-қоныс аралас отыруын еске алсақ, осы елшілескен топтың тату көршілік тұрғысынан сөйлесілгенін де межелеуге болады.

Мәскеу мұрағатынан табылған (қор 122, тізім 1, іс 2) хатқа жүгінсек, онда  Абылай сұлтанның Қалдан Сереннің тұтқынында екені жазылған. Бірақ қалай қолға түскені жазылмаған. Халықтың айтуы бойынша, жоңғарлардың қолына түсу себебін екі түрлі түсіндіреді. Біріншісі, Қалдан Серен тұтқиылдан Абылайдың ауылына шабуыл жасап, батырларымен қапылыста қолға түсірді десе, екіншісінде, Абылай сұлтан нөкерлерімен аң аулап жүргенде тұтқынға түсті делінеді.

Ал оның тұтқыннан босатылуы туралы да екі түрлі жорамал айтылады. Біріншісі, Ресейдің елшісі майор К.Миллердің Қалдан Серенге апарып берген генерал-губернатор Неплюевтің хатынан кейін босатты десе, екіншісі қазақтың би-батырлары талап етіп босатып алды дейді. К.Миллер туралы айтқанда кейбір тарихшылар оны жұмсаған Ресейдің орталық үкіметі емес, Орынбордағы капитан И.Неплюевтың Қалдан Серенге елшілікке аттандырғанын, оның жанына жолбасшы қылып Шақшақ Жәнібек батыр өзінің інісі Байқұлақ батырды қосқанын жазады. Енді бір деректерде К.Миллерді Қалдан Серен қабылдамайды, ол көп күтіп жүріп Жетісуда шекарада тұрған Сары Мәнжімен ғана сөйлеседі. Байқұлақты қалмақтар К.Миллердің көзінше: «орыстарды неге бастап әкелесің деп» азаптап өлтірді делінеді. Әлілқайыр хан мен Барақ сұлтан арасындағы әр түрлі шиленістерге орай И.Неплюевтің 1745 жылғы 29 шілдеде Сыртқа істер алқасына жолдаған тағы бір хатында: «Қазақтың аса беделді және әлеуетті ел ағасы Жәнібек тархан маған хат жазып, жоңғарлармен соғыспақ болған. «Әбілқайыр хан және басқалары қолдайды екен. Оның себебі: 1743 жылы Миллерге қосшы ретінде берілген белгілі қазақ ел ағасын (ол әрі Жәнібектің туысы) жоңғар жағы қинап өлтірген (бұл туралы журналда бар)» деген жолдар бар (1).

Миллердің аталған хатының көп кешігіп жеткені мен хат тигеннен кейін де Абылайдың бір жылдан астам тұтқында болғанын ескергенде, хаттың шешуші мәні болмағаны анық. Ар орыс үкіметінің бұл хатты жазуындағы ендігі бір саясаты: «Абылай біздің боданымыз, оның иесі бізбіз» деп өздерінің боданға алу, құлдану сынды қитұрқылығын да жоспарлағанын байқауға болады. Осы арқылы ертеңгі күні Абылайға: «сені ажалдан алып қалған біз едік қой» деп өз мүдделеріне мәжбүрлеуі де бек мүмкін еді. Жазушы Софы Сматай «Қазыбек би» атты көлемді монографиясында: «Абылайды қалмақтардың қолынан босатып алу үшін орыстардың атсалысуы, оған жаны ашығандық емес, халық арасында үлкен беделге ие Абылайды босаттыру арқылы қазақтар арасына ақ патшаның беделін көтеру және сендердің ата жауларың қалмақтар бізді тыңдайды, бізбен санасады һәм қорқады деген түсінік қалыптастыру екені анық» дейді (2).

Осы жайлар сөз болғанда тарих ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Нәсенов: «Мен танысқан хаттарға сүйеніп, Абылай ханның тұтқыннан босап шығуына үш түрлі себеп болды деймін. Ең бастысы, Абылайдың өзінің ақылдылығы, тапқырлығы, дипломаттығы. Оны халқының сыйлайтындығы Қалдан Серенді ойландырды. Екінші себеп – шын мәнінде оған арашашы болған беделді би-старшындар. Үшіншісі, Миллердің де әкелген хаты әсер етті» деген уәж айтады.

