«Tugurulhan.kz» тарихи-танымдық порталы

«Ресей – Түркілердің жерінде отырғанын ұмытпасын!»

Авторы tugurul
401 қаралым

Әлеуметтік желі түрлі көзқарастағы азаматтардың жиналған ортасы ғой. Десек те, кей кезде осы әлеуметтік желі арқылы елді елең еткізерлік шаруалар атқарып жүрген басқа мемлекеттегі жандармен де танысуға мүмкіндік бар. Мәселен, бурсалық азамат Керім Челебимен де бізді таныстырған белгілі бір ортақ көзқарас пен ұстанымдар еді. Керіммен сөйлесе келіп, ерекше назар аударуға тұрарлық жайттар туралы естіп, білдік.

Бурсалық 42 жастағы Керім жұртқа танымал саяси ірі тұлға емес. Алайда Керімнің атқарып жүрген шаруасын «мен» деген саясаткердің өзі батылдық танытып қолға ала бермесі анық.  2016 жылы  «Bursa Ayyıldız Gençlik ve Spor Kulübü» («Ай жұлдыз Бурса жастар және спорт клубы») жұмысын қолға алған Керім Челеби бүгінге дейін тек бурсалық жастардың спорттық мәселесін ғана емес, Бурса қаласындағы Түркі мемлекеттерінен келген студенттерімен де етене жақын жұмыс жүргізуде екен. «Бастапқыда жастарымыздың көше кезіп, бос жүруден сақтау мақсатында құрылған қауымдастығымыз уақыт өте келе, Түркілердің бүгінгі жас ұрпақтарына идеологиялық тұрғыдан жұмыс жүргізуді қолға алды»,- дейді Керім.

Түркі жастарының айбынды рухын оятуды мақсат етеміз

Негізгі мақсаттары – Түркілердің өткен тарихын насихаттау арқылы Түркі жастарының айбынды рухын ояту екенін айтқан ол: «Бурсада түркиялық Түркі жастарынан бөлік, түрлі себеппен өмір сүріп жатқан басқа да Түркі мемлекеттерінің азаматтары аз емес. Солардың ішінде әсіресе, қаламызға білім іздеп келген басқа мемлекеттің Түркі жастарымен тығыз байланыс орнатуға барынша тырысамыз. Түркілік идеологияға негізделген түрлі жиындар, конференциялар өткіземіз»,- дейді ол. «Сонда Бурсаға оқуға келген мысалы, Орта Азиялық Түркі жастары сіздерді өздері арнайы іздеп келіп, жиындарыңызға қатыса ма?» – деген сұрағымызға Керім Челеби: «Бұл күнде иә, біздің ұйымдастырған шараларға қатысатын Түркі жастары аз емес. Бастапқыда Орта Азиядан келетін жас Түркілерді қатарымызға тарту қиындау болды. Қанша дегенмен, ғасырға жуық Ресейге бағынышты болған мемлекеттердің азаматтарына «Түркілер, Тұран» деген дүниелерді насихаттау оңайға соқпады. Әлі де сырттан келетін бауырларымыздың кейбірі «Түркілік идеологиясына» үрке қарайтынын жасырмаймын.

Десек те, бұрынғыдай емес, қазір қатарымыз күн санап артып келеді. Әр жылда басқа Түркі елдерінен Бурсаға жаңадан оқуға келген студенттерді арнайы оқу орындарына іздеп барып, бұл қалада Түркілердің қауымдастығы барын айтып, танысып қайтамыз. Танысып қана қоймай, Түркі жастарын өзіміз өткізетін семинарларға, конференция, түрлі жиындарға арнайы шақырамыз. Сондай-ақ, басқа елден келген бауырларымызға кез келген жағдайда жәрдем беруді де алға қойғанбыз. Мейлінше жиі хабар алмасып, хал сұрасып отыруды әдетке айналдырғанбыз.Аптаның үш күнінде жастарға арналған бокс, таэквондо, кикбоксинг үйірмелері жұмыс істейді. Маңызды және мереке күндері арнайы шерулер жасаймыз», – дейді Керім бей.

