«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

ҚАЗАҚ ЕМШІЛІГІНЕ ҚОСЫЛҒАН БАҒАЛЫ ЕҢБЕК

Авторы tugurul
1998 қаралым

Жақында ғана Қайрат Айдарханұлы есімді емші-дәрігер қолыма «Қазақ емшілігі» аталатын алты бірдей томын табыстады.

Таңданысымды жасыра алмай: «Осы еңбектің бәрін бір өзің жаздың ба?» деппін. Айтуға оңай, атқаруға қиын академияның жүгін көтерген бұл еңбектерге бей-жай қарай алмағаным рас.

Соңғы жылдары біраз дүнеміз арғы беттен келген ағайындармен түгенделді, толықты. Тұрсынхан Зәкенұлы деген жігіттің Су Бихай атты қытай тарихшысының еңбегін бізге жеткізгеніне ерекше қуанғаным бар. Дүкен Мәсімханұлы, Нәбижан Мұхаметханұлы сынды азаматтар да арғы беттен арқалап келген азды-көпті қазынасын отанына берді. Енді, міне, Қайрат Айдарханұлы бақандай алты томын ұсынып отыр. Неге қуанбасқа, неге таңданбасқа!?

«Төрт түлік өнімдерінің емдік қасиеттері», «Аң-құс, жәндіктердің емдік қасиеттері», «Астық түрлері мен көкеніс өнімдерінің емдік қасиеттері», «Жеміс-жидек өнімдерінің емдік қасиеті», т.б, халқымыздың өмір сүру қағдидасына сіңген, содан бастау алған емшілік өнерінің тамыры терең екені талассыз шындық. Оны әркім хал-дәрмені жеткенше қаузап жүрді. Ал, Қайракеңнің жөні басқа – тұлыбы кең, тұмары үкілі, тумысы бөлек. Бағаламай қоюға, көрсе де көрмеске салуға болмайды.

Қазақ халқы ежелгі сақ, ғұн, түркі дәуірінен бері қарай өзінің байырғы емдеу жолдарымен денсаулығы мықты, рухы үстем батыр халық болып келгені белгілі. Олай болса олардың адам ағзасын сау-саламат ұстау жолы мен өзіндік өмір сүру ортасы, емшілік өнерінің болғандығы да ақиқат.

Грек тарихшысы Страбонның «География» атты  еңбегінің 7-томында сақтардың бие сүтінен қымыз ашытқаны мен жылқыларды пішкені туралы мәлімет келтірілген.

Жаңа эрадан бұрынғы 460 жылдан 373 жылдарға дейін сақ тайпасы арасында жасап, халыққа «Ұлықпан Хакім» деген атпен танылған ұлы ғалым – Гипократ емшілік өнерін жетілдіре келіп, шипагерлік жөнінде қыруар шығарма жазған деседі. Оның  «Гипократ шығармалары жинағы» атты кітабы араб тіліне аударылып, сол кездегі Орта Азия медицинасының негізгі назариясын қалыптастырған екен.

Қытай тарихшысы Сы Мациянь «Сақ тайпалары соғыста жараланғандарды емдейтіндерді «жарықшы, қарықшы, таңғышы», – деп атайтындығын жазған.

Қазақ даласынан табылған VІ-VІІ ғасырлардағы адам қаңқасынан сүйекке жасалған күрделі операциялардың іздері байқалған.

Әлемдік білім мен мәдениеттің екінші ұстазы атанған ұлы ғалым – Әбунасыр-Әль-Фараби басқа ғылыми жасампаздықтарына қоса медицинаға да үлкен үлес қосқан еді.

Әл-Фарабидің артынан ілесе шығып, жолын қуған шәкірттерінің ішінде Орта Азияның ұлы ғалымы Әбу-Али-Ибн-Синаның есімін алдымен ауызға алуға болады. Фарабидің бұл шәкірті кейін келе дүниеге танылған әйгілі ғалым, үлкен дәрігер болып жетілді. Оның дүние медицинасына қосқан үлесі ерекше зор болып, өмірінде 16 томдық еңбек жазған екен. Оның «Канон» деген кітабы 400 жыл бойы Еуропаның медицина оқулығы ретінде есептеліп келді.