«Миллердің де әкелген хаты әсер етті» дейтін идеямен көп келісе бермейтін ғалымдарда аз емес. Бұл хақында «зерттеушілер қазақ-қалмақ қарым-қатынасының әр кезеңде өзгеріп тұрғанын, біріңғай жауласушылық бола бермей, аракідік мәмілеге келуді ойлаған сәттер де орын алғанын, кей жағдайда қазақпен ынтымақ жасауға ойрат басшыларының ықыласты болғанын баяндай келіп, Абылайдың Қалдан Церен тұзағынан құтылып шығуының басқа да күрделі себептері бар екенін ескертеді. Қазақтың шашырандылығын, әкімдерінінің алауыздығын пайдаланып, тұтқиылдан шабуыл жасап, елеулі табыстарға жеткенімен, ұшы-қиыры жоқ сахараны жайлаған, ішкі қуаты сарқылмаған елдің қауқарын Қалдан Церендер де сезіп, кейде осы халықпен күш біріктіруді, Абылай сынды айрықша дарынды жандарға «кешірім жасап» өзіне тартуды да көздегені анық. Абылайдың 1743 жылы жоңғар түрмесінен аман-есен оралуына негізгі себеп осы деп қарауға болады. Мұны тарихшылардың соңғы кездегі еңбектері де қуаттайды. Мәселен, В.А.Моисеевтің «Джунгарское ханство и казахи XVII-XVIII в.в.» деген кітабында бұл мәселеге едәуір анықтық енгізген. Ол осы еңбегіне Абылайдың тұтқыннан босап шығуы патшалық әкімшілігін қуанта қойған жоқ (көсетілген кітаптың 153 беті) деп тұжырымдауы ойланарлық жағдай. Демек, бұл жағдай қалмақ пен қазақ сынды екі халықтың өзара өштесіп, бірін-бірі қансыратып жатқанын қырағы бақылап, кейде бұлардың арасын әдейі ұшқындырып (ушықтырып – ред) отырған патшалық әкімшілігі Абылай секілді ел басшысының азат жүруіне мүдделі болмағанын байқатады. Екінші жағынан, Ресей  қалмақ пен қазақтың екі мықты басшысының өзара тіл тауып кетуінен қатты сескенген. Осыны байыптай келіп, В.А.Моисеев Абылайдың еліне аман оралуының негізгі себебі Қалдан Цереннің оны өзінің болашақ күрестерінде одақтас еткісі келгендіктен деп маңызды пікір айтады (көрсетілген кітап, 157-бет) (3).

Әбілмәмбет ханның осы істегі шешуші қызметтері мен баласын кепілдікке беруі сынды дипломатиялық іс-қимылдары да тарихи оқиғалардың тасасында қалып көп атала бермейді. Атап айтқанда Абылайдың тұтқындағы орайын пайдаланған орыс жағы Әбілмәмбетті өздеріне тартуға барынша тырысады. Ондағы ойлары – біріншіден, Абылайдың тұтқындағы кезін пайдаланып, Әбілмәмбетті және оның халқын бір жола бодандыққа алу болса, екінші тараптан қазақ жағы мен жоңғарлардың ішкі ымыраға келу қаупіне қарсы тұрып, Әбілмәмбетті Жоңғарға және мүмкін болса Абылайға қарсы қоюдың жолдарын қарастыру болатын. 1742 жылы 23 маусымда Елизавета патшаның Әбілмәмбетке және Орта Жүздің бүкіл қазақ халқына жолдаған жарлық-хаты(4) және осы мерзім ішіндегі Орынбор комиссиясының бастығы (губернаторы) И.Неплюевтің жоңғар және қазақ жағына қатысты барлық іс-қимылдары соны көрсетеді. Олардың ендігі бақылаудағы басты нысанының бірі Әбілмәмбет болады. Бірде, Нелюевке берілген тапсырмада «Аталған екі ханды (Әбілмәмбет, Абылай – ред) жоңғарға берілуден еппен ғана бас тартқызыңыз» десе(5), енді бірде: Әбілмәмбет ханға «ел аузындағы қауесетке сенбеңіз, сөйтіп патша ағзамның мүддесіне қайшы қылық жасамаңыз» дейді (6).

И.Неплюев Сыртқа істер алқасына жолдаған мәлімхатында: «бұрын хабарлағанымздай, Орта Жүздің ханы Әбілмәмбет жоңғар ханынна өзінің ұлын жіберіп қойыпты. Өзіне барған тілмәш Уразин мен вахмистр Лихачев арқылы патша ағзамға адалдық антын берсе де, мұнысы сырттай ғана алдарқалату болды. Іс жүзінде ол жоңғар ханы Галдан Цереннің қарауына кіруге бет бұрыпты. Сол арқылы Түркістанды және басқа да іргелес қалаларды иелігіне алмақ» дейді (7). Осыған қарап-ақ, Әбілмәмбеттің Абылайды тұтқыннан босатып алу жолында бір жағынан орысты алдарқалатып, бір жағынан жоңғарға берілгенсіп, үшінші жақтан қазақ ішіндегі тұлғаларды өрлі-қырлы шапқылатып, сан түрлі әдіс-амалдарға, шебер дипломатиялық іс-әрекеттерге барғаны байқалады.

Әбілмәмбеттің Абылай өмірінде аса жоғары қызмет атқарғаны және Абылайдың оны түсініп, ерекше құрметтегені кейінгі оқиғалардан анық аңғарылады.

Жоңғар хандығы күйреп, Орта жүзде Абылайдың атақ-даңқы артып бара жатқанын байқаған орыс үкіметі Абылайға кісі салып, оны Орта жүзге хан етпек болған ойларын жасырын жеткізеді. Абылай бұл ұсыныстан «Әбілмәмбетті әке орнына құрмет тұтатынын, оған үлкен хандықтан басқа атқарар жұмыстардың баршылық» (8) екенін айтып, үлкен биліктен бас тартады. Абылайдың хандыққа Әбілмәмбеттің көзі тірісінде ұмтылмайтынына анық көздері жеткен орыс үкіметі «шарасыздан»:«…Әбілмәмбет көбіне Түркістанды мекендейді, әрі күші көп. Оны Абылай құрмет тұтады, ақыл-кеңесін тыңдайды. Сондықтан Әбілмәмбет тірі кезінде ол ордада (Орта жүзде) басқа хан тағайындаудың пайдасы жоқ» (9) – деген қорытынды шығарады. Айтса айтқандай, Абылай хандық таққа 1771 жылы Әбілмәмбет өлгеннен кейін ғана отырады. Әз-Тәуке мен оның ұрпақтарының Уәли әулетіне істеген жақсылығының қарымжысын ол осылайша қайтарады.