«Сондай-ақ, Түркі бауырларымыздың мемлекетінде әлдебір саяси оқиға болып жатса, сонау Бурсадан біз де өз қолдауымызды білдіріп, үн қатып жатамыз. Мәселен, ресейлік саясаткерлер «Қазақтың жері – орыстардың қазаққа сыйға берген жерлері» деген ақылға қонбайтын сөздерді айтқаны есте. «Қазақтың жері – тек қазақтыкі! Біле білсе, Ресейдің өзі біздің, яғни Түркілердің жерінде отырғанын ұмытпасын!»- дейді бауырымыз.

Керім Челебиді тыңдап отырсақ, Түркілер, Тұран одағынан бөлек, өзі басқаратын қауымдастық өкілдері қазақтың Алаш арыстары туралы да жан-жақты білетінін аңғардық. Абай, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев сынды асыл азаматтарымыз туралы, олардың шығармашылық еңбектері жайлы алыстағы түрік бауырларымыз тізбелеп сөз еткенде, расымен, іштей мақтаныш сезімі кернейді екен. «Мағжан Жұмабаевтың «Түркі идеологиясы» пайымдары мен ғажап өлеңдерін жатқа айтатын жастар көп бізде.

Орта Азиядағы бауырларымыздың өткен тарихын, әдебиетін тұтас оқып, білуге түрлі кедергілер болғаны рас. Ресейдің саяси пиғылының салдарынан қаны бір қандастар ғасырға жуық уақыт бір-бірінен алыстап қалды. Кирил таңбасының кесірі де зардабын аз тигізбеді. Бұл арада, Қазақ елі латын әліпбиіне өтуге әрекет етіп жатқаны бізді қатты қуантқанын жеткізгім келеді. Сонымен, Түркілерді жоғарыда айтып өткенімдей жайттар алыстатты. Соған қарамастан там-тұмдап болса да, Атажұрттағы бауырларымыз туралы ақпарат алуға тырыстық. Ал қазір жағдай мейлінше өзгерді. Интернеттің арқасында кирил таңбалы дүниелерді өзімізге түсінікті тілге аударып, керегін алу қиын емес.

Интернеттің арқасында қандай алып және ұлы елдің баласы екенімізді, аталарымыздың ғажап ерліктерін оқып, біліп рухымыз асқақтап, мерейіміз көтеріліп жатқанын да жасырмаймыз. Орыстар тарих бойы Түркілердің  қол астында өмір сүрді, мемлекет пен армия құруды, күресуді Түркілерден үйренді. Осман империясының ыдырауын орыстар ұтымды пайдаланып, Түркілерге әртүрлі геноцидтер жасады. Өткенін ұмыттыру үшін барлық сұмдыққа барды. Өткен ғасырда орыстар Түркілерге идеологиялық қысым көрсетсе, енді бұл ғасыр – Түркілердің дәуірі болады деп сенемін»,- деген Керім алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Қазақ даласы – күллі Түркінің түп мекені

«Түркі әлемі туралы тарихи, мәдени шығармаларды жарыққа шығарсақ деген ниетіміз бар. Сонымен қатар Тұран мәдени сапарын ұйымдастыру көкейімдегі үлкен арманым. Ал ең бастысы, Түркі жастарымен мүмкіндігінше байланысымызды нығайту жолында үлкен жұмыстар атқаруымыз керек»,- дейді ол. Бір сөзінде Керім: «Менің әкем Хан Тәңірі бөктеріне жерленсем деп армандайды. Аталарымыздың топырағында жатқысы келеді»,- деді.

Иә, Қазақ даласын ежелгі атамекені санайтын Түркілер үшін сіз бен біз күн сайын басып жүрген топырақтың қаншалықты бағалы екенін осынау бір ауыз сөйлем көрсетіп бергендей. Атамекенде өмір сүріп жатқан әрбір қазақ өткенін ұмытпай, бүгінін бағалай білсе, ешкімнің езгісіне қалмай, еңсесін тік ұстап, ертеңіне де сеніммен қарайтыны сөзсіз.

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото Керім бейдің жеке мұрағатынан алынды.

https://adyrna.kz/post/60140

Ұқсас жазбалар