Металлургтер қаласындағы екі білім ордасына қазақ елінің біртуар қайраткерлерінің есімі берілді. Бұл туралы saryarqanews.kz хабарлады.
Теміртау қаласындағы №15 қазақ мектеп-гимназиясы енді Алаштың ұлы тұлғасы — Әлихан Бөкейханның есімімен аталады. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1870-1937) — көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт-азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы.
Оқу орнының директоры Бағдат Нашкенов жаңа мектеп аты бүкіл ұжым, оқушылар мен ата-аналары үшін үлкен мақтаныш деп санайды.
— Жаңа жыл қарсаңында мектепке ұлт мақтанышы Әлихан Бөкейханның есімі берілді. Біз бұған өте қуаныштымыз, — деді Бағдат Нашкенов.
Теміртаудағы №23 мектепке халқымыздың тағы бір бірегей тұлғасы — Бауыржан Момышұлының есімі берілді.