Аталған оқиғаларда саралағанда, орыстарды бастан-ақыр алаңдатқан «жоңғар-қазақтың бірігіп кету қаупі» шынымен де іске асқанда не болар еді? – деген бір сұрақта туады. Жоңғар аталған құрамда олардың жаулап алған өңірлеріндегі тұрғылықты халықтың да (қазақ тайпаларыда ішінде) сол соғыстағы жасақ (жауынгер) қатарында жүргенін ескерсек, мүмкін алып көшпенділер одағы құрылса, бәрі бірде басқару құқы түркілерге тән болар еді. Егер сондай одақ құрыла қалған жағдайда Қалдан Церен өз қасынан табылатын болашақ көкжалдың бірі ретінде Абылайды да ішкі есебіне кіргізбесіне кім кепіл!? Мүмкін 1745 жылы Қалдан-Церен өлмеген болса, Абылай екеуінің арасындағы бейбіт келісімнің соңғы нәтижесі немен тынар еді?

Жоғарыда айтып кеткен Б.Нәсеновтің пікіріндегі: «Ең бастысы, Абылайдың өзінің ақылдылығы, тапқырлығы, дипломаттығы» деген тұжырымын көп түрлі себептермен қарастыруға болатындай. Тарихшылар мен зерттеушілердің назарынан қағыс қала беретін логикалық ойлау жүйесіне сүйенсек, сол кездегі көшпенділердің сахаралық заңдарын басшылыққа алуына баса назар аударған жөн деп есептеміз.

Атап айтқанда, Абылайды тұтқынға алған жоңғарлардың дәл осы мәселе төңірегінде қарастырылатын заң-ережелері болды ма? – деген бір сауал туындайды. Ал, Абылай және Абылайдың артындағы қара халықтың оны бостандыққа шығаруға себеп іздейтіндей заңдық негіздемелері қандай болды? – деген екінші сауал тағы бар.

Шын мәнінде арғы жағы ғұннан жалғасып, түркілік басқыш арқылы Шыңғыс хан дәуірінде кемелденген «Киіз туырлықтылардың далалық заңы» біреу ғана еді.

Шыңғыс хан дәуірінде жасап, онан төрт жыл кейін дүние салған араб ғалымы Ибн-әл-Әсирдің жазуы бойынша: «Шыңғыс хан алғыр, ақылды, шешімді саясаткер, ұйымдастырушы еді, ол ежелгі Чин (Жұңго), Иран, Араб заңдарын аудартып, өз қауымына лайық келетін «Яса», яғни «Ясак» атты заң жасатты. Сол заң бойынша әрбір дін, әрбір қауым құрметті саналды. Сол себепті, ол құрған әлемдегі ең ірі империяда жасайтын сүниттер мен шииттер, буддистер мен яһудилер, христиандар, түріктер, армяндар бір әке, бір шешеден туғандай тату-тәтті өмір кешті…» (10).

«Шыңғыс хан жүргізген мемлекет реформасының басты шараларының бірі мемлекеттің бас әділетшісін (Әділет министрін) тағайындау болды. Шыңғыс хан Моңғол мемлекетінің алғашқы бас әділетшісі (Дээд заргач) етіп өзінің «алтыншы інісі» Шихихутугты тағайындағанда оған:

«Мемлекеттің меншігін жөнге салып, дау-дамайларды реттеп, ол туралы көк дәптерге жазып отыруың шарт, Шихихутугтың менімен келісіп шешіп, аққағазға көк сиямен түсірген хаттамаларын (жарлық заңдарын, – З.Қ.) ұрпақтан ұрпаққа дейін ешкім бұзбайтын болсын»  деп жарлық берген екен.

Шыңғыс хан жарлығымен Шихихутуг белгілеген «Көк дәптер» кейін әлем тарихында «Монголын Их засаг хууль» («Монгольская Великая Яса» немесе «Ұлы Жасақ» («засаг» – «билік», «өкімет» деген мағына беретін тунгус-моңғол сөзі) деген атпен әйгілі болды. Тарихи деректерге қарағанда «Көк дәптер» 1210,  1229 жылдары шақырылған ұлы құрылтайда толықтырылып, одан әрі де жалғасып отырған (11).

Шыңғыс ханның «ұлы жасақ заңы» осылай жазылып атқарылған, жалғасқан.

Империя құлаған соңғы уақытта да Шыңғыс хан әулеті билік жүргізіп келген елдерде «Ұлы жасақ» заң ережелері жазылмаған заң, салт ережелері ретінде қолданыста болды. Амеркандық профессор Марта Скотт «Моңғол билігінің ең ұзақ жалғасқан белгісі моңғолдар жасаған Яса заңы қазақтар арасында дәстүрлі заң жүйесі етіліп қабылдағаны болды» дейді (12).

«Зерттеушілер Моңғол-Ойраттың ұлы заңы 120 баптан тұратын, мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатына байланысты 30-ға жуық құқықтың әрі қылмыстық істерді қамтыған ірі заң ережесі деп анықтады. Сондай-ақ бұл заңның түпкі негізі Шыңғыс қағанның «Ұлық Жасасы» болды деп те қарастырады.