Қазақ емшілігіндегі қара үзген шипагер – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өмірінің соңына дейін емшілікпен айналысқан екен. 1466 жылы Әз-Жәнібек ханның тапсыруымен «Шипагерлік баян» атты кесек шығарма жазуға кірісіп, 1473 жылдары шығарманы жазып болып, оны ұрпағына мирас еткен.  Кітапта 728 түрлі өсімдіктен, 318 түрлі жануардан, 60 түрлі тас-кендерден алынатын дәрілерден 1106 түрлі дәрі, 4577 түрлі шипашақ (рецепт) қамтылған. Бұдан тыс кітапта астрономия, философия, психология, этика, морал, метерология сияқты салалар да қамтылып, сонымен, бұл туынды қазақ шипагерлік назариясының негізін қалады.

Шипагер еңбегінің  ең құндылығының бірі – адам баласын имандылыққа, адамгершілікке, қайрымдылыққа, әдептілікке, отан сүйгіштікке жету жолдарына дұрыс бағыт беруі мен он сегіз мың әлемді жаратушы құдіретті Алланы тану мен оның елшісі Мұхаммед пайғамбарға  / с.ғ.с. / және ислам діні қағидаларын сақтауда адал болуға дәріптеу болып табылады. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының ұрпақтан-ұрпаққа ауызша және жазбаша қалдыраған өсиеттерін еске алсақ, оның тұтас болмысынан имандылық нұрын көреміз.

Сөйтіп, біздің бабаларымыздан жалғасқан имандылық, рухани білімдер, емшілік дәстүрі бәр-бәрі кейінгі буынға аманат болып қалды.

Енді, міне, сол аманатты орындаушының бірі – Қайрат Айдарханұлы алты бірдей том жазып, қазақ емшілігігінің рецепттік қорына, ұлт медицинасына өлшеусіз үлес қосып отыр. Тіпті, мұның ішіндегі білімдер бұрын-соңды тамтұмдап жарияланды деген күннің өзінде, осыншама ұлайғайыр байлықты жинап, реттеп, және де өз қаражатымен бастырып, халқына ұсынуы – нағыз елдік еңбектің жемісі.Еш жасырары жоқ, әлем елдері – соның ішінде бізді құлдануға құмар болған көрші елдер қазақ халқында медицина бар дегенді мойындамайды. Бізді мал соңында жүрген көшпенді, жабайы халық санайды. Ендеше, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны», оны жаңғыртып, жалғастырып, ежелгі емшілік білімдерімізді толықтап, қазақ еліне қомақты томдар ұсынған Қайрат Айдарханұлының еңбектері қазақта медицина болғанына толық жауап бере алады деп ойлаймын.

Әсіресе, Қ.Айдарханұлының біздің заманымызға дейінгі 8 ғасырдан – біздің заманымыздың 7 ғасырына дейінгі Сақ, Ғұн, Түркі кезеңдеріне тән емшілік амалдарымыздың болғанын қытай деректері арқылы дәлелдеуін айрықша жоғары бағалауға болады. Аталған томдарда қытай елі өзінің медицина төркініне, тарихына зерттеу-талдау жасап, оның көп санды бөлегінің көршілес Сақ, Ғұн, Түркілерден кіргенін еш жасырмағаны анық көрініп тұр.

Бабаларымыздың тасқа басқан таңбалары оқылып, рухани жыртығымыз бүтінделіп жатқан бүгінгі күннің қуанышына – емшіліктегі ескі байлықтарымыз, медицинамыздың тамырының тереңдігі қосылып жатса, бұдан үлкен бақыт жоқ.

Ендеше, халқына ақ, адал жүрегімен мол сыбаға ұсынған Қайрат бауырымызға алғыстан басқа айтар жоқ. Жолың даңғыл, еңбегің жемісті болып, еліңе ұсынған емшілік кітаптарыңның зейнетін көре бер! Сен халқыңды көтерсең, халқың сені көтереді деп сенемін, ақ батамды беремін!

                                               Мырзатай Жолдасбеков,

ҚР Мемлекттік сыйлығының иегері.

Ф.ғ.д, Профессор.

 

 

Ұқсас жазбалар