Моңғол-Ойраттың ұлы заңында қамтылған мәселелер – мемлекеттік іске қарсы қылмыстар, азаматтардың денсаулығы, жанына қастандық жасалған қылмыстар, жеке мал-мүлікке қарсы жасалған қылмыстар, лауазымдық істердегі қылмыстар, сот билігіне қарсы қылмыстар, табиғатты қорғауға қарсы қылмыстар, әскери қылмыстар» (13). Бұл заңнамалық құжатты жасауға, барша моңғол тайпаларының  ұлықтары түгелдей қатысқан. Соған қарағанда, аталған заңның рөлі мен қызметі «Ойрат заңы» шеңберінен әлде қайда кеңейіп, барлық моңғолдық тайпаларды қамтығанын көрсетеді.

Қазақ қоғамындағы «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», «Әз Тәукенің жеті жарғысы» ежелгі көшпенділер қоғамының далалық заңының қазақы жалғасы еді. Ә.Х.Марғұлан аталған заңдар хақында: «Қасым ханның қасқа жолының» негізі сонау ортағасырларда Қыпшақ, Шағатай ұлыстары қолданған «яргу» (jargu) заңынан алынған» деп жазды (14).

Шыңғыстың өзінен бұрынғы қабылдаған заңдық, әскери, құқықтық мүдделерінің өзінен бұрынғылардан, жүйеден өзі басып қалған алып керейлер елінен келгенін еске алсақ, аталған заң баптарында Білге қаған, Марғұз хан, Құршақұз хан, Тұғырыл хан сынды атақты хандардың да қол таңбасы болғанын түсіндіреді.

Көшпенділердің сол далалық заңында: «қақтығыстағы ерлердің тағдыры тек қана қан майдан жекпе-жегінде шешім табады» делінгенінде шүбә жоқ. Сол себепті де Абылайдың өзін тұтқынға алған Қалдан Церенге миығынан күле қарап:

– Екеуіміздің де ортақ бабамыз Шыңғыс тіріліп келіп: «оу, ұлдарым мен қалдырған ата заңда ер мен ер қан майданда ғана жеңістік алады дегенім қайда? Иен далада ұйықтап жатқан адамды баспалап ұстап алғанды қай атаңнан көріп едің?» десе не дер едіңіз? Мен сіздің ұлыңызды болсын, батырларыңызды болсын ешқашан арамдықпен торға түсіріп, орға жықпадым. Алдап өлтірмедім, қан майданның жекпе-жегіне ғана жүгіндік. Сіз мені қандай жолмен қолға түсірдіңіз? – деуі бек мүмкін. Әрі моңғол билеушілерінде Шыңғыс ханнан тараған хан ұрпағын қастерлейтін салттың әліге дейін заң ретінде қаралатынын да есіне салса керек.

Ата-бабасының адалдық теориясын жаттап өскен көшпенді тұқымы бұған адалдықпен бас иіп, үнсіз қалар еді.

«Моңғолдың құпия шежіресін» ақтарсақ, кісіні өлімге үкім ету амалдары көп кездеседі. Бәрінде далалық соттың шешімі негізінде, айыпкердің негіз болған қылмысы басшылыққа алынып өлімге бұйырылады. Айталық, Шыңғыстың досы Жамұқа өзіне өлім үкім етуін сұрағанда Шыңғыс: «Қандай қылмыстық жаза арқылы өлімге үкім етеміз?» деген сауал қояды. Қылмыстық негіздер оқылған соң ғана, Жамұқаның өз тілегі бойынша белін опырып, жұлынын үзіп «қан шығармай» өлтіреді.

Жоғарыда аталған «Ұлы жасақ заңы» мен «Ойрат заңын» бүкіл жоңғарлықтар ғана біліп қалмастан, айналасындағы барлық құбылысты қалт жібермейтін қағылез-зерек Абылай да біледі деген сөз. Олай болатын болса Абылайдың тұтқыннан босауына негіздеме болған ойраттың өз заңы деп айтуға әбден болады.

Тұтқында болған жылдар ішінде Абылай ойрат тілін жетік үйреніп қалмастан, Қалдан-Цереннің жиі қонағы болып, онымен бүгінгі әлемдік жағдай және көшпенділер тағдыры жайында көп кеңестер құратын болған. Сол кеңесте әр екі жағы да өздерінің ортақ жауы – орыс пен қытай екенін де толығынан танып жеткен.

Абылай көрші көшпелі елдің ішкі саяси жүйесімен танысады, жоңғар билеушілерінің арасынан Қалдан-Церенге бақталас, өзіне тілеулес жандар табады. Ойраттың белгілі батыры Әмірсанамен де жақыннан достасып үлгереді.

Жоңғар-қазақ қарым-қатынастарының соңғы дәуірі болған Абылай, Ер Жәнібек, Әмірсана, шұбарайғыр Қожаберген батыр арасындағы әр түрлі байланыстар да жеке зерттеуді қажет етеді.

Абылайдың өз жанында болған кездерінде Қалдан-Церен оның дала оғланына тән ерлігі мен қағылез, қайсар, аңғарымпаздығына да тәнті болған. Далалықтардың «жауыңда ер болсын» деген қағидатымен оған іштей сүйінген. Қалдан Цереннiң: «Ол (Абылай – ред) заманынан жүз жыл бұрын ерте туды. Бүкiл әлемдi билеу қолынан келедi», – деп бағалағанын еске алсақ, екі көкжал бірін-бірі таныды (15). Алайда екеуінің ендігі жерде «дала билеушісі кім болады?» деген сауалдың ортақ шешіміне келе алмасы белгілі болатын. Шынында да «екі қошқардың басының бір қазанға сия қоюы» екіталай еді.

«Қалден Цереннің Әбілқайырдың орысқа бодан болғандығына наразылығын білдіріп жолдаған хатынан үзінді келтірсек: «Әбілқайыр тізесін бүгіп, ақ патшайымның алдында тұрғанда, мен қатты қынжыламын. Біз қазақ-қалмақ көшпенді ел, даланың қырандары емес пе едік. Жер шұқыған қарғаның алдында тізе бүккеніміз жараспас. Сендердің орыстарға сенім артуларын бекершілік…..» – дегенінен көп нәрсе аңғаруға болады» (16).

Мұндағы көшпенді түркілердің өзін даланың қыранына балайтыны мен жауын – міскін, бишара қарғаға теңеуі де ежелгі өрлігінен қалған далалық тәкаппар мінезінің көрінісі еді. «Жауыңа берілме, бас име!» дейтін түрік жауынгерінің баһадүрлік келбеті де осында.

Дәл осындай бір мәтінді қазақ тарихын зерттеуші қытай ғалымы Су Бихай да «Қазақ ССР тарихы» мен А.Лепшин еңбегіне сілтеме бере отырып төмендегідей дерекпен келтіреді (17).

««Россияға қарауға ант беру» деген сөз халықты қатты түршіктірді. Өйткені, бұл істі тек қазақ халқы ғана емес, Әбілқайырға қарасты қазақ феодалдары да толық білмейтін еді. Оларды «өте-мөте қатты ашындырған нәрсе – Әбілқайырдың олармен ақылдаспастан Петербургке сөз салуы болады» (18).

Мұны елдік еріктен айрылу деп білген кіші жүздің Батыр сұлтаны мен орта жүздің Барақ бастаған қазақтар орысқа бағынуға батыл қарсы тұрды, орыстардың келгенін көргенде ызаға булығып: «Ел-жұрттың разылығын алмай, өз бетіңмен бұлай істейтін не хақың бар?!» деп Әбілқайырға тебітті (19). Олар орыс елшісі Тевкелеевті және Әбілқайыр ханды өлтіріп тастамақ болды. Бұл тартыс әлде неше күнге созылды. «Сол кезде Әбілқайырдың ордасына келген Еділ (Еділ – ред) бойындағы қалмақ тайшалары (тайшылары – ред) жіберген елшілер де қазақ старшиналарын (бастықтарын) Тевкелеевтің көзін жоюға, патшаның қол астына қараудан бас тартуға шақырды» (20).

Шын мәнінде Еділ бойынан келген қалмақ тайшылары осы кезде орысқа бағынышты еді. Соған қарамастан «Тевкелеевтің көзін жойып, патшаның қол астына қараудан бас тартуға шақырды» деуі олардың жүрек түкпірінде жатқан қалауының қандай екенін ұқтырады. Мүбәда, сол кездегі қазақ-жоңғар хандары бір ауыздылыққа келіп, орыс отаршылдығына қарсы тұрса, орыспен қытай өлердей қорқатын ежелгі жұрттағы көшпенділер одағы бас көтерер ме еді?
1744 жылғы 23 қаңтардағы Кирилловтың хатында:
«…Абылай сұлтан Қалдан Церенде екі жылдай тұтқында болды. Онымен бірге Жолбарыс сұлтан отырды. Ол Қалдан Церенмен тіл табысты. Осы жылғы күзде оларды (30 қыркүйекте) өз елдеріне жіберді. Тұтқында 35 адам болды. Барлығы да қайтарылды. Өз ұлыстарына аман-есен жетті. Олар тұтқында болған кезде сол жазда қоңтайшыларда көп адамдар шешек ауруымен ауырып, қайтыс болды. Қалдан Церен қайсақтармен бейбітшілікте» делінген.

Осындағы «бейбітшілікте» деген сөз саптауына келер болсақ, Қалдан Церен ордасындағы Абылайдың бастабында тұтқын түрінде ұсталса да, соңында құтты қонағы ретінде еркін болғаны жоғарыдағы сөздерімізді растайды.

1743 жылдың маусымында К.Миллер кіші жүз қазақтарының Орынбор комиссиясы кеңесіне берген Абылайдың тұтқыннан босатылуы туралы мәлімдемесінде: «Жоңғар хунтайшысы, біріншіден, Абылайға Ташкент, Түркістан қалаларына көшіп-қонуына рұқсат берген; адалдық үшін өз баласын беруді, екі елдің бірлікте өмір сүруін; үшіншіден, Әбілмәмбет хан Ресейдің бодандығына бекер енген, себебі Ресей адамдары егіншілік жерге құмар, бас салып қалалар салуға әуес, бұл түптің түбінде қазақ халқын төменгі (Еділдік) қалмақтар мен башқұрттар сияқты қайыршылық пен бүліншілікке ұшыратады; төртіншіден, Жоңғар билеушісі Ресейден қауіпті емес және өзіне жіберілген Ресей елшісін ештеңеден қорықпастан, қабылдаған жоқ», – делінген (21).

Осы бір азғантай үзінділерден талай тарихи айғақтар аңғарылады. Айталық, «Абылайға Ташкент, Түркістан қалаларына көшіп-қонуына рұқсат берген» деген сөзге қарағанда бүкіл дала әлде қайда жоңғарлардың қолына және басқаруына өткен. Тек қана қазақ басшылары жоңғарларды мойындағысы келмей, әлі де болса өздерін бейтарап ұстаған болуы мүмкін. «Екі елдің бірлікте өмір сүруін» деген сөз де алдыңғы сөзімізді бекемдеумен бірге «ежелгі көшпенділер тұқымы бір ел ретінде қалыптасуды қалайтындығы» көрінеді.

«Әбілмәмбет хан Ресейдің бодандығына бекер енген, себебі Ресей адамдары егіншілік жерге құмар, бас салып қалалар салуға әуес, бұл түптің түбінде қазақ халқын төменгі (Еділдік) қалмақтар мен башқұрттар сияқты қайыршылық пен бүліншілікке ұшыратады; төртіншіден, Жоңғар билеушісі Ресейден қауіпті емес және өзіне жіберілген Ресей елшісін ештеңеден қорықпастан, қабылдаған жоқ» деген жолдардың айтары тіпті айқын – «сенің жауың біз емес, орыстар» деп ашық айтқан. «Аға-бауыр ретінде ортақтасып, көшпенділер одағын құрып, айналамыздағы анталаған жауға бірге қарсы тұрмаймыз ба?» деген түркі жұртындағы бағзы бауырластық ұран бар.

Әбілқайыр, Әбілмәмбет хандардың орысқа бағыныштылық білдіруі сынды оқиғалар Қалдан-Цереннің көзімен қарағанда көшпенділердің «сатқындығы», «опасыздығы» еді. Олар «көшпенділер даласының қақпасында тұрған қазақтар болғандықтан олар орысқа есік ашып берсе, олардың отарлығына жол ашып берген болады. Сондықтан да орыс отаршылдарын тосу үшін оларға сатылған қазақ сұлтандарын алдымен жазалау керек» деп қарағандығы анық.

Орынбор комиссиясының бастығы И.Неплюевтің Әбілқайыр ханмен және басқа қазақ ел ағаларымен, сондай-ақ, жоңғар және қарақалпақ елшілерімен 1742 жылы 22 қыркүйекте Ор қаласында өткен келіс-сөзінің хаттамаларында баяндалуынша Жоңғар елшісі Қашқа өздерінің:  «қазақтармен (Әбілқайырмен – ред) «сүйегіміз ағарғанша соғыстық, енді шашымыз ағарғанша тату көрші болайық» деп серттесіп-уағдаласқан болсақта, Әбілқайыр хан таңертең айтқан сөздерін кешке ұмытып қалады, оның ауызша айтқанына сенуге болмайды» дегенін келтіреді.

Орыс құжаттарында «қазақтар орыс бодандығына кірді» деген деректер көп табылғанымен «жоңғар ханы орысқа бас иді немесе оның бодандығына кірді» деген сөз кездеспейді.

Абылайдың тұтқындағы кезінде оның Қалдан Церенге: «Иә, екеуіміз бірігіп орыс пен қытайға қарсы тұрайық!» деп ауызша уәде бере салуы бек мүмкін. Онсызда орыс пен қытайдың арасында «бірін-біріне салып, ойын ойнап үйреніп қалған» Абылай сол кездегі көршілерімен осындай ақыл-айлалық қарым-қатынас жасамаса өз мүддесін де қорғай алмаған болар еді. Алайда бізден көрі далалық заңдағы «ердің уағдасында тұруды» ерекше жоғары бағалайтын жоңғар жағының Абылайға сенім артқанын да жоққа шығаруға болмайды.

Абылай тұтқыннан босағаннан кейінгі жылдар ішінде, шынында да қазақ-жоңғар арасында талас-тартыс туғанда көбінде берекеге ойысқаны, екі жақты жақындатуға әрекеттенгені байқалады. Моңғол тілді құжаттарда да соның айқын көрінісі бар.

«Төрт Ойраттың, тарихи хикаясы демек-дүр (Dörben Oyirad-un teüke tuyuji orosibay) 1750-1751 жылдар» деп берілген құжаттағы қазаққа қатысты екі аударманың бірінде Абылай тілге тиек етіледі (22).

Қазақша аудармасы мынадай: …Жоңғар өкіметі тыныш болған шақта Қазақтың қағаны Абылай шерік аттандырып келуін Жоңғар біліп қалып, қарсы әскер аттандырғанда, қазақ Морыты өзенінің жағалауына қонған түнде жетіп, ақта аттарын тартып алып, Морыты өзенінің ағаштарын байлап буып, Сек Түлкінге жетіп, қазақтарды жаулаған кезде, қазақ қайта араздаса жаздап, бір жақсы кісісін жіберіп, «Бұдан былай біз сендерге қарасты болып, сендерге билетейік, Қазақ қағаны Абылай деген мен» деп суыт хабар жеткізіпті. Жоңғардың қағанына тарту ретінде бір қоңыр ала байталды қағанға жеткізіп бер деп жетектетіп, сол кісіні елшілікке жіберіпті. Абылай қаған көп уәзірлерін ертіп, ала байталына мініп шыға келгенде қалың ақта аттарын айырып бөліп беріп, Абылайды қағанның қабылдау рәсіміне болдырыпты. Осылайша береке-бірлік жақсы орнаған екен…» (23).

Қалдан-Церен өмірден өткеннен кейін оның мұрагерлері арасында тақ үшін қызу күрес басталды. Қазақ сұлтандары жоңғар билеушiлерiнiң билік үшін өзара тартыстарын қуана қарсы алды. Себебі оларға қарсыластарын әлсіретуге және қазақ хандығының оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс аймақтарын жоңғарлардан қайтаруға мүмкiндiктер туғызды (24). Сөйтіп, Қалдан-Цереннің өлуі Абылай екі арасындағы шаттардың табиғи бұзылуы мен қазақ жағына тиімді болған бағытқа бет бұрды.

Абылай ошақтың үш бұтындай болған – қытай, жоңғар, орыстың ортасына ілінген мыс шайнектей қиын күйде тұрсада, өзінің жалынға шарпылып күйіп кетпеуіне ерекше ебдейлік, даналық, батырлық танытты.

«Абылай Ресеймен де, Қытаймен де қитұртқы, алдау саясатын ұстанды. Бұл ең дұрыс саясат еді. Осы саясаттың арқасында Абылай орыстардың ішкері енуін аз болса да тежеді. Ойраттарды қытаймен одақтасу арқылы әлсіретті. Екі ортада бейбіт өмірге қол жеткізді. Көршілермен сауда-саттық жасауға жол ашты» (25).

Жоғарыда аталған Неплюевтің сыртқы істер коллегиясына жазған хатындағы «қазақтар мен қалмақтар бітімге келіп, бірігіп кету қаупі бар» деп алаңдауының да шындық негізі аталған жайлардан байқалады. Тұтас жоңғар-қазақ соғысында көп жағдайда орыстық күштердің екі елдің ортасына от тастап отырғаны тарихи деректер мен құжаттардан айқын көрінеді.

Ендеше, аталған жайларға қаныға отырып, Абылайдың қолға түсуі мен бостатылуына қайта назар салсақ, ол ешқандай ресейлік күштердің ықпалы емес. Төлеби бастаған елшілердің «ат басындай алтыны» мен «айбат», «ақылы» да емес. Түркі жұртының жазылмаған заңдарының мұрагерлері болған моңғол-қазақ сынды көшпенділер табиғатының бабадан қалған тәліматқа бас ұсынған әділеттілігі мен қандас бауырмалдығы. Әрі жоңғарлардың қазақ жеріне кіруінің оларды отарлау, жою үшін емес, ежелгі ата империяларын қалпына келтіру жолындағы талпынысының жекпе-жек шешіміне берілген нақ майдан ұрыстар арқылы жүргендігі.

Шоқан Уәлихановтың: «Абылай дәуірі – қазақтың ерлігі мен серілігінің ғасыры»(26) деуі сондай әділетті ұрыс майданында өздерін дәлелдеуге мүмкіндік алған қазақ батырларының көптеп майданға шыққандығын көрсетеді.

Олай болса, мейлі өзін қазақ санаған Абылай, мейлі өзін жоңғар санаған Қалдан Церен сол далалық заңның тасқа басылған қағидатына қатаң түрде бойсына білді деген сөз. Осылайша, кемеліне келіп, қанына да, жанына да жазылған ата-баба заңының ақ-адал жолынан аттамай жасаған әділ үкімі Абылайды бостандыққа шығарды.

1740-1750 жыл­да­ры Абы­лай жоңғар­лармен бейбіт келісімге келіп, жоңғар­лар қазақтарға Сыр­да­рия маңын­дағы қала­лар­ды қай­та­рып бе­реді. Осыдан кейінгі жеңісті шерулерге Абылай тікелей қолбасшылық етіп жоңғарларға арт-артынан соққы берді.

Орыс ғалымы А. Левшин: «Ақылды да, айлакер Абылай жоңғар билеушілері арасындағы алауыздықты шебер пайдалана алды. Олардың өзара талас-тартысына дем беріп, өз елінің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтап, ежелгі жауының іштей ыдырауын күтті», – деп жазады (27).

Жоңғарлар арасындағы ішкі алауыздық және Қытайдың Чиң армиясының зор көлемдегі жазалау жорығы, Абылайдың аса шебер дипломатиясы ақырында осы бір азулы, тентек, далалық империяны аңсаушыларды мүлдем құрдымға жіберді.

Империялардың редакциялауынан өткен кейбір жазба деректер Абылай ханды Чиң үкіметіне (Еженханға) бағынышты етіп көрсетеді.

«Бұл арада, империялық өзімшіл ұғымдағы қытай шежірелерінен бастау алып, кейінгі тарихқа көшкен бір қате дерекке назар аудару қажет. Абылай ешқашан өзінің халқын бодандыққа байламаған. Қытай императорының билігін мойындаймын, бағыныштымын деп ант бермеген. Абылай атынан жазылған мұндай құжат ешбір тарихта жоқ. Абылай елшілері Пекинде тек тату көршілік, бауырластық туралы ғана сөз қозғаған. Жүздесулер, келіссөздер барысында сарай ұлықтарының бодандық туралы ишаратын қабылдамай, табанды тойтарыс беріп отырған.

Сол кездегі дипломатия тіліне көшірсек, Чиң императорымен қазақ ханының арасында «аға-інілі қатынас» орнайды. Ал, бұл кезде бодандық жүйе – «әке мен бала арасындағы қатынас» деп аталатын» (28).

Абылай Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Қытай әскерлері жоңғарларды жойып, Орта Азия мен Қазақстанға ене бастаған кезде мұсылман елдерінің басын қосуға ұмтылып, Ауған шаһы Ахмад Дурранимен келіссөз жүргізді. Түркияға елшілік жіберу ниеті де болды.

1757 жылға келгенде жоңғарлар біржолата талқандалды. Ал «Еділ қалмақтары» атанған торғауыттар тобы жоңғарлармен іштей мүдделес болса да татқаны жағынан да, тағдыры жағынан да олардан бөлек өмір сүрді. Кейде жоңғар аталған үлкен топ пен кейіннен моңғол аталған ұлт құрамындағы тайпалық одақтарды айыра білмеуден көптеген қате ұғым-түсініктер қалыптасып жатады.

 

Пайдаланған әдебеттер:

  1. «Абылай хан», құраст: З.С.Тайшыбай. ЖШС «Астана» баспасы, Петропал. 2005 жыл. 152 бет.
  2. Софы Сматай «Қазыбек би» 1992 жыл.
  3. Рахманқұл Бердібай «Абылай асуы» – алғы сөзінен, «Абылай хан», құраст:С.Дәуіт. Жазушы, Алматы, 1993 жыл. 26-27 беттер.
  4. «Абылай хан», құраст: З.С.Тайшыбай. ЖШС «Астана» баспасы, Петропал. 2005 жыл. 106 бет.
  5. «Абылай хан», құраст: З.С.Тайшыбай). ЖШС «Астана» баспасы, Петропал. 2005 жыл. 107 бет.
  6. «Абылай хан», құраст: З.С.Тайшыбай). ЖШС «Астана» баспасы, Петропал. 2005 жыл. 121 бет.
  7. «Абылай хан», құраст: З.С.Тайшыбай). ЖШС «Астана» баспасы, Петропал. 2005 жыл. 121 бет.
  8. Казахско-русские отношения XVI-XVIII вв. (Сборник документов и материалов). Алма-Ата: АН Каз ССР, 1961, с.607.
  9. Казахско-русские отношения XVI-XVIII вв. (Сборник документов и материалов). Алма-Ата: АН Каз ССР, 1961, 87 бет.
  10. «Шора» журналының, 1909 жылғы 4-5 саны, «Шыңғыс хан» атты басылымынан. З.Сәнікұлы, «Тұғырыл хан». Алматы, «Palitra Press», 2020 жыл. 118 бет.
  11. З.Қинаятұлы «Шыңғыс хан» Алматы, «Арда», 2008 жыл. 274-275 беттер.
  12. Olcott Marta B., The Kazakhs Institution press, Stan ford. 1987, p.6.
  13. «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» – III том, «Дайк-Пресс», Алматы, 2006 жыл. 28 бет.
  14. «Қазақ совет энциклопедиясы». 6-том, 542-бет.
  15. Халид К. «Тауарих хамса» (Бес тарих). – Алматы, 1992. 105-106 беттер.
  16. Серік Сайдығалиұлы «Жойылған жоңғарлар деген кімдер еді?»«Алаш айнасы» – (https://alashainasy.kz/kazak_tarihy/joyyilgan-jongarlar-degen-kmder-ed-56049.
  17. Су Бихай «Қазақ мәдениетінің тарихы», Шынжаң халық баспасы, Үрімжі. 2005 жыл 357-358 беттер.
  18. «Қазақ ССР тарихы» 1-том, Алматы, 1957 жыл. 253 бет.
  19. А.Лепшин «қырғыз-қазақ даласының спаттамасы», 55 бет.
  20. «Қазақ ССР тарихы» 1-том, Алматы, 1957 жыл. 253 бет.
  21. Моисеев. «Қазақ-жоңғар қарым-қатынастары орыстың архивтік құжаттарында». Құжат №4, 1741ж, 2 қыркүйек. «Ақиқат», 1992ж, №7. 60-бет.
  22. «Төрт Ойраттың тарихи хикаясы»  атты туындының ойратша тотын жазуымен хатталған үш нұсқасы Моңғолияның Қобда, Ұбсы аймағында табылған. Олар – «Төрт Ойраттың тарихы (Дөрвөн Ойрадын түүх)», «Төрт Ойраттың тарихи хикаясы (Дөрвен Ойрадын түүх тууж)», «Төрт Ойраттың баян тарихы (Дервен Ойрадын намтар түүх)» деген туындылар. Қазір бұл нұсқалар Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясының Тіл-әдебиет институтында, Моңғолия Ұлттық орталық кітапханасында сақтаулы.
  23. «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» – III том.  -Алматы:Дайк-Пресс, 33-34 бет.
  24. ИАОО. Ф. 1. Оп. 1. Іс. 35.  287–288 бет.
  25. Өмірзақов Ө. «Ресейге қосылғаннан не ұттық?» – Алматы: Санат, 1999 жыл. 55 бет.
  26. Ш.Уәлиханов, 5 томдық шығармалар жинағы, //А.А. 1984, 1 т.,432 б.
  27. Левшин А.И. «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких                орд и степей». – СПб. 1832, 4 ч. Стр. 210.
  28. Мұхтар Мағауин. «Қазақ тарихының әліппесі», Алматы «Қазақстан»,      1995 жыл.

Жәди Шәкенұлы

Академик, жазушы

Ұқсас жазбалар